Хадис

Намаз уақыттары

Кутуб ситтә, 6-том, 345-тарау · 56 хадис · № 2360–2415

Хадистер

2360
Кутуб ситтә, № 2360 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Мұса

عَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ أَتَاهُ سَائِلٌ يَسْأَلُهُ عَنْ مَوَاقِيتِ الصَّلَاةِ، فَلَمْ يَرُدَّ عَلَيْهِ شَيْئًا قَالَ: وَأَمَرَ بِلَالًا فَأَقَامَ الْفَجْرَ حِينَ انْشَقَّ الْفَجْرُ وَالنَّاسُ لَا يَكَادُ يَعْرِفُ بَعْضُهُمْ بَعْضًا، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الظُّهْرَ حِينَ زَالَتِ الشَّمْسُ، وَالْقَائِلُ يَقُولُ: قَدْ انْتَصَفَ النَّهَارُ وَهُوَ كَانَ أَعْلَمَ مِنْهُمْ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ بِالْعَصْرِ وَالشَّمْسُ مُرْتَفِعَةٌ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ بِالْمَغْرِبِ حِينَ وَقَعَتِ الشَّمْسُ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ بِالْعِشَاءِ حِينَ غَابَ الشَّفَقُ، ثُمَّ أَخَّرَ الْفَجْرَ مِنَ الْغَدِ حَتَّى انْصَرَفَ مِنْهَا، وَالْقَائِلُ يَقُولُ: قَدْ طَلَعَتِ الشَّمْسُ، أَوْ كَادَتْ، ثُمَّ أَخَّرَ الظُّهْرَ حَتَّى كَانَ قَرِيبًا مِنْ وَقْتِ الْعَصْرِ بِالْأَمْسِ، ثُمَّ أَخَّرَ الْعَصْرَ حَتَّى انْصَرَفَ مِنْهَا، وَالْقَائِلُ يَقُولُ: قَدِ احْمَرَّتِ الشَّمْسُ، ثُمَّ أَخَّرَ الْمَغْرِبَ حَتَّى كَانَ عِنْدَ سُقُوطِ الشَّفَقِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.) намаз уақыттарын сұрады. Пайғамбар оған сол сәтте ештеңе демеді.

Таң атып, жұрт бірін-бірі әрең танитын шақта Біләлге бұйырды, ол таң намазының қаматын айтты. Күн төбеден ауғанда бесіннің қаматын айтқызды. Сол мезгілді өзгелерден жақсы білетін біреу: “Тал түс болды”, – деді. Содан соң күн әлі жоғары тұрғанда Біләлге екінтінің қаматын айтқызды. Күн батқанда ақшамның, ал көкжиектегі шапақ сөнгенде құптанның қаматын айтқызды. Келесі күні таң намазын кешіктірді. Намаздан шыққанда жұрт: “Күн шықты немесе шығуға таяды”, – десті. Бесінді де алдыңғы күні екінті оқылған мезгілге жуық оқыды. Екінтіні кешіктіргені сонша, намаздан шыққан кезде біреу: “Күн қызарып кетті”, – деді. Ақшамды шапақ сөнуге таяған шақта оқыды».

2361
Кутуб ситтә, № 2361 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «فَصَلَّى الْمَغْرِبَ قَبْلَ أَنْ يَغِيبَ الشَّفَقُ فِي الْيَوْمِ الثَّانِي، ثُمَّ أَخَّرَ الْعِشَاءَ حَتَّى كَانَ ثُلُثُ اللَّيْلِ الْأَوَّلُ، ثُمَّ أَصْبَحَ فَدَعَا السَّائِلَ، فَقَالَ: الْوَقْتُ بَيْنَ هَذَيْنِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта былай делінген: «Екінші күні ақшамды шапақ сөнбей тұрып оқыды. Құптанды түннің алғашқы үштен біріне дейін кешіктірді. Таң атқанда намаз уақытын сұраған адамды шақырып: “Намаз уақыты осы екі меженің арасында”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Мәсәжид», 178 (614); Әбу Дәуіт, «Салат», 2 (395); Нәсәи, «Мауақит», 15 (1/260–261). Мәтін Мүслимнен алынды.
2362
Кутуб ситтә, № 2362 · тараудағы реті: 3

وَفِي رِوَايَةٍ لِأَبِي دَاوُدَ: «فَأَقَامَ الْفَجْرَ حِينَ كَانَ الرَّجُلُ لَا يَعْرِفُ وَجْهَ صَاحِبِهِ أَوْ أَنَّ الرَّجُلَ لَا يَعْرِفُ مَنْ إِلَى جَنْبِهِ، ثُمَّ أَخَّرَ الْعَصْرَ حَتَّى انْصَرَفَ مِنْهَا، وَقَدِ اصْفَرَّتِ الشَّمْسُ، وَقَالَ فِي آخِرِهِ، وَرَوَاهُ بَعْضُهُمْ فَقَالَ: ثُمَّ صَلَّى الْعِشَاءَ إِلَى شَطْرِ اللَّيْلِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің бір риуаятында былай делінген: «Таң намазының қаматы айтылғанда, кісі жолдасының жүзін немесе қасында тұрған адамның кім екенін ажырата алмайтын. Екінші күні екінтіні кешіктірді. Намазды аяқтағанда күн сарғайған еді...»

Әбу Дәуіт риуаяттың соңында кейбір жеткізушілер «Содан кейін құптанды түн ортасына дейін кешіктіріп оқыды»1 деп жеткізгенін айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 2 (395, Әбу Мұса риуаятының соңындағы нұсқа).
2363
Кутуб ситтә, № 2363 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Бурайда

وَعَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَجُلًا سَأَلَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ وَقْتِ الصَّلَاةِ؟ فَقَالَ لَهُ: صَلِّ مَعَنَا هَذَيْنِ الْيَوْمَيْنِ: فَلَمَّا زَالَتِ الشَّمْسُ أَمَرَ بِلَالًا فَأَذَّنَ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الظُّهْرَ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الْعَصْرَ وَالشَّمْسُ مُرْتَفِعَةٌ بَيْضَاءُ نَقِيَّةٌ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الْمَغْرِبَ حِينَ غَابَتِ الشَّمْسُ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الْعِشَاءَ حِينَ غَابَ الشَّفَقُ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الْفَجْرَ حِينَ طَلَعَ الْفَجْرُ، فَلَمَّا أَنْ كَانَ الْيَوْمُ الثَّانِي أَمَرَهُ فَأَبْرَدَ بِالظُّهْرِ فَأَبْرَدَ بِهَا، فَأَنْعَمَ أَنْ يُبْرِدَ بِهَا، وَصَلَّى الْعَصْرَ وَالشَّمْسُ مُرْتَفِعَةٌ أَخَّرَهَا فَوْقَ الَّذِي كَانَ، وَصَلَّى الْمَغْرِبَ قَبْلَ أَنْ يَغِيبَ الشَّفَقُ، وَصَلَّى الْعِشَاءَ بَعْدَمَا ذَهَبَ ثُلُثُ اللَّيْلِ، وَصَلَّى الْفَجْرَ فَأَسْفَرَ بِهَا، ثُمَّ قَالَ: أَيْنَ السَّائِلُ عَنْ وَقْتِ الصَّلَاةِ؟ فَقَالَ الرَّجُلُ: أَنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ، فَقَالَ: وَقْتُ صَلَاتِكُمْ بَيْنَ مَا رَأَيْتُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. «الْإِبْرَادُ»: انْكِسَارُ الْوَهْجِ وَالْحَرِّ. وَمَعْنَى «أَنْعَمَ»: أَطَالَ الْإِبْرَادَ.

Қазақша аудармасы

Бурайданың (р.а.) айтуынша, бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.) намаз уақытын сұрады. Ол: «Осы екі күн бізбен бірге намаз оқы», – деді. Күн төбеден ауғанда Біләлге азан, содан соң бесін намазының қаматын айтқызды. Күн жоғары тұрып, нұры жарқырап тұрған шақта екінтінің қаматын айтқызды. Күн ұясына батқанда ақшамның, шапақ сөнгенде құптанның, таң атқанда таң намазының қаматын айтқызды. Екінші күні Біләлге күннің аптабы қайтқанша күте тұруды бұйырып, бесінді едәуір кешіктіріп оқыды. Екінтіні де алдыңғы күннен кеш, бірақ күн әлі жоғары тұрған шақта оқыды. Ақшамды шапақ сөнбей тұрып, құптанды түннің үштен бірі өткенде оқыды. Ал таң намазын айнала ағарғанша кешіктірді. Содан кейін: «Намаз уақытын сұраған адам қайда?» – деді. Әлгі кісі: «Мен, уа, Алла елшісі!» – деді. Алла елшісі: «Намаздарыңның уақыты өздерің көрген осы екі меженің арасында»1, – деді.

Түсіндірме

1. Бұл хадисте бес уақыт намаздың басы мен соңы көрсетілген. Алла елшісі (с.а.с.) сұраушы жақсы түсініп, жадында сақтасын деп, намаз уақыттарын екі күн бойы іс жүзінде көрсетті. Бірінші күні намаздарды уақыты кірісімен оқыса, екінші күні соңғы уақыттарына таятып оқыды. Осы межеден асса, намаз қазаға қалады. Содан соң сұраушыны шақырып, жауабын ісімен көрсеткенін айтты.

2. Намаздар осы екі меженің арасында оқылады. Басқа хадистерде намазды алғашқы уақытында оқудың абзалдығы айтылған. Бұл риуаятта да Алла елшісінің (с.а.с.) сұраушыға алдымен намаздың алғашқы уақыттарын көрсетуінен осы мән аңғарылады.

3. Сұраққа іс жүзінде жауап беру мәселені жақсы түсініп, ұзақ уақыт есте сақтауға көмектеседі.

