Хадис

Әртүрлі мәселелер

Муатта, 32-кітап · 26 хадис · № 1–26

Мазмұны: 7 бап
  1. 1Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдина мен мәдиналықтарға жасаған дұғасы[^967]
  2. 2Мәдинада тұру және одан көшу
  3. 3Мәдинаның харам, яғни қасиетті аймақ етілуі
  4. 4Мәдинадағы оба індетіне қатысты хадистер
  5. 5Яһудилердің Мәдинадан шығарылып, жер аударылуы
  6. 6Мәдинаға қатысты өзге хадистер
  7. 7Обаға қатысты хадистер

Ибн әл-Араби былай дейді: «Хадистерді жүйелеуде белгілі тақырыптардан тыс әртүрлі мәселелерді қамтитын бап пен кітапқа мұндай атауды алғаш берген – Имам Мәлик. Мұның екі пайдасы бар: а) Автор бір үкімге немесе тақырыпқа байланып қалу шектеуінен арылып, еркін жаза алады. ә) Әдетте қолданылып жүрген белгілі тақырыптарға сыймайтын әртүрлі мәселелер болуы мүмкін. Бұл атаумен оларды да еркін баяндауға болады».

1-бапАлла елшісінің (с.а.с.) Мәдина мен мәдиналықтарға жасаған дұғасы[^967]

1
Муатта, 32-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәликтің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) Мәдина халқы үшін: «Уа, Алла! Олардың өлшемдеріне береке бер. Сағтары мен мүддтерін берекелі ет», – деп дұға етті1.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 34/53; Муслим, «Хаж», 15/85, № 465. Сағ – 1040 дирхам, яғни 2176 грамм дән сиятын өлшем. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Мәдина халқының сағтары мен мүддтерін берекелі ет», – дегені осы өлшемдермен өлшенетін азық-түлікке береке беруді білдіреді. Бұл жерде ауыспалы мағына қолданылған. Осыдан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ойды жеткізудегі шешендігі көрінеді.
2
Муатта, 32-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Адамдар алғашқы піскен жемісті Алла елшісіне (с.а.с.) әкелетін. Ол жемісті қолына алып: “Уа, Алла! Жемістерімізді біз үшін берекелі ет. Мәдинамызға құт-береке дарыт. Сағымыз бен мүддімізге береке бер. Уа, Алла! Ибраһим – Сенің құлың, халилің, яғни досың әрі пайғамбарың. Мен де Сенің құлың әрі пайғамбарыңмын. Ол Мекке үшін Саған дұға етті. Мен де Мәдина үшін дұға етемін. Оның Мекке үшін Сенен тілегеніндей береке тілеймін әрі соған тағы бір есесін қосып беруіңді сұраймын”, – деп дұға ететін. Содан кейін өзі көрген ең кішкентай баланы шақырып, жемісті соған беретін»1.

  1. 1Муслим, «Хаж», 15/85, № 483. Сахабалар алғашқы піскен жемісті Пайғамбарымызға (с.а.с.) оның дұғасын алу үшін әкелетін. Әзірет Ибраһимнің (а.с.) Мекке үшін жасаған дұғасы Құран Кәрімнің «Ибраһим» сүресінің 35–37-аяттарында баяндалады. Бұл дұға Исмайыл мен оның анасы Хажардың қасиетті Үйдің маңына қоныстандырылуына қатысты. Аяттардың мағынасы: «Кезінде Ибраһим былай дұға еткен еді: “Уа, Раббым! Мына елді мекенді бейбіт мекен еткейсің! Мені де, бала-шағамды да пұттарға табынудан аулақ қылғайсың!” ... “Уа, Раббым! Мен ұрпағымның бір қатарын намазды оқысын деп қасиетті Үйіңнің маңына егін өспейтін бір алқапқа орнықтырдым. Енді сол ұрпағыма адамдардың бір бөлігінің көңілін түсіргейсің һәм Өзіңе шүкіршілік етуі үшін оларға кейбір жемістерді ризық етіп бергейсің!”». Хадистің соңғы бөлігінен Алла елшісінің (с.а.с.) балаларға деген мейірімі мен жанашырлығы, оларды қуантуға ерекше мән бергені көрінеді.

