Хадис

Зекет

Муатта, 18-кітап · 56 хадис · № 1–56

Мазмұны: 30 бап
  1. 1Зекетке жататын мал-мүлік
  2. 2Алтын мен күмістің зекеті
  3. 3Кендердің зекеті
  4. 4Көмбе қазыналардың зекеті
  5. 5Зергерлік бұйымдар, алтын құйма және әнбәрдің зекеті
  6. 6Жетімдердің малынан зекет беру және оны айналымға салу
  7. 7Мұраның зекеті
  8. 8Қарызға берілген малдың зекеті
  9. 9Сауда тауарларының зекеті
  10. 10Байлықты зекетін бермей қор қылып жинаудың жамандығы
  11. 11Ірі және ұсақ малдың зекеті
  12. 12Сиырдың зекеті
  13. 13Ортақ және аралас малдың зекеті
  14. 14Лақтар мен қозылардың зекет есебіне қосылуы
  15. 15Жиналып қалған екі жылдық зекетті өтеу
  16. 16Зекет жинағанда зекет төлеушіні қиындыққа салуға тыйым салынуы
  17. 17Зекетті жинау және жұмсау
  18. 18Зекетті жинауда күш қолдану
  19. 19Жүзім мен құрманың зекетін шамалап есептеу
  20. 20Дәнді дақылдар мен зәйтүннің зекеті
  21. 21Зекет түспейтін егін өнімдері
  22. 22Зекет түспейтін мал-мүлік: жемістер, жоңышқа және көкөністер
  23. 23Құлдардың, жылқылардың және балдың зекеті
  24. 24Кітап иелері мен мәжусилердің салығы – жизия
  25. 25Зыммилердің кеден салығы – ұшыр
  26. 26Садақаны сатып алу немесе кері қайтарып алу
  27. 27Пітір садақасын беру міндеті жүктелетін адамдар
  28. 28Пітір садақасының мөлшері
  29. 29Пітір садақасын беретін уақыт
  30. 30Пітір садақасы жүктелмейтін адамдар

1-бапЗекетке жататын мал-мүлік

1
Муатта, 18-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худриден риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Бестен аз түйеге зекет түспейді; екі жүз дирхамға, яғни 595 грамға жетпейтін күміске зекет түспейді; үш жүз сағтан (бір сағ – 2176 грамм) аз астыққа ұшыр түспейді».1

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/32; Мүслім, «Зекет», 12/1.
2
Муатта, 18-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри жеткізеді: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Үш жүз сағтан аз құрмаға ұшыр жоқ; екі жүз дирхамға жетпейтін күміске зекет түспейді; бестен аз түйеге зекет түспейді».1

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/42; Шәйбани, 325. Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша ұшыр берілетін өнімге нисап (зекет парыз болуы үшін белгіленген ең төменгі мөлшер) шарты қойылмайды. Өнім аз болсын, көп болсын, зекеті беріледі.
3
Муатта, 18-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Омар ибн Абдулазиз Дамаск әкіміне зекетке қатысты мынадай жарлық жіберген: “Зекет егін өнімінен, ақшадан және малдан, яғни түйе, сиыр, қой-ешкіден алынады”».

Бұл мәселеге қатысты имам Мәлик былай дейді: «Зекет үш түрлі нәрседен алынады: егін өнімінен, ақшадан және малдан, яғни түйе, сиыр, қой-ешкіден».

2-бапАлтын мен күмістің зекеті

4
Муатта, 18-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Зүбәйрдің азат еткен құлы Мұхаммед ибн Уқбадан риуаят етіледі: «Қасым ибн Мұхаммедтен қомақты мал-мүлік төлеп азат болуға келісім жасаған құлымнан алған малымның зекетін беруім керек пе деп сұрадым. Қасым былай жауап берді: “Әзірет Әбу Бәкір мал-мүлікке бір жыл толмайынша, одан зекет алмайтын”».

Қасым ибн Мұхаммед былай баяндайды: «Әбу Бәкір айлығын алуға келген әрбір адамнан: “Зекет парыз болған мал-мүлкің бар ма?” – деп сұрайтын. “Иә” деген жауап алса, айлығынан зекетін ұстап қалатын; ал “жоқ” деген жауап алса, ештеңе ұстамай, айлығын толық төлейтін».1

  1. 1Шәйбани, 327.
5
Муатта, 18-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Қудаманың қызы Айша әкесінен жеткізеді: «Осман ибн Аффанға айлығымды алуға барғанымда, ол: “Зекет парыз болған мал-мүлкің бар ма?” – деп сұрайтын. “Иә” десем, зекет мөлшерін айлығымнан ұстап қалатын; “жоқ” десем, ештеңе ұстамайтын».1

  1. 1Мәлик бұл риуаятты мәуқуф түрде жеткізеді. Дарақутнидің айтуынша, дұрысы – «Муаттадағыдай» мәуқуф түрі. Шәйбани, 328.
6
Муатта, 18-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Бір жыл толмайынша, мал-мүлікке зекет түспейді».1

  1. 1Шәйбани, 326.
7
Муатта, 18-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Айлықтан алғаш рет зекет алған – Мұғауия ибн Әби Суфян».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина тұрғындары, бірауыздан қабылдап, ұстанып келген қағида бойынша жиырма динарға, яғни 85 грамм алтынға және екі жүз дирхамға, яғни 595 грамм күміске зекет парыз болады».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Саны жиырмаға толғанымен, жалпы салмағы жиырма динарға жетпейтін алтын теңгелерге зекет түспейді. Ал саны жиырмаға толмаса да, салмағы жиырма динарға жететін алтынға зекет түседі. Жиырма динардан аз алтынға зекет түспейді. Салмағы екі жүз дирхамға жетпейтін күміске зекет түспейді; осы мөлшерге жеткен не одан асқан күміске зекет түседі. Динар болсын, дирхам болсын, әрқайсысының салмағы өзіне белгіленген нисапқа жетсе немесе одан асса, зекет парыз болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Жүз алпыс дирхамы бар адамның елінде сегіз дирхам бір динарға тең саналса да, оған зекет түспейді. Өйткені зекет парыз болуы үшін қолындағы ақшасы жиырма динар алтынға немесе екі жүз дирхам күміске жетуге тиіс».

Имам Мәлик былай дейді: «Бес динары бар адам оны айналымға салып, бір жыл толмай жатып ақшасы зекет нисабына жетсе, оған зекет парыз болады. Нисапқа алғашқы ақшасын иеленгеніне бір жыл толуға бір күн қалғанда жетсе, сол жыл толған бойда зекетін береді; ал бір жыл толғаннан бір күн кейін жетсе, жеткен күні береді. Екінші жылдың зекетін де бірінші жылғы зекетін берген күннен бастап толық бір жыл өткен соң береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Он динары бар адам онымен сауда жасап, бір жылдан кейін ақшасы жиырма динарға жетсе, зекетін беруі керек. Нисапқа жеткен күннен бастап тағы бір жыл күтуі қажет емес. Өйткені бастапқыда нисапқа жетпеген ақшасы бір жыл өткен соң нисапқа толды; сол ақшаны иеленгеніне бір жыл өткен болып есептеледі. Екінші жылдың зекетін бірінші жылғы зекетін бергеннен кейін бір жыл өткен соң береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина тұрғындары, бірауыздан ұстанған қағида бойынша құлдардың табысынан, оларды жалға беруден түскен ақыдан, үйлердің жалдау ақысынан және мүкәтәбпен1 жасалған келісім бойынша алынған төлемнен, аз болсын, көп болсын, иесінің қолына тигеннен кейін бір жыл өтпейінше, зекет берілмейді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Алтыны не күмісі ортақ адамдардың бірінің үлесі жиырма динар алтынға немесе екі жүз дирхам күміске жетсе, оған зекет парыз болады. Үлесі нисапқа жетпеген адам зекет бермейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Ортақ иелердің әрқайсысының үлесі нисапқа жетіп, бірақ мөлшерлері әртүрлі болса, әрқайсысының үлесі анықталып, соған қарай зекет алынады. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: “Екі жүз дирхам күміске жетпейтін мал-мүлікке зекет түспейді”».

Имам Мәлик жоғарыда аталған мәселелер жөнінде естіген ең дұрыс үкімнің осы екенін айтқан.

Әртүрлі адамдарда алашағы бар кісі туралы имам Мәлик былай дейді: «Әртүрлі адамдарда алтын немесе күміс түрінде алашағы бар адам олардың мөлшерін қосып, бәрінің зекетін беруі керек».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Алтын не күміс иеленген адам оны тапқан күннен бастап бір жыл өтпейінше, зекетін беруге міндетті емес».

