Сәһл ибн Хунәйфтің немересі Мұхаммед ибн Әбу Үмәма әкесінен мына оқиғаны жеткізген: «Әкем Сәһл ибн Хунәйф Харрарда1 ғұсыл алды. Жүббесін шешкенде, Амир ибн Рабиға оған қарап тұр еді. Сәһл аққұба, терісі әдемі адам болатын. Амир: “Мұндай теріні бүгінге дейін көрген емеспін. Тіпті пәк қыздардың терісі де мұндай болмас”, – дегенде, Сәһл сол жерде құлап түсіп, қатты сырқаттанып қалды. Алла елшісіне (с.а.с.): “Сәһл ауырып қалды, сізбен бірге жүре алмайды”, – деп хабар берілді. Алла елшісі (с.а.с.) Сәһлдің жанына келгенде, ол Амирдің қалай қарағанын, не айтқанын айтып берді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) Амирге: “Бірің бауырын неге өлтіреді? ‘Алла берекесін берсін’ деуің керек еді! Көз тию – ақиқат. Ендеше, Сәһл үшін дәрет ал”, – деді2. Амир оның сауығуы үшін дәрет алған соң, Сәһл дертінен айығып, еш шағымсыз Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жүріп кетті»3.
- 1Харрар – Мәдинадағы су көзінің, мекеннің немесе аңғардың атауы.
- 2Мұнда дәрет алу, ал келесі хадисте ғұсыл, яғни жуыну айтылған. Бұған қатысты түсінік келесі хадисте беріледі. Алайда осы арада «Сунану Әби Дәуітте» келген мына хадисті де келтіргіміз келеді. Әзірет Айша (р.а.): «Көз тигізген адамға дәрет алу бұйырылатын. Содан кейін көз тиген адам сол сумен жуынатын», – деген. «Сунану Әби Дәуіт», 4-т., 9-б., № 3880.
- 3Сырттай қарағанда, мурсал риуаят. Алайда Әбу Үмәманың бұл хадисті әкесінен естігені меңзелген. Кейбір иснадтарда Әбу Үмәма: «Әкем маған өзінің жуынғанын айтып берді», – дейді. Иснады жалғасқан риуаяттары: Бұхари, «Тибб», 76/36; Муслим, «Сәләм», 39/16, № 41.