Хадис

Жаназа

Муатта, 17-кітап · 56 хадис · № 1–56

Мазмұны: 16 бап
  1. 1Мәйітті жуу тәртібі
  2. 2Мәйітті кебіндеу
  3. 3Мәйіттің алдында жүру
  4. 4Жаназаға шырақ ұстап қатысу
  5. 5Жаназа намазындағы тәкбір
  6. 6Жаназа намазында оқылатын дұға
  7. 7Жаназа намазын таң намазынан кейін айнала жарық болғанға дейін, екінтіден кейін күн сарғайғанға дейін оқу
  8. 8Жаназа намазының мешітте оқылуы
  9. 9Жаназа намазын бірнеше мәйітке бірге оқу
  10. 10Мәйітті жерлеу
  11. 11Жаназаны алып өткен кезде орыннан тұру және қабірдің үстіне отыру
  12. 12Мәйітті жоқтап жылау
  13. 13Басқа түскен қайғы-қасіреттің сауабын Алладан күту
  14. 14Басқа түскен қайғы-қасіреттің сауабын Алладан күтудің артықшылығына қатысты өзге риуаяттар
  15. 15Кебін тонаудың күнәсі
  16. 16Жаназаға қатысты түрлі риуаяттар

1-бапМәйітті жуу тәртібі

1
Муатта, 17-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мүбәрак денесі көйлегі шешілмей жуылды1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «“Муатта” риуаятшылары мұны мүрсал түрінде жеткізген. Ал Сағид ибн Уфәйр Айшадан риуаят етеді».
2
Муатта, 17-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Үмму Атыйя әл-Әнсария былай деп баяндайды: «Алла елшісінің (с.а.с.) қызы қайтыс болған кезде ол бізге келіп: “Оны сидр қосылған сумен үш рет, бес рет немесе қажет болса, одан да көп жуыңдар. Соңғы жуған суға кәфур қосыңдар, аздап қоссаңдар да болады. Істерің біткен соң маған хабар беріңдер”, – деп бұйырды. Ісіміз біткен соң оған хабар бердік. Сонда ол бізге изарын, яғни белден төмен оранатын матасын беріп: “Мынаны денесіне тікелей ораңдар”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Жәнаиз», 23/7; Муслим, «Жәнаиз», 11/36.
3
Муатта, 17-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Әби Бәкірден риуаят етіледі: «Үмәйстің қызы Әсма Әзірет Әбу Бәкір қайтыс болған кезде оны жуды. Кейін сол жерде тұрған мұһажирлерден: “Мен оразамын, күн де өте суық. Жуынуым қажет пе?” – деп сұрады. Олар: “Жоқ!” – деп жауап берді1».

  1. 1Шәйбани, 305. Осы хадистегі Үмәйстің қызы Әсма – Әзірет Әбу Бәкірдің жұбайы. Ханафи мәзһабы бойынша, әйел өз күйеуін жуа алады.
4
Муатта, 17-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик кейбір ғалымдардың былай дегенін естіген: «Бір әйел қайтыс болып, оны жуатын басқа әйел де, жақын туыстарынан, яғни махрамдарынан ешкім де, күйеуі де табылмаса, қолы мен жүзіне топырақпен мәсіх тартылып, тәяммүм жасатылады».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Бір ер адам қайтыс болып, оны жууға тек әйелдер ғана болса, мұндай жағдайда оған тәяммүм жасатылып, жерленеді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біздің ұстанымымыз бойынша, мәйітті жуудың қатаң белгіленген тәртібі жоқ. Маңыздысы – оның жуылып, тазартылуы».

2-бапМәйітті кебіндеу

5
Муатта, 17-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) мақтадан тоқылған жұқа, ақ матаның үш қабатымен кебінделді. Көйлек те, сәлде де қосылған жоқ1».

  1. 1Бұхари, «Жәнаиз», 23/19; Муслим, «Жәнаиз», 11/45.
6
Муатта, 17-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай деп баяндайды: «Естуімше, Әзірет Әбу Бәкір ауырып жатқан кезде Әзірет Айшадан Алла елшісінің (с.а.с.) неше қабат кебінге оралғанын сұрады. Ол: “Мақтадан тоқылған жұқа, ақ кебіннің үш қабатына оралды”, – деп жауап берді. Сонда Әзірет Әбу Бәкір үстіндегі қызыл балшық немесе зағфаран жағылған киімін көрсетіп: “Мынаны алып жуыңдар, оған тағы екі қабат мата қосып, мені осымен кебіндеңдер”, – деді. Әзірет Айша: “Осы ескі киіммен бе?” – деп сұрағанда, Әзірет Әбу Бәкір: “Тірілер жаңаға өлілерден көбірек мұқтаж. Қалай болғанда да ол шіріп кетеді, сондықтан жаңа болуы шарт емес”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Жәнаиз», 23/94.
7
Муатта, 17-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас былай деп баяндайды: «Мәйіт бір көйлекпен, бір изармен, яғни белден төмен оранатын матамен және осылардың сыртынан жабылатын үшінші қабат матамен кебінделеді. Егер осы үш қабат табылмай, тек бір қабат кебін ғана болса, сонымен шектеледі1».