4. Мәселені оған қажеттілік туып, адамды тиісті сұрақ толғандырған кезде түсіндірген жөн. Сонда адам жауапты зейін қойып тыңдайды әрі оның мәнін жақсырақ ұғады.

5. Риуаяттарда құптан намазының уақыты әртүрлі көрсетілген. Әбу Мұса мен Бурайданың риуаяттарында (№ 2361, 2363) түннің алғашқы үштен бірі, ал Әбу Дәуіттегі нұсқада (№ 2362) түн ортасы аталған. Құптанды қай уақытта оқыған абзал деген мәселеде де ғалымдардың пікірі әртүрлі. Ханафилер бойынша, құптанды түннің алғашқы үштен бірінің соңында оқу – мұстахаб. Кейбір ханафи ғалымдары оны түннің соңғы үштен бірі кірмей тұрып оқу мұстахаб деген. Осы пікірлерді ұштастыра келе, құптанды түннің алғашқы үштен бірі өтпей оқу дұрыс дегендер де бар.

Имам Шафиғиден екі пікір жеткен. Бірінде құптанды түннің алғашқы үштен біріне дейін, екіншісінде түн ортасына дейін оқу абзал делінеді. Нәуәуи екінші пікірді дұрыс санаған.

  1. 1Мүслим, «Мәсәжид», 176–177 (613); Тирмизи, «Салат» (152); Нәсәи, «Мауақит», 12 (1/258).
2364
Кутуб ситтә, № 2364 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: أَمَّنِي جِبْرِيلُ عَلَيْهِ السَّلَامُ عَنْدَ الْبَيْتِ مَرَّتَيْنِ، فَصَلَّى الظُّهْرَ فِي الْأُولَى مِنْهُمَا حِينَ كَانَ الْفَيْءُ مِثْلَ الشِّرَاكِ، ثُمَّ صَلَّى الْعَصْرَ حِينَ كَانَ كُلُّ شَيْءٍ مِثْلَ ظِلِّهِ، ثُمَّ صَلَّى الْمَغْرِبَ حِينَ وَجَبَتِ الشَّمْسُ، وَأَفْطَرَ الصَّائِمُ، ثُمَّ صَلَّى الْعِشَاءَ حِينَ غَابَ الشَّفَقُ، ثُمَّ صَلَّى الْفَجْرَ حِينَ بَرَقَ الْفَجْرُ، وَحَرُمَ الطَّعَامُ عَلَى الصَّائِمِ، وَصَلَّى الْمَرَّةَ الثَّانِيَةَ الظُّهْرَ حِينَ كَانَ ظِلُّ كُلِّ شَيْءٍ مِثْلَهُ لِوَقْتِ الْعَصْرِ بِالْأَمْسِ، ثُمَّ صَلَّى الْعَصْرَ حِينَ كَانَ ظِلُّ كُلِّ شَيْءٍ مِثْلَيْهِ، ثُمَّ صَلَّى الْمَغْرِبَ لِوَقْتِهِ الْأَوَّلِ، ثُمَّ صَلَّى الْعِشَاءَ الْآخِرَ حِينَ ذَهَبَ ثُلُثُ اللَّيْلِ، ثُمَّ صَلَّى الصُّبْحَ حِينَ أَسْفَرَتِ الْأَرْضُ، ثُمَّ الْتَفَتَ إِلَيَّ جِبْرِيلُ، فَقَالَ يَا مُحَمَّدُ: هَذَا وَقْتُ الْأَنْبِيَاءِ عَلَيْهِمُ الصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ مِنْ قَبْلِكَ، وَالْوَقْتُ فِيمَا بَيْنَ هَذَيْنِ الْوَقْتَيْنِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَهَذَا لَفْظُهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Жәбірейіл (а.с.) Қағбаның жанында екі күн маған имам болып намаз оқытты. Бірінші күні бесінді көлеңке аяқ киім бауындай болғанда, екінтіні әр заттың көлеңкесі өз бойына теңелгенде оқытты. Ақшамды күн батып, ораза ұстаған адам ауыз ашатын шақта, құптанды шапақ сөнгенде оқытты. Таң намазын таң атып, ораза ұстаған адамға тамақ жеуге тыйым салынған шақта оқытты. Келесі күні бесінді әр заттың көлеңкесі өз бойына теңелгенде, яғни алдыңғы күнгі екінті уақытында оқытты. Екінтіні әр заттың көлеңкесі өз бойынан екі есе ұзарғанда, ақшамды алдыңғы күнгі уақытында, құптанды түннің үштен бірі өткенде, таңды айнала ағарғанда оқытты. Содан кейін маған бұрылып: “Уа, Мұхаммед! Бұл – сенен бұрынғы пайғамбарлардың намаз уақыттары. Намаз уақыты осы екі меженің арасында”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, «Салат», 1 (149); Әбу Дәуіт, «Салат», 2 (393). Мәтін Тирмизиден алынды.
2365
Кутуб ситтә, № 2365 · тараудағы реті: 6

وَفِي رِوَايَةِ النَّسَائِيِّ عَنْ جَابِرٍ: «ثُمَّ أَتَاهُ حِينَ امْتَدَّ الْفَجْرُ، وَأَصْبَحَ وَالنُّجُومُ بَادِيَةٌ مُشْتَبِكَةٌ فَصَنَعَ كَمَا صَنَعَ بِالْأَمْسِ فَصَلَّى الْغَدَاةَ».

Қазақша аудармасы

Нәсәидің Жәбирден (р.а.) жеткізген риуаятында: «Содан кейін Жәбірейіл таң сөгіліп, жұлдыздар әлі жиі көрініп тұрған шақта келді. Сөйтіп, алдыңғы күні істегенін қайталап, таң намазын оқыды. Содан кейін: “Намаздың уақыты осы екі меженің арасында”, – деді».1

  1. 1Нәсәи, «Мауақит», 10 (513).
2366
Кутуб ситтә, № 2366 · тараудағы реті: 7

وَفِي أُخْرَى: «فَصَلَّى الظُّهْرَ حِينَ زَالَتِ الشَّمْسُ، وَكَانَ الْفَيْءُ قَدْرَ الشِّرَاكِ، ثُمَّ صَلَّى الْعَصْرَ حِينَ كَانَ الْفَيْءُ مِثْلَ الشِّرَاكِ، وَظِلِّ الرَّجُلِ، ثُمَّ صَلَّى الْمَغْرِبَ حِينَ غَابَتِ الشَّمْسُ، ثُمَّ صَلَّى الْعِشَاءَ حِينَ غَابَ الشَّفَقُ، ثُمَّ صَلَّى الْفَجْرَ حِينَ طَلَعَ الْفَجْرُ، ثُمَّ صَلَّى الْغَدَ الظُّهْرَ حِينَ كَانَ الظِّلُّ طُولَ الرَّجُلِ، ثُمَّ صَلَّى الْعَصْرَ حِينَ كَانَ ظِلُّ الرَّجُلِ مِثْلَيْهِ، ثُمَّ صَلَّى الْمَغْرِبَ حِينَ غَابَتِ الشَّمْسُ، ثُمَّ صَلَّى الْعِشَاءَ إِلَى ثُلُثِ اللَّيْلِ، أَوْ نِصْفِ اللَّيْلِ، ثُمَّ صَلَّى الْفَجْرَ فَأَسْفَرَ». وَالْمُرَادُ «بِالشِّرَاكِ»: أَحَدُ سُيُورِ النَّعْلِ.

Қазақша аудармасы

Тағы бір риуаятта былай делінеді: «Бесінді күн төбеден ауып, көлеңке аяқ киімнің бауындай болғанда оқыды. Содан соң екінтіні көлеңке адамның бойына аяқ киім бауындай бастапқы көлеңке қосылған шамада оқыды. Ақшамды күн батқанда, құптанды шапақ сөнгенде, таң намазын таң атқанда оқыды. Келесі күні бесінді көлеңке адамның бойындай болғанда, екінтіні адам көлеңкесі өз бойынан екі есе ұзарғанда оқыды. Ақшамды күн батқанда оқыды. Құптанды түннің үштен біріне немесе жартысына қарай оқыды. Таң намазын оқығанда айнала ағарды»1.

Түсіндірме

Хадистегі «ширақ» – аяқ киімнің үстіңгі қайыс бауы. Синди мұнымен күн төбеден ауған кездегі заттың бастапқы көлеңкесі меңзелгенін айтқан. Бұл көлеңкенің ұзындығы жер мен жыл мезгіліне қарай өзгереді. Күн дәл төбеден түскенде кей жерде көлеңке болмайды. Синдидің айтуынша, хадистің жалғасы осы түсінікті растайды: екінті уақыты бастапқы көлеңкеге заттың бойындай тағы бір көлеңке қосылғанда кіретіні айтылады.

  1. 1Нәсәи, «Мауақит», 7, 10, 15, 17 (1/251, 255, 261, 263).
2367
Кутуб ситтә, № 2367 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ لِلصَّلَاةِ أَوَّلًا وَآخِرًا، وَإِنَّ أَوَّلَ وَقْتِ صَلَاةِ الظُّهْرِ حِينَ تَزُولُ الشَّمْسُ، وَآخِرَ وَقْتِهَا حِينَ يَدْخُلُ وَقْتُ الْعَصْرِ، وَإِنَّ أَوَّلَ وَقْتِ الْعَصْرِ حِينَ يَدْخُلُ وَقْتُهَا، وَإِنَّ آخِرَ وَقْتِهَا حِينَ تَصْفَرُّ الشَّمْسُ، وَإِنَّ أَوَّلَ وَقْتِ الْمَغْرِبِ حِينَ تَغْرُبُ الشَّمْسُ، وَإِنَّ آخِرَ وَقْتِهَا حِينَ يَغِيبُ الشَّفَقُ، وَإِنَّ أَوَّلَ وَقْتِ الْعِشَاءِ حِينَ يَغِيبُ الْأُفُقُ، وَإِنَّ آخِرَ وَقْتِهَا حِينَ يَنْتَصِفُ اللَّيْلُ، وَإِنَّ أَوَّلَ وَقْتِ الْفَجْرِ حِينَ يَطْلَعُ الْفَجْرُ، وَإِنَّ آخِرَ وَقْتِهَا حِينَ تَطْلُعُ الشَّمْسُ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ إِلاَّ أَبَا دَاوُدَ، وَهَذَا لَفْظُ التِّرْمِذِيِّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Намаздың басталар және аяқталар уақыты бар. Бесіннің басы – күннің төбеден ауған шағы, соңы – екінті уақытының кірген шағы. Екінті уақыты кіргенде басталып, күн сарғайғанда аяқталады. Ақшам күн батқанда басталып, шапақ сөнгенде аяқталады. Құптан көкжиектегі шапақ жоғалғанда басталып, түн ортасында аяқталады. Таң намазы таң атқанда басталып, күн шыққанда аяқталады»1.

