Хадис

Кутуб ситтә, № 2795

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
387. Имамға қойылатын талаптар
Нөмірі
№ 2795 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
2795
Кутуб ситтә, № 2795 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عَمْرٍو بْنِ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أمَمْتُ قَوْمِي وَأَنَا ابْنُ سِتٍّ أَوْ سَبْعِ سِنِينَ، وَكُنْتُ أكْثَرَهُمْ قُرْآنًا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Алты не жеті жасымда өз қауымыма имам болдым. Өйткені араларында Құранды ең көп білетін мен едім».1

Түсіндірме

1. Бұхариде Амр ибн Сәләмәнің оқиғасы толығырақ баяндалады: «Біз жолаушылар жиі аялдайтын бұлақ басында тұратынбыз. Келгендерден: “Елдің халі қалай? Не болып жатыр? Атын естіп жүрген әлгі кісі кім?” – деп сұрайтынбыз. Олар: “Ол өзін Алла жібергенін айтып жүр. Оған мынадай-мынадай уахи түскен”, – дейтін. Мен сол сөздерді бірден жаттап алатынмын. Олар жадымда берік сақталатын. Арабтар исламды қабылдау үшін Меккенің алынуын күтті. “Оны өз қауымымен бетпе-бет қалдырыңдар. Қауымын жеңсе, шын пайғамбар болғаны”, – десті. Мекке алынғаннан кейін әр тайпа исламды қабылдауға асықты. Әкем де тайпамыздың исламды қабылдауына ұйытқы болды. Алла елшісіне (с.а.с.) барып қайтқан соң: “Алламен ант етемін, хақ пайғамбардың қасынан келдім. Ол: ‘Мына уақытта мына намазды, мына уақытта мына намазды оқыңдар. Намаз уақыты кіргенде, бірің азан айт, Құранды ең көп білетіндерің имам болсын’, – деді”, – деп хабарлады. Құранды менен көп білетін ешкімді таппады. Өйткені мен оны жолаушылардан үйреніп жүрдім. Сөйтіп, мені алға шығарды. Ол кезде алты не жеті жаста едім. Үстімде қысқа шапан болатын. Сәждеге барғанда, ол жиырылып қалатын. Арамыздағы бір әйел: “Ең болмаса имамымыздың жамбасын жауып қойсаңдаршы!” – деді. Содан мата сатып алып, маған көйлек тікті. Сол көйлекке қуанғандай басқа нәрсеге қуанып көрмеппін». Әбу Дәуіттегі нұсқаның мағынасы осыған жақын. Кейбір сөздерінде айырма бар. Мәселен, ол «ақрағ» дегеннің «Құранды көбірек білетін» деген мағынасын ашады. Амр былай дейді: «Жаттауға зерек бала едім. Құраннан көп аят жаттадым. “Сендерге ақрағ болғандарың имам болсын”, – деді. Жаттағаным көп болғандықтан, араларында ақрағ мен едім». Бұл жерде «ақрағ» сөзі Құранды көбірек білетін кісіні білдіреді.

2. Бұл хадисті оң-солын айыратын, яғни мұмаййиз баланың имам болуын құптайтындар дәлел еткен. Хасан Басри, Шафиғи мен2 Исхақ осы пікірде. Ал имам Мәлик, Ата, Шағби, Әузағи және Сәури мұны мәкрүһ санаған. Ахмад пен Әбу Ханифадан екі түрлі пікір жеткен. Көп тараған пікірге сай, бала нәпіл намазға имам бола алады, парыз намазға имам бола алмайды. Кейбір ғалымдар: «Бұл риуаят баланың имамдығына дәлел бола алмайды. Амр оны Пайғамбардың бұйрығымен жасағанын айтпаған, оның мақұлдағанын да ашық білдірмеген», – деген. Ал Амрдың балиғатқа толмай тұрып имам болғанын Алла елшісі (с.а.с.) білмей қалуы мүмкін дегенге: «Уахи түсіп тұрған кезде сахабаның рұқсат етілмеген істі істеп, оған тыйым түспей қалуы кездеспеген», – деп жауап берілген.3 Бұл мәселеде әртүрлі пікір бар. Кейбір ғалымдар Амрдың әкесімен бірге Алла елшісіне (с.а.с.) барғанын да айтады.

  1. 1Бұхари, Мағази: 52; Әбу Дәуіт, Салат: 61, (585-587); Нәсәи, Азан: 8, (2, 9-10); Қибла: 16, (2, 70). Имамат: 11, (2, 80).
  2. 2Шафиғи жұма намазын бөлек қарастырып, оған рұқсат бермеген.
  3. 3Сахабалар бұл мәселеге маңызды қағида ретінде қараған. Алла елшісінен (с.а.с.) кейін азлға рұқсат жөнінде пікірталас туғанда, Әбу Сағид пен Жәбир (р.а.): «Біз азл жасаған кезде Құран түсіп жататын, оған тыйым салған уахи келмеді», – деп, азлға рұқсат деген тұжырымға келген.