  1. 1Шәйбани, 305.

3-бапМәйіттің алдында жүру

8
Муатта, 17-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.), Әзірет Әбу Бәкір мен Әзірет Омар мәйіттің алдында жүретін. Кейін келген халифалар мен Абдуллаһ ибн Омар да дәл солай мәйіттің алдында жүретін1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Бұл хадис “Муатта” риуаятшыларының жеткізуі бойынша осы түрде мүрсал болып келеді». Ибн Омардан маусул түрінде риуаят етілген: Әбу Дәуіт, «Жәнаиз», 20/44; Тирмизи, «Жәнаиз», 8/26; Нәсәи, «Жәнаиз», 21/56; Ибн Мәжа, «Жәнаиз», 6/16. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 307.
9
Муатта, 17-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Һәдирдің ұлы Рабиғадан риуаят етіледі: «Жахштың қызы Зәйнабтың жаназасында Әзірет Омардың жамағатты мәйіттің алдында жүргізгенін көрдім1».

  1. 1Шәйбани, 308.
10
Муатта, 17-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруәдан риуаят етіледі: «Әрбір жаназада әкемнің міндетті түрде алда жүретінін көретінмін. Кейін Бақи зиратына келіп, жаназаға ергендердің ең соңғысы жеткенге дейін сол жерде отыратын».

11
Муатта, 17-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб: «Мәйіттің артынан жүру сүннетке сай емес», – деген.

4-бапЖаназаға шырақ ұстап қатысу

12
Муатта, 17-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруәдан риуаят етіледі: Әзірет Әбу Бәкірдің қызы Әсма отбасына: «Мен қайтыс болған кезде кебінімді хош иісті түтінге ұстаңдар, кейін маған да ханут, яғни хош иісті заттар жағыңдар. Кебініме ханут жақпаңдар, жаназама шырақ ұстап қатыспаңдар», – деп өсиет етті.

13
Муатта, 17-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Әби Сағид әл-Мақбуриден риуаят етіледі: Әбу Һурайра өзі қайтыс болғаннан кейін жаназасына шырақ ұстап қатыспауды өсиет етті.

Яхия да бұл мәселеге қатысты: «Имам Мәликтің де мұндай нәрселерді құп көрмейтінін естіген едім», – дейді1.

  1. 1Шәйбани, 309.

5-бапЖаназа намазындағы тәкбір

14
Муатта, 17-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) Хабаш патшасы Асхаманың, яғни Хабаш Нәжашиінің қайтыс болған күні бұл жағдайды сахабаларына хабарлады. Олар дереу намаз оқылатын орынға барып, сап түзеді. Алла елшісі (с.а.с.) төрт тәкбірмен Асхаманың жаназа намазын оқытты1».

  1. 1Бұхари, «Жәнаиз», 23/4; Муслим, «Жәнаиз», 11/62.
15
Муатта, 17-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Хунәйфтің немересі Әбу Үмәмә ибн Сәһл былай деп баяндайды: «Бір кедей әйел ауырып қалып, жағдайы дереу Алла елшісіне (с.а.с.) хабарланды. Ардақты Пайғамбар міскіндерді зиярат етіп, хал-жағдайларын сұрайтын. Бұл жолы: “Рухын тапсырған кезде маған хабар беріңдер”, – деді. Мәйітін түнде дайындап, жерледі. Бірақ сол уақытта ардақты Пайғамбарды мазалауды жөн көрмей, хабар беру үшін таңды күтті. Таң атқан соң, бұл жағдайды ардақты Пайғамбарға жеткізді. Алла елшісі (с.а.с.): “Маған хабар беріңдер демедім бе?” – деп кейігенде, сахабалар: “Уа, Расулалла! Сізді оятып, түн ішінде жаназаға алып баруды жөн көрмедік”, – деп жауап берді. Осыдан кейін Алла елшісі (с.а.с.) оларды әйелдің қабірінің басына сапқа тұрғызып, төрт тәкбірмен жаназа намазын жамағат болып оқытты1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «“Муаттада” бұл хадистің мүрсал екеніне қатысты Мәликке қайшы пікір айтылмаған». Әбу Һурайрадан мағынасы жағынан маусул түрінде жеткен. Бұхари, «Салат», 8/72; Муслим, «Жәнаиз», 11/71.
16
Муатта, 17-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Ибн Шиһабтан жаназа намазының кейбір тәкбірлеріне үлгере алмаған адамның не істеуі керектігін сұрады. Ол: «Үлгере алмаған бөлігін қаза өтейді», – деп жауап берді1.

