Хадис

Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) сипаттары

Муатта, 36-кітап · 39 хадис · № 1–39

Мазмұны: 13 бап
  1. 1Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) сипаттары
  2. 2Мәриям ұлы Иса (а.с.) мен Дәжжалдың сипаттары
  3. 3Адамның жаратылысына сай көркем әдеттер
  4. 4Сол қолмен тамақ жеудің рұқсат етілмеуі
  5. 5Кедейлер
  6. 6Кәпірдің көп жеп, қарнын қампайтуы
  7. 7Күміс ыдыстан ішу және сусынға үрлеу
  8. 8Тұрып су ішу
  9. 9Сүт, су және сол сияқты сусындарды ішкеннен кейін оң жақтағы адамға беру
  10. 10Тамақ пен сусынға қатысты өзге хадистер
  11. 11Ет жеу
  12. 12Жүзік тағу
  13. 13Жануарлардың мойнындағы қоңыраулар мен алқаларды алып тастау

1-бапАрдақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) сипаттары

1
Муатта, 36-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик Алла елшісінің (с.а.с.) сипаттарын былай баяндайды: «Алла елшісінің (с.а.с.) бойы тым ұзын да, тым қысқа да емес еді. Өңі шектен тыс ақ та, тым қараторы да емес еді. Шашы хабаштардың шашындай қатты бұйра да, түп-түзу де емес еді. Қырық жасқа толғанда, Алла оны пайғамбар етіп жіберді. Он жыл Меккеде, он жыл Мәдинада тұрды. Алпыс жасқа толғанда, Алла Тағала оның жанын алды. Сол кезде шашы мен сақалындағы ақ қылдар жиырмаға да жетпеген еді»1.

  1. 1Бұхари, «Манақиб», 61/23; Муслим, «Фадаил», 43/31, № 113. Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, Пайғамбарымыз алпыс үш жасында қайтыс болған. Өйткені өзге сахих хадистерде осылай айтылған.

2-бапМәриям ұлы Иса (а.с.) мен Дәжжалдың сипаттары

2
Муатта, 36-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Бүгін түнде түсімде Қағбаның жанында екенмін. Сол жерден қараторы бір адамды көрдім. Ол мен көрген қараторы адамдардың ішіндегі ең көріктісі секілді еді. Шашы иығына түсіп тұрды. Иыққа түскен мұндай әдемі шашты бұрын көрмегендей едім. Таралған шашынан су тамшылап тұрды. Екі адамға немесе екі адамның иығына сүйеніп, Қағбаны тауап етіп жүр екен. “Бұл кім?” – деп сұрадым. “Бұл – Мәриям ұлы Иса”, – деген жауап берілді. Содан кейін кенет шашы хабаштардың шашындай қатты бұйра, оң көзі көрмейтін, жүзімнің томпайған дәніндей сыртқа шығып кеткен бір адамға тап болдым. “Бұл кім?” – деп сұрадым. Маған: “Бұл – Мәсих Дәжжал”, – деген жауап берілді», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Либас», 77/68; Муслим, «Иман», 1/73, № 273.

3-бапАдамның жаратылысына сай көркем әдеттер

3
Муатта, 36-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.): «Адамның жаратылысына тән бес қасиет бар: тырнақ алу, мұртты қысқарту, қолтық түгін жұлу, әурет тұсының түгін қыру және сүндетке отыру», – деген1. Бұлар – жаратылыс талабына сай, бұрынғы пайғамбарлар да ұстанып келген істер2.

  1. 1«Муваттаның» барлық рауиі мұны мауқуф түрде жеткізген. Ибн Абдулбәр: «Мәликтен сахих түрде жеткен», – дейді.
  2. 2«Сахихайнда» Зүһри – Сағид ибн Мүсәйяб – Әбу Һурайра тізбегімен берілген: Бұхари, «Либас», 77/63; Муслим, «Таһарат», 2/16, № 49.
4
Муатта, 36-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мүсәйяб (р.а.) былай дейді: «Ең алғаш қонақ күткен, ең алғаш сүндетке отырған, ең алғаш мұртын қысқартқан және ең алғаш шашының ағарғанын көрген адам – Ибраһим (а.с.). Шашының ағарғанын көргенде: “Уа, Раббым! Бұл не?” – деп сұрады. Ұлы Алла: “Бұл – байсалдылықтың белгісі, уа, Ибраһим”, – деді. Ол: “Уа, Раббым! Байсалдылығымды арттыр”, – деп дұға етті».

Имам Мәлик былай дейді: «Мұрт еріннің жиегі көрінетіндей етіп қысқартылады. Мұсылман оны түбінен қырып тастап, өз келбетін бұзбайды»1.

  1. 1Шәйбани, 980.

