Хадис

Шаш пен сақал

Муатта, 38-кітап · 17 хадис · № 1–17

Мазмұны: 5 бап
  1. 1Шаш пен сақалға қатысты сүннет
  2. 2Шашты ретке келтіру
  3. 3Шашты бояу
  4. 4Жамандықтан қорғану үшін оқылатын дұғалар
  5. 5Алла үшін бір-бірін жақсы көру

1-бапШаш пен сақалға қатысты сүннет

1
Муатта, 38-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) мұртты қысқартып, сақалды өсіруді бұйырған1.

  1. 1Муслим, «Таһарат», 2/16, № 53. Мұртты қысқартудың мәні – еріннің үстіне түскен бөлігін алу. Ал сақал жайында Абдуллаһ ибн Омар мен Әбу Һурайраның (р.а.) бір тұтамнан асқанын қысқартқаны жеткен. Әл-Бажи, «Әл-Мунтақа», 7-т., 266-б.
2
Муатта, 38-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Хумәйд ибн Абдуррахман ибн Ауф былай дейді: «Мұғауия ибн Әби Суфиянның (р.а.) қажылыққа келген жылы мінберде тұрып, күзетшілерінің бірінің қолынан бір шоқ шашты алып: “Уа, мәдиналықтар! Ғалымдарың қайда? Мен Алла елшісінің (с.а.с.) мұндай шаш жалғауға тыйым салғанын және: ‘Исрайыл ұрпақтары әйелдері мұны әдетке айналдырғанда ғана құрдымға ұшырады’, – дегенін естідім”, – дегенін естідім»1.

  1. 1Бұхари, «Әнбия», 60/54; Муслим, «Либас», 37/33, № 122.
3
Муатта, 38-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтың жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) әуелі шашын маңдайына түсіріп тараған, кейін ортасынан екіге бөліп тарайтын болған1. Имам Мәлик былай дейді: «Адамның келіні мен қайын енесінің шашына қарауында еш әбестік жоқ».

  1. 1Ибн Абдулбәрдің айтуынша, Мәликтің рауилері мұны осылай мурсал түрде жеткізген. «Сахихайнда» Ибн Аббастан иснады жалғасқан түрде жеткен: Бұхари, «Либас», 77/70; Муслим, «Фадаил», 43/24.
4
Муатта, 38-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) аталық бездерді алып тастап, піштіруді ұнатпайтын әрі: «Жаратылыстың толықтығы оларды сақтаумен болады», – дейтін.

5
Муатта, 38-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Сафуан ибн Сүләймге Алла елшісінің (с.а.с.): «Өзінің не өзгенің жетіміне қамқор болып, ісін жүргізген адам әділетсіздіктен сақтанса, жаннатта менімен осылай қатар болады», – деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткені жеткен1.

  1. 1Мәликтің бұл туралы Муслимде берілген тағы бір иснады бар: Муслим, «Зуһд», 53/2, № 42. Сондай-ақ Бұхари, «Әдеп», 78/24-ті қараңыз.

2-бапШашты ретке келтіру

6
Муатта, 38-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтің жеткізуінше, Әбу Қатада әл-Ансари (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.): «Шашым иығыма дейін түседі. Оны тарап жүрейін бе?» – деп сұраған. Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, оған жақсылап күтім де жаса», – деген. Алла елшісі (с.а.с.) осылай күтім жасауды айтқандықтан, Әбу Қатада кейде шашына күніне екі рет май жағатын.

7
Муатта, 38-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясар былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мешітте отырғанда, шашы мен сақалы ұйпа-тұйпа бір адам кірді. Алла елшісі (с.а.с.) оған қолымен сыртқа шығуды ишарат етті. Шамасы, шашы мен сақалын ретке келтіруін меңзеді. Әлгі адам шашы мен сақалын түзеп келгенде, Алла елшісі (с.а.с.) оны көрсетіп: “Шайтан секілді1 шаш-бастарың ұйпа-тұйпа болып келгеннен гөрі, осылай келгендерің жақсы емес пе?” – деді»2.

  1. 1Яғни келбеті ұсқынсыз деген мағынада. Ұсқынсыз нәрсені шайтанға теңеу – арабтардың әдеті. Мұнда да солардың ғұрпына сай айтылып, үсті-басы ретсіз, жұртқа ұнамсыз кейіпте көрінудің жөн еместігі білдірілген.
  2. 2Әбу Омардың айтуынша, Мәликтен мурсал түрде жеткеніне қатысты қайшылық жоқ. Жәбирден және өзгелерден мағынасы ұқсас, иснады жалғасқан риуаяттар бар.

3-бапШашты бояу

8
Муатта, 38-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман былай дейді: «Шашы мен сақалы ағарған Абдуррахман ибн Әсуәд бір топ адаммен бірге отырған еді. Ертеңіне сол жұртқа шашын қызылға бояп келді. Олар: “Мынасы әлдеқайда әдемі екен”, – дегенде, ол: “Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы, анамыз Айша (р.а.) кеше кешке күңі Нухәйланы жіберіп, шашымды бояуымды қатты өтінді. Әбу Бәкірдің (р.а.) де шашын бояғанын айтты”, – деді».