  1. 1Қаза тек тәкбірлерді айтып толықтырылады, дұғалар оқылмайды.

6-бапЖаназа намазында оқылатын дұға

17
Муатта, 17-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Мақбури былай деп баяндайды: «Әбу Һурайрадан: “Жаназа намазында қалай дұға етесің?” – деп сұрадым. Әбу Һурайра: “Айтып берейін”, – деді де, былай жалғастырды: “Мәйіт шыққан үйден бастап оған еріп жүремін. Ол мусаллаға, яғни жаназа оқылатын орынға қойылған кезде тәкбір аламын, Аллаға мадақ айтамын, яғни ‘Субханәкә’ оқимын, Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айтамын. Содан кейін мына дұғаны оқимын: ‘Уа, Алла! Ол – Сенің құлың, құлың мен күңіңнің ұлы. Ол Сенен басқа тәңір жоқ екеніне және Мұхаммедтің Сенің құлың әрі елшің екеніне куәлік ететін. Сен оның жағдайын жақсырақ білесің. Уа, Алла! Егер ол жақсы адам болса, жақсылығын арттыр. Егер жаман адам болса, жамандықтарын кешір. Уа, Алла! Оның сауабынан бізді мақұрым қалдырма, одан кейін бізді тура жолдан тайдырма1’”».

  1. 1Шәйбани, 311.
18
Муатта, 17-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйяб былай деп баяндайды: «Әбу Һурайраның артында әлі мүкәлләф, яғни діни міндеттер жүктелетін жасқа жетпеген баланың жаназа намазын оқып тұрған едім. Әбу Һурайраның: “Уа, Алла! Оны қабір азабынан сақта!” – деп дұға еткенін естідім1».

  1. 1Әлі мүкәлләф болмаған бұл балаға қабір азабы да болмауға тиіс. Әбу Һурайраның осылай дұға етуі қабір азабының ауырлығын білдіру үшін айтылған.
19
Муатта, 17-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп баяндайды: «Абдуллаһ ибн Омар жаназа намаздарында Құраннан ештеңе оқымайтын».

7-бапЖаназа намазын таң намазынан кейін айнала жарық болғанға дейін, екінтіден кейін күн сарғайғанға дейін оқу

20
Муатта, 17-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Хуәйтибтің немересі Абдуррахман ибн Әби Суфянның азат еткен құлы Мұхаммед ибн Әби Хармаладан риуаят етіледі: «Әбу Сәләмәнің қызы Зәйнаб қайтыс болған кезде Тариқ Мәдина әкімі еді. Зәйнабтың мәйіті таң намазынан кейін дереу әкелініп, Бақи зиратына жерленді. Тариқ сол күні жаназа кешігіп қалмасын деп, таң намазын ертерек оқытқан еді».

Ибн Әби Хармала былай деген: «Абдуллаһ ибн Омардың марқұмның отбасына: “Не жаназаларыңның намазын қазір оқисыңдар, не күн көтерілгенге дейін кейінге қалдырасыңдар”, – дегенін естідім».

21
Муатта, 17-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Нәфиғтен риуаят етіледі: Абдуллаһ ибн Омар: «Екінті және таң намаздары өз уақытында оқылса, олардан кейін жаназа намазын да оқуға болады», – деді1.

  1. 1Шәйбани, 313.

8-бапЖаназа намазының мешітте оқылуы

22
Муатта, 17-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Омар ибн Убайдуллаһтың азат еткен құлы Надр былай деп баяндайды: «Алла елшісінің жұбайы Әзірет Айша Сағд ибн Әби Уаққас қайтыс болған кезде оның жаназа намазын оқу үшін мәйітін мешітке, өзінің қасына әкелуді қалады. Сахабалар мәйіттің мешітке әкелінуін аса ұната қоймады. Сонда Әзірет Айша: “Адамдар қалай тез өзгеріп кеткен! Алла елшісі (с.а.с.) Сүһәйл ибн Бәйданың жаназа намазын мешіттен басқа жерде оқыған ба еді?!” – деді1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «“Муатта” риуаятшыларының көпшілігі бойынша, бұл риуаят осы түрде мүнқатиғ болып келеді». Муслим, «Жәнаиз», 11/99. Маусул түрінде жеткізген.
23
Муатта, 17-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар: «Омар ибн Хаттабтың жаназа намазы мешітте оқылған еді», – деген1.