  1. 1Тирмизи, «Салат» (151). Салыстырыңыз: Нәсәи, «Мауақит», 6 (1/249–250).
2368
Кутуб ситтә, № 2368 · тараудағы реті: 9

وَفِي رِوَايَةِ مَالِكٍ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ رَافِعٍ مَوْلَى أُمِّ سَلَمَةَ: «أَنَّهُ سَأَلَ أَبَا هُرَيْرَةَ عَنْ وَقْتِ الصَّلَاةِ، فَقَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ أَنَا أُخْبِرُكَ: صَلِّ الظُّهْرَ إِذَا كَانَ ظِلُّكَ مِثْلَكَ، وَالْعَصْرَ إِذَا كَانَ ظِلُّكَ مِثْلَيْكَ، وَالْمَغْرِبَ إِذَا غَرَبَتِ الشَّمْسُ، وَالْعِشَاءَ مَا بَيْنَكَ وَبَيْنَ ثُلُثِ اللَّيْلِ، وَصَلِّ الصُّبْحَ بِغَبَشٍ، يَعْنِي: الْغَلَسُ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәліктің «Муаттасында» Үммі Сәләманың азат еткен адамы Абдулла ибн Рафиғтың Әбу Һурайрадан (р.а.) намаз уақыттарын сұрағаны айтылады. Әбу Һурайра оған: «Айтайын. Бесінді көлеңкең өз бойыңа теңелгенде, екінтіні көлеңкең екі есе ұзарғанда оқы. Ақшамды күн батқанда, құптанды түннің үштен біріне дейін, таң намазын алагеуімде оқы», – деген.1

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 9 (1/8).
2369
Кутуб ситтә, № 2369 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ مَالِكٍ قَالَ: «كَتَبَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ إِلَى عُمَّالِهِ إِنَّ أَهَمَّ أُمُورِكُمْ عِنْدِي الصَّلَاةُ، مَنْ حَفِظَهَا وَحَافَظَ عَلَيْهَا حَفِظَ دِينَهُ، وَمَنْ ضَيَّعَهَا فَهُوَ لِمَا سِوَاهَا أَضْيَعُ، ثُمَّ كَتَبَ: أَنْ صَلُّوا الظُّهْرَ إِذَا كَانَ الْفَيْءُ ذِرَاعًا إِلَى أَنْ يَكُونَ ظِلُّ أَحَدِكُمْ مَثْلَهُ، وَالْعَصْرَ وَالشَّمْسُ مُرْتَفِعَةٌ بَيْضَاءُ نَقِيَّةٌ قَدْرَ مَا يَسِيرُ الرَّاكِبُ فَرْسَخَيْنِ أَوْ ثَلَاثَةً قَبْلَ مَغِيبِ الشَّمْسِ وَالْمَغْرِبَ إِذَا غَرَبَتِ الشَّمْسُ، وَالْعِشَاءَ إِذَا غَابَ الشَّفَقُ إِلَى ثُلُثِ اللَّيْلِ، فَمَنْ نَامَ فَلَا نَامَتْ عَيْنُهُ، فَمَنْ نَامَ فَلَا نَامَتْ عَيْنُهُ، فَمَنْ نَامَ فَلَا نَامَتْ عَيْنُهُ، وَالصُّبْحُ وَالنُّجُومُ بَادِيَةٌ مُشْتَبِكَةٌ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәліктің айтуынша, әзірет Омар әкімдеріне былай деп хат жазған: «Мен үшін істеріңнің ең маңыздысы – намаз. Кім намазын сақтап, оны ұдайы орындаса, дінін сақтайды. Ал намазды зая қылған адам өзге істеріне одан бетер салғырт қарайды».

Әзірет Омар хатында былай деп жалғастырған: «Бесінді көлеңке бір шынтақ болған шақтан өз бойларыңа теңелгенге дейін оқыңдар. Екінтіні күн жоғары тұрып, нұры таймаған шақта, күн батқанша атты адам екі-үш фарсах жол жүре алатындай мезгіл қалғанда оқыңдар. Ақшамды күн батқанда, құптанды шапақ сөнген шақтан түннің үштен біріне дейін оқыңдар. Құптанды оқымай ұйықтағанның көзіне ұйқы кірмесін! Құптанды оқымай ұйықтағанның көзіне ұйқы кірмесін! Құптанды оқымай ұйықтағанның көзіне ұйқы кірмесін! Таң намазын жұлдыздар әлі жиі көрініп тұрған шақта оқыңдар»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят әзірет Омардың намазға қаншалық мән бергенін көрсетеді. Ол қарамағындағы елдің тұрмысына қатысты маңызды істерді назардан тыс қалдырмай, шешімін айтып отырған. Бұл хатта да намаз уақыттарын түсіндіріп, құптанды оқымай ұйықтамауды үш рет ескерткен. Бәззардың риуаятында бұл ескерту Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен.

2. «Жұлдыздар әлі жиі көрініп тұрған» деген тіркеске түпнұсқадағы «мүштәбикә» сөзі негіз болған. Бұл – жер беті ағарып үлгермей, жұлдыздар аспанда анық көрінетін мезгіл. Таң жарығы күшейгенде жұлдыздар біртіндеп көзден ғайып болады.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 6 (1/6–7).
2370
Кутуб ситтә, № 2370 · тараудағы реті: 11

وَفِي أُخْرَى لَهُ: «أَنَّ عُمَرَ كَتَبَ إِلَى أَبِي مُوسَى، وَذَكَرَ مِثْلَهُ، وَقَالَ: وَاقْرَأْ فِيهَا، أَيْ فِي صَلَاةِ الصُّبْحِ، بِسُورَتَيْنِ طَوِيَلَتَيْنِ مِنَ الْمُفَصَّلِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

«Муаттаның» тағы бір риуаятында әзірет Омардың (р.а.) Әбу Мұса әл-Ашғариге жазған хатында осы сөздерді қайталап, соңынан: «Таң намазында мұфассал сүрелерінен екі ұзын сүре оқы», – дегені айтылады.1

Түсіндірме

Әбу Мұса әл-Ашғари (р.а.) – қауымы құрметтеген, исламды алғаш қабылдаған мұсылмандардың бірі. Әзірет Омар (р.а.) оны Мұғира ибн Шуғбадан кейін Басраға әкім етіп тағайындаған. Жоғарыдағы хатты соған орай Әбу Мұсаға жолдаған. Алдыңғы риуаятта (№ 2369) Омардың намаз бен оның уақыттары туралы әкімдеріне хат жазғаны айтылды.

Риуаят Басра ғалымдары арқылы бүгінге жеткен. Халифа Омардың әкімдеріне таң намазында қандай сүрелер оқылатынын да жазып жібергені назар аударарлық.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 7 (1/7).
2371
Кутуб ситтә, № 2371 · тараудағы реті: 12

وَفِي أُخْرَى نَحْوَهُ، وَفِيهَا: «وَأَنْ صَلِّ الْعِشَاءَ فِيمَا بَيْنَكَ وَبَيْنَ ثُلُثِ اللَّيْلِ، فَإِنْ أَخَّرْتَ فَإِلَى شَطْرِ اللَّيْلِ، وَلَا تَكُنْ مِنَ الْغَافِلِينَ».

Қазақша аудармасы

Осыған ұқсас риуаятта әзірет Омардың Әбу Мұсаға жазған мына сөзі бар: «Құптанды түннің үштен біріне дейін оқы. Кешіктірсең, түн ортасынан асырма. Ғапылдардың қатарында болма!»1

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 8 (1/7).
2372
Кутуб ситтә, № 2372 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр

وَعَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: وَقْتُ الظُّهْرِ إِذَا زَالَتِ الشَّمْسُ، وَكَانَ ظِلُّ الرَّجُلِ كَطُولِهِ مَا لَمْ تَحْضُرِ الْعَصْرُ، وَوَقْتُ الْعَصْرِ مَا لَمْ تَصْفَرَّ الشَّمْسُ، وَوَقْتُ الْمَغْرِبِ مَا لَمْ يَغِبِ الشَّفَقُ، وَوَقْتُ صَلَاةِ الْعِشَاءِ إِلَى نِصْفِ اللَّيْلِ الْأَوْسَطِ، وَوَقْتُ صَلَاةِ الصُّبْحِ مِنْ طُلُوعِ الْفَجْرِ إِلَى أَنْ تَطْلُعَ الشَّمْسُ، فَإِذَا طَلَعَتْ فَأَمْسِكْ عَنِ الصَّلَاةِ فَإِنَّهَا تَطْلُعُ بَيْنَ قَرْنَيْ شَيْطَانٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وَهَذَا لَفْظُهُ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Бесін уақыты күн төбеден ауғанда басталады. Адамның көлеңкесі өз бойына теңелгенге, яғни екінті кіргенге дейін жалғасады. Екінті уақыты күн сарғайғанға дейін, ақшам уақыты шапақ сөнгенге дейін, құптан уақыты орташа ұзақтықтағы түннің жартысына дейін созылады. Таң намазының уақыты таң атқаннан күн шыққанға дейін жалғасады. Күн шыға бастағанда намаз оқуды тоқтат. Өйткені ол шайтанның екі мүйізінің арасынан шығады»1.