Яхияның жеткізуінше, Имам Мәлик былай дейді: «Шашты қараға бояу жайында нақты бір сөз естіген жоқпын. Бірақ өзге түске бояған, меніңше, жақсырақ. Мүлде боямаса да болады. Бұл істе адамдарға қиындық жоқ. Алла елшісі (с.а.с.) шашы мен сақалын боямаған. Егер бояған болса, Айша (р.а.) мұны Абдуррахман ибн Әсуәдке айтар еді»1.

  1. 1Шәйбани, 937.

4-бапЖамандықтан қорғану үшін оқылатын дұғалар

9
Муатта, 38-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтің жеткізуінше, Халид ибн Уәлид (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.): «Ұйқымда шошимын», – деген. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Мына дұғаны оқы: “Алланың ашуынан, азабынан, құлдарының жамандығынан, шайтандардың азғыруынан және олардың маған келіп, зиян тигізуінен Алланың кемшіліктен пәк, толық әрі үстем сөздеріне сиынамын”»,, – деген.

10
Муатта, 38-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтің жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) түнгі сапарға апарылғанда, отты алау ұстап, өзін қуып келе жатқан бір жынды көрген. Қай жаққа бұрылса да, әлгі жын соңынан қалмаған. Жәбірейіл оған: «Оқысаң, оның отын өшіріп, өзін етпетінен түсіретін бірнеше сөз үйретейін бе?» – деп сұраған. Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, үйрет», – дегенде, Жәбірейіл: «Мына дұғаны оқы: “Көктен түсетіннің және оған көтерілетіннің жамандығынан, Алланың жер бетінде жаратқандарының және одан шығатын нәрселердің жамандығынан, түн мен күндіздің бүліктерінен, қайыр әкелетінінен өзге түн мен күндіз келетін пәлекеттерден Алланың ардақты жүзіне және ешбір ізгі де, бұзық та шегінен шыға алмайтын кемшіліктен пәк, толық сөздеріне сиынамын. Уа, Рахман!”» – деген.

11
Муатта, 38-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Әсләм тайпасынан бір адам: “Осы түні ұйықтамадым”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Неліктен?” – деп сұрады. Ол: “Мені шаян шақты”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Кешке: ‘Жаратқан нәрселерінің жамандығынан Алланың кемшіліктен пәк, толық әрі үстем сөздеріне сиынамын’, – дегеніңде, ол саған зиян тигізбес еді”, – деді»1.

  1. 1Муслим, «Зікір», 48/16, № 55.
12
Муатта, 38-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Қағқағ ибн Хаким былай дейді: «Кағб әл-Ахбар: “Айтып жүретін бірнеше сөзім болмағанда, яһудилер мені есекке айналдырар еді”, – деді1. Одан: “Ол қандай сөздер?” – деп сұралғанда: “Жаратып, көбейткен нәрселерінің жамандығынан Өзінен ұлы ештеңе жоқ Алланың ұлы жүзіне, ешбір ізгі де, бұзық та шегінен шыға алмайтын кемшіліктен пәк, толық әрі үстем сөздеріне және өзім білетін де, білмейтін де барлық көркем есімдеріне сиынамын”, – деп жауап берді»2.

  1. 1Мұнда «мені ақымақ қылып, тура жолымнан тайдырып, ештеңе білмейтін, түсінбейтін есек секілді етер еді» дегенді меңзеген. Өйткені есек түсінігі таяздық пен білімсіздікті білдіретін мысалға айналған.
  2. 2Мұны екі түрлі түсінуге болады: не ол өзгелер білсе де, өзі білмейтін көркем есімдер бар деп сенген; не көркем есімдердің арасында ешкім білмейтін есімдер болуы мүмкін екенін меңзеген. Әл-Бажи, «Әл-Мунтақа», 7-т., 272-б.

5-бапАлла үшін бір-бірін жақсы көру

13
Муатта, 38-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Тағала қиямет күні: “Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендер қайда? Менің көлеңкемнен1 басқа ешбір көлеңке болмайтын осы күні оларды Өз көлеңкемде саялатамын”, – дейді», – деген2.

  1. 1Алланың көлеңкесі деп Оның рақымы, жақсылығы мен қорғаны меңзелген. Немесе көптеген хадисте айтылғандай, бұл – ұлы Аршының көлеңкесі.
  2. 2Муслим, «Бирр», 45/12, № 37. Яғни олардың дүниедегі ізгі істерінің қарымын беремін деген мағынада.
14
Муатта, 38-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Өз көлеңкесінен басқа ешбір көлеңке болмайтын қиямет күні Алла жеті адамды Өз көлеңкесінде саялатады, яғни рақымына бөлейді: 1) әділ мемлекет басшысын; 2) Аллаға құлшылық етіп өскен жасты; 3) мешіттен шыққаннан қайта оралғанға дейін жүрегі мешітке байланған адамды; 4) Алла үшін бір-бірін жақсы көріп, сол сүйіспеншілікпен бас қосқан және сол сүйіспеншілікпен айырылған екі адамды; 5) оңаша жерде Алла Тағаланы зікір етіп, көзінен жас төккен адамды; 6) сұлу әрі текті әйел өзіне шақырғанда: “Мен Алладан қорқамын”, – деген адамды; 7) оң қолының бергенін сол қолы білмейтіндей етіп садақасын жасырын берген адамды», – деген1.