4-бапСол қолмен тамақ жеудің рұқсат етілмеуі

5
Муатта, 36-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһ әс-Сәләмидің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) сол қолмен тамақ жеуге, бір аяқты жалаңаш қалдырып, екіншісіне ғана аяқ киім киіп жүруге, бір иықты жауып, екіншісін ашық қалдыратын әрі қол шығаратын жері жоқ киім киюге және тізесін тіктеп отырғанда үстіне бір ғана киім жамылып, әуретінің ашылып қалуына тыйым салған1.

  1. 1Муслим, «Либас», 37/20, № 70. Тамақ жеу, су ішу, аяқ киім, мәсі, шалбар, шапан кию, шаш алу мен тарау, мұрт қысқарту, қолтық түгін жұлу, мисуак қолдану, сүрме жағу, тырнақ алу, дәрет алу, ғұсыл құйыну, тәйәммүм соғу, мешітке кіру, әжетханадан шығу, садақа беру секілді тазалық пен көріктенуге қатысты істерді оң жақтан бастау мұстахап. Ал бұларға керісінше істерді сол жақтан бастау мұстахап. Бір сыңар аяқ киіммен жүруге тыйым салынуының себебі – оның байсалдылыққа қайшы келуі әрі аяқ киім киген аяқ екіншісінен биіктеп, жүрісті қиындатуы. Бұлай істемеу мұстахап. Иыққа жамылатын, қол шығаратын жері жоқ киім қажет істі атқаруға кедергі болғандықтан мәкруһ, ал әурет ашылса, харам болады. Тізені тіктеп отырғанда үстіне бір ғана киім жамылу да әуреттің ашылуына себеп болатындықтан харам.
6
Муатта, 36-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Тамақ жегенде оң қолдарыңмен жеңдер, бір нәрсе ішкенде оң қолдарыңмен ішіңдер. Өйткені шайтан сол қолымен жейді, сол қолымен ішеді», – деген1.

  1. 1Муслим, «Әшриба», 36/13, № 105; Шәйбани, 883.

5-бапКедейлер

7
Муатта, 36-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Жұртты аралап жүріп, бір-екі түйір ас немесе бір-екі құрма алып қайтатын адам шын мұқтаж кедей емес», – деген. Жұрт: «Уа, Расулалла! Ендеше, шын мұқтаж кедей кім?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Шын мұқтаж кедей – қажетіне жетерлік табысы жоқ, жұрт жағдайын білмегендіктен өзіне садақа берілмейтін әрі өзі де жұрттан тіленбейтін адам», – деп жауап берді1.

  1. 1Бұхари, «Зәкәт», 24/53; Муслим, «Зәкәт», 12/34, № 101.
8
Муатта, 36-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Ибн Бүжәйд әл-Ансари әл-Харисидің әжесінен жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Отқа қақталған қойдың не сиырдың тұяғы болса да, кедейге бір нәрсе беріңдер», – деген1.

  1. 1Нәсәи, «Зәкәт», 23/70. Алла елшісі (с.а.с.) бұл жерде аз нәрсені меңзеп, кедейге аз да болса бірдеңе берудің жақсы екенін, оны құр қайтарудың ұнамсыз іс екенін білдірген.

6-бапКәпірдің көп жеп, қарнын қампайтуы

9
Муатта, 36-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылман бір асқазанын тойдыру үшін жейді. Ал кәпір жеті ішегін толтыру үшін жейді», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Әтғима», 70/12; Муслим, «Әшриба», 36/34, № 185; Шәйбани, 958. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте мүміннің қанша тамақ жеуі керектігін баяндайды. Мүмін қомағай болмауға, қажеттен артық жемеуге тиіс. Тіпті дастарқаннан әлі де тәбеті бар кезде тұрғаны жөн. Қомағайлық – мүміннің емес, имансыздардың әдеті. Бұл – жалпы айтылған үкім. Әйтпесе мүміндердің арасында көп жейтіндер, кәпірлердің арасында аз жейтіндер бар екені даусыз.
10
Муатта, 36-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір кәпір қонақ болды. Алла елшісі (с.а.с.) оған бір қой әкеліп, саууды бұйырды. Қой сауылып, қонақ оның сүтін ішті. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) тағы бір қойды саууды бұйырды. Қонақ оның сүтін де ішті. Одан соң тағы бір қойды саууды бұйырды. Осылайша ол жеті қойдың сүтін ішті. Таң атқанда әлгі кәпір мұсылман болды. Алла елшісі (с.а.с.) оған бір қойды сауып, сүтін әкелуді бұйырды. Ол сол қойдың сүтін ішті. Содан кейін екінші қойдың сүтін әкелуді бұйырды. Бірақ ол бұл жолы сүтті тауыса алмады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Мүмін бір асқазанын тойдыру үшін ішеді. Кәпір жеті ішегін толтыру үшін ішеді”, – деді»1.

  1. 1Муслим, «Әшриба», 36/34, № 86.