2-бапМәдинада тұру және одан көшу

3
Муатта, 32-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Зүбәйр ибн Аууамның азат еткен құлы Юханнес былай дейді: «Фитна, яғни аласапыран кезінде Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жанында отырған едім. Оның азат еткен бір күңі келіп, сәлем берді де: “Уа, Әбу Абдуррахман! Мәдинадан кеткім келеді. Аштықтан қиналып жүрміз”, – деді. Ол: “Отыр, ей, ақылсыз! Мен Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Мәдинаның машақаты мен қиындығына сабыр еткен адамға қиямет күні міндетті түрде шапағатшы немесе куә боламын’, – дегенін естідім”, – деді»1.

  1. 1Муслим, «Хаж», 15/85, № 482. Бұл хадис Мәдинада тұрудың және ондағы машақат пен қиындыққа төзудің сауапты әрі артықшылыққа ие іс екенін көрсетеді. Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдина халқына куә немесе шапағатшы болуы былай түсіндірілген: ол олардың бір бөлігіне куә, екінші бөлігіне шапағатшы болады. Яғни күнәһарларға шапағат етеді, бойсұнғандарға куә болады. Немесе өзі өмір сүрген заманда қайтыс болғандарға куә, кейін қайтыс болғандарға шапағатшы болады деген мағынада.
4
Муатта, 32-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһ былай дейді: «Бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) мұсылман болуға бәйғат берді. Кейін Мәдинада безгекке шалдығып, Алла елшісіне (с.а.с.) келді де: “Уа, Расулалла! Мені бәйғатымнан босатыңыз, яғни Мәдинадан кетуіме рұқсат беріңіз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оның өтінішін қабыл алмады. Әлгі бәдәуи тағы келіп: “Мені бәйғатымнан босатыңыз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) тағы да қабыл алмады. Ол үшінші рет келіп: “Мені бәйғатымнан босатыңыз”, – деп сұрады. Бұл жолы да өтініші қабылданбаған соң, шығып кетті. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Мәдина – теміршінің көрігі секілді. Көрік темірдің кірі мен тотын кетіргендей, Мәдина да жамандарын аластайды, жақсылары сонда қалады”, – деді»1.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 93/47; Муслим, «Хаж», 15/88, № 489; Шәйбани, 89.
5
Муатта, 32-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Раббым маған өзге қалалардың бәріне үстемдік жүргізетін бір қалаға һижрет етуді бұйырды. Жұрт оны Ясриб деп атайды, ал оның аты – Мәдина. Көрік темірдің тотын кетіргендей, Мәдина да жаман адамдарды өзінен аластайды”, – дегенін естідім»1.

  1. 1Бұхари, «Фадаилул-Мәдина», 29/2; Муслим, «Хаж», 15/88, № 488.
6
Муатта, 32-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Уруаның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мәдинаны жақтырмай, оның сауабын қаламай кеткен әрбір адамның орнына Алла одан да қайырлы адамды әкеледі», – деген.

7
Муатта, 32-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Суфиян ибн Әби Зуһәйр былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Йемен алынады. Сонда мәдиналықтардың бір тобы отбасылары мен өздеріне ергендерді ертіп, Йеменге көшеді. Алайда Мәдина өздері үшін әлдеқайда қайырлы. Осыны білсе ғой! Шам да алынады. Сонда мәдиналықтардың бір тобы отбасылары мен өздеріне ергендерді ертіп, Шамға көшеді. Алайда Мәдина өздері үшін әлдеқайда қайырлы. Осыны білсе ғой! Ирак та алынады. Сонда мәдиналықтардың бір тобы отбасылары мен өздеріне ергендерді ертіп, Иракқа көшеді. Алайда Мәдина өздері үшін әлдеқайда қайырлы. Осыны білсе ғой!” – дегенін естідім»1.

  1. 1Бұхари, «Фадаилул-Мәдина», 29/5; Муслим, «Хаж», 15/90, № 497. Бұл хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) бірнеше мұғжизасы көрінеді: а) Йеменнің, Шамның және Ирактың алынатыны хабарланған. Шынында да, олар осы ретпен алынған. Йемен Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде, қалғандары одан кейін алынған. ә) Сахабалардың бір бөлігінің Мәдинадан көшіп кететіні хабарланған, бұл да орындалған. б) Олардың Мәдинада қалғаны өздері үшін қайырлы болатыны айтылған. Мәдинадан көшкеннен кейін талай фитна мен аласапыран болған.
8
Муатта, 32-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мәдина ең көркем күйінде тасталады. Тіпті ит пен қасқыр мешітке кіріп, кейбір бағандарына немесе мінберіне зәр сындыратын болады», – деді. Жұрт: «Уа, Расулалла! Ол кезде жемістер кімге қалады?» – деп сұрады. Ол: «Ризығын іздеген құстар мен жыртқыш аңдарға қалады», – деді1.

