Хадис

Муатта, № 3

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
35. Киім-кешек
бап
1. Сәнденіп киіну
Нөмірі
№ 3 (кітап ішіндегі рет реті)
3
Муатта, 35-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Ибн Сириннің жеткізуінше, Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Алла сендерге молшылық берсе, өздеріңе де жақсы қараңдар, яғни таза әрі жарасымды киініңдер. Әркім киіміне мән берсін», – деген1.

  1. 1Бұл – Бұхариде Хаммад ибн Зәйд – Әйюб – Мұхаммед ибн Сирин – Әбу Һурайра тізбегімен жеткен хадистің бір бөлігі: Бұхари, «Салат», 8/9. Әр мұсылманға әуретін жауып, денесін ыстық пен суықтан қорғайтын киім кию парыз. Мұсылман барлық істе секілді киінуде де орта жолды ұстануға тиіс. Киімі тым жұпыны да, шектен тыс сән-салтанатты да болмай, екеуінің ортасында болғаны жөн. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): «Қарапайым киіну – иманнан», – деген. Алла Тағаланың берген нығметін таныту үшін әдемі киіну де мұстахап. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла Тағала саған жақсылық жасап, кеңшілік бергеніндей, сен де өзіңе жақсылық жасап, жақсы қара», – және: «Алла Тағала құлының бойынан Өзі берген нығметінің белгісін көргенді жақсы көреді», – деген. Әсіресе жұма, айт секілді маңызды күндері және жиындарда әдемі, таза киім кию керек. Ұлы Алла «Ағраф» сүресінің 31–32-аяттарында: «Уа, Адамның үрім-бұтағы! Қай кезде де намаз оқитын болсаңдар, таза һәм әдемі киімдеріңді киіңдер. Ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды», – дейді. Сондай-ақ: «“Алланың құлдары үшін жаратқан киім-кешекті және адал ризықтарды кім харам ете алады?” – де. Әрі оларға: “Олар бұ дүниеде иман келтіргендерге арналған, ал қиямет күні тек мүміндерге ғана тиесілі болады”, – деп айт», – делінген. Осы сүренің 26-аятында: «Уа, Адамның үрім-бұтағы! Сендерге әбиірлеріңді жабатын лыпа һәм кигенде өздеріңді көрікті ететін киім түсірдік. Алайда біле білсеңдер, ең қайырлы киім – тақуалық киімі», – деген. Демек, киімнің мақсаты денені жабумен ғана шектелмейді, ол адамға жарасуға да тиіс. Әбу Һурайраның (р.а.) риуаятында әдемі киінген бір сахабаның Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Мен сұлулықты жақсы көремін. Маған өзіңіз көріп тұрған сұлулық берілген. Тіпті аяқ киімімнің бауының әдемілігінде де ешкімнің менен озғанын қаламаймын. Бұл тәкаппарлық па?» – деп сұрағаны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.): «Жоқ, бұл тәкаппарлық емес. Тәкаппарлық – менмендікпен ақиқатты мойындамау және адамдарды менсінбеу», – деп жауап берген. Әбу Дәуіт, «Либас», «Тәкаппарлық туралы келген хадистер» бабы.