7-бапКүміс ыдыстан ішу және сусынға үрлеу

11
Муатта, 36-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмәның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі: «Күміс ыдыстан сусын ішкен адам қарнына тозақ отын сімірген болады», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Әшриба», 74/28; Муслим, «Либас», 37/1, № 1; Шәйбани, 882.
12
Муатта, 36-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Әбу әл-Мүсәнна әл-Жүһәни былай дейді: «Мәруан ибн Хакәмнің жанында едім. Қасына Әбу Сағид әл-Худри кіргенде, Мәруан одан: “Алла елшісінің (с.а.с.) сусынға үрлеуге тыйым салғанын естідің бе?” – деп сұрады. Әбу Сағид: “Иә. Бір адам Алла елшісіне (с.а.с.): ‘Уа, Расулалла! Мен бір деммен іше алмаймын’, – дегенде, ол: ‘Ыдысты аузыңнан алыстат та, дем ал’, – деді. Әлгі адам: ‘Ыдыстың ішінен қоқым тәрізді бірдеңе көрсем, не істейін?’ – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Оны төгіп таста’, – деді”, – деп жауап берді»1.

  1. 1Тирмизи, «Әшриба», 24/15.

8-бапТұрып су ішу

13
Муатта, 36-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке Омар ибн Хаттабтың, Әли ибн Әби Талибтің және Осман ибн Аффанның тұрып су ішкені жеткен1.

  1. 1Шәйбани, 881.
14
Муатта, 36-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтың жеткізуінше, мүміндердің анасы әзірет Айша мен Сағд ибн Әби Уаққас тұрып су ішудің еш әбестігі жоқ деп санаған.

15
Муатта, 36-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Әбу Жағфар әл-Қари былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омардың тұрып су ішкенін көрдім»1.

  1. 1Шәйбани, 880.
16
Муатта, 36-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Амир ибн Абдуллаһтың жеткізуінше, әкесі Абдуллаһ ибн Зүбәйр тұрып су ішетін.

9-бапСүт, су және сол сияқты сусындарды ішкеннен кейін оң жақтағы адамға беру

17
Муатта, 36-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәликтің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісіне (с.а.с.) құдық суы қосылған сүт әкелінді. Оң жағында бір бәдәуи, сол жағында Әбу Бәкір отырған еді. Сүтті алдымен өзі ішті де, бәдәуиге беріп: «Оң жақтағыға беріңдер, оң жақтан жалғастырыңдар», – деді1.

  1. 1Бұхари, «Әшриба», 74/81; Муслим, «Әшриба», 36/17, № 124; Шәйбани, 884. Бұл хадис сусын ұсынғанда да оң жақтан бастау сүннет екенін көрсетеді. Мұнда әзірет Әбу Бәкір бәдәуиден артық бола тұра, Алла елшісі (с.а.с.) келесі хадистегідей, алдымен Әбу Бәкірге беру үшін бәдәуиден рұқсат сұрамаған. Өйткені бәдәуилердің сенімі әлсіздеу, иманы әлі толық кемелденбегендіктен, мұндай әрекет оған кері әсер етуі мүмкін еді. Алла елшісі (с.а.с.) осы нәзік жайтты ескерген болса керек. Хадистегі сүтке су қосу оны салқындату немесе бәріне жететіндей көбейту үшін жасалған. Бұдан сүт сатушылардың сүтке су қосуына болады деген үкім шықпайды. Ол – үзілді-кесілді харам. Ардақты кісі отырса да, сусынды одан дәрежесі төмендеу адамға беру оң жақтан бастаудың маңызын айқын көрсетеді.
18
Муатта, 36-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд әл-Ансаридің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісіне (с.а.с.) бір сусын әкелінді. Ол сусыннан ішті. Оң жағында бір бала, сол жағында үлкен кісілер отырған еді. Алла елшісі (с.а.с.) баладан: «Алдымен мына үлкен кісілерге беруіме рұқсат етесің бе?» – деп сұрады. Бала: «Жоқ, уа, Расулалла! Уаллаһи, рұқсат етпеймін! Сізден кейін сусын ішу құқығымды ешкімге бермеймін», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) ыдысты баланың қолына берді1.

  1. 1Бұхари, «Әшриба», 74/19; Муслим, «Әшриба», 36/17, № 127. Хадистегі бала – Ибн Аббас, ал үлкен кісілер – оның туыстары. Алла елшісі (с.а.с.) рұқсат сұрауы оған кері әсер етпейтініне сенгендіктен, рұқсат сұраған. Бала келіспей, өз құқығын алған. Бұл жерден Пайғамбарымыздың теңдессіз көркем мінезі мен қағидаға беріктігі көрінеді. Міндетті болмаса да, «бала ғой» демей, оның құқығын ескеріп, рұқсат сұраған. Келіспегенде де, теріс қабақ танытпай, тиесілісін өзіне берген. Сондай-ақ бұл хадис оң жақта отырған адамнан рұқсат алмай, сусынды өзгеге беруге болмайтынын және одан рұқсат сұраудың еш әбестігі жоқ екенін көрсетеді. Діни пайда мен ақыреттік артықшылыққа қатысты істе өз несібесін өзгеге беруге келіспеуге болатынын да білдіреді.