  1. 1Шәйбани, 314.

9-бапЖаназа намазын бірнеше мәйітке бірге оқу

24
Муатта, 17-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Осман ибн Аффан, Абдуллаһ ибн Омар және Әбу Һурайра Мәдинада ерлер мен әйелдердің мәйіттеріне жаназа намазын бірге оқитын. Ерлердің мәйіттерін имамға жақын, ал әйелдердікін олардан әрі, құбыла жаққа қойғызатын».

25
Муатта, 17-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Нәфиғтен риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар жаназа намазында сәлем берген кезде дауысын қасындағы адамға да естіртетін».

26
Муатта, 17-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Нәфиғтен риуаят етіледі: Абдуллаһ ибн Омар: «Дәретсіз жаназа намазы оқылмайды», – дейтін.

Яхиядан риуаят етіледі: «Имам Мәликтің: “Ілім иелерінің ешқайсысы зинадан туған бала мен оның анасының жаназа намазы оқылмайды деп айтқанын естіген емеспін”, – дегенін естідім».

10-бапМәйітті жерлеу

27
Муатта, 17-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай деп баяндайды: «Естуімше, Алла елшісі (с.а.с.) дүйсенбі күні қайтыс болып, сейсенбі күні жерленді. Сахабалар оның жаназа намазын жамағатсыз, жеке-жеке оқыды. Ешкім оларға имам болған жоқ. Сахабалардың бір бөлігі: “Мінбердің жанына жерлейік”, – десе, бір бөлігі: “Бақи зиратына жерлейік”, – деді. Дәл осы кезде Әбу Бәкір әс-Сыддық келіп: “Мен Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Жанын тапсырған жерге жерленбеген ешқандай пайғамбар жоқ’, – деп бұйырғанын естідім”, – деді. Осыдан кейін дереу сол жерден қабір қазылды. Алла елшісінің (с.а.с.) мүбәрак денесі жуылып жатқанда, үстіндегі көйлегін де шешкілері келді. Сол кезде: “Көйлегін шешпеңдер!” – деген дауыс естілді. Сөйтіп, мүбәрак денесі үстіндегі көйлегімен жуылды1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Бұл хадистің осы түрде риуаят етілгенін білмеймін. Тек “Мәликке жеткеніне қарағанда” деген сөз бар».
28
Муатта, 17-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруә әкесінен жеткізеді: «Мәдинада екі адам бар еді. Олардың бірі қазған қабірлеріне лақат жасайтын, екіншісі жасамайтын. Ардақты Пайғамбар қайтыс болған кезде сахабалар: “Қайсысы бұрын келсе, Алла елшісінің (с.а.с.) қабірін сол қазсын”, – деді. Алдымен қазған қабірлеріне лақат, яғни жанынан қазылатын қосымша қуыс жасайтын адам келді. Осылайша ардақты Пайғамбардың қабірі де лақатты болды1».

  1. 1Ибн Мәжа, «Жәнаиз», 6/40. Ибн Аббастан.
29
Муатта, 17-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үмму Сәләмадан риуаят етіледі: «Жер қазған дыбыстарды естігенге дейін Алла елшісінің (с.а.с.) қайтыс болғанына сене алмадым1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Бұл хадистің Үмму Сәләмадан емес, Айшадан муттасыл түрінде жеткенін білемін».
30
Муатта, 17-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен риуаят етіледі: Әзірет Айша былай деді: «Түсімде бөлмеме үш ай түскенін көрдім. Осыдан кейін түсімді дереу Әзірет Әбу Бәкірге айтып бердім.

Алла елшісі (с.а.с.) қайтыс болған кезде менің бөлмеме жерленді. Сонда Әзірет Әбу Бәкір маған: “Түсіңде көрген айлардың бірі әрі ең қайырлысы – осы!” – деді».

31
Муатта, 17-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик көптеген сенімді кісілерден былай жеткізеді: «Сағд ибн Әби Уаққас пен Амр ибн Нүфәйлдің немересі Сағид ибн Зәйд Мәдина маңындағы Ақиқ деген жерде қайтыс болды. Содан кейін мәйіттері Мәдинаға әкелініп, сол жерде жерленді».

32
Муатта, 17-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруә әкесінен жеткізеді: «Қабірімнің Бақи зиратында болғанын қаламаймын. Басқа жерге жерленгенім мен үшін ол жерге жерленуден артық. Өйткені қабірім не бір залымның қабірінің орнында болады, ал мен онымен бірге болуды қаламаймын; не бір салих кісінің қабірінің орнында болады, ал мені жерлеу үшін оның сүйектерінің орнынан шығарылуына көңілім разы емес1».

