Хадис

Көркем мінез

Муатта, 34-кітап · 18 хадис · № 1–18

Мазмұны: 4 бап
  1. 1Көркем мінезге қатысты хадистер
  2. 2Ұятқа қатысты хадистер
  3. 3Ашу-ызаға қатысты хадистер
  4. 4Ренжісіп, араны суытпауға қатысты хадистер

1-бапКөркем мінезге қатысты хадистер

1
Муатта, 34-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Мұғаз ибн Жәбәлдің (р.а.): «Йеменге әкім болып аттанарымда, аяғымды үзеңгіге қойған сәтте Алла елшісінің (с.а.с.) маған айтқан соңғы өсиеті: “Уа, Мұғаз ибн Жәбәл! Адамдарға көркем мінез көрсет”, – деген сөз болды», – дегенін жеткізген1.

  1. 1Бұл – иснады жалғасқан нұсқасы «Муваттадан» өзге жинақтардан табылмаған төрт хадистің бірі. Алайда мұның Мәликтің беделіне нұқсан келтірмейтінін Суфиян ибн Уяйнаның мына сөзі аңғартады: «Мәлик “Маған жетті” деген сөзбен риуаят еткен хадис сахих болады. Оның “Бәләғани”, яғни “Маған жетті” деуі – иснадтың сахих екенінің белгісі». Кейінгі ғалымдардың оның иснады жалғасқан нұсқасын таппауы Мәликке нұқсан келтірмейді. Бәлкім, ол оларға жетпеген кітаптарда иснады жалғасқан түрде бар шығар.
2
Муатта, 34-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Пайғамбарымыздың жұбайы әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) екі істің бірін таңдауға ерікті болса, күнә болмаған жағдайда ең жеңілін таңдайтын. Ал күнә болса, одан жұрттың бәрінен де алыс жүретін. Алла елшісі (с.а.с.) жеке басы үшін ешкімнен кек алған емес. Алайда Алланың қасиетті еткен нәрселері аяқасты етілсе, Алла үшін соның есесін алатын»1.

  1. 1Бұхари, «Манақиб», 61/23; Муслим, «Фадаил», 43/20, № 77.
3
Муатта, 34-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Әли ибн Хүсейін ибн Әли ибн Әби Талибтің жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Адамның өзіне қатысы жоқ, пайдасыз істерді тәрк етуі – мұсылмандығының көркемдігінен», – деген1.

  1. 1Мәликтің рауилері бұл хадисті мурсал түрде жеткізген. Хадис хасан, тіпті сахих саналады. Зүһри – Әбу Сәләмә – Әбу Һурайра тізбегімен риуаят етілген: Тирмизи, «Зуһд», 34/11; Ибн Мәжа, «Фитан», 36/12; Шәйбани, 949.
4
Муатта, 34-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жанында отырғанымда, бір адам кіруге рұқсат сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Ол – тайпасының ең жаман ұлы”, – деді де, кіруіне рұқсат берді. Көп ұзамай оның әлгі адаммен күліп сөйлесіп отырғанын естідім. Адам шығып кеткен соң: “Уа, Расулалла! Бағана ол туралы айтатыныңызды айттыңыз. Артынша онымен күліп сөйлестіңіз”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.): “Адамдардың ең жаманы – жұрт жамандығынан сақтану үшін өзін аулақ ұстайтын адам”, – деді»1.

  1. 1Суфиян ибн Уяйна – Мұхаммед ибн Мүнкәдир – Уруа – Айша тізбегімен риуаят етілген: Бұхари, «Әдеп», 78/8; Муслим, «Әдеп», 45/22, № 73.
5
Муатта, 34-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Кағб әл-Ахбар: «Адамның Алла құзырындағы қадірін білгілерің келсе, қайтыс болғаннан кейін артынан айтылатын жақсы сөздер мен мақтауға қараңдар», – дейтін.

6
Муатта, 34-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Маған: “Адам көркем мінезінің арқасында түнде намаз оқитын, аптап ыстықта ораза ұстап, шөлге төзетін кісінің дәрежесіне жетеді”, – деген сөз жетті»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, 40/7.
7
Муатта, 34-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Сағид ибн Мүсәйябтың: “Сендерге көп намаз оқып, садақа беруден де артық бір істі айтайын ба?” – дегенін естідім. Жұрт: “Иә, айтыңыз”, – деді. Ол: “Екі адамның арасын түзеп, ренжіскендерді жарастыру. Сондай-ақ қатты өшпенділіктен сақтаныңдар. Өйткені ол ізгі қасиеттерді түп-тамырымен жояды”, – деді»1.

  1. 1Мәликтен жеткізген барлық рауи мұны мауқуф түрде риуаят еткен.
8
Муатта, 34-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке Алла елшісінің (с.а.с.): «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім», – дегені жеткен1.