10-бапТамақ пен сусынға қатысты өзге хадистер

19
Муатта, 36-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Әбу Талха Үммі Сүләймге: “Алла елшісінің (с.а.с.) даусы әлсіз шыққанын естідім. Оның аш екенін аңғарып тұрмын. Жейтін бір нәрсең бар ма?” – деп сұрады. Үммі Сүләйм: “Иә”, – деді де, бірнеше үзім арпа нанын шығарды. Жаулығының бір шетіне нанды орап, қолтығымның астына жасырды, қалған бөлігімен үстімді көйлек секілді қымтады. Содан кейін мені Алла елшісіне (с.а.с.) жіберді. Үммі Сүләйм берген нанды алып, Алла елшісіне (с.а.с.) бардым. Ол сахабаларымен бірге мешітте отыр екен. Қастарына барып тұрдым. Алла елшісі (с.а.с.): “Сені Әбу Талха жіберді ме?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. “Тамақ үшін бе?” – деп сұрағанда, тағы да: “Иә”, – деп жауап бердім. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) жанындағы сахабаларына: “Тұрыңдар”, – деді. Ол сахабаларымен бірге жүрді, мен де оларға еріп, Әбу Талханың үйіне жеттім. Әбу Талхаға жағдайды хабарлағанымда, ол: “Уа, Үммі Сүләйм! Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларын ертіп келді. Оларға жетерлік тамағымыз жоқ. Енді не істейміз?” – деді. Үммі Сүләйм: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – деп жауап берді. Әбу Талха Алла елшісін (с.а.с.) қарсы алуға шықты. Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Талхамен бірге келіп, үйге кірді де: “Уа, Үммі Сүләйм! Қолыңда барды әкел”, – деді. Үммі Сүләйм сол нанды алып келді. Алла елшісі (с.а.с.) нанды ұсақтауды бұйырды, нан ұсақталды. Үммі Сүләйм үстіне май мен балы бар торсықтағыны сығып, нанға қатық жасады. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) Алла Тағала айтқызуды қалаған сөздерді айтып, дұға етті де: “Он адамның кіруіне рұқсат бер”, – деді. Әбу Талха он адамды кіргізді. Олар сол астан тойғанша жеп, сыртқа шықты. Алла елшісі (с.а.с.): “Тағы он адамды кіргіз”, – деді. Әбу Талха тағы он адамды кіргізді. Олар да тойғанша жеп, сыртқа шықты. Одан кейін Алла елшісі (с.а.с.): “Он адамды кіргіз”, – деді. Әбу Талха ол он адамды да кіргізді. Олар да тойғанша жеп, шықты. Содан соң Алла елшісі (с.а.с.): “Тағы он адамды кіргіз”, – деді. Ол тағы он адамды кіргізді. Олар да тойғанша жеп, сыртқа шықты. Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттың бәрі тамақтанып, тойғанша: “Он-он адамнан кіргіз”, – деп отырды. Жиналғандар жетпіс не сексен адамдай еді»1.

  1. 1Бұхари, «Әтғима», 70/11; Муслим, «Әшриба», 36/20, № 142. Бұл хадистен мынадай қорытындылар шығады. Пайғамбарлар аштық және сол сияқты машақаттармен сыналады. Сол қиындықтарға сабыр ету арқылы сауаптары мен дәрежелері артады. Басына түскен кейбір қиындықтарға төзіп, оны бірден жұртқа жаймай, жасырған жөн. Әбу Талха секілді, сахабалар да Алла елшісіне (с.а.с.) тиісті қамқорлық пен ықылас көрсетуге тиіс болған. Сондай-ақ бұл хадис сый алушының дәрежесі жоғары, ал берілетін сый аз болса да, сыйлық ұсыну мұстахап екенін көрсетеді. Үй иесінің қонақтарын қарсы алып, араларында жүруі де мұстахап. «Алла мен Оның елшісі жақсы біледі» деп, үйдегі астың аздығына қарамай, Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларымен бірге келгенін құп көріп, мұнда бір хикмет барын аңғарған Үммі Сүләймнің зеректігі де байқалады. Ол Әбу Талхаға: «Уайымдама. Алла елшісінің (с.а.с.) осыншама адамды ертіп келуінде бір мақсат болмаса, оларды алып келмес еді», – дегендей болды.
20
Муатта, 36-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Екі адамның тамағы үш адамға, үш адамның тамағы төрт адамға жетеді», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Әтғима», 70/11; Муслим, «Әшриба», 36/33, № 178.
21
Муатта, 36-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһтың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Есіктеріңді жабыңдар, су торсықтарының аузын байлаңдар, ыдыстарыңның бетін жабыңдар, жатарда шамды өшіріңдер. Өйткені шайтан жабық есікті аша алмайды, байланған бауды шеше алмайды, жабылған ыдысты аша алмайды. Тышқан адамдардың үйін тез өртеп жібереді», – деген1.