  1. 1Бұхари, «Фадаилул-Мәдина», 29/5; Муслим, «Хаж», 15/91, № 499. Қазы Иядтың түсіндіруінше, Мәдина мұндай жағдайға Исламның алғашқы ғасырында ұшыраған. Бұрын Исламның орталығы, сахабалар мен табиғиндердің мекені, мұсылмандардың ең көркейген, мәдениетті қаласы болған Мәдина кейін сол көркем күйінде қалдырылып, халифат орталығы Шамға және Иракқа, әуелі Куфаға, кейін Бағдатқа көшірілген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадистерінде айтқан жағдайлар мұғжиза ретінде жүзеге асқан. Ал Имам Нәуәуидің пікірінше, Мәдина мұндай күйге қиямет жақындаған кезде түседі.
9
Муатта, 32-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта былай делінеді: «Омар ибн Абдулазиз Мәдинадан кетерде қалаға бұрылып, жылады. Кейін жанындағы жолдасына дауыстап: “Уа, Мұзахим! Мәдина өзінде ұстамай, аластап шығарған адамдардың қатарынан болып қаламыз ба деп қорқасың ба?” – деді».

3-бапМәдинаның харам, яғни қасиетті аймақ етілуі

10
Муатта, 32-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәликтің жеткізуінше, Ұхұд тауы көрінгенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл – біз жақсы көретін, бізді де жақсы көретін тау. Уа, Алла! Ибраһим Меккені харам, яғни қасиетті аймақ еткені секілді, мен де екі қара тасты алқаптың арасындағы Мәдинаны харам етемін», – деді.

11
Муатта, 32-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.): «Мәдинада жайылып жүрген киіктерді көрсем де, үркітпеймін. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): “Екі қара тасты алқаптың арасындағы Мәдина – харам, яғни қасиетті аймақ. Онда ешкімге де, ешнәрсеге де қол сұғылмайды”, – деген», – дейтін1.

  1. 1Бұхари, «Фадаилул-Мәдина», 29. Харам – қол сұғудан қорғалған, кейбір істерге тыйым салынған аймақ. Өзге жерлерде рұқсат етілетін ағаш кесу, шөп жұлу, аң аулау секілді істер мұнда тыйым салынған. Бұл – Мәдина маңындағы Айыр мен Ұхұд тауларының арасындағы аумақ. Үш мәзһабта үкім осындай. Ал ханафилердің пікірінше, Мәдинада Меккедегідей харам аймақ жоқ. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаның көркі мен қасиетін сақтау үшін оны харам деп атаған. Қаланы көркейту мен қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан шөптің, ағаштың және маңындағы жануарлардың қала көркі үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймыз.
12
Муатта, 32-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Әбу Әйюб әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Бір топ баланың Мәдинаның бір бұрышына түлкіні қамап, ауламақ болғанын көрдім. Балаларды қуып жіберіп, түлкіні құтқардым». Имам Мәликтің айтуынша, Әбу Әйюб әл-Ансари балаларға: «Алла елшісінің (с.а.с.) харам аймағында осылай істеуге бола ма?» – деген.

13
Муатта, 32-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта бір адамның: «Мәдинаның Әсуәф деген жерінде құс аулап жүргенімде, Зәйд ибн Сәбит қасыма келіп, құсты қолымнан алып, еркіне жіберді», – дегені айтылады.