Түсіндірме

Ибн Хажар хадистегі «шайтанның екі мүйізі» дегенді оның басының екі жағы деп түсіндіреді. Бір жорамал бойынша, шайтан күн шығар тұста тұрады да, күн оның басының тұсынан көтеріледі. Күнге табынғандардың сол кезде жасаған сәждесі шайтанға жасалғандай болады. Күн батқанда да солай делінеді. Шайтан көрінетін болса, оны күннің жанында тұрған күйде көрер едік.

Ибн әл-Асир «ән-Ниһаяда» бұл тіркес бастың екі жағын білдіретінін айтқан. «Қарн» сөзін «күш» деп түсінгендер де бар. Бұл жорамал бойынша, күн шығарда шайтан әрекетке көшіп, күнге табынуды қолдағандай болады.

Ибн әл-Асир «қарн» сөзінің «дәуір», «заман» деген мағынасына сүйеніп, «қарнайн» тіркесін «екі дәуір» деп түсіндірген пікірді де келтіреді.

Бұл жорамалға сай, екі дәуір – бұрынғы және кейінгі екі үмбеттің заманы. Күн шыға бере сәжде ететіндер Аллаға құлшылық қылудың орнына күнге табынады. Бұл тұзақты шайтан құрғандықтан, күнге табынушы сәжде еткенде шайтан оның жанында тұрғандай бейнеленген.

Ғалымдардың осы түсіндірмелеріне мына ойды да қосуға болады. Таң намазының соңғы межесі – күннің шығуы. Сондықтан мүмін Раббысына парыз құлшылығын атқару үшін күн шықпай тұрып оянады. Күн шығып жатқанда намаз оқылмайды, сол сәтте аяқталмаған таң намазының қазасы өтеледі. Алла елшісі (с.а.с.) осы маңызды үкім мүміндердің жадында анық қалуы үшін оны шайтанмен байланыстыра айтқан. Дінде мәкрүһ не харам істердің шайтанға телініп айтылатын тұстары бар. Құранда да осындай баяндау тәсілі кездеседі. Мысалы, «Мәида» сүресінің 90–93-аяттарында ішімдікке, құмар ойынға және пұттарға қатысты тыйым осы түрде берілген. Сондықтан Ибн Хажар келтіріп, қабылдамаған дүниенің құрылысына қатысты заттық жорамалдарға жүгінудің қажеті жоқ.

Хадис мүміндерді ерте тұруға, уақытты бағалауға, істі жоспарлап, дер кезінде атқаруға тәрбиелейді. Адам өзін уақытқа бейімдеп, тәртіпке үйренеді, әр істің өз мезгілінде құнды екенін ұғады. Мұның адам мен қоғамға, денсаулық пен тұрмысқа, дүние мен ақыретке пайдасы бар. Қазақта да «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген сөз бар.

  1. 1Мүслим, «Мәсәжид», 173 (612); Әбу Дәуіт, «Салат», 2 (396); Нәсәи, «Мауақит», 15 (1/260). Мәтін Мүслимнен алынды.
2373
Кутуб ситтә, № 2373 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ أَبِي الْمِنْهَالِ قَالَ: «دَخَلْتُ أَنَا وَأَبِي عَلَى أَبِي بَرْزَةَ الْأَسْلَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ لَهُ أَبِي: كَيْفَ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي الْمُكْتُوبَةَ؟ فَقَالَ: كَانَ يُصَلِّي الْهَجِيرَةَ الَّتِي تَدْعُونَهَا الْأُوْلَى حِينَ تَدْحَضُ الشَّمْسُ، وَيُصَلِّي الْعَصْرَ، ثُمَّ يَرْجِعُ أَحَدُنَا إِلَى رِحْلِهِ فِي أَقْصَى الْمَدِينَةِ وَالشَّمْسُ حَيَّةٌ، وَنَسِيتُ مَا قَالَ فِي الْمَغْرِبِ، وَكَانَ يَسْتَحِبُّ أَنْ يُؤَخِّرَ الْعِشَاءَ الَّتِي تَدْعُونَهَا الْعَتَمَةَ، وَكَانَ يَكْرَهُ النَّوْمَ قَبْلَهَا وَالْحَدِيثَ بَعْدَهَا، وَكَانَ يَنْفَتِلُ مِنْ صَلَاةِ الْغَدَاةِ حِينَ يَعْرِفُ الْمَرْءُ جَلِيسَهُ، وَيَقْرَأُ بِالسِّتِّينَ إِلَى الْمِائَةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَفِي رِوَايَةٍ: «وَلَا يُبَالِي بِتَأْخِيرِ الْعِشَاءِ إِلَى ثُلُثِ اللَّيْلِ، ثُمَّ قَالَ إِلَى شَطْرِ اللَّيْلِ». وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ. قَوْلُهُ «وَالشَّمْسُ حَيَّةٌ»: أَيْ مُرْتَفِعَةٌ عَنِ الْمَغْرِبِ لَمْ يَتَغَيَّرْ لَوْنُهَا بِمُقَارَبَةِ الْأُفُقِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Минһәл Сәйяр ибн Сәләмә былай дейді: «Әкем екеуміз Әбу Бәрза әл-Әсләмиге (р.а.) бардық. Әкем одан: “Алла елшісі (с.а.с.) парыз намаздарды қалай оқитын?” – деп сұрады. Ол былай жауап берді: “Пайғамбар сендер ‘әл-әууәл’ деп атайтын бесін намазын күн төбеден ауғанда оқитын. Екінтіні оқып болған соң, біріміз Мәдинаның шет жағындағы үйіне жеткенде де күннің нұры әлі таймай тұратын”.

Ақшам туралы оның не дегенін ұмытып қалдым. Әбу Бәрза сөзін жалғады: “Сендер ‘атама’ деп атайтын құптанды кешіктіріп оқығанды ұнататын. Құптанға дейін ұйықтауды, одан кейін әңгіме айтуды құптамайтын. Таң намазынан адам қасында отырған кісіні тани алатын шақта шығатын. Намазда Құраннан алпыс пен жүздің арасында аят оқитын”». Басқа бір нұсқада құптанды түннің үштен біріне дейін кешіктіруге қарсы болмағаны, кейін түн ортасына дейін дегені айтылады.1

Түсіндірме

1. Хадистегі «һәжира» сөзі талтүстің ең ыстық шағын білдіреді. Синдидің айтуынша, бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) ыстық күндері де намазды уақыты кіргенде оқығанын көрсетеді. Күннің қызуы басылғанда оқуды бұйырған хадистермен салыстырсақ, бесіннің көп кешіктірілмегенін аңғарамыз. Ыстық күндері де ұзақ күтпесе, салқын күндері уақыт кірісімен оқу керек деген сөз.

Күннің қызуы басылғанша күтуді бұйырған хадис пен осы хадисті Ибн Хажар былай ұштастырады: «Екеуінің арасында қайшылық жоқ. Мұнда ауа райы салқын кездегі, салқындағанын күту туралы бұйрық берілмей тұрған кезге немесе күннің салқындауын күтуге жағдай болмаған кездегі амал айтылуы мүмкін. Хадистің тікелей мағынасына сүйенгендер: “Алғашқы уақыттың артықшылығына жету үшін дәрет алу, әуретті жабу сияқты алдын ала атқаруға болатын істерді намаз уақыты кірмей тұрып бітіру керек”, – деген».

2. Бесін – күндізгі намаздардың алғашқысы, сондықтан ол «әл-әууәл», яғни «алғашқы» деп аталған. Жәбірейіл (а.с.) бес уақыт намазды үйреткенде Алла елшісіне (с.а.с.) ең әуелі бесінді оқытқандықтан осылай аталған болуы да мүмкін.

3. Екінті уақытына қатысты «күннің нұры таймаған» деген сөз күннің батуға әлі жақындамағанын, сарғаймай, биікте жарқырап тұрғанын білдіреді. Хадис түсіндірушілері бұл күй заттың көлеңкесі өз бойынан екі есе ұзарғанға дейін сақталатынын айтады.

4. «Атама» – құптан уақытының атауы. Құранда «иша» делінген мезгілді бәдәуилер «атама» деп атаған. Осыдан «салат әл-атама» атауы шыққан. Ибн Хажар «атама» сөзінің «қараңғылық» деген мағына беретінін айтады. Алла елшісі (с.а.с.) намазға бәдәуилер қойған осы атты қолдануға тыйым салып, оны шариғаттағы атауымен атауды құп көрген.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 11, 13, 39, «Азан», 104; Мүслим, «Мәсәжид», 237 (647); Әбу Дәуіт, «Салат», 3 (398); Нәсәи, «Мауақит», 2, 20 (1/246, 265).
2374
Кутуб ситтә, № 2374 · тараудағы реті: 15

وَعَنْ مُحَمَّدٍ بْنِ عَمْرٍو بْنِ الْحَسَنِ بْنِ عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَدِمَ الْحَجَّاجُ الْمَدِينَةَ، فَكَانَ يُؤَخِّرُ الصَّلَاةَ، فَسَأَلْنَا جَابِرَ بْنَ عَبْدِ اللَّهِ فَقَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي الظُّهْرَ بِالْهَاجِرَةِ، وَالْعَصْرَ وَالشَّمْسُ نَقِيَّةٌ، وَالْمِغْرِبَ إِذَا وَجَبَتِ الشَّمْسُ، وَالْعِشَاءَ أَحْيَانًا يُؤَخِّرُهَا، وَأَحْيَانًا يُعَجِّلُ: إِذَا رَآهُمُ اجْتَمَعُوا عَجَّلَ، وَإِذَا رَآهُمُ أَبْطَئُوا أَخَّرَ، وَالصُّبْحُ كَانَ يُصَلِّيهَا بِغَلَسٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Амр ибн әл-Хасан ибн Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) былай дейді: «Хажжаж Мәдинаға келгенде, намазды әдеттегі уақытынан кешіктіріп оқитын. Сонда Жәбир ибн Абдулладан (р.а.) намаз уақытын сұрадық. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) бесінді талтүстің ыстығында, екінтіні күн жарқырап тұрғанда, ақшамды күн батқанда оқитын. Құптанды кейде кешіктіріп, кейде ерте оқитын: жұрттың жиналғанын көрсе, ертерек оқитын, кешігіп жатса, күтетін. Таң намазын алагеуімде оқитын”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 18, 21 (560, 565); Мүслим, «Мәсәжид», 234 (646); Әбу Дәуіт, «Салат», 3 (397); Нәсәи, «Мауақит», 18 (1/264).
2375
Кутуб ситтә, № 2375 · тараудағы реті: 16

وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِيِّ عَنْ أَنَسٍ: «وَيُصَلِّي الصُّبْحَ إِلَى أَنْ يَنْفَسِحَ الْبَصَرُ».

