Хумәйд ибн Мәлик ибн Хусәйм былай дейді: «Әбу Һурайрамен бірге Ақиқ деген жердегі егістігінде отырған едік. Мәдинадан бір топ адам көліктерімен келіп, оның қасына түсті. Әбу Һурайра маған: “Анама барып: ‘Ұлың сәлем айтып жатыр, бізге жейтін бір нәрсе берсін дейді’, – деп айт”, – деді. Анасына ұлының сәлемі мен өтінішін жеткіздім. Ол табаққа үш үзім нан, аздап зәйтүн майы мен тұз салды да, басыма қойды. Табақты әлгі жұртқа алып келіп, алдарына қойдым. Әбу Һурайра: “Аллаһу әкбар”, – деп тәкбір айтты да: “Су мен құрмадан басқа асымыз жоқ кезде, кейін бізді нанға тойдырған Аллаға мадақ болсын!” – деді. Жұрт тамақтан дәм татпастан кетіп қалды. Олар кеткен соң Әбу Һурайра маған: “Бауырымның баласы! Қойларыңа жақсылап қара, мұрындарының сорасын сүрт, қорасын таза ұста, намазыңды солардың маңында оқы. Өйткені қой – жаннат жануарларының бірі. Жаным құдірет қолында болған Аллаға ант етемін, жуықта азғантай қой иесіне Мәдина әкімі Мәруан ибн Хакәмнің сарайынан да сүйікті болатын заман келеді”, – деді»1.
- 1Әбу Һурайраға келген бұл адамдар одан бір нәрсе үйренуді көздеген. Ол осыған орай ас ұсынған, бірақ олар тамақтанбаған. Себебі ораза ұстаған еді. Нәпіл ораза ұстаушыға қонақасы кезінде оразасын ашуға рұқсат болғанымен, олар ашпауды жөн көрген.