  1. 1Бақи зиратының орны шектеулі болғандықтан, кейін қазылған қабірлер көбіне бұрынғы қабірлердің орнына сәйкес келетін. Жоғарыдағы сөз осы жағдайға қатысты айтылған.

11-бапЖаназаны алып өткен кезде орыннан тұру және қабірдің үстіне отыру

33
Муатта, 17-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Әли ибн Әбу Талиб былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) жаназа өткен кезде орнынан тұратын. Кейін мұндайда орнынан тұрмай, отыратын болды1».

  1. 1Муслим, «Жәнаиз», 11/82. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 310.
34
Муатта, 17-кітап, № 34
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Әли ибн Әбу Талиб қабірлерге басын қойып, олардың үстіне жатады екен».

Имам Мәлик былай деген: «Қабірлердің үстіне отыруға тыйым салынған. Менің пікірімше, бұл тыйым қабір үстінде дәрет сындырып, оны былғамауға қатысты».

35
Муатта, 17-кітап, № 35
Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Хунәйфтің ұлы Әбу Үмәмәдан риуаят етіледі: «Біз жаназаға қатысқанда, жамағаттың бәрі қабірдің басына келіп болғанға дейін отырмайтынбыз».

12-бапМәйітті жоқтап жылау

36
Муатта, 17-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Атик былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) Абдуллаһ ибн Сәбитті зиярат етуге келген еді. Оны ес-түссіз жатқан күйде көрді. Дауыстады, бірақ жауап ала алмады. Сонда: “Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиғун”, яғни “Шүбәсіз, бәріміз бір Аллаға тиесіліміз және түбінде Оған қайтамыз”, – деді де: “Әбу Рабиғ, саған үлгере алмадық!” – деп қосты. Мұны көрген әйелдер дереу дауыстап жылай бастады. Жәбир оларды тыныштандыруға тырысып жатты. Алла елшісі (с.а.с.): “Оларға тиіспе! Бірақ жан шыққан соң жыламасын”, – деді. Сол жерде тұрғандар: “Жан шыққан соң деген не, уа, Расулалла?” – деп сұрағанда, ардақты Пайғамбар: “Рухын тапсырған кезде!” – деп жауап берді.

Абдуллаһ ибн Сәбиттің қызы: “Міндетті түрде шейіт болғаныңды қалар едім, өйткені сапарға дайындығыңды толық аяқтаған едің”, – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Алла әркімге ниетіне қарай береді. Сендер кімдерді шейіт деп санайсыңдар?” – деп сұрады. Сол жерде тұрғандар: “Алла жолында өлгендерді!” – деп жауап берді. Алла елшісі (с.а.с.) оларға: “Алла жолында өлгендерден басқа да жеті түрлі шейіт бар: оба ауруынан өлген адам – шейіт, суға батып өлген адам – шейіт, зәтул-жәнб ауруынан өлген адам – шейіт, іш ауруынан өлген адам – шейіт, өртте өлген адам – шейіт, үйінді астында қалып өлген адам – шейіт, босану кезінде қайтыс болған әйел – шейіт”, – деді1».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жәнаиз», 20/10; Нәсәи, «Жәнаиз», 21/14. Хадисте шейіт екені айтылған жеті топтағы адамдар – мұсылмандықты өмірінде ұстанған жандар. Ал аты ғана мұсылман болып, Исламның әмірлерін орындамайтындар бұл қасиетті дәрежеге жете алмайды. Шейіттік – Алланың сүйген құлдарына беретін сыйы. Егер адам хадисте аталған өлім себептерінің біріне ұшырамағанда, Аллаға әлі талай құлшылық етіп, қайырлы амалдар жасар еді. Осындай өлім себептері оның өмірін үзіп, алдағы құлшылықтарынан айырғандықтан, Алла оған сый ретінде шейіттік дәрежесін береді.
37
Муатта, 17-кітап, № 37
Қазақша аудармасы

Абдуррахманның қызы Амра былай деп баяндайды: «Мүміндердің анасы Әзірет Айшаға Абдуллаһ ибн Омардың: “Тірілердің жылағанынан мәйіт азапталады”, – дегені жеткізілгенде, Әзірет Айша: “Әбу Абдуррахманды Алла кешірсін, ол өтірік айтпайды. Бірақ не ұмытып қалған, не қателесіп тұр. Бірде Алла елшісі (с.а.с.) бір яһуди отбасының жанынан өтті. Олар өз отбасынан қайтыс болған бір адамды жоқтап жылап жатқан еді. Сонда ардақты Пайғамбар: ‘Сендер оны жоқтап жылап жатырсыңдар, ал ол дәл қазір қабірінде азапталып жатыр’, – деген”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Жәнаиз», 23/33; Муслим, «Жәнаиз», 11/25. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 320. Яһуди әйелдің қабірде азапталуы Әбу Абдуррахман түсінгендей, тірілердің оны жоқтап жылағанынан емес, Исламды қабылдамай, яһуди күйінде қайтыс болғанынан.