Қазақша аудармасы

Нәсәидің Әнәстан (р.а.) жеткізген риуаятында: «Таң намазын көздің шалымы кеңейгенге дейін оқитын», – делінген.1

Түсіндірме

Риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) құптанды жамағаттың жағдайына қарай оқығанын көрсетеді. Жұрт ертерек жиналса, намазды ерте оқыған, кешігіп жатса, жиналғанын күткен.

Соңғы хадис таң намазын оқуға қолайлы уақытты да көрсетеді. «Көздің шалымы кеңейгенге дейін» деген сөзден таң намазының уақыты сонымен бітеді деген мағына шықпайды. Көздің шалымы енді кеңейе бастағанда айналада әлі қараңғылық бар. Таң намазының уақыты күн шыққанға дейін жалғасады. Алла елшісі (с.а.с.) оны сол соңғы межеге жеткізбей оқыған.

  1. 1Нәсәи, «Мауақит», 29 (1/273, № 552).
2376
Кутуб ситтә, № 2376 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «كَانَ قَدْرُ صَلَاةِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ الظُّهْرَ فِي الصَّيْفِ ثَلَاثَةَ أَقْدَامٍ إِلَى خَمْسَةِ أَقْدَامٍ، وَفِي الشِّتَاءِ خَمْسَةَ أَقْدَامٍ إِلَى سَبْعَةِ أَقْدَامٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бесін оқығанда, көлеңке жазда үш табаннан бес табанға дейін, қыста бес табаннан жеті табанға дейін жететін»1.

Түсіндірме

Бұл өлшемге бастапқы көлеңке де, күн ауғаннан кейін оған қосылған көлеңке де кіреді.

Хаттаби көлеңкенің өлшемін былай түсіндіреді: «Ол әр өңірдің климаты мен орналасуына қарай өзгереді. Сондықтан қалалар мен елді мекендерде өлшем бірдей болмайды. Көлеңкенің ұзын-қысқалығы күннің аспанда қаншалық биік тұрғанына байланысты. Күн тас төбеге жақындаған сайын көлеңке қысқарады. Күн төмендеген сайын көлеңке ұзарады. Сондықтан қысқы көлеңке жазғы көлеңкеден ұзын келеді. Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқыған Мекке мен Мәдина екінші климаттық белдеуде орналасқан. Бұл қалаларда жаз маусымының басында, наурызда, көлеңке үш табаннан сәл ұзын болады дейді. Күннің қызуы күшейгенде, Алла елшісі (с.а.с.) намазды әдеттегіден кешірек оқыған тәрізді. Сол кезде көлеңке бес табанға жеткен. Қазанда қысқы көлеңке бес табан немесе одан сәл ұзын, ал қыстың ортасында жеті табан немесе одан сәл ұзын болады дейді. Демек, Ибн Мәсғуд айтқан өлшем осы климаттық белдеуге сай келеді, басқа белдеулер мен өлкелерде өлшем өзгеше болуы мүмкін.» Кей ғалымдар хадистегі табан өлшемі әр адамның бойына сай өз табанымен алынуы мүмкін деген. Кей ғалымдар күннің ауғанын анықтау үшін қабырғаға не тақтайға екі жаққа қисайтпай, тіке таяқша қағуды ұсынған. Көлеңке түзу тұрса, талтүс болғаны. Шығысқа қарай ойысса, күн төбеден ауып, бесін уақыты кіргені.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 4 (400); Нәсәи, «Мауақит», 6 (1/251, № 503).
2377
Кутуб ситтә, № 2377 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كُنَّ نِسَاءُ الْمُؤْمِنَاتِ يَشْهَدْنَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ صَلَاةَ الْفَجْرِ مُتَلَفِّعَاتٍ فِي مُرُوطِهِنَّ، ثُمَّ يَنْقَلِبْنَ إِلَى بُيُوتِهِنَّ حِينَ يَقْضِينَ الصَّلَاةَ، وَلَا يَعْرِفُهُنَّ أَحَدٌ مِنَ الْغَلَسِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. «التَّلَفُّعُ»: الْالْتِحَافُ وَالتَّغَطِّي. وَ«الْمُرُوطُ»: الْأَكْسِيَةُ. «الْغَلَسُ»: ظُلْمَةُ آخِرِ اللَّيْلِ قَبْلَ طُلُوعِ الْفَجْرِ وَأَوَّلِ طُلُوعِهِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Мүмін әйелдер жамылғыларына оранып, Алла елшісімен (с.а.с.) бірге таң намазын оқуға келетін. Намазды оқып болған соң үйлеріне қайтатын. Айнала әлі қараңғы болғандықтан, оларды ешкім тани алмайтын»1.

Түсіндірме

Бұл риуаят әйелдердің де таң намазына жамағатпен қатысқанын көрсетеді. Намаз біткен кезде де айнала оларды танып болмайтындай қараңғы еді.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 13, 27 (578), «Азан», 162, 165; Мүслим, «Мәсәжид», 231 (645); Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 4 (1/5); Әбу Дәуіт, «Салат», 8 (423); Тирмизи, «Салат», 116 (153); Нәсәи, «Мауақит», 25 (1/271).
2378
Кутуб ситтә, № 2378 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Айша

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَا رَأَيْتُ رَجُلًا كَانَ أَشَدَّ تَعْجِيلًا لِلظُّهْرِ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَلَا مِنْ أَبِي بَكْرٍ، وَلَا مِنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Бесін намазын Алла елшісінен (с.а.с.), Әбу Бәкір мен Омардан (р.а.) ертерек оқитын ешкімді көрмедім»1.

  1. 1Тирмизи, «Салат», 118 (155).
2379
Кутуб ситтә, № 2379 · тараудағы реті: 20

وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ أُمَّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَشَدَّ تَعْجِيلًا لِلظُّهْرِ مِنْكُمْ، وَأَنْتَمْ أَشَدُّ تَعْجِيلًا لِلْعَصْرِ مِنْهُ».

Қазақша аудармасы

Тирмизидің Үммі Сәләмадан (р.а.) жеткізген риуаятында былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) бесінді сендерден ертерек оқитын. Ал сендер екінтіні одан ертерек оқисыңдар»1.

  1. 1Тирмизи, «Салат» (156).
2380
Кутуб ситтә, № 2380 · тараудағы реті: 21Риуаят етуші: Хаббаб

وَعَنْ خَبَّابٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «شَكَوْنَا إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ حَرَّ الرَّمْضَاءِ فَلَمْ يُشْكِنَا. قَالَ زُهَيْرٌ لِأَبِي إِسْحَاقَ: أَفِي الظُّهْرِ؟ قَالَ: نَعَمْ. قُلْتُ: أَفِي تَعْجِيلِهَا؟ قَالَ: نَعَمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ. «الرَّمْضَاءِ»: شِدَّةُ الْحَرِّ عَلَى وَجْهِ الْأَرْضِ. وَقَوْلُهُ «فَلَمْ يُشْكِنَا»: أَيْ لَمْ يُزِلْ شَكْوَانَا.

Қазақша аудармасы

Хаббаб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) жердің күйдіріп тұрған ыстығын айтып шағындық. Бірақ шағымымыздың себебін жоятындай жеңілдік жасамады».

Зүһайр былай дейді: «Әбу Исхақтан: “Бұл бесін намазына қатысты ма?” – деп сұрадым. Ол: “Иә”, – деді. “Оны ерте оқығандарыңа байланысты ма?” – деп сұрадым. Ол тағы да: “Иә”, – деді».1

Түсіндірме

Соңғы үш хадис бесінді уақыты кірісімен оқуды меңзейді. Кей риуаятта күннің қызуы сәл басылғанша кешіктіруге рұқсат берілген. Бұл тарауда бесінді алғашқы уақытында оқу негізгі амал ретінде көрсетілген.

Фиқһ ғалымдары соңғы хадисті көбіне сәждеге қатысты келтіріп, маңдай мен жердің арасына бөгет қоймауға дәлел еткен. Жер күйіп тұрса да, Алла елшісі (с.а.с.) төсеніш төсеуді ұсынбаған. Намаз уақытына қатысты мағына Зүһайрдың Әбу Исхаққа қойған «Оны ерте оқығандарыңа байланысты ма?» деген сұрағынан аңғарылады. Берілген жауаптан бесін намазы қол мен бетті күйдірерліктей ыстықта да алғашқы уақытында оқылғаны көрінеді.