  1. 1Муслим, «Әшриба», 36/12, № 96; Шәйбани, 957. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте кейбір жаман күштердің ықпалынан сақтанудың жолдарын көрсетіп, ескертеді. Болуы мүмкін зиянның алдын ала қамын жасауды, материалдық және рухани жамандық атаулыдан сақтануды өсиет етеді.
22
Муатта, 36-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Әбу Шүрәйх әл-Кағбидің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам қайырлы сөз сөйлесін немесе үндемесін. Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам көршісіне жақсы қарасын. Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам қонағын құрметтесін. Бір күн, бір түн қонағына айрықша құрмет көрсетіп күтсін. Үш күн бойы әдетте өзі жейтін асынан беріп, қонақ етсін. Үш күннен кейін бергені садақа болады. Қонақтың үй иесін қиындыққа түсіретіндей ұзақ жатып алуы халал емес», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 78/31; Муслим, «Луқата», 31/3, № 14.
23
Муатта, 36-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Бір адам жолда келе жатып, қатты шөлдейді. Бір құдық тауып, ішіне түсіп, су ішеді де, қайта шығады. Қараса, шөлден тілі салақтап, ентігіп тұрған, ылғал топырақты жалап жатқан бір ит бар екен. Адам іштей: “Мені қинаған шөл мына итті де қинапты ғой”, – деп, құдыққа қайта түседі. Аяқ киімінің бірін шешіп, су толтырады. Оны тістеп алып, құдықтан шығады да, итті суарады. Алла оның бұл ісін қабыл етіп, күнәларын кешіреді», – деген. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Жануарларға жасаған жақсылығымыз үшін де сауап аламыз ба?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Әрбір тірі жануарға жасалған жақсылықта сауап бар», – деп жауап берген1.

  1. 1Бұхари, «Шурб», 42/9; Муслим, «Сәләм», 39/41, № 153. Нәуәуидің айтуынша, жақсылық жасап, жәрдем берілетін жануарлар – әдетте өлтіру бұйырылмаған жануарлар. Оларға жасалған жақсылық үшін адам сауап алады. Бұл жақсылық хадистегі суарумен ғана шектелмейді. Тамақтандыру да соған жатады. Хадис су берудің Алланың разылығына жеткізетін игі істердің алдыңғы қатарында екенін көрсетеді. Кейбір ізгі адамдар күнәсі көп кісілерге күнәларының кешірілуі үшін өзгелерді сумен қамтамасыз етуді кеңес еткен. Итті суарған адамның күнәларын Алланың кешіргенін баяндайтын осы хадис олардың кеңесінің орынды екенін дәлелдейді.
24
Муатта, 36-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһ былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) теңіз жағасына бір жасақ жіберіп, Әбу Убайда ибн Жәррахты қолбасшы етіп тағайындады. Жасақ үш жүз адамнан тұратын. Мен де солардың ішінде едім. Жолға шықтық. Біраз жүрген соң азығымыз таусылуға таяды. Әбу Убайда жасақтың бүкіл азығын жинатты. Барлығы екі азық дорбасындай құрма еді. Әбу Убайда күн сайын аз-аздан бөліп беріп отырды. Таусылғанша осылай жалғасты. Әрқайсымызға бір-бір құрмадан ғана тиетін». Уәһб ибн Кәйсан: «Жәбирден: “Бір құрма аштықты баса ма?” – деп сұрадым. Ол: “Таусылғанда оның қадірін қатты сезіндік”, – деп жауап берді», – дейді. Жәбир сөзін былай жалғастырған: «Содан кейін теңіз жағасына жеттік. Сол жерде шағын таудай алып балыққа кезіктік. Жасақ сол балықты он сегіз күн жеді. Әбу Убайда балықтың екі қабырғасын тіктеп, көпір тәрізді етіп орнатуды бұйырды. Содан соң астынан бір түйені айдап өткізді. Түйе екі қабырғаның астынан сүйекке тимей өтті»1. Имам Мәлик былай дейді: «Хадистегі “зәриб” сөзі “шағын тау” дегенді білдіреді».

  1. 1Бұхари, «Ширкат», 47/1; Муслим, «Сайд», 34/4, № 17–21. Жәбирден (р.а.) бір құрмамен қалай күн көргендері сұралғанда: «Бала емшек емгендей, құрманы соратынбыз да, артынан су ішетінбіз. Бұл сол күні кешке дейін жететін», – деп жауап берген.
25
Муатта, 36-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Амр ибн Сағд ибн Мұғаздың әжесінен жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, мүмін әйелдер! Көршілерің берген сыйды, тіпті отқа қақталған қой сирағы болса да, қомсынбаңдар», – деген1.