13-бапБасқа түскен қайғы-қасіреттің сауабын Алладан күту

38
Муатта, 17-кітап, № 38
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра Алла елшісінің (с.а.с.) былай деп бұйырғанын жеткізеді: «Үш баласы қайтыс болған мұсылманға Алланың антының талабын орындаудан өзге жағдайда тозақ азабы тимейді. Яғни тозақтан өтіп бара жатқанда немесе онда аз ғана уақыт болғанда ғана азапты сезінуі мүмкін1».

  1. 1Бұхари, «Жәнаиз», 23/6; Муслим, «Әл-Бирр уәс-сила», 45/150. Алланың анты дегенде: «Сендерден тозақтың басына бармай қалатын ешкім болмайды. Бұл Раббыңның кесімді үкімі» («Мәриям» сүресі, 19/71), – деген аятта айтылған жағдай меңзеледі.
39
Муатта, 17-кітап, № 39
Қазақша аудармасы

Әбу Нәдр әс-Сәләмиден риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Үш баласы қайтыс болған әрбір мұсылман басына түскен қайғыға тек Алла разылығы үшін сабыр етсе, бұл балалардың әрқайсысы оны тозақтан қорғайтын қалқан болады». Мұны естіген сол жердегі бір әйел: «Екі баласы қайтыс болған адамға да осылай бола ма, уа, Расулалла?» – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Екі баласы қайтыс болған адамға да», – деді1.

  1. 1Муслим, «Әл-Бирр уәс-сила», 45/152.
40
Муатта, 17-кітап, № 40
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра ардақты Пайғамбардың былай деп бұйырғанын жеткізеді: «Мүмін адам бала-шағасы мен туыстарына келген қайғы-қасіреттерге өлгенге дейін сабыр етсе, оның ешбір күнәсі қалмайды».

14-бапБасқа түскен қайғы-қасіреттің сауабын Алладан күтудің артықшылығына қатысты өзге риуаяттар

41
Муатта, 17-кітап, № 41
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Әбу Бәкірдің немересі Абдуррахман ибн Қасымнан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Мұсылмандар басына түскен қиындықтарда менен айырылғанын еске алып, жұбаныш тапсын».

42
Муатта, 17-кітап, № 42
Қазақша аудармасы

Үмму Сәләмадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: “Кімнің басына бір қиындық келіп, Алла Тағаланың бұйырғанындай: ‘Шүбәсіз, бәріміз бір Аллаға тиесіліміз және түбінде Оған қайтамыз. Уа, Алла! Осы қиындықтың сауабын маған жаз, жоғалтқанымнан да қайырлысын нәсіп ет!’ – деп дұға етсе, Алла міндетті түрде оның дұғасын қабыл етеді”.

Әбу Сәләмә қайтыс болған кезде мен де осылай дұға еттім. Содан кейін ішімнен: “Әбу Сәләмәдан да қайырлы кім болуы мүмкін?” – деп, үмітім үзіліп еді. Сөйтсем, бар екен. Алла Тағала Әбу Сәләмә қайтыс болған соң, маған Алла елшісімен (с.а.с.) некелесуді нәсіп етті1».

  1. 1Муслим, «Жәнаиз», 11/4.
43
Муатта, 17-кітап, № 43
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед былай деп баяндайды: «Әйелім қайтыс болған еді. Мұхаммед ибн Кәғб әл-Қурази көңіл айтуға келіп, маған мынаны әңгімеледі: “Исраил ұлдарының арасында ғалым, түсінігі мол, құлшылығына берік, ижтиһад иесі бір адам бар еді. Оның әйелі бар еді. Екеуі бір-бірін қатты жақсы көретін. Бір күні әйелі қайтыс болды. Әлгі адам қатты қайғырып, үйінен шықпай, есігін жауып алды. Халықтан толық алыстап, үйіне ешкім кіріп-шықпайтын болды. Мұны естіген бір әйел келіп, есікшіге: ‘Оған бір шаруам түсіп тұр, пәтуа сұраймын. Міндетті түрде өзіне жолығуым керек!’ – деді. Есікке келгендердің бәрі қайтып кеткенімен, ол әйел кетпей: ‘Міндетті түрде өзіне жолығуым керек!’ – деп табандап тұрып алды.