  1. 1Мүкәтәб – қожайынымен белгілі бір төлемді белгіленген мерзім ішінде өтеу шартымен азат болу келісімін жасаған құл.

3-бапКендердің зекеті

8
Муатта, 18-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Әби Абдуррахман кейбір кісілерден былай естігенін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Нахлә мен Мәдина арасындағы Фәрғ маңында, Мәдинадан бес күндік жерде орналасқан Қабалия кендерін пайдалану құқығын Биләл ибн Харис әл-Мүзәниге берген еді. Содан бері бұл кендерден зекеттен басқа ештеңе алынбайды».1

Имам Мәлик кендердің зекетіне қатысты былай дейді: «Алла жақсырақ біледі. Менің пікірімше, өндірілген кеннің мөлшері жиырма динар алтынға немесе екі жүз дирхам күміске жетпейінше, оған зекет түспейді. Осы мөлшерге жеткенде зекет алынады. Кен өндіру жалғасып, өндірілгені артқан сайын, зекеті де есептеліп алына береді. Егер бір кезде кен шықпай қалып, кейін қайта шыға бастаса, зекеті жаңадан өндіріле бастағандай есептеледі».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Кен де егін өнімі сияқты: зекет қолға түскен өнімнің өзінен алынады. Егін өніміндегідей, өндірілген кенге де бір жыл толуын күтудің қажеті жоқ».2

  1. 1Ханафи мәзһабында кеннен бестен бір мөлшерінде хумс алынады.
  2. 2Шәйбани, 339.

4-бапКөмбе қазыналардың зекеті

9
Муатта, 18-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Көмбенің зекеті – бестен бір».

Имам Мәлик бұл мәселеде былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, бірауыздан ұстанған қағида бойынша және ғалымдардан естігеніме қарағанда, көмбе – бұрынғы қауымдар көміп қалдырған, кейін біз кездейсоқ тауып алған дүние. Оны табу үшін ауыр машақатқа түсудің, көп еңбек пен құрал-жабдық жұмсаудың қажеті болмайды. Ал егер оны іздеу қаражат жұмсауды талап етіп, адамға ауыртпалық түсірсе әрі сонша еңбекке қарамастан кейде табылып, кейде табылмай, еңбек зая кетсе, ол көмбе санатына жатпайды».

5-бапЗергерлік бұйымдар, алтын құйма және әнбәрдің зекеті

10
Муатта, 18-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Қасым әкесінен жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы әзірет Айша бауырының жетім қыздарын өз үйінде бағып-қақты. Қыздардың сән үшін тағатын зергерлік бұйымдары бар еді. Әзірет Айша олардың зекетін бермейтін».1

  1. 1Шәйбани, 329. Ханафи мәзһабы бойынша алтын-күміс әшекейлердің зекеті беріледі. Ал жетімдерге зекет міндеттелмейді.
11
Муатта, 18-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Нәфиғ жеткізеді: «Абдуллаһ ибн Омар қыздары мен күңдеріне алтын әшекейлер таққызатын, бірақ олардың зекетін бермейтін».

Сәндік бұйымдардың зекетіне қатысты имам Мәлик былай дейді: «Қолында алтын құймасы немесе алтыннан не күмістен жасалған зергерлік бұйымдары бар адам оларды пайдаланбайтын болса, жыл сайын қырықтан бір мөлшерінде зекетін береді. Олардың мөлшері зекет нисабынан – жиырма динар алтыннан немесе екі жүз дирхам күмістен – төмендегенге дейін зекетін беруді жалғастырады. Осы мөлшерден азайғанда зекет міндеті түседі. Тағу үшін емес, сақтап қою үшін алынған сәндік бұйымдардың да зекетін беру қажет. Ал иесі пайдаланатын, бірақ жөндеу қажет болғандықтан уақытша сақтап қойған құймалары мен сәндік бұйымдарына, қолданыстағы сәндік бұйымдар секілді, зекет түспейді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Інжу, миск және әнбәр сияқты сәндік заттардың бәрі зекеттен босатылады».1

  1. 1Шәйбани, 330.

6-бапЖетімдердің малынан зекет беру және оны айналымға салу

12
Муатта, 18-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттабтан риуаят етіледі: «Жетімдердің малымен сауда жасаңдар, зекет оны жеп тауыспасын».

13
Муатта, 18-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Қасым әкесінен жеткізеді: «Әзірет Айша мені және бауырымды жетім кезімізде өз үйіне алып, қамқорлығына алды. Мал-дүниеміздің зекетін де беріп отыратын».

14
Муатта, 18-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естігенім бойынша, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы әзірет Айша өз үйінде қамқорлығына алған жетімдердің малын солардың атынан айналымға салып, көбейтетін адамдарға беріп отыратын».

15
Муатта, 18-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай деп әңгімелейді: «Қамқорлығыма алған бауырымның жетімдері үшін біраз мал сатып алдым. Кейін ол мал сатылып, осы саудадан мол пайда түсті».

Бұл мәселеде имам Мәлик былай дейді: «Уәкілетті қамқоршының жетімдердің малымен солардың атынан сауда жасауында еш ағаттық жоқ. Зиянға ұшыраса, ниеті адал болғандықтан, оны өтеуге міндетті емес».

7-бапМұраның зекеті

16
Муатта, 18-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Менің пікірімше, зекетін бермей қайтыс болған адамның артында қалған мал-мүлкінің үштен бірінен зекеті беріледі; одан артығы зекетке бөлінбейді. Меніңше, марқұмның зекеті қарыз үкімінде болғандықтан, өзге өсиеттерінен бұрын өтеледі».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Жоғарыда айтылған үкім қайтыс болған адамның зекетін өтеуді өсиет еткен жағдайына қатысты. Ал марқұм зекетін өтеуді өсиет етпесе, мұрагерлері оның зекетін берсе, жақсы іс жасаған болады; бермесе, жауапты саналмайды».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина халқы, талассыз ұстанып келе жатқан қағида бойынша адамға ақша, үй жиһазы, үй, құл немесе күң мұра болып қалса, ақшаның өзін не өзге мүлікті сатудан түскен құнын қолына алғаннан кейін бір жыл өткен соң зекетін береді. Екінші жылдың зекетін бірінші жылғы зекетін бергеннен кейін толық бір жыл өткен соң береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің арамызда қалыптасқан ұстаным бойынша өзіне байлық мұра болып қалған адам сол мүлікке бір жыл толмайынша, зекетін бермейді».

8-бапҚарызға берілген малдың зекеті

17
Муатта, 18-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Саиб ибн Язидтен риуаят етіледі: Осман ибн Аффан былай дейтін: «Міне, бұл – зекеттеріңді беретін ай. Кімнің берешегі болса, қарызын иесіне өтесін. Қарыздарыңды өтеп, мал-мүліктеріңнің есебін анықтаған соң, қалғанының зекетін беріңдер».1

  1. 1Шәйбани, 323. Ханафи мәзһабы бойынша қарызы бар адам алдымен қарызын өтейді. Қалған малы нисапқа жетсе, зекет беруге міндетті болады.
18
Муатта, 18-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Әйуб ибн Әби Тәмима әс-Сахтияниден риуаят етіледі: «Омар ибн Абдулазиз әкімдерінің бірінің халықтың мал-мүлкін әділетсіз тартып алғанын білгенде, оған алғанын иелеріне қайтаруды әрі сол мал-мүліктің өткен жылдардағы зекетін алуды жазып бұйырды. Кейін екінші жарлық жіберіп, олардан тек соңғы жылдың зекетін ғана алуды талап етті. Өйткені өткен жылдары олар мал-мүлкіне толық иелік ете алмаған еді».