4-бапМәдинадағы оба індетіне қатысты хадистер

14
Муатта, 32-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келген кезде, Әбу Бәкір мен Біләл (р.а.) безгекке шалдықты. Екеуінің көңілін сұрап барып: “Әкетайым, өзіңізді қалай сезініп жатырсыз? Уа, Біләл, жағдайыңыз қалай?” – дедім. Әбу Бәкір (р.а.) безгегі ұстағанда: “Әркім өз үйінде таңын атырар, ал ажал оған кебісінің бауынан да жақын”, – деген бәйітті айтатын. Хабашстандық Біләлдің (р.а.) безгек ұстамасы басылғанда, ол даусын көтеріп: “Білсем ғой: Мекке аңғарында хош иісті жұмсақ шөптердің арасында бір түнеу маған нәсіп болар ма екен? Бір күні Мәжәннәнің суына жете алар ма екенмін? Меккенің Шәмә мен Тәфил тауларын көре алар ма екенмін?” – дейтін. Алла елшісіне (с.а.с.) барып, мұны хабарлағанымда, ол: “Уа, Раббым! Бізге Мәдинаны Меккені сүйгеніміздей, тіпті одан да артық сүйдір. Оны ауру-сырқаудан сақта. Өлшемдеріне, яғни өлшеммен сатылатын азықтарына біз үшін береке бер. Мәдинаның безгегін Жұхфаға көшір”, – деп дұға етті»1.

  1. 1Бұхари, «Манақибул-ансар», 63/46; Муслим, «Хаж», 15/86, № 480. Жұхфа – Меккеден 82 миль жердегі ауыл.
15
Муатта, 32-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Амир ибн Фүһәйра: “Өлімнің дәмін татпай тұрып, ауырлығын сезіндім. Қорқақтың ажалы төбесінен түседі, яғни күтпеген жағынан келеді”, – дейтін»1.

  1. 1Бұл хадистің иснадында үзіліс бар. Өйткені Яхия әзірет Айшамен кездеспеген.
16
Муатта, 32-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мәдинаның қақпаларында періштелер бар. Оған оба індеті де, Дәжжал да кіре алмайды», – деген1.

  1. 1Бұхари, «Фадаилул-Мәдина», 29/9; Муслим, «Хаж», 15/87, № 485. Бұл хадистің мағынасын айқындай түсу үшін Бұхариде келген екі риуаятты келтіргенді пайдалы көрдік. а) Әнес ибн Мәликтің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мекке мен Мәдинадан басқа, Дәжжалдың әскері басып кірмейтін елді мекен қалмайды. Мәдинаның барлық кіреберісін сап түзеген періштелер күзетеді. Содан кейін Мәдина халқымен бірге үш рет сілкінеді. Алла Тағала ондағы кәпірлер мен мұнафықтарды қаладан шығарады, олар Дәжжалдың әскеріне қосылады», – деген (Бұхари, «Фадаилул-Мәдина», «Дәжжал Мәдинаға кірмейді» бабы). ә) Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Дәжжал туралы ұзақ баяндаған хадисінде былай дегенін жеткізеді: «Дәжжал Мәдинаға келеді, бірақ оған кіру нәсіп болмайды. Ол Мәдина маңындағы қуаң жерлердің біріне тоқтайды. Сол күні ізгі адамдардың бірі оған қарсы шығып: “Сенің Алла елшісі (с.а.с.) бізге хадисінде хабарлаған Дәжжал екеніңе куәлік етемін”, – дейді. Дәжжал айналасындағы жақтастарына: “Мына адамды өлтіріп, қайта тірілтсем, мен туралы күмәнданасыңдар ма?” – деп сұрайды. Олар: “Жоқ”, – дейді. Ол әлгі адамды өлтіріп, қайта тірілтеді. Тірілген адам: “Уаллаһи, сенің Дәжжал екеніңе енді бұрынғыдан да нық сендім”, – дейді. Дәжжал: “Енді мұны өлтіріңдер”, – дейді. Алайда оған ештеңе істей алмайды, өлтіре алмайды» (Бұхари, аталған бап).

5-бапЯһудилердің Мәдинадан шығарылып, жер аударылуы

17
Муатта, 32-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Исмаил ибн Әби Хаким былай дейді: «Омар ибн Абдулазиздің: “Алла елшісінің (с.а.с.) қайтыс болар алдындағы соңғы сөздерінің бірі: ‘Алла яһудилер мен христиандарды лағынет етсін! Олар пайғамбарларының қабірлерін мешітке айналдырды. Араб жерінде екі дін қатар қалмайды’, – деген сөз болды”, – дегенін естідім»1.

  1. 1Мурсал хадис. «Сахихайнда» әзірет Айшадан иснады жалғасқан түрде жеткен: Бұхари, «Жәнаиз», 23/62; Муслим, «Мәсажид», 5/3, № 19.
18
Муатта, 32-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтың жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Араб түбегінде екі дін қатар болмайды», – деген. Ибн Шиһаб былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) бұл хадисті зерттеді. Алла елшісінің (с.а.с.): “Араб түбегінде екі дін қатар болмайды”, – деген сөзінің анығына жеткен соң, Хайбардағы яһудилерді шығарып, жер аударды»1.

