Қазақша аудармасы
Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Әзірет Айша мен Хафса таңертең ораза болатын. Оларға ас әкелінгенде, жеп, оразаларын бұзды. Сол кезде жандарына Алла елшісі (с.а.с.) келді. Әзірет Хафса әкесіне тартқан өжеттігімен әзірет Айшадан бұрын сөз бастап: “Уа, Алланың елшісі! Айша екеуміз сәресінде нәпіл ораза ұстауға ниет еткен едік. Бірақ бізге біреу ас сыйлап жіберген соң оразамызды бұздық”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Ендеше, оның орнына басқа бір күні қазасын ұстаңдар”, – деп бұйырды».1
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Нәпіл оразада ұмытып не қателесіп жеп-ішіп қойған адамға қаза қажет емес. Алайда “Бәрібір оразам бұзылды” деп, ішіп-жеуді жалғастырмай, сол күнгі оразасын кешке дейін толық ұстауы керек. Нәпіл ораза ұстаған адам оразасын бұзуға мәжбүрлейтін жағдайға тап болса да, оған қаза қажет емес. Бірақ оның негізгі мақсаты оразасын бұзу болмауға тиіс. Оразасын басына түскен үзір себепті ғана бұзуы керек. Нәпіл намаздың да үкімі осындай: намаз үстінде өз еркінен тыс себеппен дәреті бұзылып, қайта дәрет алу мүмкіндігі болмаса, сол намаздың қазасын өтеуі қажет емес».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Намаз, ораза, қажылық және соларға ұқсас ізгі ғибадаттарды нәпіл ретінде толық орындауға мүмкіндігі болмаса, адам оларды бастамауы керек. Мысалы, намазды бастап, ифтитах тәкбірін алса, екі рәкағатты толық оқиды. Ораза ұстай бастаса, сол күні кешке дейін ұстайды. Ихрамға кірсе, қажылығын аяқтайды; тауапқа кіріссе, жеті шәутін, яғни жеті айналымын толық орындайды. Басталған ғибадатты тастамай, аяқтауы қажет. Тек адам баласының басына келетін ауру не ғибадатты жалғастыруға кедергі болатын үзір себепті тоқтата алады. Осыған байланысты Алла Тағала Құран Кәрімде: “Әрі таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға дейін жеп-ішіңдер. Содан кейін күн ұясына батып, ымырт түскенге дейін оразаны толық ұстаңдар”, – деп бұйырады.2 Олай болса, бастаған оразасын толық аяқтау – уәжіп».
Ол сөзін былай жалғастырады: «Басқа бір аятта: “Қажылық парызы мен ұмраны Алла разылығы үшін өтеңдер”, – делінген.3 Өзіне парыз болған қажылығын өтеген мұсылман кейін нәпіл қажылықты бастап, оны аяқтамай кейінге қалдыра алмайды; ихрамнан шығып, жолдан қайтуы дұрыс емес. Нәпіл ғибадатты бастаған әрбір адам парыз ғибадатты толық орындағаны сияқты, оны да аяқсыз қалдырмауға тиіс».
Имам Мәлик былай дейді: «Естігендерімнің ішіндегі ең дұрысы – осы».4