19
Муатта, 18-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Язид ибн Хусайфа былай дейді: «Сүлеймен ибн Ясардан: “Қолында малы бар, бірақ сол малымен мөлшерлес қарызы да бар адамға зекет парыз бола ма?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ!” – деп жауап берді».1

Алашақтың зекеті жөнінде имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, бірауыздан қабылдаған қағида бойынша алашағы бар адам мал-мүлкі қолына тигеннен кейін оның зекетін береді. Борышкер қарызын бірнеше жыл бойы қайтармай, кейін өтесе, алашағы бар адам оны алған бойда тек бір жылдық зекетін береді. Алғаны нисапқа жетпейтіндей аз болса, зекет түспейді. Ал алашағынан бөлек өз малы да болып, борышкерден алғанымен қосқанда нисапқа жетсе, зекетін береді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Борышкерден алғанынан басқа малы болмаса әрі алғаны нисапқа жетпесе, зекет бермейді. Алайда борышкерден біртіндеп алғанының мөлшерін есептеп отырады; жиынтығы нисапқа жеткенде зекетін береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Алашағы бар адам борышкерден алғанын жұмсасын не жұмсамасын, алғанының жиынтығы жиырма динарға, яғни 85 грамм алтынға немесе екі жүз дирхамға, яғни 595 грамм күміске жетсе, зекетін беруі қажет. Бұдан кейін алғаны аз болсын, көп болсын, соның да зекетін есептеп беруге тиіс».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біреуге қарызға берілген мал-мүлік бірнеше жылдан кейін қайтарылғанда, тек бір жылдық зекетінің берілуіне мынадай дәлел келтіруге болады: адамның қолындағы тауар сауда мақсатында бірнеше жыл бойы сақталып, ақырында сатылса, одан түскен ақшадан тек бір жылдық зекет беріледі. Алашағы немесе қолында сауда тауары бар адам сол алашағы мен тауарының зекетін басқа малынан өтеуге міндетті емес. Өйткені зекет әр мүліктің өзінен алынады, оны басқа мүліктен өтеу міндеттелмейді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина халқы, ұстанған қағида бойынша қарызы бар адамның оны өтеуге жететін тауары және одан бөлек нисапқа толған қолма-қол ақшасы болса, қолма-қол ақшасының зекетін береді. Ал тауары мен барлық қолма-қол ақшасы тек қарызын өтеуге ғана жетсе, зекет бермейді. Қолма-қол ақшасынан қарызын өтегеннен кейін қалғаны нисапқа жетсе ғана, соның зекетін береді».2

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша да мұндай адамға зекет міндеттелмейді.
  2. 2Шәйбани, 324.

9-бапСауда тауарларының зекеті

20
Муатта, 18-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Халифалар Уәлид, Сүлеймен және Омар ибн Абдулазиз тұсында Мысырда зекет жинаушы болған Зүрейк ибн Хайян былай деп әңгімелейді: «Омар ибн Абдулазиз маған: “Саудамен келген мұсылмандардың мал-мүлкін мұқият тексеріп, сауда тауарларынан әр қырық динарға бір динар есебімен зекет ал. Тауар құны жиырма динарға жететіндерге дейін осы есепті қолдан. Ал тауар құны сол мөлшерден динардың үштен біріне кем болса, одан зекет алма”, – деп бұйырды».

Сондай-ақ ол былай деп жазған еді: «Зыммилердің, яғни ислам еліндегі мұсылман емес тұрғындардың да сауда тауарларынан әр жиырма динарға бір динар есебімен хараж ал. Тауар құны он динарға жететіндерге дейін осы есепті қолдан. Егер тауар құны сол мөлшерден динардың үштен біріне кем болса, одан ештеңе алма. Алған салығыңның орнына оларға келесі жылға дейін жарамды салық түбіртегін бер».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина халқы, бірауыздан ұстанған қағида бойынша сауда тауары жөніндегі үкім мынадай: адам малының зекетін беріп, қалғанына тауар, бөз мата немесе соған ұқсас нәрселер сатып алса, кейін бір жыл толмай оларды сатса, зекетін берген күннен бастап бір жыл өтпейінше, қайтадан зекет бермейді. Ал тауарын жылдар бойы сата алмаса, қанша уақыт өтсе де, сол аралық үшін зекет түспейді. Сатқан кезде тек бір жылдық зекетін береді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Сондай-ақ біз, Мәдина халқы, бірауыздан ұстанған қағида бойынша адам алтын не күміске сауда жасау үшін бидай, құрма немесе соған ұқсас өнім сатып алып, бір жыл сақтаған соң қайта сатса әрі түскен ақшасы нисапқа жетсе, сатқан кезде зекетін береді. Мұндай сауда тауарының зекеті егін орылғанда немесе құрма жиналғанда алынатын өнім зекеті сияқты қолға тиген бойда берілмейді; белгіленген мерзімнің өтуі күтіледі».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Адамның саудаға арналған мал-мүлкі болып, одан қолына ақша түспесе де, зекетін беруі қажет. Ол үшін жылдың бір айын белгілеп, сауда тауарларын түгендеп, құнын есептейді, мал-мүлкінің нисапқа жеткен-жетпегенін анықтайды. Бәрінің жиынтығы нисапқа жетсе, зекетін береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Малын нарыққа шығарып сауда жасайтын мұсылман мен сауда жасамайтын мұсылманның үкімі бірдей. Саудамен айналыссын не айналыспасын, әрбір мұсылман зекетін жылына бір рет береді».

10-бапБайлықты зекетін бермей қор қылып жинаудың жамандығы

21
Муатта, 18-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динар былай деп әңгімелейді: «Абдуллаһ ибн Омардан: “Кәнз деген не?” – деп сұрағанын естідім. Ол: “Зекеті берілмей қор болып жиналған мал”, – деп жауап берді».1

  1. 1Шәйбани, 341.
22
Муатта, 18-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Кімде-кім мал-мүлкінің зекетін бермесе, қиямет күні сол мал-мүлкі көздерінің үстінде екі қорқынышты қара дағы бар, уы мол, басы тақыр айдаһар кейпіне келтіріледі. Ол иесін қуып жетіп: “Міне, мен – сенің зекетін бермей қор қылып жинаған байлығыңмын!” – дейді».1

  1. 1Шәйбани, 342.

11-бапІрі және ұсақ малдың зекеті

23
Муатта, 18-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Омар ибн Хаттабтың зекетке қатысты жарлығын оқыды. Жарлықта былай делінген еді: «Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен! Зекетке қатысты ережелер мынадай:

Бестен жиырма төртке дейінгі түйенің әр бесеуі үшін зекетке бір қой беріледі. Жиырма бестен отыз беске дейінгі түйе үшін екі жасқа кірген бір ұрғашы тайлақ беріледі. Ондай тайлақ табылмаса, орнына үш жасқа кірген еркек түйе беруге болады. Отыз алтыдан қырық беске дейінгі түйе үшін үш жасқа кірген бір ұрғашы түйе беріледі. Қырық алтыдан алпысқа дейінгі түйе үшін төрт жасқа кірген, шағылысуға жараған бір ұрғашы түйе беріледі. Алпыс бірден жетпіс беске дейінгі түйе үшін бес жасқа кірген бір ұрғашы түйе беріледі. Жетпіс алтыдан тоқсанға дейінгі түйе үшін үш жасқа кірген екі ұрғашы түйе беріледі. Тоқсан бірден жүз жиырмаға дейінгі түйе үшін төрт жасқа кірген, шағылысуға жараған екі ұрғашы түйе беріледі. Жүз жиырмадан асса, әр қырық түйе үшін үш жасқа кірген бір ұрғашы түйе, әр елу түйе үшін төрт жасқа кірген бір ұрғашы түйе беріледі.

Жайылымда жайылатын қойдың саны қырыққа жетсе, қырықтан жүз жиырмаға дейін бір қой зекетке беріледі. Жүз жиырма бірден екі жүзге дейін екі қой, екі жүз бірден үш жүзге дейін үш қой зекетке беріледі.

Зекет қызметкері талап етпесе, қошқар, кәрі және кемістігі бар мал зекетке алынбайды. Зекеттен қашу үшін бөлек тұрған мал біріктірілмеуге, бірге тұрған мал ажыратылмауға тиіс. Малдарын араластырған екі ортақ иеден жалпы мал есебімен зекет алынғаннан кейін, олар малдағы үлестеріне қарай өзара есеп айырысады. Күмістің мөлшері екі жүз дирхамға жеткенде, одан қырықтан бір есебімен зекет алынады».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 9/5; Тирмизи, «Зекет», 5/4. Тирмизи риуаятты хасан деп бағалаған.

12-бапСиырдың зекеті

24
Муатта, 18-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Тауыс әл-Йәмани былай деп әңгімелейді: «Мұғаз ибн Жәбәл әл-Ансари отыз сиырдан екі жасқа кірген бір ірі қараны, қырық сиырдан үш жасқа кірген бір сиырды зекетке алды. Өзіне бұдан аз мал әкелінгенде, олардан зекет алмады да: “Бұл мәселе жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) ештеңе естіген жоқпын. Өзіне барып сұрайын”, – деп жолға шықты. Алайда Мұғаз жетпей тұрып, ардақты Пайғамбар қайтыс болған еді».

