Хадис

Муатта, № 36

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
18. Зекет
бап
21. Зекет түспейтін егін өнімдері
Нөмірі
№ 36 (кітап ішіндегі рет реті)
36
Муатта, 18-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Адамның төрт уәсақ, яғни 240 сағ құрмасы, төрт уәсақ, яғни 240 сағ жүзімі, төрт уәсақ, яғни 240 сағ бидайы және төрт уәсақ, яғни 240 сағ бұршақ тұқымдас дақылы болса, олар бір-біріне қосылмайды. Әрқайсысы нисапқа жетпегендіктен, зекет берілмейді. Ал әрқайсысы жеке-жеке бес уәсаққа, яғни үш жүз сағқа жетсе, зекеті беріледі. Өйткені Пайғамбарымыз: “Бес уәсақтан, яғни үш жүз сағтан аз құрмаға зекет түспейді”, – деп бұйырған».

Ол сөзін былай жалғастырады: «Аталған азықтардың әрқайсысы жеке-жеке бес уәсаққа, яғни үш жүз сағқа толғанда зекет түсер еді, ал бұл жағдайда түспейді. Мұның мәнісі мынадай: әртүрлі құрма бір-біріне қосылып, нисапқа жетсе, зекеті беріледі. Бидай да осылай есептеледі. Арпа, қабығы аршылған арпа, ақ бидай және сары бидай зекет есебінде бір тек саналады. Адам осы дақылдардан барлығы бес уәсақ, яғни үш жүз сағ өнім алса, нисапқа ие болып, зекетін береді. Нисапқа жетпесе, зекет берілмейді. Жүзімнің де үкімі осындай: қарасы да, қызылы да бір тек саналып, бәрі бірге есептеледі. Адам бес уәсақ, яғни үш жүз сағ жүзім жинаса, зекет парыз болады; одан аз болса, парыз болмайды. Бидай, құрма және жүзім сияқты, бұршақ тұқымдастардың да әртүрлісі зекет есебінде бір тек саналып, қосылады. Бес уәсаққа, яғни үш жүз сағқа жетсе, зекеті беріледі. Ноқат, жасымық, лобия және жұлбан бұршақ тұқымдастарға жатады. Адам осылардың бір ғана түрінен емес, әртүрлісінен өнім жинаса да, бәрі қосылып есептеледі, зекеті беріледі».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттаб дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдастардан алынатын салықты бөлек белгіледі. Келген христиан ирақтық, яғни набаттық саудагерлердің бұршақ тұқымдас өнімдерінен оннан бір, ал дәнді дақылдары мен жүзімінен жиырмадан бір кеден салығын алды».

Имам Мәлик былай дейді: «Біреу: “Нисапқа жетуі үшін бұршақ тұқымдастардың түрлері қалайша бір-біріне қосылады? Адам олардың ең жақсы түрінің бір келісін қолма-қол беріп, сапасы төменірегінің екі келісін ала алады. Ал бидай түрлерін бір-бірімен әртүрлі өлшемде айырбастауға болмайды ғой”, – деп қарсылық білдірсе, оған былай жауап беріледі: “Алтын мен күміс те зекет есептегенде бір-біріне қосылады. Бірақ белгілі бір мөлшердегі алтынды қолма-қол беріп, одан көп мөлшерде күміс алуға болады”».

Имам Мәлик былай дейді: «Екі адам ортақтасып сегіз уәсақ, яғни 480 сағ құрма жинап, тең бөліссе, оларға зекет түспейді. Ал басқа жағдайда бірінің үлесіне бес уәсақ, яғни үш жүз сағ, екіншісіне төрт уәсақ, яғни 240 сағ тисе, үш жүз сағ алған адамға зекет парыз болады, 240 сағ алған адамға парыз болмайды. Барлық серіктестікте үкім осындай».

Ол былай дейді: «Жиналған егін өнімінен, құрмадан немесе жүзімнен әрқайсысы жеке-жеке үш жүз сағ үлес алған адамдарға зекет парыз болады. Одан аз үлес алған ортақ иеге зекет түспейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, ұстанған қағида бойынша бидай, құрма, жүзім және басқа да дәнді дақылдар жиналғанда зекеті беріледі. Иесі зекетін берген өнімін бірнеше жыл бойы сақтап, кейін сата алады. Сатқан кезде түскен ақшасына бір жыл толмайынша, зекет түспейді».

Ол былай дейді: «Бұл өнімдер табыс ретінде немесе басқа жолмен иеленіліп, саудаға арналмаған болса, сауда мақсатында ұсталмайтын азық-түлік, дәнді дақыл және өзге мүлік үкімінде болады. Адам оларды иеленіп, жылдар бойы сақтаған соң алтынға не күміске сатса, сатқан күннен бастап түскен ақшасына бір жыл толмайынша, зекет міндеттелмейді. Ал саудаға арналған болса, яғни иесі зекетін берген мал-мүлкінің орнына осы тауарды сатып алып, сол күннен бастап бір жыл қолында ұстаса, сатқан сәтте зекетін береді».