Қазақша аудармасы
Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Бір адам жолда келе жатып, қатты шөлдейді. Бір құдық тауып, ішіне түсіп, су ішеді де, қайта шығады. Қараса, шөлден тілі салақтап, ентігіп тұрған, ылғал топырақты жалап жатқан бір ит бар екен. Адам іштей: “Мені қинаған шөл мына итті де қинапты ғой”, – деп, құдыққа қайта түседі. Аяқ киімінің бірін шешіп, су толтырады. Оны тістеп алып, құдықтан шығады да, итті суарады. Алла оның бұл ісін қабыл етіп, күнәларын кешіреді», – деген. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Жануарларға жасаған жақсылығымыз үшін де сауап аламыз ба?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Әрбір тірі жануарға жасалған жақсылықта сауап бар», – деп жауап берген1.
- 1Бұхари, «Шурб», 42/9; Муслим, «Сәләм», 39/41, № 153. Нәуәуидің айтуынша, жақсылық жасап, жәрдем берілетін жануарлар – әдетте өлтіру бұйырылмаған жануарлар. Оларға жасалған жақсылық үшін адам сауап алады. Бұл жақсылық хадистегі суарумен ғана шектелмейді. Тамақтандыру да соған жатады. Хадис су берудің Алланың разылығына жеткізетін игі істердің алдыңғы қатарында екенін көрсетеді. Кейбір ізгі адамдар күнәсі көп кісілерге күнәларының кешірілуі үшін өзгелерді сумен қамтамасыз етуді кеңес еткен. Итті суарған адамның күнәларын Алланың кешіргенін баяндайтын осы хадис олардың кеңесінің орынды екенін дәлелдейді.