Хадис

Киім-кешек

Муатта, 35-кітап · 19 хадис · № 1–19

Мазмұны: 8 бап
  1. 1Сәнденіп киіну
  2. 2Боялған киім кию және алтын әшекей тағу
  3. 3Жібек киім кию
  4. 4Әйелдердің киюі мәкруһ саналатын киімдер
  5. 5Ер адамның киімін ұзартып, салбыратып жүруі
  6. 6Әйелдің киімін ұзартуы
  7. 7Аяқ киім кию
  8. 8Киім кию

1-бапСәнденіп киіну

1
Муатта, 35-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһ әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Бәни Әнмар жорығына шықтық. Бір ағаштың түбіне тоқтаған едім. Алла елшісі (с.а.с.) келгенде: “Уа, Расулалла, көлеңкеге келіңіз!” – дедім. Ол да келді. Азық-түлік салған қапшығымыздан жейтін бір нәрсе іздеп, кішкентай қияр таптым. Оны турап, Алла елшісіне (с.а.с.) ұсындым. Ол: “Мұны қайдан алдыңдар?” – деп сұрады. “Мәдинадан әкелдік, уа, Расулалла!” – дедім. Жанымызда малымызды жаюға жібермек болған бір жолдасымыз бар еді. Мен оның керек-жарағын дайындадым. Ол үстіндегі екі ескі киімімен мал бағуға кетті. Алла елшісі (с.а.с.) оған қарап: “Оның бұлардан басқа киімі жоқ па?” – деп сұрады. “Бар, уа, Расулалла! Қоржында ауыстыратын киімдері бар”, – дедім. Ол: “Ендеше, шақыр да, жақсы киімдерін кисін деп айт”, – деді. Мен шақырдым, ол жақсы киімдерін киіп, қайта кетті. Алла елшісі (с.а.с.): “Алла мойнын ұрғыр, оған не болған? Жаңа киімі бола тұра ескісін киеді. Мынасы өзі үшін әлдеқайда қайырлы емес пе?” – деді. Малды жаюға бара жатқан адам мұны естіп: “Уа, Расулалла! Алла жолындағы жорықта да осылай киінгенім жөн бе?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Иә, жорықта да осылай киінгенің жөн!” – деді. Әлгі адам соғыста шейіт болды».

2
Муатта, 35-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке Омар ибн Хаттабтың (р.а.): «Ақ киім киген қариды, яғни Құран оқушыны көргенді жақсы көремін», – дегені жеткен.

3
Муатта, 35-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Ибн Сириннің жеткізуінше, Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Алла сендерге молшылық берсе, өздеріңе де жақсы қараңдар, яғни таза әрі жарасымды киініңдер. Әркім киіміне мән берсін», – деген1.