  1. 1Мурсал хадис. «Сахихайнда» Ибн Аббастан иснады жалғасқан түрде жеткен: Бұхари, «Жизя», 58/6; Муслим, «Уасият», 25/5, № 20; Шәйбани, 874.
19
Муатта, 32-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) Нәжран мен Фәдектегі яһудилерді жер аударды. Хайбар яһудилері құрма бақтары мен жерлерін тастап, Хайбардан кетті. Ал Фәдек яһудилерінің жерлері мен құрма бақтарының жартысы өздеріне тиесілі болатын. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) олармен жерлері мен құрма бақтарының жартысы өздерінде қалатын болып келісім жасаған еді. Омар (р.а.) сол жерлер мен бақтардың құнын алтын, күміс, түйе, арқан және ер-тоқыммен өтеп, оларды Фәдектен жер аударды»1.

  1. 1Хайбар – Мәдинаның солтүстік-шығысында орналасқан, құрма бақтары мен қамалдары арқылы танылған көрікті мекен. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында ол яһудилердің орталығы әрі бүлік пен іріткі ошағы болған. Алла елшісі (с.а.с.) олармен келісім жасасуды қалағанымен, олар мүшріктермен бірлесіп, мұсылмандарға қарсы әрекет еткен. Сол себепті ол һижреттің жетінші жылы мұхаррам айында Хайбарды қоршауға алды. Қиян-кескі шайқастан кейін Хайбар қамалы алынды. Яһудилер Алла елшісіне (с.а.с.) өз жерлерінде өнімнің жартысын алу шартымен жұмыс істеуге өтініш білдірді. Ол келісім берді. Содан кейін жыл сайын өнім жиналар кезде Абдуллаһ ибн Рауаханы Хайбарға жіберетін. Ол өнімді екіге бөліп, жартысын яһудилерге қалдырып, жартысын Мәдинаға жөнелтетін. Фәдек Мәдинадан екі күндік жерде орналасқан, ағын сулары мен көрікті құрма бақтары бар яһуди қалашығы еді. Хайбар қоршауы кезінде Алла елшісі (с.а.с.) оларға да елші жіберіп, Исламға шақырды. Олар басшыларын жіберіп, жерлерін Алла елшісіне тапсыруды және өнімнің жартысына жұмыс істеуді ұсынды. Бұл тілектері қабылданды. Ал Нәжран – Йемен жақтағы мекен. Онда христиандар мен яһудилер тұрған. Сол жерден келген алпыс адамдық елшілік пен Алла елшісінің арасындағы пікірталас «Әли Имран» сүресінің алғашқы аяттарында баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.) бұл дүниеден өткеннен кейін де яһудилер тыныш отырмады. Бірінші халифа Әбу Бәкір (р.а.) діннен қайту мен көтерілістерді басып, мемлекеттің бірлігін нығайтумен айналысқандықтан, екінші кезектегі өзге істерге кіріспеді. Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірінің соңғы күндерінде айтқан, Араб түбегінде Исламнан өзге діндердің қатар қалмайтыны жөніндегі өсиетін ескеріп, ондағы яһудилер мен христиандарға жерлері мен бақтарының құнын өтеп, оларды Араб түбегінен тыс жерге көшірді. Толығырақ: «Сахихи Бұхари, Мухтасары тәжриді сарих тәржүмәсі», X, 282, 383; VII, 166–167.

6-бапМәдинаға қатысты өзге хадистер

20
Муатта, 32-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан (р.а.) мына риуаятты жеткізеді: «Ұхұд тауы көрінгенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл – бізді жақсы көретін, біз де жақсы көретін тау”, – деді»1.