  1. 1Мүслим, «Мәсәжид», 189 (619); Нәсәи, «Мауақит», 2 (1/247).
2381
Кутуб ситтә, № 2381 · тараудағы реті: 22Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا نَزَلَ مَنْزِلًا لَمْ يَرْتَحِلْ حَتَّى يُصَلِّيَ الظُّهْرَ. قَالَ لَهُ رَجُلٌ: وَإِنْ كَانَ نِصْفَ النَّهَارِ؟ قَالَ: وَإِنْ كَانَ نِصْفَ النَّهَارِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сапарда аялдаған жерінен бесін намазын оқымай аттанбайтын». Бір кісі: «Талтүс болса да ма?» – деп сұрады. Әнәс: «Талтүс болса да», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

Бұл риуаятта да бесіннің алғашқы уақыты сөз болады. Синди «бір жерге аялдаса» дегенді бесіннің кіруіне аз уақыт қалғанда тынығып алу үшін аялдау деп түсіндіреді. Алла елшісі (с.а.с.) осындай кезде бесінді оқып барып сапарын жалғастырған. Әбу Дәуіт хадисті жолаушыға қатысты тарауда келтірген. Синдидің айтуынша, Әнәстің жауабы Алла елшісінің (с.а.с.) бесінді мүмкіндігінше ерте оқығанын білдіреді. «Күннің тең ортасы» деп аударылған талтүс – күннің тас төбеден батысқа қарай ауар алдындағы сәт. Дәл осы сәтте намаз оқу мәкруһ.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 273 (1205); Нәсәи, «Мауақит», 3 (1/248).
2382
Кутуб ситтә, № 2382 · тараудағы реті: 23Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ كَانَ يُصَلِّي الْعَصْرَ وَالشَّمْسُ وَاقِعَةٌ فِي حُجْرَتِي». زَادَ فِي رِوَايَةِ أَبِي دَاوُدَ: «قَبْلَ أَنْ تَظْهَرَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Бөлмеме күн түсіп тұрған шақта Алла елшісі (с.а.с.) екінті намазын оқитын». Әбу Дәуіттің риуаятында «бөлмеден күн шуағы кетпей тұрып» деген сөз қосылған.1

Түсіндірме

Бұл хадис те екінтінің ерте оқылғанын көрсетеді. Әзірет Айшаның (р.а.) бөлмесі тар, төбесі аласа болғандықтан, бөлме ішіне түскен күн шуағы көп тұрақтамайтын.

Хаттаби Әбу Дәуіттің риуаятындағы «зуһұр» сөзінің «туу», «көріну», «ортаға шығу» деген мағыналарын атап, бұл жерде ол «көтерілу», «кету» мағынасында қолданылғанын айтады. Сонда әзірет Айшаның сөзі «Алла елшісі екінтіні бөлмеме түскен күннің шуағы әлі кетпей тұрғанда оқитын» дегенді білдіреді.

Нәуәуи былай түсіндіреді: «Әзірет Айшаның бөлмесі тар, қабырғасы аласа болған. Қабырғаның биіктігі бөлменің енінен сәл қысқа еді. Қабырғаның көлеңкесі өз бойына теңелгенде, күннің шуағы бөлменің шетіне жетіп, әрі қарай ығысатын». Бөлмеде күн шуағының көрінуі күннің әлі биікте тұрғанын аңғартады. Ал қабырғаның көлеңкесі өз бойынан ұзара бастағанда, күн батыс көкжиекке қарай төмендейді. Демек, хадис екінтіні ерте оқығанды көрсетеді.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 13 (544), «Хумус», 4; Мүслим, «Мәсәжид», 169 (611); Әбу Дәуіт, «Салат», 5 (407); Тирмизи, «Салат», 120 (159); Нәсәи, «Мауақит», 8 (1/252).
2383
Кутуб ситтә, № 2383 · тараудағы реті: 24Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي الْعَصْرَ وَالشَّمْسُ مُرْتَفِعَةٌ حَيَّةٌ، فَيَذْهَبُ الذَّاهِبُ إِلَى الْعَوَالِي، فَيَأْتِي الْعَوَالِيَ وَالشَّمْسُ مُرْتَفِعَةٌ. وَبَعْضُ الْعَوَالِي مِنَ الْمَدِينَةِ عَلَى أَرْبَعَةِ أَمْيَالٍ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَفِي رِوَايَةٍ: «فَيَذْهَبُ الذَّاهِبُ مِنَّا إِلَى قُبَاءَ».

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) күн биікте жарқырап тұрғанда екінті намазын оқитын. Намаздан кейін бір кісі Мәдинаның шетіндегі Ауали қоныстарына1 барып жеткенде де күн әлі биікте тұратын. Ауалидің кейбір қоныстары Мәдинадан төрт миль қашық еді». Басқа нұсқада: «Арамыздағы бір кісі Құбаға баратын», – делінген.

  1. 1«Ауали» – «алия» сөзінің көпше түрі. Мәдинаның биік тұстарындағы шеткері қоныстар осылай аталған. № 2383–2385 риуаяттарының дереккөздері № 2385 хадистің соңында бірге берілді.
2384
Кутуб ситтә, № 2384 · тараудағы реті: 25

وَفِي أُخْرَى: «قَالَ أَسْعَدُ بْنُ سَهْلٍ بْنِ حُنَيْفِ: صَلَّيْنَا مَعَ عُمَرَ بْنِ عَبْدِ الْعَزِيزِ الظُّهْرَ، ثُمَّ خَرَجْنَا حَتَّى دَخَلْنَا عَلَى أَنَسٍ بْنِ مَالِكٍ فَوَجَدْنَاهُ يُصَلِّي الْعَصْرَ، فَقُلْتُ: يَا عَمِّ مَا هَذِهِ الصَّلَاةُ الَّتِي صَلَّيْتَ؟ قَالَ: الْعَصْرُ، وَهَذِهِ صَلَاةُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ الَّتِي كُنَّا نُصَلِّي مَعَهُ».

Қазақша аудармасы

Басқа риуаятта Әсғад ибн Сәһл ибн Хунәйф былай дейді: «Омар ибн Абдулазизбен бірге бесін намазын оқыдық. Содан шығып, Әнәс ибн Мәликке (р.а.) бардық. Барсақ, ол екінті намазын оқып жатыр екен. Мен: “Аға, жаңа оқығаныңыз қай намаз?” – деп сұрадым. Ол: “Екінті. Бұл – Алла елшісімен (с.а.с.) бірге оқыған намазымыз”, – деді».1

  1. 1Осы риуаяттың дереккөздері № 2385 хадистің соңында берілді.
2385
Кутуб ситтә, № 2385 · тараудағы реті: 26

وَفِي أُخْرَى قَالَ: «صَلَّى لَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْعَصْرَ، فَلَمَّا انْصَرَفَ أَتَاهُ رَجُلٌ مِنْ بَنِي سَلَمَةَ، فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا نُرِيدُ أَنْ نَنْحَرَ جَزُورًا لَنَا، وَإِنَّا نُحِبُّ أَنْ تَحْضُرَهَا. قَالَ: نَعَمْ، فَانْطَلَقَ وَانْطَلَقْنَا مَعَهُ فَوَجَدْنَا الْجَزُورَ لَمْ تُنْحَرْ، فَنُحِرَتْ، ثُمَّ قُطِّعَتْ، ثُمَّ طُبِخَ مِنْهَا، ثُمَّ أَكَلْنَا قَبْلَ أَنْ تَغِيبَ الشَّمْسُ».

Қазақша аудармасы

Тағы бір риуаятта былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге екінті намазын оқытты. Намаздан соң оған Бәни Сәләмадан бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі! Бір түйемізді соймақ едік. Сол жерде сіз де болсаңыз дейміз”, – деді. Пайғамбарымыз: “Жарайды”, – деп жолға шықты. Біз де ілестік. Барсақ, түйе әлі сойылмапты. Түйені сойып, мүшелеп, етінің бір бөлігін пісірді. Күн батпай тұрып, сол еттен жедік»1.

Түсіндірме

1. Соңғы үш хадис екінті намазының ерте оқылғанын көрсетеді. Екінтінің басталуын таң не ақшам намазындағыдай анық белгімен білу қиын. Ол кезде бүгінгідей сағат пен күнтізбе болмағандықтан, мезгілді әртүрлі белгілермен сипаттаған. Бір риуаятта Мәдинаның Ауали деп аталатын шеткері қоныстарына дейінгі жолдың уақыты айтылады. Олардың кейбірі қаладан төрт миль қашық еді. Күннің нұры тайып, сарғая бастауы мәкрүһ уақыттың кіргенін, яғни екінтіні оқуға қолайлы мезгілдің аяқталғанын білдіреді. Алыс қонысқа жеткенде де күннің нұры таймай, биікте тұрғанына қарап, екінтінің Пайғамбар мешітінде шамамен қашан оқылғанын білуге болады.

2. Үшінші хадисте екінті намазынан кейін Бәни Сәләманың қонысына барғаны, түйе сойылып, мүшеленгені, етінің бір бөлігі пісіріліп, желінгені айтылады. Мұның бәрі екінтінің алғашқы мезгілі мен күннің батар шағының арасында болған.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 13 (550), «Иғтисам», 16; Мүслим, «Мәсәжид», 192–197 (621–624); Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 11 (1/8–9); Әбу Дәуіт, «Салат», 5 (404–405); Нәсәи, «Мауақит», 8 (1/252–254).
2386
Кутуб ситтә, № 2386 · тараудағы реті: 27

وَعَنْ سَلَمَةَ بْنِ الْأَكْوَعِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ كَانَ يُصَلِّي الْمَغْرِبَ إِذَا غَرَبَتِ الشَّمْسُ وَتَوَارَتْ بِالْحِجَابِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ: «سَاعَةَ تَغْرُبُ الشَّمْسُ إِذَا غَابَ حَاجِبُهَا».

Қазақша аудармасы

Сәләмә ибн әл-Әкуағ (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ақшам намазын күн батып, перде жамылғандай көзден ғайып болғанда оқитын»1.