  1. 1«Сахихайнда» Сағид әл-Мақбури – Әбу Һурайра тізбегімен берілген: Бұхари, «Һиба», 51/1; Муслим, «Зәкәт», 12/29, № 90. Адам өзіне берілген сыйды қомсынбауға тиіс. Өйткені шағын сыйдың өзі ештеңе бермегеннен жақсы. Алла елшісі (с.а.с.) аз да болса сый ұсынуға, берген адамның да, алған адамның да оны қомсынбауына үндеп, осылай әсірелеп айтқан. Сыйлық сүйіспеншілік пен ықыласты арттырады.
26
Муатта, 36-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Әби Бәкірдің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Алла яһудилерді құртсын! Оларға іш май жеуге тыйым салынған еді. Алайда олар оны сатып, ақшасын жеді», – деген1.

  1. 1Мурсал хадис. «Сахихайнда» Әбу Һурайрадан иснады жалғасқан түрде жеткен: Бұхари, «Буюғ», 34/103; Муслим, «Мусақат», 22/12, № 23. Бұл хадис жеуі харам нәрсені сатудың да харам екенін көрсетеді. Мысалы, доңыз етін жеу харам болғандықтан, оны сатып, ақшасын пайдалану да харам. Шарап ішу харам болғандықтан, шарап сатып, ақшасын пайдалану да харам.
27
Муатта, 36-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке Мәриям ұлы Исаның (а.с.): «Уа, Исрайыл ұрпақтары! Таза су ішіңдер, жерде өсетін көкөністерді және арпа нанын жеңдер. Бидай нанынан сақтаныңдар. Өйткені оның шүкірін өтей алмайсыңдар», – дегені жеткен1.

  1. 1Мұнда шүкірін өтей алмай қалудан қорқып, қарапайым өмір сүру, ешкімнің ақысы араласпаған нәрсені пайдалану көзделген. Бұл – біздегі зүһд пен тақуалыққа сай ұстаным.
28
Муатта, 36-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке мына риуаят жеткен: «Алла елшісі (с.а.с.) мешітке кіргенде, Әбу Бәкір әс-Сыддық пен Омар ибн Хаттабты көріп, не үшін отырғандарын сұрады. Олар: “Бізді аштық сыртқа шығарды”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Мені де аштық сыртқа шығарды”, – деді. Содан кейін үшеуі Әбу әл-Һәйсәм ибн әт-Тәйиһан әл-Ансаридің үйіне барды. Ол үйіндегі арпадан нан дайындатып, қонақтарына әкелуді бұйырды. Қонақтары үшін қой союға қамданғанда, Алла елшісі (с.а.с.): “Сауын қойды сойма”, – деді. Ол басқа бір қой сойды. Қонақтарына тұщы су әкеліп, су құйылған торсықты құрма ағашына ілді. Содан кейін тамақ әкелінді. Олар тамақтанып, әлгі судан ішті. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Бүгін жеген осы нығметтерің үшін міндетті түрде сұраласыңдар. Жегендеріңнің шүкірін өтеңдер”, – деді»1.

  1. 1Муслим, «Әшриба», 36/20, № 40.
29
Муатта, 36-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтің жеткізуінше, Омар ибн Хаттаб сары майға нан батырып жеп отырып, бір бәдәуиді шақырған. Әлгі адам тамақ жей бастағанда, табақтың түбіндегі майды нанына жинап алды. Сонда әзірет Омар: «Қатық көрмеген адамға ұқсайсың ғой», – деді. Әлгі адам: «Уаллаһи, көптен бері сары май жегенім де, біреудің жегенін көргенім де жоқ», – деп жауап берді. Осыдан кейін әзірет Омар: «Жаңбыр жауып, халық молшылыққа кенелгенше сары май жемеймін», – деді.

30
Муатта, 36-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Омар ибн Хаттаб мүміндердің әмірі болған кезде, оған бір сағ құрма берілетін. Ол оны семіп қалған сапасыз құрмаларына дейін қалдырмай жейтін».

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Омар ибн Хаттабтан шегірткенің халал не халал еместігі сұралғанда: “Қазір бір кәрзеңке шегіртке болса ғой, жер едік”, – деп жауап берді».