  1. 1Мәликтен жеткізген барлық рауи бұл хадисті мурсал түрде риуаят еткен.
21
Муатта, 32-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Қасым Омар ибн Хаттабтың (р.а.) азат еткен құлы Әсләмнің өзіне былай дегенін жеткізеді: «Мекке жолында Махзум тайпасынан шыққан Абдуллаһ ибн Айяшқа бардым. Жанынан нәбиз, яғни құрмадан немесе жүзімнен тұндырылған шәрбат көріп: “Омар ибн Хаттаб (р.а.) бұл шәрбатты қатты жақсы көреді”, – дедім. Абдуллаһ ибн Айяш нәбиз құйылған үлкен тостағанды әкеліп, Омар ибн Хаттабтың алдына қойды. Омар (р.а.) оны аузына жақындатты да, басын көтеріп: “Бұл – жақсы шәрбат”, – деді. Содан кейін аздап ішіп, қалғанын оң жағындағы адамға берді. Сол арада Абдуллаһ бұрылып, кете бергенде, Омар ибн Хаттаб (р.а.) оны дауыстап шақырып: “Мекке Мәдинадан қайырлы деп жүрген сен бе?” – деп сұрады. Абдуллаһ: “Мекке – Алланың харамы әрі қауіпсіз еткен мекені. Бәйтуллаһ та сонда”, – деді. Омар: “Мен Бәйтуллаһ пен харам аймақ туралы ештеңе айтып тұрған жоқпын”, – деді де: “Мекке Мәдинадан қайырлы деп жүрген сен бе?” – деп тағы сұрады. Абдуллаһ қайтадан: “Мекке – Алланың харамы әрі қауіпсіз еткен мекені. Бәйтуллаһ та сонда”, – деді. Омар: “Мен Алланың харамы мен Үйі туралы ештеңе демеймін”, – деді. Содан кейін Абдуллаһ бұрылып кетті».

7-бапОбаға қатысты хадистер

22
Муатта, 32-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) Шамға қарай жолға шықты. Сәрғқа1 жеткенде, оны әскер қолбасшылары Әбу Убайда ибн Жәррах пен серіктері қарсы алып, Шамда оба індеті тарағанын хабарлады. Омар маған: “Алғашқы мұһажирлерді шақыр”, – деді. Мен оларды шақырдым. Омар оба шыққанын айтып, олармен кеңесті. Пікірлері екіге бөлінді. Бірі: “Сен белгілі бір міндетпен жолға шықтың. Кері қайтқаныңды дұрыс көрмейміз”, – деді. Енді бірі: “Сенімен бірге жұрт та, Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары да бар. Оларды обаға ұрындырғаныңды жөн көрмейміз”, – деді. Сонда Омар: “Енді бара беріңдер”, – деді де, маған: “Ансарларды шақыр”, – деп бұйырды. Мен оларды да шақырдым. Омар олармен де кеңесті. Олар да мұһажирлердің сөздерін айтып, өзара келісе алмады. Омар оларға да: “Енді бара беріңдер”, – деді. Содан кейін: “Осында тұрған, Мекке алынған кезде һижрет еткен Құрайыш ақсақалдарын шақыр”, – деді. Оларды шақырдым. Олар бір ауыздан: “Жұртты ертіп, кері қайтқаныңды, оларды оба қаупіне ұрындырмағаныңды жөн көреміз”, – деді. Омар жұртқа: “Мен таңертең көлігіме мініп, Мәдинаға қайтамын. Сендер де соған дайындалыңдар”, – деп үн қатты. Сонда Әбу Убайда (р.а.): “Алланың тағдырынан қашып барасың ба?” – деп сұрады. Омар: “Уа, Әбу Убайда, мұны сенен басқа біреу айтқанда ғой! Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашып барамыз2. Айтшы, сенің түйелерің бір беткейі отты, екінші беткейі қуаң бір аңғарға түссе, оларды отты беткейге жайсаң да, Алланың тағдырымен жаймайсың ба? Қуаң беткейге жайсаң да, Алланың тағдырымен жаймайсың ба?” – деді. Осы кезде бір шаруасымен олардың арасынан кетіп қалған Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) келіп: “Бұл жөнінде менде мәлімет бар. Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Бір жерде оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Ал оба өздерің тұрған жерде шықса, одан қашып, сол жерден кетпеңдер’, – дегенін естідім”, – деді. Сонда Омар (р.а.) Аллаға мадақ айтып, Мәдинаға қайтты»3.

