Зәйд ибн Әсләм әкесінен жеткізеді: «Омар ибн Хаттабқа: “Зекет малдарының ішінде бір соқыр түйе бар”, – дедім. Ол: “Оны біреуге беріңдер, қажетіне жаратсын!” – деді. Мен: “Ол соқыр ғой!” – дедім. Омар (р.а.): “Көшке қосса, жүріп кетеді”, – деді. Мен: “Ал қалай жайылады?” – деп сұрадым. Сонда әзірет Омар: “Ол жизия малы ма, әлде зекет малы ма?” – деді. Мен: “Жизия малы”, – дедім. Омар (р.а.): “Түсіндім, сендер оны жегілерің келеді екен ғой!” – деді. Мен: “Үстінде жизия малы екенін білдіретін таңба бар”, – дедім. Содан әзірет Омардың әмірімен түйе сойылды».
Ол сөзін былай жалғастырады: «Омардың (р.а.) тоғыз табағы болатын. Жеміс-жидек немесе ұнамды тағам болса, міндетті түрде сол табақтарға салып, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына жіберетін. Қызы Хафса да ардақты Пайғамбардың жұбайы болғандықтан, оған да жіберетін, бірақ ең соңынан үлес бөлетін. Жетпей қалса, өз қызына жетпей қалсын деп ойлайтын. Бұл жолы да сойылған түйенің етін сол табақтарға салып, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларына жіберді. Қалған еттен тамақ әзірлеуді бұйырып, ансарлар мен мұһажирлердің біразын шақырды».
Имам Мәлик былай деген: «Жизия алынатындардан жизиядан өзге салық алуды дұрыс көрмеймін».