31
Муатта, 36-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Хумәйд ибн Мәлик ибн Хусәйм былай дейді: «Әбу Һурайрамен бірге Ақиқ деген жердегі егістігінде отырған едік. Мәдинадан бір топ адам көліктерімен келіп, оның қасына түсті. Әбу Һурайра маған: “Анама барып: ‘Ұлың сәлем айтып жатыр, бізге жейтін бір нәрсе берсін дейді’, – деп айт”, – деді. Анасына ұлының сәлемі мен өтінішін жеткіздім. Ол табаққа үш үзім нан, аздап зәйтүн майы мен тұз салды да, басыма қойды. Табақты әлгі жұртқа алып келіп, алдарына қойдым. Әбу Һурайра: “Аллаһу әкбар”, – деп тәкбір айтты да: “Су мен құрмадан басқа асымыз жоқ кезде, кейін бізді нанға тойдырған Аллаға мадақ болсын!” – деді. Жұрт тамақтан дәм татпастан кетіп қалды. Олар кеткен соң Әбу Һурайра маған: “Бауырымның баласы! Қойларыңа жақсылап қара, мұрындарының сорасын сүрт, қорасын таза ұста, намазыңды солардың маңында оқы. Өйткені қой – жаннат жануарларының бірі. Жаным құдірет қолында болған Аллаға ант етемін, жуықта азғантай қой иесіне Мәдина әкімі Мәруан ибн Хакәмнің сарайынан да сүйікті болатын заман келеді”, – деді»1.

  1. 1Әбу Һурайраға келген бұл адамдар одан бір нәрсе үйренуді көздеген. Ол осыған орай ас ұсынған, бірақ олар тамақтанбаған. Себебі ораза ұстаған еді. Нәпіл ораза ұстаушыға қонақасы кезінде оразасын ашуға рұқсат болғанымен, олар ашпауды жөн көрген.
32
Муатта, 36-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Уәһб ибн Кәйсанның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісіне (с.а.с.) тамақ әкелінгенде, жанында жұбайы Үммі Сәләмәның ұлы Омар ибн Әби Сәләмә болған. Алла елшісі (с.а.с.) оған: «“Бисмиллә” деп айт та, алдыңнан же», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Әтғима», 70/3. Бұл хадис тамақтың басында бисмиллә айтудың сүннет, ортақ ыдыстан жегенде өз алдынан жеудің мұстахап екенін көрсетеді. Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзді Омар ибн Әби Сәләмәға үйретіп, көркем әдепке баулу үшін айтқан. Демек, мұсылмандар да балаларын әр мүмкіндік туған сайын осындай көркем әдепке, яғни Ислам әдебіне тәрбиелеуге тиіс.
33
Муатта, 36-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед былай дейді: «Бір адам Абдуллаһ ибн Аббасқа келіп: “Қамқорлығымда бір жетім бар. Оның түйелері бар еді. Солардың сүтін ішсем бола ма?” – деп сұрады. Ибн Аббас: “Жоғалған түйелерін іздесең, қотырына қарамай жақсаң, су ішетін астауының су ағатын жерлерін топырақпен бітесең, суатқа келгенде суарсаң, төлдеріне зиян келтірмей, сүтін түгел сауып алмай, өзің де іше бер”, – деп жауап берді».

34
Муатта, 36-кітап, № 34
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа әкесінің тамақ не сусын, тіпті дәрі берілгенде де, оны ішіп-жегенше: «Бізге тура жол көрсеткен, ішкізіп-жегізген, түрлі нығмет берген Аллаға мадақ болсын! Алла бәрінен ұлы. Уа, Алла! Біз жамандықтың ішінде жүргенде, Сен бізді түрлі нығметке бөледің. Сенің нығметтеріңмен таңымызды атырып, кешімізді батырдық. Сенен сол нығметтеріңді толықтыруыңды және шүкірін өтеуге жәрдем беруіңді сұраймыз. Сенің жақсылығыңнан басқа жақсылық жоқ. Сенен басқа тәңір жоқ. Уа, ізгі құлдардың Тәңірі, бүкіл әлемнің Раббысы! Барлық мадақ Аллаға тән. Алладан басқа тәңір жоқ. Алла қалағанын істейді. Күш-қуат тек Алланың жәрдемімен болады. Уа, Алла! Бізге берген ризығыңа береке бер және бізді тозақ азабынан сақта», – деп дұға ететінін жеткізген.

35
Муатта, 36-кітап, № 35
Қазақша аудармасы

Яхия былай дейді: «Имам Мәликтен: “Әйел өзіне махрам емес ерлермен немесе өз құлымен бірге тамақ іше ала ма?” – деп сұралды. Имам Мәлик: “Әйелдің ер адаммен бірге тамақ ішуі діннің белгілі қағидаларына сай болса, еш әбестігі жоқ. Әйел күйеуімен бірге тамақтанып отырған өзге ерлермен немесе бауырымен бірге отырған бөгде ерлермен дастарқандас бола алады. Алайда арасында қан, неке немесе сүт туыстығы арқылы махрамдық байланыс орнамаған ер мен әйелдің оңаша қалуы мәкруһ”, – деп жауап берді»1.