Есікші жағдайды іште отырған кісіге білдіріп: ‘Мұнда бір әйел бар, сізден бір нәрсе сұрағысы келеді әрі міндетті түрде жолығуы қажет екенін айтады. Барлығы тарап кеткенімен, ол әлі кетпей тұр’, – деді. Сонда әйелі қайтыс болған кісі: ‘Кіргізіңдер!’ – деді. Әйел ішке кіріп: ‘Мен сізге бір мәселе жөнінде ақылдасу үшін келдім’, – деп сөз бастады. Әлгі адам: ‘Ол қандай мәселе?’ – деді.

Әйел: ‘Мен көрші бір әйелден уақытша бір әшекей бұйым алған едім. Оны кейде өзім тағып, кейде басқа адамдарға уақытша беретінмін. Біраз уақыттан кейін иесі сол әшекейін қайтарып беруімді сұрады. Қайтарып беруім керек пе?’ – деп түсіндірді. Ғалым кісі: ‘Иә, міндетті түрде қайтаруың керек!’ – деп жауап берді. Сонда әйел: ‘Бірақ бұл менде біраз уақыт тұрды ғой!’ – деп уәж айтты. Әлгі адам: ‘Қалай алсаң, солай қайтаруың керек’, – деп кесіп айтты. Сонда әйел: ‘Ендеше, Алла Тағаланың саған уақытша беріп, кейін хақылы түрде қайтарып алғанына, яғни әйеліңе неге бұлай қайғырып отырсың?’ – деп, негізгі мақсатын білдірді. Ғалым кісі осыдан ғибрат алып, сол әйелдің сөзі арқылы ақиқатты көрді”».

15-бапКебін тонаудың күнәсі

44
Муатта, 17-кітап, № 44
Қазақша аудармасы

Абдуррахманның қызы Амрадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) қабір тонаумен айналысқан әйел мен ер адамға лағынет айтқан1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Айшадан мүснад түрінде риуаят етіледі».
45
Муатта, 17-кітап, № 45
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Тірі мұсылманның қандай да бір сүйегін сындыру қалай күнә болса, қайтыс болған мұсылманның сүйегін сындыру да дәл сондай күнә1».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жәнаиз», 20/58; Ибн Мәжа, 6/63.

16-бапЖаназаға қатысты түрлі риуаяттар

46
Муатта, 17-кітап, № 46
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) қайтыс болар алдында кеудеме сүйенді. Құлақ түрсем: “Уа, Алла! Мені кешір, маған рақым ет және мені ұлы мәртебеге қауыштыра көр”, – деп дұға етіп жатыр екен1».

Имам Мәликке Әзірет Айшаның былай дегені жеткен: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ешбір пайғамбарға өлу-өлмеу мәселесінде таңдау берілмейінше, ол қайтыс болмайды”, – деген. Оның: “Уа, Алла! Мені ұлы мәртебеге қауыштыра көр”, – деп дұға еткенін естігенде, енді оның қайтыс болатынын түсіндім2».

  1. 1Бұхари, «Мағази», 64/83; Муслим, «Фәдаил әс-сахаба», 44/85.
  2. 2Бұхари, «Мағази», 64/83; Муслим, «Фәдаил әс-сахаба», 44/87.
47
Муатта, 17-кітап, № 47
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар Алла елшісінің (с.а.с.) былай деп бұйырғанын жеткізеді: «Сендердің бірің қайтыс болған кезде, таңертең және кешке оған барар орны көрсетіледі. Жәннаттық болса, жәннаттағы орны, тозақтық болса, тозақтағы орны көрсетіледі. Содан кейін: “Міне, қиямет күні қайта тірілгенге дейінгі орның – осы”, – делінеді1».

  1. 1Бұхари, «Жәнаиз», 23/90; Муслим, «Жәннат», 51/56.
48
Муатта, 17-кітап, № 48
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра ардақты Пайғамбардың былай деп бұйырғанын жеткізеді: «Адам баласының құйымшағынан басқа бүкіл денесі топырақта шіриді. Өйткені адам баласы құйымшақтан жаратылған, қайтадан содан дене бітеді1».

  1. 1Муслим, «Фитән», 52/142.
49
Муатта, 17-кітап, № 49
Қазақша аудармасы

Кәғб ибн Мәлик жеткізеді: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Мүміннің рухы құс сияқты. Қайта тірілетін күнге дейін жәннаттағы ағаштардан қоректенеді1».

  1. 1Нәсәи, «Жәнаиз», 21/117; Ибн Мәжа, «Зуһд», 37/32.
50
Муатта, 17-кітап, № 50
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра Алла елшісінің (с.а.с.) былай деп бұйырғанын жеткізеді: «Алла Тағала былай бұйырады: “Құлым Маған қауышуды жақсы көрсе, Мен де оған қауышуды жақсы көремін. Құлым Маған қауышуды қаламаса, Мен де оған қауышуды қаламаймын1”».

