وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّمَا جُعِلَ الْإِمَامُ لِيُؤْتَمَّ بِهِ، فَإِذَا كَبَّرَ فَكَبِّرُوا، وَإِذَا رَكَعَ فَارْكَعُوا، وَإِذَا قَالَ سَمِعَ اللَّهُ لِمَنْ حَمِدَهُ، فَقُولُوا: اللَّهُمَّ رَبَّنَا لَكَ الحَمْدُ، وَإِذَا صَلَّى قَائِمًا فَصَلُّوا قِيَامًا، وَإِذَا صَلَّى قَاعِدًا فَصَلُّوا قُعُودًا أَجْمَعُونَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Имам өзіне ұю үшін тағайындалады. Ол тәкбір айтса, сендер де тәкбір айтыңдар. Рукуғқа барса, сендер де рукуғқа барыңдар. Ол ‘Сәмиғаллаһу лимән хамидаһ’ (Алла Өзіне мадақ айтқанды естиді) десе, сендер ‘Аллаһуммә, Раббәнә, ләкәл-хамд’ (Уа, Алла, Раббымыз! Бар мадақ Саған тән) деңдер. Ол намазды түрегеп оқыса, сендер де түрегеп оқыңдар. Отырып оқыса, бәрің отырып оқыңдар”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадис жамағаттағы адамның намаз қимылдарында имамға ұюы керегін көрсетеді. Ол тәкбірде, рукуғта, сәждеде, отырыста және сәлемде имамға ілеседі. Қимылдарды имамнан кейін жасайды. Өйткені имам өзіне ұю үшін тағайындалады. Алла елшісі (с.а.с.) имамнан бұрын қимыл жасауға қатаң тыйым салған (№2824 және №2825 хадистер).
• Имам рукуғтан тұрып «Сәмиғаллаһу лимән хамидаһ» дегенде, жамағат оны қайталамай, «Раббәнә, ләкәл-хамд» дейді.
2. Екінші мәселе – имам белгілі бір себеппен отырып намаз оқытса, жамағат та отырып оқи ма деген сұрақ. Бұл жөніндегі риуаяттардың көптігі мен бір-бірінен айырмашылығы ғалымдар арасында пікірталас туғызған. Кей риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) отырып оқығанда, жамағат оған түрегеп ұйығаны айтылады. Ал жоғарыдағы секілді риуаяттарда жамағаттың имам қалай оқыса, солай оқу керегі айтылады. Кей оқиғаның қашан болғаны белгісіз, кейбір нұсқада басқаларында жоқ қосымша мәліметтер бар. Ибн Хажардың айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өткен соң Үсәйд ибн Худайр, Жәбир, Қайс ибн Қаһд пен Әнәс ибн Мәлик (р.а.) секілді сахабалар кейде отырып намаз оқытқан, ал жамағат түрегеп тұрған. Ибн Хиббан және кейбір ғалымдар үзірімен отырып оқыған имамға түрегеп ұюға болатыны жөнінде сахабалардың ортақ пікірі болған дейді. Риуаяттарды үйлестіруде кейбір ғалымдар жамағаттың отырып оқуын бұйырған хадистің үкімі жойылған деп түсінген. Басқалары хадистер әртүрлі жағдайда айтылғанын ескерген. Олардың пайымынша, Алла елшісінің (с.а.с.) отырып намаз оқытуы аттан құлап, аяғы шығып кеткен кезге қатысты. Әбу Дәуітте Жәбирден жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинада мінген аты оны құрма діңгегінің үстіне лақтырып жіберіп, аяғы шыққаны айтылады. Мүслимнің Жәбирден жеткізген мына хабары да сол оқиғаға қатысты болса керек: «Алла елшісі (с.а.с.) сырқаттанып, намазды отырып оқыды. Біз артында ұйыдық. Әбу Бәкір оның тәкбірлерін дауыстап қайталап, жамағатқа естіртіп тұрды. Бір кезде Алла елшісі (с.а.с.) бұрылып, өзіне түрегеп ұйығанымызды көрді де, отыруымызға ишара етті. Біз отырдық. Сәлем бергеннен кейін: “Парсылар мен румдықтардың істегенін істей жаздадыңдар. Олар патшалары отырғанда түрегеп тұрады. Олай істемеңдер. Имамдарыңа ұйыңдар. Олар түрегеп оқыса, сендер де түрегеп оқыңдар. Отырып оқыса, сендер де отырып оқыңдар”, – деді».
Кей ғалымның пікірінше, бұл оқиға Алла елшісінің (с.а.с.) өмірінің соңында ауырып, отырып намаз оқытқан оқиғасынан бөлек. Соңғы риуаятта жамағаттың түрегеп ұйығанын көрсе де, Алла елшісінің (с.а.с.) оларға отыруды бұйырмағаны айтылады. Ғалымдар мұны отырған имамға түрегеп ұюды құптағаны деп түсінген. Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Шафиғи мен Әузағи бұл риуаят алдыңғысының үкімін жойған деген. Уалид ибн Мүслимнің жеткізуінше, имам Мәлик те осы пікірде. Ахмад ибн Ханбал үкімнің жойылғанын қабылдамаған. Оның пайымынша, екі хадис екі бөлек жағдайға қатысты, әрқайсысы өз жағдайында қолданылады:
1) Тұрақты имам жазылады деген үміт бар сырқатына байланысты намазды әуелден отырып оқытса, жамағат та отырып оқиды.
2) Тұрақты имам намазды түрегеп бастаса, жамағат та түрегеп оқиды. Кейін имамды отыруға мәжбүр ететін жағдай туса да, жамағат намазын бастаған қалпында жалғастырады. Риуаяттарға қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) соңғы сырқатында солай істеген. Жамағаттың түрегеп тұрғанын көріп, ескерту жасамауы мұны құптағанын көрсетеді. Әбу Бәкір намазды жамағатқа түрегеп оқыта бастаған, олар да түрегеп бастаған. Ал бұрынғы оқиғада Алла елшісі (с.а.с.) намазды әуелден отырып оқығандықтан, артындағылардың түрегеп оқуын құптамаған.
Ибн Хажар Ахмад ибн Ханбалдың осы пікірін кейбір шафиғилер де ұстанғанын айтады. Ибн Хузайма, Ибн әл-Мунзир мен Ибн Хиббан да осыны қолдаған. Имам Мұхаммед пен имам Мәликтің кең тараған пікірінше, Алла елшісінің (с.а.с.) отырып оқуына жамағаттың түрегеп ұюы оның өзіне тән рұқсатқа жатады. Сол себепті одан үмбетке ортақ үкім шығарылмайды. Жәбирден мурсәл ретінде жеткен «Менен кейін ешкім отырып намаз оқытпасын» деген хадис те осы пікірге дәлел етілген. Ғалымдар бұл хадистің әлсіз екенін ескерткен.
Ескерту. Алла елшісінің (с.а.с.) сырқат кезінде Әбу Бәкірге ұюын негізге алған кейбір ғалымдар: «Тұрақты имам ауруына байланысты отырып оқытқаннан гөрі, басқа кісіні имамдыққа шығарғаны абзал», – деген.
- 1Бұхари, Азан: 74, 82; Мүслим, Салат: 86-89, (414-417); Әбу Дәуіт, Салат: 69, (603, 604); Нәсәи, Ифтитах: 30, (2, 141-142).