  1. 1Имам Мәлик әйелдің бөгде ермен бірге тамақтануы екі шарт орындалғанда айып емес екенін түсіндірген. Біріншісі – әйелдің қолы мен жүзінен өзге әуретінің бәрі жабық болуы. Екіншісі – дастарқанда әкесі, ұлы, бауыры, әкесінің не анасының бауыры секілді бір махрамы болуы. Осы екі шарт орындалса да, Имам Мәлик «еш әбестігі жоқ» дегендіктен, әйелдің бөгде ерлермен дастарқандас болмағаны абзалырақ. Өзара махрам емес ер мен әйелдің оңаша қалуын мәкруһ деуімен, Алла біледі, харам екенін меңзеген. Имам Мәликтің бұл сөздері фитнаға себеп болмаса, әйелдің қолы мен жүзіне қарауға болатынын да көрсетеді. Өйткені қол мен жүзді ашпай тамақтану мүмкін емес.

11-бапЕт жеу

36
Муатта, 36-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтің жеткізуінше, Омар ибн Хаттаб: «Ет жеуге әуестенбеңдер. Өйткені ол да шарап секілді әдетке айналады», – деген1.

Яхия ибн Сағидтің жеткізуінше, Жәбир ибн Абдуллаһ ет көтеріп бара жатқанда, әзірет Омар ибн Хаттаб кездесіп: «Бұл не?» – деп сұрады. Жәбир: «Уа, мүміндердің әмірі! Етті қатты аңсап, бір дирхамға сатып алдым», – деп жауап берді. Әзірет Омар: «Көршісі мен немере бауыры да артылған астан дәм татсын деп, сендердің бірің аздау жеуді ойламай ма? Мына аятты ұмыттың ба? Неге оны ескермейсіңдер? Қиямет күні оларға: “Өздеріңе берілген бар игілікті дүниедегі тіршіліктеріңде ішіп-жеп, түгел тауыстыңдар және қызығын әбден көрдіңдер”, – делінеді. Яғни солар арқылы қалауларыңа еріп, күнә істедіңдер», – деді2.

  1. 1Әзірет Омар бұл сөзімен етті тым жиі жемеуді меңзеген. Үнемі жей берсе, әдет қалыптасып, одан бас тарту қиындайды. Сол себепті ет пен сол сияқты нығметтерді шектен тыс жиі тұтынбай, арзанырақ аспен де қанағаттанып, үнемшіл болудың мәндүп екенін білдірген. Ет жеу харам дегенді меңземеген.
  2. 2«Ахқаф» сүресі, 46:20.

12-бапЖүзік тағу

37
Муатта, 36-кітап, № 37
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) алтын жүзік тағатын. Кейін орнынан тұрып, жүзігін лақтырып жіберді де: «Мұны енді ешқашан тақпаймын», – деді. Сахабалардың бәрі де алтын жүзіктерін шешіп тастады1.

  1. 1Бұхари, «Либас», 77/47; Шәйбани, 871.
38
Муатта, 36-кітап, № 38
Қазақша аудармасы

Садақа ибн Ясар былай дейді: «Сағид ибн Мүсәйябтан жүзік тағуға бола ма деп сұрадым. Ол: “Таға бер. Жүзік тағуға пәтуа берген мен екенімді жұртқа хабарла”, – деді»1.

  1. 1Жүзік туралы алғашқы хадис әуелде алтын жүзік тағуға рұқсат болғанын, кейін бұл үкім жойылып, харам етілгенін көрсетеді. Бастан-ақ харам болғанда, Алла елшісі (с.а.с.) тақпас еді. Екінші риуаятта Сағид ибн Мүсәйяб жүзік тағуға рұқсат берген. Мұнда алтын емес, күміс жүзік меңзелгені анық. Алтыннан басқа металдан жасалған жүзік тағу жайында әртүрлі риуаят бар. Біреулер белгілі бір хадиске сүйеніп, билеушіден өзге адамдарға жүзік тағуға тыйым салынған десе де, кейін күміс жүзік тағуға болатыны жөнінде ижмағ қалыптасқан. Жүзік тағуға тыйым салатын хадистің әлсіз екені де айтылған. Әл-Бажи, «Әл-Мунтақа, Шархул-Муватта», 7-т., 254-б.

13-бапЖануарлардың мойнындағы қоңыраулар мен алқаларды алып тастау

39
Муатта, 36-кітап, № 39
Қазақша аудармасы

Әбу Бәширдің (р.а.) жеткізуінше, сапарларының бірінде ол Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болған. Жұрт демалып жатқанда, Алла елшісі (с.а.с.) бір адамды жіберіп: «Түйелердің мойнында садақтың керме бауы да, алқа да қалмасын. Бәрі кесілсін!» – деп хабарлауды бұйырған1. Имам Мәлик былай дейді: «Меніңше, бұлар көз тиюден сақтану үшін тағылған болса керек»2.

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 56/139; Муслим, «Либас», 37/28, № 105.
  2. 2Жаһилия халқы түйелердің мойнына осындай заттар тағып, олар көз тиюден сақтайды деп сенген. Алла елшісі (с.а.с.) осыған тыйым салған. Сондықтан жануарға да, адамға да осындай мақсатпен бірдеңе тағуға болмайды. Әл-Бажи, «Әл-Мунтақа», 7-т., 255-б.