Харис ибн Һишамның немересі Әбу Бәкір ибн Абдуррахман былай деп әңгімелейді: «Әкем екеуміз Мәруан ибн Хакәмнің жанында едік. Ол кезде Мәруан Мәдинаның әкімі болатын. Оған Әбу Һурайраның: “Жүніп күйінде таң атырған адам сол күні ораза ұстай алмайды”, – дегені жеткізілді. Сонда Мәруан: “Абдуррахман! Мүміндердің аналары Айша мен Үммі Сәләмаға барып, мұндай риуаяттың бар-жоғын анықтап кел”, – деп нық тапсырды. Абдуррахман екеуміз жолға шықтық. Әзірет Айшаға барып, сәлем бергеннен кейін: “Уа, мүміндердің анасы! Біз Мәруанның жанында едік. Оған Әбу Һурайраның: ‘Жүніп күйінде таң атырған адам сол күні ораза ұстай алмайды’, – дегені жеткізілді. Сіз бұған не дейсіз?” – деп сұрадық. Әзірет Айша: “Әбу Һурайраның айтқанындай емес. Уа, Абдуррахман, Алла елшісінің (с.а.с.) жолынан өзге жолға түскің келе ме?” – деді. Абдуррахман: “Жоқ, әсте!” – дегенде, әзірет Айша: “Анық куәлік етемін: Алла елшісі (с.а.с.) ихтиләмнен емес, жыныстық қатынастан кейін жүніп күйінде таң атыратын. Содан кейін жуынып, сол күні оразасын ұстайтын”, – деді».
Ол сөзін былай жалғастырады: «Ол жерден шығып, Үммі Сәләмаға бардық. Одан да сұрадық. Ол әзірет Айшаның айтқанын қайталады. Содан Мәруанға оралдық. Абдуррахман оған ардақты Пайғамбардың жұбайлары айтқан сөздерді жеткізді. Сонда Мәруан: “Әбу Мұхаммед! Көлігің есік алдында тұр. Әбу Һурайраға да бар. Ол қазір Ақиқтағы егістігінде. Бұл жайды оған айт”, – деді. Абдуррахман екеуміз көлікке мініп, Әбу Һурайраға бардық. Абдуррахман сөйлеп, болған жайды айтып берді. Әбу Һурайра: “Мен мұны білмеймін. Маған біреу1 айтқан еді”, – деді».2