Имам Мәлик былай дейді: «Екі шопан немесе әртүрлі өлкелерде бірнеше шопан бағатын, бірақ бір адамға тиесілі қойдың зекеті жөнінде естіген ең дұрыс үкімім – олардың бәрін қосып есептеп, зекетін беру. Әртүрлі адамдарда алтын не күміс алашағы бар зекет төлеуші де осылай істейді: әркімде қанша алашағы болса, соның бәрін қосып, жиынтығына қарай зекетін береді».

Қой мен ешкі араласқан малдың зекетіне қатысты имам Мәлик былай дейді: «Қойы мен ешкісі бар адам олардың санын қосып есептейді. Жиынтығы нисапқа жетсе, зекетін береді. Нисапты анықтағанда олардың бәрі қой есебінде саналады. Оның өлшемі әзірет Омардың мына сөзіне негізделеді: “Жайылымда жайылып қоректенетін қойдың саны қырыққа жетсе, біреуі зекетке беріледі”».

Имам Мәлик былай дейді: «Қой мен ешкі аралас болып, қойдың саны көп болса, мал иесі зекетті қойдан береді. Зекет қызметкері де одан қой алады. Ал ешкі көп болса, зекет ешкіден алынады. Екеуінің саны тең болса, зекет қызметкері қалағанынан алады».

Араб түйелері мен қос өркешті түйелерге қатысты да имам Мәлик былай дейді: «Адамда түйенің екі түрі де болса, жиынтығының нисапқа жеткен-жетпегені қаралады; бәрі бір тектес түйе ретінде есептеледі. Араб түйелері көп болса, зекетке араб түйесі беріледі. Қос өркешті түйелер көп болса, зекет солардан беріледі. Екеуінің саны тең болса, зекет қызметкері қалағанынан алады».

Имам Мәлик былай дейді: «Сиыр мен енеке аралас болса да, зекет осылай анықталады. Жиынтығы сиыр нисабына жетсе, зекеті беріледі. Сиыр көп болса, зекетке сиыр беріледі; енеке көп болса, зекет солардан беріледі. Ал екеуінің саны тең болса, қызметкер қалағанынан алады. Екі түрдің әрқайсысы жеке-жеке нисапқа жетсе, екеуінен де зекет алынады».

Имам Мәлик былай дейді: «Кейіннен түйе, қой немесе сиыр иеленген адам оларды алғаннан кейін толық бір жыл өткен соң зекетін береді. Бұл үкім бұрыннан қолында дәл сол түліктен нисапқа жеткен малы болмаған адамға қатысты. Малдың нисабы: түйеде – бес, сиырда – отыз, қойда – қырық».

Имам Мәлик былай дейді: «Қолында бес түйесі, отыз сиыры және қырық қойы бар адам кейіннен сатып алу, сыйға алу немесе мұра арқылы тағы да түйе, сиыр және қой иеленсе, бұрынғы малының зекетін берген кезде кейіннен қосылғанының да зекетін береді. Кейіннен алған малының зекетін бұрынғы иесі бір күн бұрын ғана берген болса да, жаңа иесі өзіне тиесілі зекетті беруге міндетті. Бұл мынаған ұқсайды: адам қолындағы күмісінің зекетін беріп, сол күміске басқа біреуден тауар сатып алады. Сол тауарға зекет беру мерзімі келген болса, оны сатқан адам да бүгін қолына тиген күмістен зекетін береді. Бір мал-мүліктің зекетін алғашқы иесі кеше, екінші иесі бүгін берген болып шықса да, үкім осындай».

Имам Мәлик былай дейді: «Қолында нисапқа жетпейтін қойы бар адам нисапты толықтыратындай қой сатып алса немесе мұраға алса, кейіннен қолына түскен сол қойларға бір жыл толмайынша, зекет түспейді. Мына жағдайда да үкім осындай: адамның саны нисапқа жетпейтін түйесі, қойы және сиыры бар. Олардың ешбірі жеке-жеке нисапқа толмайды. Әр түлік өз алдына нисапқа жетпейінше, зекет түспейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Адамның саны нисапқа жеткен түйесі, сиыры және қойы болып, кейін оларға тағы біраз түйе, сиыр және қой қосылса, бұрынғы малының зекетін бергенде кейіннен қосылғанының да зекетін береді».

Жоғарыда аталған мәселелерге қатысты имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселелерде естіген ең дұрыс үкімдерім – осылар».

Зекетке талап етілген мал табылмаған жағдайға қатысты имам Мәлик былай дейді: «Зекетке екі жасқа кірген бір ұрғашы түйе беру қажет болып, ондайы табылмаса, орнына үш жасқа кірген еркек түйе беруге болады. Ал үш, төрт немесе бес жасқа кірген ұрғашы түйе беру қажет болып, ондайы табылмаса, зекет беруші оны басқа біреуден сатып алып беруге тиіс. Мен оның орнына құнын беруді дұрыс көрмеймін».

Имам Мәлик былай дейді: «Егістікті суару үшін өзен мен құдықтан су таситын түйелерге және құдықтан су тартуға жегілетін өгіздерге жеке-жеке зекет парыз болса, әрқайсысының зекеті бөлек алынады».1

  1. 1Шәйбани, 340.

13-бапОртақ және аралас малдың зекеті

25
Муатта, 18-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Бір шопан бағатын, күйекке қосатын бір ғана ортақ еркегі бар, бір қорада паналап, бір суаттан су ішетін мал екі адамға тиесілі болып, әрқайсысы өз малын танып ажыратса, олар “малдарын араластырғандар” деп аталады. Ал иелері өз малдарын ажырата алмаса, “малдарын араластырғандар” емес, ортақ иелер саналады».

Имам Мәлик былай дейді: «Малдары аралас жүретін мұсылмандардың әрқайсысының малы жеке-жеке нисапқа жетпейінше, оларға зекет түспейді. Мысалы, малдары аралас екі адамның бірінің қырық қойы болса, соның зекетін береді; ал қырықтан аз қойы бар адамға зекет түспейді. Екеуіне де жеке-жеке зекет парыз болса, зекетті жалпы мал есебімен береді. Мәселен, бірінің мың немесе одан аз қойы, екіншісінің қырық немесе одан көп қойы болып, малдары бірге аралас жүрсе, мың қойы бар адам да, қырық қойы бар адам да өз үлесіне қарай жалпы берілген зекеттің өзіне тиесілі бөлігін есептеп, малдарының мөлшеріне сай өзара есеп айырысады».

Имам Мәлик былай дейді: «Қойдың аралас жүруіне қатысты зекет үкімі түйеге де қолданылады. Әрбір ортақ иенің түйесі жеке-жеке нисапқа жетсе, зекет жалпы мал есебімен беріледі. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): “Бестен аз түйеге зекет түспейді”, – деп бұйырған».

Омар ибн Хаттаб та былай деген: «Жайылымда отар болып жайылып қоректенетін қойдың зекеті – қырықтан бір».

Имам Мәлик әзірет Омардың: «Зекеттен қашу үшін бөлек мал біріктірілмейді, біріктірілген мал ажыратылмайды», – деген сөзін былай түсіндіреді: «Әрқайсысының қырықтан қойы бар үш адамды алайық. Олардың әрқайсысына жеке-жеке бір қойдан зекет беру парыз. Зекет қызметкері келгенде қойларын біріктіріп, жалпы санының есебімен бір қой ғана берсе, біріктірілмеуге тиіс мал біріктірілген болады. Сөйтіп, үш қойдың орнына бір қой ғана алынған болады. Бұған тыйым салынған».

Бірге есептелуге тиіс малды ажырату жөнінде де ол былай дейді: «Малдары аралас екі адамның әрқайсысында жүз бір қойдан болса, жалпы саны бойынша үш қой зекет беруге тиіс. Ал зекет қызметкері келгенде қойларын бөліп алса, әрқайсысы бір қойдан ғана береді. Бұған да тыйым салынған».

Сондықтан былай делінген: «Көп зекет беруден қорқып, бөлек есептелуге тиіс малды біріктірмеңдер; бірге есептелуге тиіс малды да зекеттен қашып, бөліп жібермеңдер».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естіген үкімім – осы».

14-бапЛақтар мен қозылардың зекет есебіне қосылуы

26
Муатта, 18-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Суфян ибн Абдуллаһ былай деп әңгімелейді: «Омар ибн Хаттаб мені зекет қызметкері етіп тағайындаған еді. Мен лақтар мен қозыларды да нисап есебіне қосатынмын. Сонда адамдар: “Лақтар мен қозыларды да санайсың, бірақ зекетке олардан алмайсың!” – деп наразылық білдірді».