Әбу Дәуіттің риуаятында былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) ақшам намазын күн батып, оның жоғарғы жиегі көкжиектен жоғалған сәтте оқитын».

Түсіндірме

Хадисте ақшам намазының алғашқы уақыты күннің көкжиектен ғайып болуымен белгіленген. Риуаятшы күннің көзден тасалануын «перде жамылу» деп бейнелеген.

Әбу Дәуіттің риуаятында күннің батуы «хажибі жоғалғанда» деп сипатталған. «Хажиб» сөзінің тура мағынасы – көздің үстіндегі қас. Хадисте ол күннің жоғарғы жиегін білдіреді. Түрікше түсіндірмеде бұл тіркес күн батқан соң оның айналасында біраз сақталатын қызғылт реңкке де қатысты делінген. Автор осы түсіндірмеге сүйеніп, күннің дөңгелегі көкжиектен кеткен соң оның тікелей маңындағы қызғылт реңк те жоғалғанда ақшам уақыты кіреді дейді. Осы мезетте шығыс көкжиекке қараңғылық үйіріле бастайды.

Қазір намаз уақыттары дәл есептеліп, кесте түрінде де, ұялы телефон қосымшаларында да жарияланады. Сондықтан намаз уақытын білу жеңілдеді.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 18 (561); Мүслим, «Мәсәжид», 216 (636); Әбу Дәуіт, «Салат», 6 (417); Тирмизи, «Салат», 122 (164).
2387
Кутуб ситтә, № 2387 · тараудағы реті: 28Риуаят етуші: Рафиғ ибн Хадиж

وَعَنْ رَافِعٍ بْنِ خَدِيجٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نُصَلِّي الْمَغْرِبَ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فَيَنْصَرِفُ أَحَدُنَا وَإِنَّهُ لَيُبْصِرُ مَوَاقِعَ نَبْلِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Рафиғ ибн Хадиж (р.а.) былай дейді: «Біз Пайғамбармен (с.а.с.) бірге ақшам намазын оқитынбыз. Намаздан кейін арамыздағы біріміз садақ атса, жебелерінің қай жерге түскенін көретін»1.

Түсіндірме

Бұл риуаяттан мына жайттар аңғарылады.

1. Ақшам намазы уақыты кірісімен оқылған.

2. Намаз ұзаққа созылмаған. Намаз біткенде айналада жебенің түскен жерін байқарлықтай жарық бар еді. Сол жарық садақ атып жаттығуға да жеткен. Жарық тым қысқа уақыт сақталса, сайманды алып, қолайлы жерге барып жаттыққанға тұрмас еді. Мұны келесі риуаят айқынырақ көрсетеді.

3. Сахабалар әскери машықты ұдайы жетілдірген. Олар ақшам мен құптан арасындағы қысқа мезгілді де кәдеге жаратқан.

4. Сахабалардың нәпіл зікір айтып, намаз оқудың орнына әскери машыққа көңіл бөлуінен сол дайындықтың ғибадатпен қатар бағаланғанын аңғаруға болады. Алла елшісінің (с.а.с.) ақшам мен құптан арасында құлшылық жасауға үндеген хадистері көп. Бұл өсиеттер әскери дайындыққа мүмкіндігі мен жағдайы болмаған адамдарға арналған деген ой туады. Сахабалар әрдайым қайырлырақ істі таңдауға ұмтылған. Алла елшісінің садақ атуға ынталандырған хадистері бұрынырақ берілді (№ 2215–2218).

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 18 (559); Мүслим, «Мәсәжид», 217 (637).
2388
Кутуб ситтә, № 2388 · тараудағы реті: 29

وَلِلنَّسَائِيِّ: «عَنْ رَجُلٍ مِنْ أَسْلَمَ مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ ﷺ أَنَّهُمْ كَانُوا يُصَلُّونَ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ الْمَغْرِبَ، ثُمَّ يَرْجِعُونَ إِلَى أَهْلِيهِمْ إِلَى أَقْصَى الْمَدِينَةِ يَرْمُونَ يُبْصِرُونَ مَوَاقِعَ سِهَامِهِمْ».

Қазақша аудармасы

Нәсәи Әсләм тайпасынан шыққан бір сахабаның мына сөзін келтіреді: «Олар Пайғамбармен (с.а.с.) бірге ақшам намазын оқып, содан кейін Мәдинаның шетіндегі отбасыларына қайтатын. Садақ атқанда, жебелерінің қай жерге түскенін көретін»1.

  1. 1Нәсәи, «Мауақит», 13 (1/259).
2389
Кутуб ситтә, № 2389 · тараудағы реті: 30

وَعَنْ مَرْثَدٍ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ الْمُزَنِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَدِمَ عَلَيْنَا أَبُو أَيُّوبَ غَازِيًا، وَعُقْبَةُ بْنُ عَامِرٍ يَوْمَئِذٍ عَلَى مِصْرَ، فَأَخَّرَ عُقْبَةُ الْمَغْرِبَ، فَقَامَ إِلَيْهِ أَبُو أَيُّوبُ فَقَالَ: مَا هَذِهِ الصَّلَاةُ يَا عُقْبَةُ؟ فَقَالَ: شُغِلْنَا. قَالَ: أَمَا سَمِعْتَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: لَا تَزَالُ أُمَّتِي بِخَيْرٍ، أَوْ قَالَ عَلَى الْفِطْرَةِ، مَا لَمْ يُؤَخِّرُوا الْمَغْرِبَ إِلَى أَنْ تَشْتَبِكَ النُّجُومُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَ«اشْتِبَاكُ النُّجُومِ»: ظُهُورُ صِغَارِهَا بَيْنَ كِبَارِهَا حَتَّى لَا يَخْفَى مِنْهَا شَيْءٌ.

Қазақша аудармасы

Мәрсәд ибн Абдулла әл-Мүзәни былай дейді: «Әбу Әйюб бізге жорыққа келді. Ол кезде Уқба ибн Амир Мысырдың әкімі еді. Уқба ақшамды кешіктірді. Әбу Әйюб оған: “Уа, Уқба! Бұл қай намаз?” – деді. Уқба: “Шаруамыз болып қалды”, – деп жауап берді. Әбу Әйюб: “Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Үмбетім ақшамды жұлдыздар қаптағанша кешіктірмесе, игілікте’ немесе ‘фитратта қала береді’, – дегенін естімеп пе едің?” – деді».1 «Жұлдыздардың тоғысуы» деген тіркес ірі жұлдыздардың арасынан көмескі, ұсақ жұлдыздар да көрінетін шақты білдіреді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 6 (418).
2390
Кутуб ситтә, № 2390 · тараудағы реті: 31Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ لَهُ: يَا عَلِيُّ، ثَلَاثًا لَا تُؤَخِّرْهَا: الصَّلَاةَ إِذَا دَخَلَ وَقْتُهَا، وَالْجَنَازَةَ إِذَا حَضَرَتْ، وَالْأَيِّمَ إِذَا وَجَدْتَ لَهَا كُفْؤًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) маған: “Уа, Әли! Үш істі кешіктірме: уақыты кірген намазды оқуды, жаназа дайын болғанда оны шығаруды және некесіз әйелге өзіне тең жар табылғанда, оны некелеуді”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) осы хадисте маңызды үш істі атап, намаздың, жаназаның және неке қиюдың уақытын өткізіп алмауды ескертеді. Әсіресе намазды уақыты кіргенде оқудың маңызына назар аударады.

2. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, жаназа дайын болса, намаз оқу мәкрүһ мезгілде де жаназа намазын оқуға болады деген. Әли әл-Қари былай дейді: «Ханафи мәзһабында үкім мынадай: күн шығып, батып немесе тас төбеде тұрған мәкрүһ мезгілдің бірінде жаназа дайын болса, намазы кідіртілмей оқылады. Ал жаназа бұдан бұрын дайын болып, намазы осы уақыттарға қалдырылса, ол мезгілде оқу мәкрүһ саналады. Тиләуат сәждесінің үкімі де осындай. Таң намазының алдында не одан кейін және екінтіден кейін осы екі амалды жасау мәкрүһ саналмайды.»

3. Хадистегі «әйим» сөзі күйеуі жоқ әйелді білдіреді. Бұған тұрмысқа шықпаған қыз да, жесір әйел де кіреді. Мұндағы мақсат – некеге дайын әйелге лайықты адам сөз салғанда, істі созбау. Өзге хадистерде ер баланы да балиғатқа толған соң кешіктірмей үйлендіру құпталған. Бұл риуаятта әйелдің некесін созбаудың маңызы айрықша айтылған. Ер кісінің өзіне жар іздеуі оңайырақ, ал әйел адамға жар іздеу қиындау болатынын ескерсек, өсиеттің мәні ашыла түседі.

4. Некедегі теңдікке қатысты фиқһта ер адамның мұсылман, азат, ізгі, тегі белгілі, кәсіп иесі және адал табыс табатын адам болуы ескерілген. Бұған қоса, ерлі-зайыптылардың жарасымына ықпал ететін тәрбиесі, көрген өнегесі, мәдени ортасы мен тілінің ортақтығы да назарға алынуы мүмкін. Бірі қалада, екіншісі ауылда өскен адамдардың тұрмыс салтына бейімделуі кейде қиындық туғызады.

Осындай қасиеттері бар адамды менсінбей, шамасы жетпейтін шарттар қойып, одан лайықтырақ үміткер күтуді автор хадистің мазмұнына қайшы санайды. Неке қиюды қиындату исламның рухына жат. Пайғамбарымыз бұл істе де жеңілдікке шақырған. Бұл мәселе «Неке» тарауында, әсіресе № 5625–5627 хадистерде сөз болады.