  1. 1Ибн Абдулбәрдің айтуынша, бұл хадис Әбу Һурайрадан және өзгелерден әртүрлі жолмен иснады жалғасқан, сахих түрде жеткен.

2-бапҰятқа қатысты хадистер

9
Муатта, 34-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Талха ибн Рүкәнә Алла елшісіне (с.а.с.) теліп: «Әр діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі – ұят», – деген сөзді жеткізген1.

  1. 1Ибн Абдулбәр Мәликтің рауилерінің көпшілігі бұл хадисті мурсал түрде жеткізгенін айтқан. Шәйбани, 950.
10
Муатта, 34-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) ұялшақтығы үшін діндес бауырын жазғырып тұрған адамның қасына келіп: «Оны жайына қалдыр. Өйткені ұят – иманнан», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Иман», 2/16; Муслим, «Иман», 1/12, № 59; Шәйбани, 950.

3-бапАшу-ызаға қатысты хадистер

11
Муатта, 34-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Хумәйд ибн Абдуррахман ибн Ауфтың жеткізуінше, бір адам Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Өмірімде ұстанатын бірнеше сөз үйретіңіз, яғни насихат айтыңыз. Ұмытып қалатындай көп болмасын», – деді. Алла елшісі (с.а.с.): «Ашуланба», – деді1.

  1. 1Көпшіліктің пікірінше, мурсал хадис. Бұхари, «Әдеп», 78/76.
12
Муатта, 34-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Нағыз балуан – күресте жұртты жеңген адам емес, ашуланғанда өзін ұстай білген адам», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 78/76; Муслим, «Бирр», 45/30, № 107.

4-бапРенжісіп, араны суытпауға қатысты хадистер

13
Муатта, 34-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Әбу Әйюб әл-Ансаридің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылманға діндес бауырымен үш күннен артық араласпай, ренжісіп жүру халал емес. Кездескенде бірі жүзін бір жаққа, екіншісі басқа жаққа бұрады. Екеуінің қайырлысы – алдымен сәлем беріп, татуласқаны», – деген1.

  1. 1Муслим, «Бирр», 45/8, № 25.
14
Муатта, 34-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәликтің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Бір-біріңе өшпенділік қылмаңдар, қызғаныш танытпаңдар, теріс айналмаңдар. Уа, Алланың құлдары, бауыр болыңдар! Мұсылманға діндес бауырымен үш күннен артық араласпай, ренжісіп жүру халал емес», – деген1.

Имам Мәлик былай дейді: «Хадистегі “тәдәбур” сөзі мұсылман бауырыңнан жүз бұруды білдіреді. Яғни оған теріс айналасың».

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 78/62; Муслим, «Бирр», 45/7, № 23.
15
Муатта, 34-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Су-и заннан, яғни мұсылман туралы орынсыз жаман ойлаудан сақтаныңдар. Өйткені мұндай күдік – сөздің ең жалғаны. Бір-біріңнің жасырын жайларың мен кемшіліктеріңді қазбаламаңдар. Бір-біріңмен бақталаспаңдар, қызғанбаңдар, өшпенділік қылмаңдар, теріс айналмаңдар. Уа, Алланың құлдары, бауыр болыңдар!» – деген1.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 78/58; Муслим, «Бирр», 45/9, № 28.
16
Муатта, 34-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Әбу Муслим Абдуллаһтың ұлы Ата әл-Хорасанидің жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсафаха етіңдер, яғни қол алысыңдар, сонда араларыңдағы кек кетеді. Бір-біріңе сыйлық беріңдер, сонда бір-біріңді жақсы көріп, араларыңдағы дұшпандық жойылады», – деген1.

  1. 1Ибн Абдулбәр бұл хадистің әртүрлі жолмен иснады жалғасқан түрде жеткенін және олардың бәрі хасан екенін айтқан.
17
Муатта, 34-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Жаннаттың есіктері дүйсенбі мен бейсенбі күндері ашылады. Аллаға ешнәрсені серік қоспайтын әрбір мұсылман құл кешіріледі. Алайда діндес бауырымен араз адам кешірілмейді. “Мына екеуін татуласқанша күте тұрыңдар, жарасқанша күте тұрыңдар”, – делінеді», – деген1.

  1. 1Муслим, «Бирр», 45/11, № 34.
18
Муатта, 34-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Адамдардың амалдары әр аптада екі рет – дүйсенбі мен бейсенбіде Аллаға ұсынылады. Әрбір мүмін құл кешіріледі. Бірақ діндес бауырымен араз адам кешірілмейді. “Мына екеуін дұшпандықтарынан қайтқанша қалдырыңдар. Мына екеуін дұшпандықтарынан қайтып, татуласқанша күте тұрыңдар”, – делінеді»1.

  1. 1Муслим, «Бирр», 45/11, № 36.