Хумәйд ибн Қайс әл-Мәккиден риуаят етіледі: «Мүжәһид Бәйтулланы тауап етіп жүргенде, мен де қасында едім. Бір адам келіп: “Кәффарат оразасын қатарынан үзбей ұстау керек пе, әлде араға күн салып ұстауға бола ма?” – деп сұрады. Мен дереу: “Иә, қаласа, араға күн салып ұстай алады”, – деп жауап бердім. Мүжәһид: “Жоқ, үздіксіз ұстайды. Өйткені Үбәй ибн Кағбтың қырағатында ‘қатарынан үш күн’ делінген”, – деп қарсы шықты».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Меніңше, Алла Тағаланың Құранда белгілеген үкіміне сай, бұл ораза қатарынан ұсталады».
Имам Мәликке мынадай сұрақ қойылды: «Бір әйел рамазанда таңертең ораза ұстады. Әдеттегі хайыз мерзімі келмесе де, кенет анық қан көрінді. Ол тағы келер деп кешке дейін күтті, бірақ келмеді. Ертеңіне қайта қан келді, алайда бұл жолғысы алғашқы күнгіден аз еді. Кейін қан әдеттегі хайыз мерзімі жетпей тоқтады. Мұндай әйел намазы мен оразасын не істейді?» Имам Мәлик былай жауап берді: «Бұл – хайыз қаны. Оны көргенде оразасын бұзсын, кейін қазасын өтейді. Қан тоқтаған соң ғұсыл құйынып, оразасын ұстайды».
Имам Мәликтен былай деп сұралды: «Рамазанның соңғы күндерінде мұсылман болған адам сол айдың тек мұсылман болғаннан кейінгі күндерінде ғана ораза ұстай ма, әлде рамазанның бәрін қаза етуі керек пе?» Ол былай жауап берді: «Өткен күндердің қазасын өтемейді, мұсылман болған күнінен бастап ұстайды. Меніңше, мұсылман болған күнінің қазасын өтегені дұрыс».