  1. 1Бұл – Бұхариде Хаммад ибн Зәйд – Әйюб – Мұхаммед ибн Сирин – Әбу Һурайра тізбегімен жеткен хадистің бір бөлігі: Бұхари, «Салат», 8/9. Әр мұсылманға әуретін жауып, денесін ыстық пен суықтан қорғайтын киім кию парыз. Мұсылман барлық істе секілді киінуде де орта жолды ұстануға тиіс. Киімі тым жұпыны да, шектен тыс сән-салтанатты да болмай, екеуінің ортасында болғаны жөн. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): «Қарапайым киіну – иманнан», – деген. Алла Тағаланың берген нығметін таныту үшін әдемі киіну де мұстахап. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла Тағала саған жақсылық жасап, кеңшілік бергеніндей, сен де өзіңе жақсылық жасап, жақсы қара», – және: «Алла Тағала құлының бойынан Өзі берген нығметінің белгісін көргенді жақсы көреді», – деген. Әсіресе жұма, айт секілді маңызды күндері және жиындарда әдемі, таза киім кию керек. Ұлы Алла «Ағраф» сүресінің 31–32-аяттарында: «Уа, Адамның үрім-бұтағы! Қай кезде де намаз оқитын болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер. Ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды», – дейді. Сондай-ақ: «“Алланың құлдары үшін жаратқан киім-кешекті және адал ризықтарды кім харам ете алады?” – де. Әрі оларға: “Олар бұ дүниеде иман келтіргендерге арналған, ал қиямет күні тек мүміндерге ғана тиесілі болады”, – деп айт», – делінген. Осы сүренің 26-аятында: «Уа, Адамның үрім-бұтағы! Сендерге әбиірлеріңді жабатын лыпа һәм кигенде өздеріңді көрікті ететін киім түсірдік. Алайда біле білсеңдер, ең қайырлы киім – тақуалық киімі», – деген. Демек, киімнің мақсаты денені жабумен ғана шектелмейді, ол адамға жарасуға да тиіс. Әбу Һурайраның (р.а.) риуаятында әдемі киінген бір сахабаның Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Мен сұлулықты жақсы көремін. Маған өзіңіз көріп тұрған сұлулық берілген. Тіпті аяқ киімімнің бауының әдемілігінде де ешкімнің менен озғанын қаламаймын. Бұл тәкаппарлық па?» – деп сұрағаны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.): «Жоқ, бұл тәкаппарлық емес. Тәкаппарлық – менмендікпен ақиқатты мойындамау және адамдарды менсінбеу», – деп жауап берген. Әбу Дәуіт, «Либас», «Тәкаппарлық туралы келген хадистер» бабы.

2-бапБоялған киім кию және алтын әшекей тағу

4
Муатта, 35-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) қызыл топырақпен және зағфаранмен боялған киім киетін.

Яхия былай дейді: «Имам Мәликтің: “Ер балалардың алтын тағуын мәкруһ санаймын1. Өйткені маған Алла елшісінің (с.а.с.) алтын жүзік тағуға тыйым салғаны жеткен. Сондықтан ересек ерлер секілді, ұл балалардың да алтын тағуын мәкруһ санаймын”, – дегенін естідім».

Имам Мәлик былай дейді: «Ерлердің үйде де, сыртта да қызыл түсті матадан тігілген көрпе тысын, яғни төсек жаймасын және киімдерді қолдануын харам деп санамаймын. Алайда өзге түстерді ұнамдырақ көремін»2.

  1. 1Бұхари, «Либас», 77/45; Муслим, «Либас», 37/11, № 51.
  2. 2Имам Мәлик қызыл киім мен төсек жаймасын ұнамды көрмеген. Психологтар да түстерді зерттеп, қызыл түске көп қарау адамды ашушаң етеді деген қорытындыға келген. Сондықтан ашушаң мінезді және жүйке дерті бар адамдар қызыл түстен, жатын бөлмені қызылға бояудан, қызыл абажур қолданудан аулақ болғаны жөн.

3-бапЖібек киім кию

5
Муатта, 35-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Уруаның жеткізуінше, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы әзірет Айша (р.а.) өзі киген, жібек пен жүн аралас жолақты киімін Абдуллаһ ибн Зүбәйрге кигізген.

4-бапӘйелдердің киюі мәкруһ саналатын киімдер

6
Муатта, 35-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Алқама ибн Әби Алқаманың анасы былай дейді: «Хафса бинт Абдуррахман шашы көрініп тұратын жұқа жаулық тартып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы әзірет Айшаның (р.а.) жанына кірді. Айша оның жұқа жаулығын жыртып, орнына қалың жаулық жапты».

7
Муатта, 35-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.): «Денесін көрсетіп тұратын жұқа киім киіп, кербездене жүретін әйелдер жаннатқа кірмейді, оның иісін де сезбейді. Ал жаннаттың иісі бес жүз жылдық қашықтықтан сезіледі», – дегені жеткен1.