Ол сөзін былай жалғастырады: «Әзірет Омарға келгенімде, болған жайды айтып бердім. Ол: “Иә, шопандар құшағына алып жүретін лақтар мен қозылар да нисап есебіне кіреді, бірақ оларды зекетке алма. Етке бордақыланғанын, төлі барын, буазын және күйекке қосатын еркек малды да алма. Бір және екі жастағыларын ал. Төл мен малдың ең таңдаулысының арасындағы әділетті өлшем – осы”, – деді».

Имам Мәлик былай дейді: «“Сахлә” – жаңа туған қозы мен лақ; “руббә” – жаңа төлдеп, төлін бағып жүрген мал; “махид” – буаз мал; ал “әкүлә” – етке бордақыланған қой».

Имам Мәлик былай дейді: «Адамның нисапқа жетпейтін қойы зекет қызметкері келерден бір күн бұрын қозылап, қозыларын қосқанда нисапқа толса, сол қойдың зекетін беруі қажет».

Имам Мәлик былай дейді: «Қой қозыларымен бірге нисапты толықтырса, зекет міндет болады. Өйткені малдан түскен өсім сияқты, қозы да қойдың есебіне кіреді. Алайда мына жағдайдың үкімі басқа: адамның малы нисапқа жетпей, оны сатып алу, сыйға алу немесе мұра арқылы толықтырса, сол сәтте зекет беруге міндетті болмайды. Сауда малы да осындай. Ақшалай құны нисапқа жетпеген тауарын сатқанда, түскен пайдасымен бірге нисапқа толса, пайдасын негізгі капиталға қосып, екеуінің зекетін бірге береді. Ал нисапты толықтырған артық мөлшер саудадан тыс табыс не мұра арқылы келсе, оны тапқан немесе мұраға алған күннен бастап бір жыл өтуі керек».

Имам Мәлик былай дейді: «Пайда негізгі малдың есебіне кіретіні сияқты, қозы да қойдың есебіне кіреді. Бірақ бір айырмашылық бар: адамның нисапқа жеткен алтыны не күмісі болып, кейін оған тағы біраз мал-мүлік қосылса, әуелі бұрынғы алтын-күмісінің зекетін береді. Ал кейіннен тапқанының зекетін оны иеленгеніне бір жыл толған соң береді».

Ол былай дейді: «Сондай-ақ адамның әрқайсысы жеке-жеке нисапқа жеткен қойы, сиыры және түйесі болып, кейін оларға тағы да қой, сиыр және түйе қосылса, бұрынғы малының зекетін бергенде бұлардың зекетін де бірге береді».

Имам Мәлик бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Менің естіген ең дұрыс үкімім – осы».

15-бапЖиналып қалған екі жылдық зекетті өтеу

27
Муатта, 18-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина халқы, ұстанған қағида бойынша мынадай жағдайдың үкімі былай: жүз түйесі бар адамға зекет парыз болып, қызметкер келмей тұрып екінші жылдың да зекеті міндеттелсе, ал қызметкер келгенде қолында бес түйе ғана қалса, өткен екі жылдың зекеті сол бес түйенің есебімен алынады. Әр жылға бір қойдан, барлығы екі қой алынады. Өйткені зекет қызметкерінің міндеті – зекет алынатын күні қолда бар малдың зекетін алу. Мал иесінің өткен жылдардан жиналған бірнеше зекет міндеті болса да, қызметкер оның қолында бар малдың есебімен ғана зекет алуға тиіс».

Имам Мәлик былай дейді: «Мал қырылып немесе бірнеше жылдың зекеті жиналып, ештеңе алынбай жүргенде, мал түгел өліп қалса не нисаптан кемісе, зекет алынбайды. Өйткені ондай малға зекет міндет емес. Қырылған мал үшін де, өткен жылдардан қалған зекет үшін де өтем талап етілмейді».

16-бапЗекет жинағанда зекет төлеушіні қиындыққа салуға тыйым салынуы

28
Муатта, 18-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай деп әңгімелейді: «Омар ибн Хаттабқа зекетке алынған бір отар қой әкелінді. Ол ішінен емшегіне сүт жиналған, желіні үлкен бір қойды көріп: “Бұл қандай қой?” – деп сұрады. Оған: “Зекетке алынған қой”, – деп жауап берілді. Сонда әзірет Омар: “Мұны иесі өз ризалығымен бермеген. Мұсылмандарды бұлай қинамаңдар! Малының ең жақсысын және сауу үшін бөліп қойғанын зекетке алмаңдар”, – деді».

Мұхаммед ибн Яхия ибн Хаббан былай деп әңгімелейді: «Әшжәғ тайпасынан екі кісі маған мына жайды айтты: Мұхаммед ибн Мәслама әл-Ансари оларға зекет қызметкері болып келіп, мал иелеріне: “Маған малдарыңның зекетін әкеліңдер!” – деген. Олар жарамды деп әкелген малдың бәрін қабылдаған».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина халқы және өз өлкемізде көзін көрген ғалымдарымыз, ұстанған қағида бойынша зекет мәселесінде мұсылмандарға қиындық туғызылмайды; бергені алынады».

17-бапЗекетті жинау және жұмсау

29
Муатта, 18-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясар Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Бай адамның зекет алуы халал емес. Алайда мына бес топ бұған кірмейді: Алла жолында соғысушылар, зекет жинауға міндеттелген қызметкерлер, қарызға батқандар, зекетке берілген затты өз ақшасына сатып алғандар және зекет алған міскін сол зекеттен сый тартқан бай көршісі».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина халқы, ұстанған қағида бойынша жиналған зекет әкімнің қарауына сай бөлінеді. Зекет алуға құқылы топтардың қайсысы көбірек мұқтаж әрі саны көп болса, сол топқа басымдық беріліп, әкім белгілеген мөлшерде зекет беріледі. Бір, екі немесе бірнеше жылдан кейін ол топтың орнына мұқтаждығы басым әрі саны көбірек басқа топқа беруге болады. Мен өзім таныған ғалымдардың осылай істегенін көрдім».

Имам Мәлик былай дейді: «Зекет қызметкерінің жиналған зекеттен алатын нақты белгіленген үлесі жоқ. Әкім қанша белгілесе, соны алады».

18-бапЗекетті жинауда күш қолдану

30
Муатта, 18-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: Әбу Бәкір әс-Сыддық былай деген: «Алла елшісіне (с.а.с.) зекетке беріп жүрген бір түйенің бұйдасын да маған бермесе, сол үшін олармен соғысамын».1

  1. 1«Естуімше» деген тіркеспен жеткізілген бұл риуаятты Бұхари («Зекет», 24/1) мен Мүслім («Иман», 8/32) Зуһри арқылы риуаят етеді.
31
Муатта, 18-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм былай деп әңгімелейді: «Омар ибн Хаттаб ішкен сүтін ұнатып, оны ұсынған адамнан: “Бұл сүт қайдан келді?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Су жағасына барған едім. Қарасам, зекет малдарын суарып жатыр екен. Маған да сүт сауып берді. Оны ыдысыма құйып алдым. Бұл – сол сүт”, – деп жауап берді. Мұны естіген Омар ибн Хаттаб дереу қолын тамағына салып, ішкен сүтін құсып тастады».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біздің ұстанымымыз бойынша мұсылмандар Әзиз әрі Жәлил Алла бекіткен зекеттердің бірін ала алмаса, оны алғанға дейін соғысуға тиіс».

32
Муатта, 18-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естігенім бойынша, бір әкім Омар ибн Абдулазизге хат жазып: “Бір адам малының зекетін бермей жүр”, – деп хабарлаған. Омар оған: “Оны қоя бер. Мұсылмандардан зекет алған кезде одан алма”, – деп жауап жолдаған. Әлгі адам мұны естігенде, намыстанып, зекетін берген. Әкім бұл жайды Омарға (р.а.) қайта жеткізгенде, Омар ибн Абдулазиз: “Олай болса, оның да зекетін ал”, – деп бұйырған».