  1. 1Бұхари, № 660; Муслим, № 1031.
15
Муатта, 38-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Алла бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейілге: “Мен пәленше адамды жақсы көрдім, яғни оған разы болдым. Сен де оны жақсы көр”, – дейді. Жәбірейіл де оны жақсы көреді. Содан кейін көктегілерге: “Алла пәленше адамды жақсы көрді. Сендер де оны жақсы көріңдер”, – деп үн қатады. Көктегілер де оны жақсы көреді. Сөйтіп, жер бетіндегі жұрт та оны жақсы көретін болады», – деген1.

Имам Мәлик былай дейді: «Алла бір құлды жек көргенде де осы тәрізді айтады деп ойлаймын»2.

  1. 1Бұхари, «Таухид», 97/33; Муслим, «Бирр», 45/48, № 157. Яғни оны танитын мұсылмандар арасында деген мағынада.
  2. 2Яғни Алла бір адамды жек көргенде, Жәбірейілге: «Мен пәленше адамды жақсы көрмеймін. Сен де оны жақсы көрме», – дейді. Жәбірейіл де оны жақсы көрмейді. Содан кейін көктегілерге: «Алла пәленше адамды жақсы көрмейді. Сендер де оны жақсы көрмеңдер», – деп үн қатады. Сөйтіп, жер бетіндегі жұрт та одан безінеді. Әл-Бажи, «Әл-Мунтақа», 7-т., 274-б.
16
Муатта, 38-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Әбу Идрис әл-Хаулани былай дейді: «Димашқ мешітіне, яғни Шамдағы Үмәйя мешітіне кірдім. Тістері жарқыраған, жүзі көркем бір жас жігіт отыр екен. Айналасына жұрт жиналыпты. Бір мәселеде пікірлері қайшы келсе, соған жүгініп, сөзін қабылдайды екен. Кім екенін сұрағанымда: “Бұл – Мұғаз ибн Жәбәл”, – деді. Ертеңіне мешітке ерте бардым. Ол менен бұрын келіп, намаз оқып тұр екен. Намазын бітіргенше күттім де, қасына барып сәлем беріп: “Уаллаһи, мен сені Алланың разылығы үшін жақсы көремін”, – дедім. Ол: “Уаллаһи ма?” – деп сұрады. “Уаллаһи!” – дедім. Ол тағы: “Уаллаһи ма?” – деп сұрады. “Уаллаһи!” – дедім. Үшінші рет: “Уаллаһи ма?” – деді. Мен тағы да: “Уаллаһи!” – дедім1. Сонда ол шапанымнан ұстап, өзіне жақын тартты да: “Сүйінші! Мен Алла елшісінен (с.а.с.) Алла Тағаланың: ‘Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендерге, Менің разылығым үшін бірге отырғандарға, Менің разылығым үшін бір-бірін зиярат еткендерге және Менің разылығым үшін бір-бірінен мал-дүниесін аямағандарға Менің сүйіспеншілігім уәжіп болады’, – деген сөзін естідім”, – деді»2.

  1. 1Бұл сол кездегі араб тілінде анттың кейде хабарды, айтылған сөзді нықтап растау үшін қолданылғанын да көрсетеді.
  2. 2Яғни дұшпанмен жиһадта да, өзіне бұйырылған өзге істерде де Алланың разылығын көздегендерге Алла Тағала мол сауап пен сый беретінін уәде етеді. Әл-Бажи, «Әл-Мунтақа», 7-т., 275-б.
17
Муатта, 38-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке Абдуллаһ ибн Аббастың (р.а.) мына сөзі жеткен1: «Істе ұстамды әрі үнемді болу, байыптылық таныту, дін мен сыртқы келбет тұрғысынан көркем жол ұстану – пайғамбарлықтың жиырма бестен бірі»2.

  1. 1Мауқуф риуаят, алайда марфуғ үкімінде. Өйткені мұндай сөз өз ойынан айтылмайды. Табарәни «Әл-Муғжамул-кәбирде» Абдуллаһ ибн Сәржистен жеткізген. Бұл – сахих хадис. Хаким: «Бұхари мен Муслимнің шарттарына сай», – дейді. Ибн Абдулбәр: «Бұл – сахих иснад», – деген.
  2. 2Яғни бұлар – пайғамбарлардың мінез-құлқына тән, оларға бұйырылған сипаттар. Біз бұл бөлініске сенеміз, бірақ оның мәнін толық білмейміз. Өйткені бұл – пайғамбарлық білімдерден. Оны ой жүгірту, тұжырым шығару арқылы түсіну мүмкін емес.