Қазақша аудармасы
Ибн Атияның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Ауру өздігінен жұқпайды1. Үкіні жамандықтың нышаны санауға негіз жоқ2. Қарында жылан болады деген сенім негізсіз (басқа түсіндірме бойынша, сафар айы харам айларға жатпайды)3. Ауру малды сау малдың арасына қоспаңдар. Ал сау мал қалаған жерінде жүріп, жайыла берсін», – деген. Жұрт: «Уа, Расулалла! Неге бұлай?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Өйткені ауру малды сау малға қосу зиян келтіреді», – деп жауап берген4.
- 1Арабтардың бұрынғы сенімінде сау адам науқаспен бірге отырса, дерт соған жұғады делінетін. Сондықтан науқасқа жақындағысы келмейтін. Алла елшісі (с.а.с.) науқастарды қараусыз қалдырмау үшін аурудың бәрі бірдей өзгеге жұға бермейтінін білдіріп: «Ауру жұқпайды», – деген. Сонымен бірге өзге хадисте: «Арыстаннан қашқандай, алапес адамнан қашыңдар», – деуі кейбір аурудың жұғатыны ақиқат екенін көрсетеді. Бұл да Алланың тағдырымен болады. Алла елшісі (с.а.с.): «Аурудың өздігінен жұғуы жоқ», – дегенде, бір бәдәуи: «Уа, Расулаллаһ! Құмды жерде киіктей сау жүрген түйелерім жайлы не дейсіз? Араларына сырттан бір қотыр түйе кірсе, бәрі қотыр болады», – деген. Алла елшісі (с.а.с.): «Алғашқы қотыр түйеге ол ауруды кім жұқтырды?» – деп жауап берген. Яғни алғашқы қотыр түйенің ауруы жұғудан емес, Алланың тағдырымен пайда болғаны даусыз. Сол сияқты сенің түйелеріңе жұғуы да Алланың тағдырымен болады дегенді меңзеген. «Тәжриді сарих тәржүмәсі», 12-т., 84–86-бб.
- 2Арабтар түн құсы – үкіні жаман ырым санаған. Үйдің үстіне үкі қонса, сол үйден өлік шығады деп сенген. Алла елшісі (с.а.с.) осындай жалған сенімдерге тыйым салып, оларды жүректерден кетірген. Суюти, «Тәнуирул-хауалик», 3-т., 123-б.
- 3Хадистегі «сафар» сөзін арабтар адам мен жануардың ішінде болады деп сенген жылан мағынасында қолданған. Бұл – қамари айлардың бірінің де атауы. Олар әлгі жылан қотырдан да жұққыш әрі иесін өлтіреді деп сенген. Алла елшісі (с.а.с.) бұл жалған сенімді терістеп, әркім өз ажалымен өлетінін білдірген. Немесе мұндағы «сафар» – белгілі сафар айы. Арабтар оны харам айларға қосып, орнына мұхаррам айын халал санаған. Ислам келгенде бұл әдет жойылған.
- 4Мұнда ауру мал сау малдың арасына қосылса, дерттің оларға да жұғатыны айтылып, сау малға келуі мүмкін зиянның алды алынған.