19-бапЖүзім мен құрманың зекетін шамалап есептеу

33
Муатта, 18-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Бүср ибн Сағид Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Жаңбырмен, бұлақпен және егістіктің өзінен шыққан сумен суарылған жердің өнімінен оннан бір, ал тасып жеткізілген сумен суарылған жердің өнімінен жиырмадан бір зекет алынады».1

  1. 1Бұхари («Зекет», 24/55) Ибн Омардан мәусул түрде жеткізеді. Мүслім («Зекет», 12/7) Жәбир ибн Абдуллаһтан мағынасы осындай риуаят келтіреді.
34
Муатта, 18-кітап, № 34
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб әз-Зуһри былай дейді: «Сапасы төмен құрма иесіне қалдырылады, зекетке алынбайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Сол сияқты қойдың қозысы да иесіне қалдырылады, зекетке алынбайды. Сапасы өте жоғары немесе тым төмен болғандықтан зекетке алынбайтын жемістер де бар. Зекетке орташа сапалысы алынады».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ортақ ұстанымымыз бойынша құрма мен жүзімнен басқа жемістердің мөлшері бұтағында тұрған кезінде шамалап есептелмейді. Құрма мен жүзімнің жемісі пісіп-жетіле бастап, сатуға жарағанда мөлшері шамаланады. Өйткені олар жас күйінде де, кептірілген күйінде де желінеді. Адамдарға жеңілдік болып, ешкімге қиындық тумасын деп, мөлшері алдын ала шамаланады. Содан кейін иелеріне қалағанынша жеуге еркіндік беріледі. Ал зекетін шамалап белгіленген мөлшер бойынша береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Жас күйінде желінбейтін, тек орылғаннан кейін ғана азық болатын дәнді дақылдардың мөлшері алдын ала шамаланбайды. Иелері оларды орып, бастырып, желпіп тазартады, дәнін сабанынан ажыратады. Бұл өнім иелерінің қолындағы аманат саналады. Нисапқа жетсе, осыдан кейін зекетін береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Сондай-ақ біздің ортақ ұстанымымыз бойынша құрма бұтағында пісіп-жетіліп, сатуға жарағанда мөлшері шамаланады. Жиналған соң сол мөлшер бойынша зекеті құрманың өзінен алынады. Мөлшері шамаланғаннан кейін, әлі жиналмай тұрып апатқа ұшырап, барлық жемісі жойылса, зекет беру міндеті болмайды. Ал ардақты Пайғамбардың өлшемімен бес уәсақ, яғни үш жүз сағ немесе одан көп жеміс аман қалса, соның зекеті алынады. Апатқа ұшырағанынан зекет алынбайды. Жүзімге де осы үкім қолданылады».

Имам Мәлик былай дейді: «Адамның әртүрлі жерде мал-мүлкі болса немесе әртүрлі мүлікте ортақ үлесі болса, олар жеке-жеке нисапқа жетпегенімен, қосқанда нисапты толықтырса, бәрін бірге есептеп, зекетін береді».

20-бапДәнді дақылдар мен зәйтүннің зекеті

35
Муатта, 18-кітап, № 35
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ибн Шиһабтан зәйтүннің зекеті туралы сұрадым. Ол: “Одан оннан бір мөлшерінде зекет беріледі”, – деді».1

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Майы сығылатын зәйтүннің мөлшері үш жүз сағқа жетсе, одан алынған майдың оннан бірі зекетке беріледі. Бір сағ – 2176 грамм. Ал зәйтүн үш жүз сағқа жетпесе, зекет түспейді. Зәйтүннің үкімі де құрма сияқты: жаңбыр, бұлақ немесе егістіктің өзінен шыққан сумен суарылса, оннан бір; тасып жеткізілген сумен суарылса, жиырмадан бір зекет алынады. Зәйтүн жиналмай тұрып, өнімінің мөлшері шамаланбайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Халық қамбаға жинап, азық қылатын дәнді дақылдарға қатысты біз, Мәдина халқы, ұстанған қағида мынадай: жаңбыр, бұлақ немесе егістіктің өзінен шыққан сумен суарылған жердің өнімі үш жүз сағқа жетсе, оннан бірі зекетке алынады. Еңбек жұмсалып, тасып жеткізілген сумен суарылған жердің өнімі де үш жүз сағқа жетсе, жиырмадан бірі алынады. Өнім көбейген сайын, зекеті де сол үлеспен есептеледі».

Имам Мәлик былай дейді: «Зекет алынатын, дәні ажыратылғаннан кейін пісіріліп желінетін дақылдар мыналар: бидай, арпа, қабығы аршылған арпа, жүгері, тары, күріш, жасымық, жұлбан, яғни бұршақ, лобия, жүлжүлән, яғни күнжіт және соларға ұқсас басқа да дақылдар».

Имам Мәликтен былай деп сұралды: «Зәйтүннің ұшыры шығындарды шегергенге дейін беріле ме, әлде шегергеннен кейін бе?» Ол былай жауап берді: «Шығын есепке алынбайды. Дәнді дақыл иелерінен өнімі жайында сұралатыны сияқты, зәйтүн иесінен де сұралып, айтқаны қабылданады. Егер зәйтүні үш жүз сағқа немесе одан көп мөлшерге жетсе, сығып алған майының оннан бірі алынады. Ал зәйтүні үш жүз сағқа жетпесе, оның майынан да зекет алынбайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Егістіктегі өнімін пісіп-жетіле бастаған кезде сатқан адам оның зекетін де өзі береді. Сатып алушы бермейді. Әлі пісіп-жетілмеген, суға мұқтаж егінді сатуға болмайды».

Имам Мәлик былай дейді: «“Жемісін жиған күні садақасын беріңдер!”2 деген аятта зекет меңзелген. Мен осылай түсіндірген адамдарды естідім».

Имам Мәлик былай дейді: «Адам бағын түгелдей немесе егістік жерін өнімі пісіп-жетіле бастамай тұрып сатса, зекетін сатып алушы береді. Ал өнімі пісіп-жетілген кезде сатса, зекетін сатушы береді. Бірақ зекетті сатып алушының беруін шарт еткен болса, үкім өзгереді».3

  1. 1Ханафи мәзһабында Имамайнның көзқарасы бойынша бес уәсаққа (шамамен 650 килограмм) жеткен және одан көп өнімнен ұшыр беріледі. Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша өнімнің мөлшеріне қарамастан ұшыр беріледі.
  2. 2«Әнғам» сүресі, 6:141.
  3. 3Шәйбани, 345.

21-бапЗекет түспейтін егін өнімдері

36
Муатта, 18-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Адамның төрт уәсақ, яғни 240 сағ құрмасы, төрт уәсақ, яғни 240 сағ жүзімі, төрт уәсақ, яғни 240 сағ бидайы және төрт уәсақ, яғни 240 сағ бұршақ тұқымдас дақылы болса, олар бір-біріне қосылмайды. Әрқайсысы нисапқа жетпегендіктен, зекет берілмейді. Ал әрқайсысы жеке-жеке бес уәсаққа, яғни үш жүз сағқа жетсе, зекеті беріледі. Өйткені Пайғамбарымыз: “Бес уәсақтан, яғни үш жүз сағтан аз құрмаға зекет түспейді”, – деп бұйырған».

Ол сөзін былай жалғастырады: «Аталған азықтардың әрқайсысы жеке-жеке бес уәсаққа, яғни үш жүз сағқа толғанда зекет түсер еді, ал бұл жағдайда түспейді. Мұның мәнісі мынадай: әртүрлі құрма бір-біріне қосылып, нисапқа жетсе, зекеті беріледі. Бидай да осылай есептеледі. Арпа, қабығы аршылған арпа, ақ бидай және сары бидай зекет есебінде бір тек саналады. Адам осы дақылдардан барлығы бес уәсақ, яғни үш жүз сағ өнім алса, нисапқа ие болып, зекетін береді. Нисапқа жетпесе, зекет берілмейді. Жүзімнің де үкімі осындай: қарасы да, қызылы да бір тек саналып, бәрі бірге есептеледі. Адам бес уәсақ, яғни үш жүз сағ жүзім жинаса, зекет парыз болады; одан аз болса, парыз болмайды. Бидай, құрма және жүзім сияқты, бұршақ тұқымдастардың да әртүрлісі зекет есебінде бір тек саналып, қосылады. Бес уәсаққа, яғни үш жүз сағқа жетсе, зекеті беріледі. Ноқат, жасымық, лобия және жұлбан бұршақ тұқымдастарға жатады. Адам осылардың бір ғана түрінен емес, әртүрлісінен өнім жинаса да, бәрі қосылып есептеледі, зекеті беріледі».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттаб дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдастардан алынатын салықты бөлек белгіледі. Келген христиан ирақтық, яғни набаттық саудагерлердің бұршақ тұқымдас өнімдерінен оннан бір, ал дәнді дақылдары мен жүзімінен жиырмадан бір кеден салығын алды».