  1. 1Яхия мен Абдуллаһ ибн Нәфиғтан өзге Мәликтің рауилері бұл риуаятты осылай мауқуф түрде жеткізген. Муслимде Жәрир – Сүһәйл ибн Әби Салих – оның әкесі – Әбу Һурайра тізбегімен берілген: Муслим, «Либас», 37/34, № 125.
8
Муатта, 35-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтың жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) бір түнде тұрып, көкжиекке қарап: «Осы түні қаншама қазына ашылды, қаншама фитна пайда болды! Дүниеде киініп жүрген қаншама әйел ақыретте жалаңаш болады! Әйелдеріңді намазға оятыңдар», – деген1.

  1. 1Мурсал хадис. Бұхариде («Ілім», 3/40) Мағмар – Зүһри – Һинд бинт Харис – Үммі Сәләмә тізбегімен иснады жалғасқан түрде жеткен.

5-бапЕр адамның киімін ұзартып, салбыратып жүруі

9
Муатта, 35-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Кім тәкаппарланып, киімін жерге сүйретсе, Алла Тағала қиямет күні оған қарамайды, яғни рақым етіп, кешірмейді», – деген.

10
Муатта, 35-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Тағала қиямет күні киімінің етегін менмендікпен жерге сүйреткен адамға рақым көзімен қарамайды», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Либас», 77/5.
11
Муатта, 35-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Тағала қиямет күні киімінің етегін паңданып жерге сүйреткен адамға рақым көзімен қарамайды», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Либас», 77/1; Муслим, «Либас», 37/9, № 42.
12
Муатта, 35-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Ала әкесі Абдуррахманның былай дегенін жеткізеді: «Әбу Сағид әл-Худриден киімнің етегі қаншалықты ұзын болуы керектігін сұрадым. Ол: “Саған білгенімді анық айтайын. Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Мүмін ердің киімінің етегі балтырының ортасына дейін түседі. Тобығына дейін түссе де, күнә жоқ. Ал тобықтан төмен түскені – тозақта. Алла Тағала қиямет күні киімінің етегін менмендікпен жерге сүйреткен адамға рақым көзімен қарамайды’, – дегенін естідім”, – деді»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Либас», 31/27; Муслим, «Либас», 32/7. Дініміз бойынша, ерлердің киімінің немесе шалбарының балағын жерге дейін ұзартуы мәкруһ. Ал тәкаппарлықпен істелсе, харам болады. Өйткені етекті шамадан тыс ұзарту ысырапқа жатады, тазалыққа қайшы келеді әрі еркін жүруге кедергі жасайды.

6-бапӘйелдің киімін ұзартуы

13
Муатта, 35-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Сафия бинт Әби Убайд былай дейді: «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмә (р.а.) изар, яғни киімнің етегі жайында сөз болғанда: “Уа, Расулалла! Әйел киімін қаншалықты ұзартуы керек?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Бір қарыс ұзартады”, – деді. Үммі Сәләмә: “Онда жүргенде балтырлары көрініп қалады ғой”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Ендеше, бір зира, яғни шамамен елу сантиметр ұзартады. Одан асырмасын”, – деді»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Либас», 31/37. Алдыңғы хадистерде ерлердің киімі бойынан қысқарақ болуы ұсынылған. Ал бұл хадисте әйел киімінің ұзын болуы айтылған. Өйткені әйелдердің жағдайы ерлерден бөлек. Ер адамның әуреті – кіндік пен тізе арасы, оны жабу парыз. Өзге тұстары ғұрып пен әдетке қарай өзгеруі мүмкін. Ал әйелдің бүкіл денесі әурет саналады, жабылуға тиіс. Алла елшісінің (с.а.с.) заманында тұрмыс пен әдетке байланысты кейбір әйелдер жалаңаяқ жүрген. Жүргенде аяқтары ашылмауы үшін етектерін ұзарту бұйырылған. Ал қазір жағдай өзгеше: тұмсығы жабық аяқ киім мен шұлық аяқты жауып тұратындықтан, етекті жерге сүйрету қажет емес.

