Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Бір шопан бағатын, күйекке қосатын бір ғана ортақ еркегі бар, бір қорада паналап, бір суаттан су ішетін мал екі адамға тиесілі болып, әрқайсысы өз малын танып ажыратса, олар “малдарын араластырғандар” деп аталады. Ал иелері өз малдарын ажырата алмаса, “малдарын араластырғандар” емес, ортақ иелер саналады».
Имам Мәлик былай дейді: «Малдары аралас жүретін мұсылмандардың әрқайсысының малы жеке-жеке нисапқа жетпейінше, оларға зекет түспейді. Мысалы, малдары аралас екі адамның бірінің қырық қойы болса, соның зекетін береді; ал қырықтан аз қойы бар адамға зекет түспейді. Екеуіне де жеке-жеке зекет парыз болса, зекетті жалпы мал есебімен береді. Мәселен, бірінің мың немесе одан аз қойы, екіншісінің қырық немесе одан көп қойы болып, малдары бірге аралас жүрсе, мың қойы бар адам да, қырық қойы бар адам да өз үлесіне қарай жалпы берілген зекеттің өзіне тиесілі бөлігін есептеп, малдарының мөлшеріне сай өзара есеп айырысады».
Имам Мәлик былай дейді: «Қойдың аралас жүруіне қатысты зекет үкімі түйеге де қолданылады. Әрбір ортақ иенің түйесі жеке-жеке нисапқа жетсе, зекет жалпы мал есебімен беріледі. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): “Бестен аз түйеге зекет түспейді”, – деп бұйырған».
Омар ибн Хаттаб та былай деген: «Жайылымда отар болып жайылып қоректенетін қойдың зекеті – қырықтан бір».
Имам Мәлик әзірет Омардың: «Зекеттен қашу үшін бөлек мал біріктірілмейді, біріктірілген мал ажыратылмайды», – деген сөзін былай түсіндіреді: «Әрқайсысының қырықтан қойы бар үш адамды алайық. Олардың әрқайсысына жеке-жеке бір қойдан зекет беру парыз. Зекет қызметкері келгенде қойларын біріктіріп, жалпы санының есебімен бір қой ғана берсе, біріктірілмеуге тиіс мал біріктірілген болады. Сөйтіп, үш қойдың орнына бір қой ғана алынған болады. Бұған тыйым салынған».
Бірге есептелуге тиіс малды ажырату жөнінде де ол былай дейді: «Малдары аралас екі адамның әрқайсысында жүз бір қойдан болса, жалпы саны бойынша үш қой зекет беруге тиіс. Ал зекет қызметкері келгенде қойларын бөліп алса, әрқайсысы бір қойдан ғана береді. Бұған да тыйым салынған».
Сондықтан былай делінген: «Көп зекет беруден қорқып, бөлек есептелуге тиіс малды біріктірмеңдер; бірге есептелуге тиіс малды да зекеттен қашып, бөліп жібермеңдер».
Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естіген үкімім – осы».