Сағид ибн Мусәйябтан риуаят етіледі: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір бәдәуи келді. Ол: “Құрыдым!” – деп басын ұрып, шашын жұлып тұр еді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл не жағдай?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Рамазанда ораза бола тұра әйеліммен жыныстық қатынас жасадым”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бір құл азат ете аласың ба?” – деп сұрады. Ол: “Жоқ!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бір ұрғашы түйені фидияға бере аласың ба?” – деді. Ол тағы да: “Жоқ!” – деді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Ендеше, отыр!” – деді. Алла елшісіне (с.а.с.) бір себет құрма әкелінді. Ол: “Мынаны ал да, садақа етіп бер”, – деді. Әлгі адам: “Бұған менен асқан мұқтаж адам жоқ”, – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Оны өзің же де, әйеліңмен қатынас жасаған күніңнің оразасының орнына бір күн қаза ұста!” – деп бұйырды».
Атадан риуаят етіледі: «Сағид ибн Мусәйябтан: “Бір себетте қанша құрма болады?” – деп сұрадым. Ол: “Он бес пен жиырма сағ аралығында болады”, – деп жауап берді».1
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ғалымдардың былай дегенін естідім: “Рамазанның қазасын өтеп жүрген адам күндіз әйелімен жыныстық қатынас жасап немесе басқа себеппен оразасын бұзса, оған Алла елшісі (с.а.с.) рамазан күндізінде жыныстық қатынас жасаған адамға міндеттеген кәффарат жүктелмейді. Ол тек сол күнгі оразасының қазасын өтейді”».
Имам Мәлик былай деген: «Бұл мәселеде естіген ең дұрыс үкімім – осы».
- 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «“Муаттаның” барлық риуаятшылары бұл хадисті осылай мүрсал түрде жеткізген. Мағынасы сахих жолдармен муттасыл түрде жеткен. Бірақ “Бір ұрғашы түйені фидияға бере аласың ба?” деген бөлігі махфуз емес».