  1. 1Бұхари, «Тәухид», 97/35.
51
Муатта, 17-кітап, № 51
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра жеткізеді: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Өмірінде ешбір жақсылық жасамаған бір адам отбасына өзі өлгеннен кейін денесін өртеп, күлінің жартысын құрлыққа, жартысын теңізге шашып жіберуді өсиет етті. Ол: “Аллаға ант етемін, егер Ол мені қолға түсірсе, ешкімге бермегендей азап береді”, – деді. Әлгі адам қайтыс болған соң, отбасы оның өсиетін орындады. Сонда Алла Тағала құрлыққа әмір етіп, адамның күлі дереу жиналды. Сол сияқты теңізге де әмір етіліп, ондағы күлі де жиналды. Кейін әлгі адамнан: “Мұны не үшін істедің?” – деп сұрады. Адам: “Өзің жақсырақ білесің, Сенен қорыққанымнан істедім!” – деп жауап бергенде, Алла оны кешірді1».

  1. 1Бұхари, «Тәухид», 97/35; Муслим, «Тәубе», 49/24.
52
Муатта, 17-кітап, № 52
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Әрбір адам түйе ботасының анасынан кемшіліксіз туғаны сияқты, исламдық таза жаратылыспен туады. Кейін ата-анасы оны яһуди немесе христиан етеді. Жаңа туған түйе ботасынан бір кемшілік көресіңдер ме?» Сол жерде отырғандар ардақты Пайғамбардан: «Әлі сәби кезінде қайтыс болған бала туралы не айтасыз?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Алла олардың не істерін ең жақсы біледі», – деп жауап берді1.

  1. 1Бұхари, «Қадар», 82/3; Муслим, «Қадар», 46/24.
53
Муатта, 17-кітап, № 53
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Адам біреудің қабірінің жанынан өтіп бара жатып: “Шіркін, осы қабірде жатқанның орнында мен болсам ғой”, – демейінше, қиямет орнамайды1».

  1. 1Бұхари, «Фитән», 92/22; Муслим, «Фитән», 52/53.
54
Муатта, 17-кітап, № 54
Қазақша аудармасы

Әбу Қатада ибн Рибғи былай деп баяндаған: «Алла елшісінің (с.а.с.) жанынан бір мәйітті алып бара жатқан еді. Ол: “Бірі өзі тыныштық табады, енді бірінен өзгелер тыныштық табады”, – деді. Қасындағылар: “Бұл нені білдіреді, уа, Расулалла?” – деп сұрағанда, Ардақты Елші: “Егер ол мүмін адам болса, дүниенің азабы мен машақатынан құтылып, Алланың рақымына қауышады. Ал күнәһар адам болса, дүниеде қалған адамдар, елдер, ағаштар мен жануарлар одан құтылады”, – деді1».

Омар ибн Убайдуллаһтың азат еткен құлы Әбу Нәдрден риуаят етіледі: «Осман ибн Мазғун қайтыс болған кезде Алла елшісі (с.а.с.) оның жаназасына қатысып: “Дүниеде ешбір жамандыққа былғанбай кеттің”, – деді2».

  1. 1Бұхари, «Риқақ», 81/42; Муслим, «Жәнаиз», 11/61.
  2. 2Ибн Абдулбәр бұл хадисті Айшадан маусул түрінде риуаят еткен.
55
Муатта, 17-кітап, № 55
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) бір түні тұрып, киімдерін киіп, сыртқа шықты. Дереу күңім Бәрираға оның соңынан еруді тапсырдым. Алла елшісі Бақи зиратына дейін барып, сол жерге жақын маңда біраз уақыт тұрғаннан кейін қайтып келді. Бәрира одан бұрын келіп, жағдайды маған хабарлады. Таң атқанға дейін оған ештеңе айтпадым. Кейін болған жайттарды есіне салғанымда, ол: “Бақи зиратында жерленгендерге дұға ету үшін жіберілдім”, – деді1».

  1. 1Нәсәи, «Жәнаиз», 21/103.
56
Муатта, 17-кітап, № 56
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Мәйітті алып жүргенде асығыңдар. Егер қайтыс болған адам жақсы кісі болса, оны тезірек рахатқа қауыштырған боласыңдар. Ал жаман кісі болса, иықтарыңнан бір жүкті түсірген боласыңдар1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Риуаятшылардың көпшілігі мұны осы түрде мәуқуф етіп жеткізген. Марфуғ түрінде де риуаят етіледі». Бұхари, «Жәнаиз», 23/52; Муслим, «Жәнаиз», 11/50. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 306.