  1. 1Сәрғ – Табук аңғарындағы қалашық. Мәдинадан он үш қоныстық жерде орналасқан.
  2. 2Бірде Алла елшісі (с.а.с.) құлағалы тұрған қабырғаның жанынан жылдам өтіп кеткенде, одан: «Уа, Расулаллаһ! Алланың қазасынан қашып барасыз ба?» – деп сұралды. Ол: «Алланың қазасынан Алланың тағдырына сиынамын», – деді. Омардың (р.а.) жоғарыдағы жауабы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы сөзінен алынған.
  3. 3Бұхари, «Тибб», 76/30; Муслим, «Сәләм», 39/32, № 98.
23
Муатта, 32-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Амирдің әкесі Сағд ибн Әби Уаққас (р.а.) былай дейді: «Үсама ибн Зәйдтен (р.а.): “Оба туралы Алла елшісінен (с.а.с.) не естідің?” – деп сұрадым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.): ‘Оба – Исрайыл ұрпақтарының бір тобына немесе сендерден бұрын өмір сүрген бір үмбетке жіберілген азап. Бір жерде осы аурудың шыққанын естісеңдер, ол жерге кірмеңдер. Ал өздерің тұрған жерде шықса, одан қашып, сол жерден кетпеңдер’, – деген”, – деп жауап берді»1.

Имам Мәлик былай дейді: «Әбу ән-Надр бұл сөзді: “Ол жерден кетулеріңе тек обадан қашу ниеті ғана себеп болмасын”, – деп жеткізген».

  1. 1Бұхари, «Әнбия», 60/34; Муслим, «Сәләм», 39/32, № 92.
24
Муатта, 32-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Амир ибн Рабиғаның жеткізуінше, Омар ибн Хаттаб (р.а.) Шамға қарай жолға шықты. Сәрғқа жеткенде, оған Шамда оба індеті тарағаны хабарланды. Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) оған Алла елшісінің (с.а.с.): «Бір жерде оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Ал өздерің тұрған жерде шықса, одан қашып, сол жерден кетпеңдер», – дегенін жеткізді. Осыдан кейін Омар (р.а.) Сәрғтан кері қайтты1.

  1. 1Бұхари, «Тибб», 76/30; Муслим, «Сәләм», 39/32, № 100. Сирияны, Мысырды және Иракты жайлаған осы алапат оба һижреттің он жетінші жылы басталып, бірнеше айға созылған. Омар (р.а.) індет туралы хабар жеткенде, жағдайды өз көзімен көру үшін Мәдинадан аттанған. Сәрғқа келгенде, жоғарыда айтылған себептермен Мәдинаға кері қайтқан. Біраз уақыттан кейін ол Сирия әмірі Әбу Убайданы бір шаруамен қасына шақырған. Алайда Әбу Убайда: «Алланың тағдыры өзгермейді. Өлімім жазылған болса, қайда жүрсем де өлемін. Ислам әскерін тастап, жалғыз өзім қауіпсіз жерге кетпеймін. Осыны білгеніңіз жөн», – деп жауап берген. Хатты оқығанда Омардың көзіне жас келген. Бұл індеттен Әбу Убайда мен бірқатар көрнекті сахабалар да бар, жиырма бес мың адам қайтыс болған (толығырақ: Шибли, «Асру сағадат», IV, 291 және кейінгі беттер). Хадисте оба, тырысқақ секілді жұқпалы ауру тараған жерге кірмеу бұйырылған. Ондай жерге бару – өзін біле тұра қауіпке тігу. Ұлы Раббымыз «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер», – дейді. Ал індет шыққан жерде тұрған адамның басқа жаққа кетпеуі жөніндегі бөлікке ғалымдар әртүрлі түсінік берген. Мұның бір себебі ауруды өзге жердегі адамдарға жұқтыру қаупі болса керек. Қазіргі медицина қолданатын карантин тәсілі де осыған негізделген.
25
Муатта, 32-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһ былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) жеткізген хадиске байланысты әскерімен бірге Сәрғтан кері қайтты».

26
Муатта, 32-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке Омар ибн Хаттабтың (р.а.): «Рүкбәдегі1 бір үй мен үшін Шамдағы он үйден қайырлы», – дегені жеткен.

Имам Мәлик былай дейді: «Омар (р.а.) бұл сөзімен Шамда ауыр обаға шалдыққаннан гөрі, аңғарда сау-саламат өмір сүрудің қайырлы екенін меңзеген».

  1. 1Әл-Бажи Рүкбәнің Мекке мен Ирак арасында, Амир ұрпақтарының жерінде орналасқанын айтқан. Ал Ибн Абдулбәр оны Таифтегі аңғар деп түсіндірген.