Хадис

Тағдыр

Муатта, 33-кітап · 10 хадис · № 1–10

1-бапТағдыр туралы сөз таластыруға тыйым салынуы

1
Муатта, 33-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Адам мен Мұса пікір таластырып, Адамның дәлелі басым түсті. Мұса Адамға: “Адамдарды аздырып, жаннаттан шығарған Адам сенсің бе?” – деп сұрады. Адам: “Алла саған барлық нәрсенің ілімін беріп, елшілігімен адамдардың арасынан таңдаған Мұса сенсің бе?” – деді. Мұса: “Иә”, – деп жауап берді. Адам: “Ендеше, мен жаратылмай тұрып тағдырыма жазылған нәрсе үшін мені айыптайсың ба?” – деді», – деген1.

  1. 1Муслим, «Қадар», 46/2, № 14.
2
Муатта, 33-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Жүһәйна тайпасынан Муслим ибн Ясардың жеткізуінше, Омар ибн Хаттабтан (р.а.) Алла Тағаланың: «Раббың Адамның үрім-бұтағының беліндегі ұрпақтарын шығарып алып, оларды өз-өздеріне куә етіп: “Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?” – дегенде, барлығы бірауыздан: “Әлбетте, біз бұған куәлік етеміз!” – деп жауап берді. Біз мұны қиямет күні: “Расында, біз бұдан бейхабар едік”, – деп сылтау айтпауларың үшін істедік»1, – деген аятының мағынасы сұралды. Омар былай деді: «Алла елшісінен (с.а.с.) осы аяттың мағынасы сұралғанда, оның: “Алла Тағала Адамды жаратты. Содан кейін құдірет қолымен оның арқасын сипап, ұрпағын шығарды да: ‘Бұларды жаннат үшін жараттым. Олар жаннат иелерінің амалын істейді’, – деді. Содан кейін Адамның арқасын тағы сипап, басқа бір ұрпағын шығарды да: ‘Бұларды тозақ үшін жараттым. Олар тозақ иелерінің амалын істейді’, – деді”, – дегенін естідім. Сонда бір адам: “Уа, Расулалла! Олай болса, амал етудің пайдасы қандай?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Алла бір құлды жаннат үшін жаратса, оған өмірінің соңына дейін жаннат иелерінің амалын істетеді. Сол арқылы оны жаннатқа кіргізеді. Бір құлды тозақ үшін жаратса, оған өмірінің соңына дейін тозақ иелерінің амалын істетеді. Сол арқылы оны тозаққа кіргізеді”, – деді»2.

  1. 1«Ағраф» сүресі, 7:172.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Сүннет», 39/16; Тирмизи, «Тәфсир», 44/7, № 2.
3
Муатта, 33-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке Алла елшісінің (с.а.с.): «Сендерге екі нәрсе қалдырып барамын. Оларды берік ұстансаңдар, тура жолдан ешқашан адаспайсыңдар. Олар – Алланың Кітабы мен Оның пайғамбарының сүннеті», – дегені жеткен.

4
Муатта, 33-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Тауус әл-Йәмани былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) бірнеше сахабасымен кездестім. Олар: “Барлық нәрсе тағдырмен болады”, – дейтін. Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.): ‘Барлық нәрсе тағдырмен болады. Тіпті дәрменсіздік пен зеректік те’, – деген”, – дегенін де естідім»1.

  1. 1Муслим, «Қадар», 46/40, № 18.
5
Муатта, 33-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Амр ибн Динар былай дейді: «Абдуллаһ ибн Зүбәйрдің (р.а.) құтпасында: “Тура жолға салатын да, адастыратын да – Алла”, – дегенін естідім».

6
Муатта, 33-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтің әкесінің бауыры Әбу Сүһәйл ибн Мәлик былай дейді: «Омар ибн Абдулазизбен бірге келе жатқан едім. Ол: “Мына қадария тобы туралы пікірің қандай?” – деп сұрады. Мен: “Меніңше, оларды тәубеге шақыруың керек. Тәубе етсе, қандай жақсы. Ал тәубе етпесе, қылыштан өткізесің”, – дедім. Омар ибн Абдулазиз: “Менің пікірім де осындай”, – деді».

Имам Мәлик былай дейді: «Менің пікірім де осындай».

2-бапҚадарияға қатысты хадистер

7
Муатта, 33-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Әйел бір еркекке өзі тұрмысқа шығу үшін басқа әйелдің талақ етілуін талап етпесін. Өйткені өзіне тағдырда не жазылса, сол болады», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Қадар», 82/4.
8
Муатта, 33-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Кағб әл-Құрази былай дейді: «Мұғауия ибн Әби Суфиян мінберде тұрып: “Уа, адамдар! Алланың бергеніне ешкім бөгет бола алмайды. Оның бермегенін ешкім бере алмайды. Алланың құзырында дәулеттіге оның дәулеті де пайда бермейді. Алла кімге қайыр қаласа, оған дінді терең түсіну қабілетін береді”, – деп құтпа айтты. Содан кейін: “Бұл сөздерді осы мінбердің үстінде Алла елшісінен (с.а.с.) естідім”, – деді».

9
Муатта, 33-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке мына сөз жеткен: «Әр нәрсені лайықты түрде жаратқан, ешбір нәрсе Өзі белгілеген мерзімнен озып кете алмайтын Аллаға мадақ болсын! Маған Алла жеткілікті. Ол дұға еткенді естиді. Алладан басқа жалбарынып жүгінер ешкім жоқ».

10
Муатта, 33-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке: «Ешкім өзіне тиесілі ризығын толық алмайынша өлмейді. Ендеше, ризықтарыңды халал жолмен іздеңдер», – деген сөз жеткен1.

  1. 1Жәбирден мағынасы осыған ұқсас, Пайғамбарға телінген риуаят жеткен: Ибн Мәжа, «Тижарат», 12/2.