Имам Мәлик былай дейді: «Біреу: “Нисапқа жетуі үшін бұршақ тұқымдастардың түрлері қалайша бір-біріне қосылады? Адам олардың ең жақсы түрінің бір келісін қолма-қол беріп, сапасы төменірегінің екі келісін ала алады. Ал бидай түрлерін бір-бірімен әртүрлі өлшемде айырбастауға болмайды ғой”, – деп қарсылық білдірсе, оған былай жауап беріледі: “Алтын мен күміс те зекет есептегенде бір-біріне қосылады. Бірақ белгілі бір мөлшердегі алтынды қолма-қол беріп, одан көп мөлшерде күміс алуға болады”».

Имам Мәлик былай дейді: «Екі адам ортақтасып сегіз уәсақ, яғни 480 сағ құрма жинап, тең бөліссе, оларға зекет түспейді. Ал басқа жағдайда бірінің үлесіне бес уәсақ, яғни үш жүз сағ, екіншісіне төрт уәсақ, яғни 240 сағ тисе, үш жүз сағ алған адамға зекет парыз болады, 240 сағ алған адамға парыз болмайды. Барлық серіктестікте үкім осындай».

Ол былай дейді: «Жиналған егін өнімінен, құрмадан немесе жүзімнен әрқайсысы жеке-жеке үш жүз сағ үлес алған адамдарға зекет парыз болады. Одан аз үлес алған ортақ иеге зекет түспейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, ұстанған қағида бойынша бидай, құрма, жүзім және басқа да дәнді дақылдар жиналғанда зекеті беріледі. Иесі зекетін берген өнімін бірнеше жыл бойы сақтап, кейін сата алады. Сатқан кезде түскен ақшасына бір жыл толмайынша, зекет түспейді».

Ол былай дейді: «Бұл өнімдер табыс ретінде немесе басқа жолмен иеленіліп, саудаға арналмаған болса, сауда мақсатында ұсталмайтын азық-түлік, дәнді дақыл және өзге мүлік үкімінде болады. Адам оларды иеленіп, жылдар бойы сақтаған соң алтынға не күміске сатса, сатқан күннен бастап түскен ақшасына бір жыл толмайынша, зекет міндеттелмейді. Ал саудаға арналған болса, яғни иесі зекетін берген мал-мүлкінің орнына осы тауарды сатып алып, сол күннен бастап бір жыл қолында ұстаса, сатқан сәтте зекетін береді».

22-бапЗекет түспейтін мал-мүлік: жемістер, жоңышқа және көкөністер

Имам Мәлик былай деген: «Біз, Мәдина халқы, талассыз ұстанып келе жатқан қағида бойынша және ғалымдардан естігеніме қарағанда, жемістердің бәрі бірдей зекетке жатпайды. Анарға, шабдалыға, інжірге және соларға ұқсас не ұқсамайтын басқа да жемістерге зекет түспейді».504

Ол былай дейді: «Жоңышқа мен көкөніске де зекет түспейді. Сатылса, ақшасы иесінің қолына тигеннен кейін бір жыл өткен соң зекеті беріледі».

23-бапҚұлдардың, жылқылардың және балдың зекеті

37
Муатта, 18-кітап, № 37
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мұсылманның құлы мен атына зекет түспейді».1

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/46; Мүслім, «Зекет», 12/8. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 336. Ханафи мәзһабында жылқының зекеті жөнінде екі көзқарас бар: Имамайнның пікірінше, жылқыға зекет мүлде түспейді. Әбу Ханифаның пікірінше, тұқымын көбейту үшін ұсталатын, жылдың жартысынан көбінде жайылымда жайылатын әр жылқыдан бір динар немесе әр екі жүз дирхам құнынан бес дирхам, яғни құнының 2,5 пайызы зекетке беріледі.
38
Муатта, 18-кітап, № 38
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясар былай деп әңгімелейді: «Шам халқы Әбу Убайда ибн әл-Жәррахқа: “Аттарымыз бен құлдарымыздан да зекет ал!” – деді. Әбу Убайда алмады, бірақ олардың талабын Омар ибн Хаттабқа хатпен жеткізді. Әзірет Омар да алудан бас тартты. Шамдықтар Әбу Убайдаға қайта келіп, сол талаптарын қайталай берді. Әбу Убайда халифаға тағы хат жазды. Сонда халифа Омар ибн Хаттаб оған: “Өздері қаласа, ал да, қайтадан өздеріне және құлдарына бер”, – деп жазды».

Имам Мәлик былай дейді: «“Қайтадан өздеріне бер” дегені – “олардың кедейлеріне бер” деген сөз».1

  1. 1Шәйбани, 338.
39
Муатта, 18-кітап, № 39
Қазақша аудармасы

Амр ибн Хазмның немересі Абдуллаһ ибн Әби Бәкір былай деп әңгімелейді: «Әкем Минада жүргенде, Омар ибн Абдулазизден оған бал мен аттан зекет алмау жөнінде жарлық келді».1

  1. 1Шәйбани, 337. Имамайнның көзқарасы бойынша бал бес фараққа жеткенде ұшыр беріледі. Ал Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша мөлшері қанша болса да, ұшыр беріледі.
40
Муатта, 18-кітап, № 40
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динардан риуаят етіледі: «Сағид ибн Мусәйябтан: “Қашырдан зекет алына ма?” – деп сұрадым. Ол: “Аттан алынбайды емес пе?” – деп жауап берді».1

  1. 1Шәйбани, 885.

24-бапКітап иелері мен мәжусилердің салығы – жизия

41
Муатта, 18-кітап, № 41
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Естігенім бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) Бахрейн мәжусилерінен жизия алған.1 Омар ибн Хаттаб Иран мәжусилерінен, Осман ибн Аффан берберлерден жизия алған».

  1. 1Бұхари, «Жизия», 57/1.
42
Муатта, 18-кітап, № 42
Қазақша аудармасы

Жағфар ибн Мұхаммед ибн Әли әкесінен жеткізеді: «Омар ибн Хаттаб мәжусилер туралы сөз қозғап: “Оларға не істерімді білмеймін”, – деді. Сонда Абдуррахман ибн Ауф: “Мен Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Оларға кітап иелеріне жасалғандай мәміле жасаңдар’, – дегенін өз құлағыммен естідім”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, «Сияр», 19/31. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 332.
43
Муатта, 18-кітап, № 43
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттабтың азат еткен құлы Әсләмнен риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттаб Мысыр мен Шамдағы мұсылман еместерге төрт динардан, Ирактағы мұсылман еместерге қырық дирхамнан жизия белгіледі. Сондай-ақ оларға мұсылмандарға жәрдемдесуді және үш күн қонақ күтуді міндеттеді».1

  1. 1Шәйбани, 333.
44
Муатта, 18-кітап, № 44
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм әкесінен жеткізеді: «Омар ибн Хаттабқа: “Зекет малдарының ішінде бір соқыр түйе бар”, – дедім. Ол: “Оны біреуге беріңдер, қажетіне жаратсын!” – деді. Мен: “Ол соқыр ғой!” – дедім. Омар (р.а.): “Көшке қосса, жүріп кетеді”, – деді. Мен: “Ал қалай жайылады?” – деп сұрадым. Сонда әзірет Омар: “Ол жизия малы ма, әлде зекет малы ма?” – деді. Мен: “Жизия малы”, – дедім. Омар (р.а.): “Түсіндім, сендер оны жегілерің келеді екен ғой!” – деді. Мен: “Үстінде жизия малы екенін білдіретін таңба бар”, – дедім. Содан әзірет Омардың әмірімен түйе сойылды».

Ол сөзін былай жалғастырады: «Омардың (р.а.) тоғыз табағы болатын. Жеміс-жидек немесе ұнамды тағам болса, міндетті түрде сол табақтарға салып, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына жіберетін. Қызы Хафса да ардақты Пайғамбардың жұбайы болғандықтан, оған да жіберетін, бірақ ең соңынан үлес бөлетін. Жетпей қалса, өз қызына жетпей қалсын деп ойлайтын. Бұл жолы да сойылған түйенің етін сол табақтарға салып, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына жіберді. Қалған еттен тамақ әзірлеуді бұйырып, ансарлар мен мұһажирлердің біразын шақырды».

Имам Мәлик былай деген: «Жизия алынатындардан жизиядан өзге салық алуды дұрыс көрмеймін».

45
Муатта, 18-кітап, № 45
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуім бойынша, Омар ибн Абдулазиз зекет жинаушыларға: “Жизия алынатындар мұсылман болса, олардан жизия алмаңдар”, – деп жарлық жолдаған».