7-бапАяқ киім кию

14
Муатта, 35-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Ешқайсысың бір сыңар аяқ киіммен жүрмеңдер. Не екеуін де киіңдер, не екеуін де шешіп, жалаңаяқ жүріңдер», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Либас», 77/40; Муслим, «Либас», 37/19, № 68.
15
Муатта, 35-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Аяқ киім кигенде алдымен оң сыңарын киіңдер, ал шешкенде алдымен сол сыңарын шешіңдер. Оңы бірінші киіліп, солы бірінші шешілсін», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Либас», 77/39.
16
Муатта, 35-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Әбу Сүһәйлдің әкесі Мәлик Кағб әл-Ахбардан мына оқиғаны жеткізеді: «Бір адам аяқ киімін шешкенде, Кағб әл-Ахбар: “Аяқ киіміңді неге шештің? Бәлкім, Алланың Мұсаға: ‘Аяғыңдағы кебісіңді шеш, өйткені сен қасиетті Туа алқабында тұрсың’1, – деген аятын түсіндіріп тұрған боларсың”, – деді». Мұндағы Туа – Тур Синадағы қасиетті аңғар. Кағб содан кейін әлгі адамнан: «Мұсаның аяқ киімі неден жасалғанын білесің бе?» – деп сұрады. Имам Мәлик: «Ол адамның не деп жауап бергенін білмеймін», – дейді. Кағб: «Мұсаның (а.с.) аяқ киімі есек терісінен еді», – деді.

  1. 1«Таһа» сүресі, 20:12.

8-бапКиім кию

17
Муатта, 35-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) киінудің екі түріне және сауданың екі түріне тыйым салды. Сауда түрлері – мүнәбәзә мен мүләмәсә. Ал тыйым салынған киіну түрлері – іш киімсіз бір ғана киім киіп, тізесін тіктеп отырғанда әуретінің ашылып қалуы және денесінің бір жағын жауып, екінші жағын ашық қалдыруы1.

  1. 1Бұхари, «Либас», 77/21. Мүнәбәзә мен мүләмәсә – жаһилия дәуіріндегі сауда түрлері. Алла елшісі (с.а.с.) оларға тыйым салған. Мүләмәсәда сатып алушы бүктеулі тұрған немесе қараңғыдағы тауарға қолын тигізсе, оны міндетті түрде алуға тиіс болатын. Кейін тауарды көргенде қайтарып беруге құқығы қалмайтын. Ал мүнәбәзәда сатушы тауарды сатып алушыға қарай лақтыратын. Сол арқылы, сатып алушы келіспесе де, сауда бекітілген саналатын.
18
Муатта, 35-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Әкем Омар ибн Хаттаб мешіттің есігінде сатылып тұрған жібек шапанды көріп: “Уа, Расулалла! Мына шапанды сатып алып, жұма күндері және алдыңызға елшілер келгенде кисеңіз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Мұны ақыреттен несібесі жоқ адам ғана киеді”, – деді. Кейін Алла елшісіне (с.а.с.) жібек шапандар келгенде, Омар ибн Хаттабқа (р.а.) біреуін берді. Омар: “Уа, Расулалла! Мұны маған бердіңіз бе? Өзіңіз Утаридтің1 киімі туралы не деген едіңіз?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Мен оны саған киюің үшін берген жоқпын”, – деді. Омар (р.а.) шапанды Меккедегі мүшрік бауырына берді»2.

  1. 1Утарид – Тәмим тайпасының елшілігімен Мәдинаға келіп, мұсылман болған адам. Хадистің басында айтылған жібек шапанды мешіттің есігінде сатуға әкелген де – сол.
  2. 2Бұхари, «Жұма», 11/7; Муслим, «Либас», 37/2, № 6; Шәйбани, 870.
19
Муатта, 35-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Омар ибн Хаттабты (р.а.) халифа кезінде Мәдинада көрдім. Киімінің екі иығының арасындағы жыртығына бірінің үстіне бірін қабаттап, үш жамау тіккен екен».