Жизияға қатысты имам Мәлик былай дейді: «Осы уақытқа дейінгі ұстаным бойынша жизия кітап иелерінің әйелдері мен балаларынан алынбайды. Ол тек ақыл-есі дұрыс, балиғатқа жеткен ер адамдардан алынады. Зыммилер мен мәжусилердің құрмасынан, жүзімінен, егін өнімінен, ұсақ және ірі қара малынан зекет алынбайды. Өйткені зекет мұсылмандарды тазарту және кедейлерін қамқорлыққа алу үшін мұсылмандарға парыз етілген. Ал жизия кітап иелерін төмендету үшін белгіленген. Олар келісім бойынша өмір сүріп жатқан елде өздерінен жизиядан басқа салық алынбайды. Бірақ сауда мақсатымен мұсылман елдеріне кіріп-шықса, тауарларынан оннан бір мөлшерінде салық алынады».

Ол былай дейді: «Жизия мұсылман елінде тұру және дұшпандарынан қорғалу үшін екі тарап арасында жасалған келісім негізінде алынады. Сауда мақсатымен басқа елге барған зыммиден кеден салығы, яғни ұшыр алынады. Сол сияқты мысырлық Шамға, шамдық Иракқа, ирактық Мәдинаға, Йеменге немесе басқа елге саудамен барса да, кеден салығын, яғни ұшырын береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Кітап иелері мен мәжусилердің мал-мүлкіне, жемісі мен егін өніміне зекет түспейді. Осы уақытқа дейінгі ұстаным осындай. Олар өз діндерінде қала береді; қай дінді ұстанса, сол діндеріне бағынады. Сауда үшін бір жыл ішінде бір елге бірнеше рет кіріп-шықса, әр жолы оннан бір мөлшерінде кеден салығын береді. Өйткені жизия келісімінің шарттарында сауда жасау қарастырылмаған. Мен көрген Мәдина ғалымдары да осылай үкім берген».1

  1. 1Имам Шафиғи мен имам Әбу Ханифа кітап иелерінен мұндай салық жылына бір рет қана алынатынын айтқан. Зурқани шархы, 1/190.

25-бапЗыммилердің кеден салығы – ұшыр

46
Муатта, 18-кітап, № 46
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһ әкесінен жеткізеді: «Омар ибн Хаттаб христиан саудагерлердің бидайы мен зәйтүнінен жиырмадан бір мөлшерінде кеден салығын алатын. Салықты төмен белгілеудегі мақсаты – Мәдинаға осы өнімдердің көптеп әкелінуін қамтамасыз ету еді. Ал бұршақ тұқымдастардан оннан бір мөлшерінде салық алатын».1

  1. 1Шәйбани, 331.
47
Муатта, 18-кітап, № 47
Қазақша аудармасы

Саиб ибн Язид былай деп әңгімелейді: «Омар ибн Хаттаб тұсында Абдуллаһ ибн Утба ибн Мәсғудпен бірге Мәдина базарларында салық қызметкері болып істейтінмін. Ол кезде христиан саудагерлерден оннан бір мөлшерінде салық алатынбыз».

48
Муатта, 18-кітап, № 48
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ибн Шиһабтан: “Омар ибн Хаттаб христиан саудагерлерден қандай негізге сүйеніп оннан бір мөлшерінде салық алған?” – деп сұрадым. Ибн Шиһаб: “Жаһилия дәуірінде осылай алынатын. Омар (р.а.) да сол тәртіпті жалғастырған”, – деп жауап берді».

26-бапСадақаны сатып алу немесе кері қайтарып алу

49
Муатта, 18-кітап, № 49
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттаб былай деп әңгімелейді: «Жақсы бір ат алып, Алла ризалығы үшін біреуге бердім. Әлгі адам атқа дұрыс қарамады. Содан оны қайта сатып алғым келді. Арзанға аламын деп ойладым. Бұл жайды Алла елшісінен (с.а.с.) сұрадым. Ол: “Бір дирхамға берсе де, алма. Өйткені берген садақасынан қайтқан адам құсқанын қайта жеген итке ұқсайды”, – деп бұйырды».1

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/59; Мүслім, «Һибат», 24/1.
50
Муатта, 18-кітап, № 50
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттаб Алла ризалығы үшін бір ат садақа етті. Кейін оны өзі сатып алғысы келді. Бұл жайды Алла елшісіне (с.а.с.) айтқанда, Пайғамбарымыз: “Оны сатып алма да, садақаңнан қайтпа”, – деп бұйырды».1

Имам Мәликтен былай деп сұралды: «Біреуге садақа берген адам сол садақасын басқа біреудің сатып жатқанын көрсе, оны сатып ала ала ма?» Ол: «Меніңше, алмағаны абзал», – деп жауап берді.

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/59; Мүслім, «Һибат», 24/3.

27-бапПітір садақасын беру міндеті жүктелетін адамдар

51
Муатта, 18-кітап, № 51
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп әңгімелейді: «Абдуллаһ ибн Омар Уадиулқұра мен Хайбардағы құлдарының да пітір садақасын беретін».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Пітір садақасының парыз болуы жөнінде естіген ең дұрыс үкімім – күнкөрісін мойнымызға алған адамдардың да пітір садақасын өтеуге міндетті болуымыз. Адам мұсылман мүкәтәбінің, яғни белгілі бір төлеммен азат болуға келісім жасаған құлының, қожайыны қайтыс болғаннан кейін азат болатын құлының және өзге құлдарының бәрінің пітір садақасын береді. Олардың қасында не басқа жерде болуы, сауда үшін ұсталуы не ұсталмауы маңызды емес. Ал мұсылман еместердің пітірін беруге міндетті емес».

Имам Мәлик былай дейді: «Қашып кеткен құлдың жағдайына қаралады. Қожайыны оның қайда екенін білсін не білмесін, егер жақында ғана жоғалып, тірі екенінен және қайтып келетінінен үміті болса, пітірін береді. Ал арада ұзақ уақыт өтіп, одан үмітін үзсе, пітір садақасын бермейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Пітір садақасы қала тұрғындарына парыз болғаны сияқты, ауыл тұрғындарына да парыз. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда пітір садақасының әрбір мұсылманға – азат адамға да, құлға да, әйелге де, ерге де – парыз екенін білдірген».

28-бапПітір садақасының мөлшері

52
Муатта, 18-кітап, № 52
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда әрбір мұсылман ер мен әйелге, азат адам мен құлға пітір садақасын бір сағ, яғни 2176 грамм құрма немесе бір сағ арпа мөлшерінде белгіледі».1

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/70; Мүслім, «Зекет», 12/12.
53
Муатта, 18-кітап, № 53
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри былай деп әңгімелейді: «Біз пітір садақасын бір сағ азық-түліктен, бір сағ арпадан, бір сағ құрмадан, бір сағ құрттан, яғни кептірілген айраннан жасалған ірімшіктен немесе бір сағ мейізден беретінбіз. Бұл сағ Алла елшісі (с.а.с.) белгілеген өлшем еді».1

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/73; Мүслім, «Зекет», 12/17.
54
Муатта, 18-кітап, № 54
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар пітір садақасын құрмадан басқа нәрсемен бермейтін. Тек бір жолы ғана арпадан берді».1

Имам Мәлик былай деген: «Зиһардан басқа барлық кәффарат, пітір садақасы және ұшыр Пайғамбардың мүддімен, яғни кіші мүддпен өлшенеді. Бір мүдд – жарты килограмм. Ал зиһар кәффараты ең үлкен мүдд саналатын Һишам мүддімен өлшенеді».

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/77.

29-бапПітір садақасын беретін уақыт

55
Муатта, 18-кітап, № 55
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар айт намазынан екі-үш күн бұрын пітір садақасын жинаушыға пітірін жіберетін».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Мен көрген ғалымдар пітір садақасының айт күні таң атқаннан кейін, намаздан бұрын берілгенін дұрыс көретін».1

Имам Мәлик былай дейді: «Иншаллаһ, пітір садақасын айт күні намаздан бұрын да, кейін де беруге болады».2

  1. 1Бұхари, «Зекет», 24/76 (Ибн Омардан мәрфуғ түрде); Мүслім, «Зекет», 12/22–23.
  2. 2Шәйбани, 344.

30-бапПітір садақасы жүктелмейтін адамдар

56
Муатта, 18-кітап, № 56
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Адам өз құлының құлы, жұмысшысы және әйелінің құлы үшін пітір садақасын беруге міндетті емес. Алайда олардың ішінде өзіне қызмет ететіндері болса және соларсыз күн көре алмаса, олардың да пітір садақасын береді. Сауда үшін не басқа мақсатпен алынсын, мұсылман емес құлға ислам қабылдамайынша пітір садақасы міндеттелмейді».