  1. 1Тирмизи, «Салат», 127 (171).
2391
Кутуб ситтә, № 2391 · тараудағы реті: 32Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ قَالَ: مَنْ أَدْرَكَ مِنَ الصُّبْحِ رَكْعَةً قَبْلَ أَنْ تَطْلُعَ الشَّمْسُ، فَقَدْ أَدْرَكَ الصُّبْحَ، وَمَنْ أَدْرَكَ رَكْعَةً مِنَ الْعَصْرِ قَبْلَ أَنْ تَغْرُبَ الشَّمْسُ، فَقَدْ أَدْرَكَ الْعَصْرَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ بِهَذَا اللَّفْظِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім таң намазының бір рәкатын күн шықпай тұрып оқыса, таң намазына үлгергені. Кім екінті намазының бір рәкатын күн батпай тұрып оқыса, екінті намазына үлгергені”, – деді».

2392
Кутуб ситтә, № 2392 · тараудағы реті: 33

وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ وَالنَّسَائِيِّ: «إِذَا أَدْرَكَ أَحَدُكُمْ سَجْدَةً مِنْ صَلَاةِ الْعَصْرِ قَبْلَ أَنْ تَغْرُبَ الشَّمْسُ فَلْيُتِمَّ صَلَاتَهُ، وَإِذَا أَدْرَكَ سَجْدَةً مِنْ صَلَاةِ الصُّبْحِ قَبْلَ أَنْ تَطْلُعَ الشَّمْسُ فَلْيُتِمَّ صَلَاتَهُ». إِلَّا أَنَّ النَّسَائِيَّ قَالَ: «أَوَّلَ سَجْدَةٍ» فِي الْمَوْضِعَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Бұхари мен Нәсәи келтірген басқа риуаятта былай делінген: «Кім екінті намазының бір сәждесіне күн батпай тұрып үлгерсе, намазын аяқтасын. Кім таң намазының бір сәждесіне күн шықпай тұрып үлгерсе, ол да намазын аяқтасын».

Нәсәи нұсқасында екі жерде де «алғашқы сәждесіне» деп айтылған.1

Түсіндірме

1. Соңғы екі риуаят бойынша, екінті не таң намазының бір рәкатын өз уақытында оқып үлгерген адам қалған рәкаттарын уақыты шығып кетсе де толықтыра алады. Намаз уақытында өтелген болып саналады, кейін қазасы оқылмайды.

Екінші риуаятта «рәкат» орнына «сәжде» делінген. Нәсәидің бір нұсқасында «алғашқы сәжде» деп нақтыланған. Хаттаби мұны қиямы, рүкүғы және сәждесі бар толық бір рәкат деп түсіндіреді. Оның айтуынша, рәкат сәждемен аяқталатындықтан осылай аталған. Демек, таң немесе екінті намазының алғашқы рәкатын уақыты шықпай тұрып оқыған адам қалғанын жалғастырады.

Ғалымдар осы мәселеге қатысты өзге де хадистерді ескеріп, мынадай тұжырымдар айтқан.

• Екінті намазының бір рәкатын уақытында оқып үлгерген адам уақыт шығып кетсе де қалған рәкаттарын оқып бітіреді. Ғалымдар осы үкімге бірауыздан келіскен.

• Шафиғи, Мәлік және Ахмад таң намазына да осы үкімді қолданған. Ал Әбу Ханифаның пікірінше, күн шыға бастағанда, оқылып жатқан таң намазы бұзылады, өйткені сол сәтте намаз оқуға тыйым салынған мезгіл басталады. Екінті намазының үстінде күн батса, мұндай үкім жүрмейді.

• Кейбір ғалымдар: «Осы және осыған ұқсас хадистер таң намазын күн шыққан соң аяқтауға рұқсат береді. Алайда күн шыға бастағанда намаз оқуға тыйым салған риуаяттар тәуатүр дәрежесіне жеткен. Демек, рұқсат берген хадистердің үкімі жойылған», – деген. Ханафи ұстанымын қорғаған Айни былай түсіндіреді: «Бір мәселеде мүбаһ пен харам үкімі қатар келсе, харам үкімі негізге алынады. Өйткені заттар мен істердің бастапқы үкімі – мүбаһ. Тыйым кейін келгендіктен, ол бұрынғы үкімді жояды. Осыған сай, күн шыққаннан кейін намазды жалғастыруға тыйым салатын үкім кейін келген, амал соған сай жасалады».

• Кейбір ғалымдар бұл тыйым нәпіл намазға қатысты, парыз намаз оған кірмейді деген. Ханафилер № 2342 хадистегі оқиғаға сүйеніп, тыйымның парызға да, нәпілге де, өзге намаздарға да жүретінін айтқан. Олардың пікірінше, тыйымды нәпілмен ғана шектеуге басымдық беретін дәлел жоқ.

• Ханафилер осы хадиске сүйеніп: «Екінті уақыты күн батқанда аяқталады», – деген.

• Егер бала күн батпай тұрып балиғатқа толса, мұсылман емес кісі исламды қабылдаса, талып қалған адам есін жиса, ақыл-есінен айырылған кісі айықса немесе әйел хайыздан тазарса, оларға сол күннің екінті намазы парыз болады. Қалған уақыт намазды өтеуге жетпесе, кейін қазасын оқиды. Имам Зуфар: «Парызды толық орындауға жетпейтін уақытқа үлгеру ол намазды міндетті етпейді», – деп, бұл үкімге қосылмаған.

• Бір рәкаттан аз бөлігіне жеткен адам намаз уақытына, намаздың өзіне немесе жамағаттың сауабына үлгерді ме деген мәселеде пікір әртүрлі. Имам Мәлік, Шафиғи бір пікірінде және көпшілік ғалымдар мұндайда үшеуіне де үлгермеді деп санаған. Олар мына хадиске сүйенген: «Біз сәждеде тұрған кезде намазға келсеңдер, сендер де сәждеге барыңдар, бірақ оны бір рәкат деп есептемеңдер. Кім бір рәкатқа үлгерсе, намазға үлгергені»2.

• Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Шафиғи бір пікірінде мұндай адам намаздың үкіміне үлгерген болып саналады деген.

• Кейбір ғалымдар «рәкат» сөзі намаздың бір бөлігін білдіреді, сондықтан намазды бастау тәкбірін айтып үлгерген кісі намазға үлгерген болып саналады деген. Айни де осы пікірді ұстанған.3 Қуртуби Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Шафиғи бір пікірінде «күн батпай тұрып намазды бастау тәкбірін айтқан адам екінтіні оқып бітіреді» деген үкімде келіскенін жеткізеді. Бесінге қатысты пікірлер әртүрлі. Шафиғи бір пікірінде тәкбірге үлгерген адам бесінге де үлгерген деп санаған. Өйткені хадистерде бесін мен екінтінің уақыт межелері түйіседі. Ал басқа бір риуаятта, Шафиғи бесіннің бір рәкатының қиямына толық үлгерсе де, кейін қазасын өтеуі керек деген.

• Жұма намазына қатысты да пікірлер әртүрлі. Мәлік, Сәури, Әузағи, Ләйс, Зуфар, Мұхаммед, Шафиғи және Ахмад жұманың бір рәкатына үлгерген адам екінші рәкатты жалғыз өзі оқып бітіреді деген. Әбу Ханифа мен Әбу Юсуф: «Имам сәлем бермей тұрып намазды бастау тәкбірін айтып, жамағатқа қосылған адам екі рәкатты өзі толықтырады», – деген. Нахағи, Хакам және Хаммад та осы үкімді ұстанған. Ал Ата, Мәкхул, Тауыс және Мужаһид: «Жұма құтбасына үлгермеген кісі төрт рәкат оқиды. Өйткені жұма намазы құтбаға байланысты қысқартылған, құтба екі рәкаттың орнына жүреді», – деген.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 17, 28 (556, 579); Мүслим, «Мәсәжид», 163 (608); Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 5 (1/6); Тирмизи, «Салат», 137 (186); Әбу Дәуіт, «Салат», 5 (412); Нәсәи, «Мауақит», 11 (1/257–258), 28 (1/273).
  2. 2Әбу Дәуіт, «Салат» (893).
  3. 3Бұл пікірді қуаттайтын риуаяттарды Айни келтіреді.
2393
Кутуб ситтә, № 2393 · тараудағы реті: 34

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: إِذَا اشْتَدَّ الْحَرُّ فَأَبْرِدُوا بِالصَّلَاةِ، فَإِنَّ شِدَّةَ الْحَرِّ مِنْ فَيْحِ جَهَنَّمَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ بِهَذَا اللَّفْظِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ыстық күшейгенде, намазды күннің қызуы басылған шаққа қалдырыңдар. Өйткені аптап – жаһаннамнан тараған леп”, – деді».1

Түсіндірме

Хадисте аптапта бесін намазын күннің қызуы сәл басылғанша кешіктіру бұйырылған. Сөз бұйрық раймен айтылғанымен, ғалымдардың көпшілігі күннің қызуы басылғанша күтуді мұстахаб санаған. Бұл жол көрсету үшін айтылған өсиет дегендер де, уәжіп дегендер де бар. Кейбір ғалымдар кешіктіру жамағатпен оқылатын намазға қатысты, ал жеке оқыған адамға алғашқы уақытта оқу абзал деген.

Ханафилер, Ахмад ибн Ханбал және кейбір өзге ғалымдар бұл үкімнің жеке адамға да, жамағатқа да бірдей қолданылатынын айтқан.

Кейбір риуаяттарда сахабалардың сәжде кезінде маңдайы мен алақанын жердің ыстығы күйдіргенін Алла елшісіне (с.а.с.) айтқаны баяндалады. Ол күннің қызуы бәсеңдегенше бесінді кешіктіруге рұқсат берген. Кей риуаятта құм әбден салқындағанша күтуді сұрағаны, сонда бесіннің уақыты шығып кетуі мүмкін болғандықтан, рұқсат берілмегені айтылады. Демек, күтілетін салқындық жердің салқындауына емес, мезгілдің жайына байланысты. «Намазды алғашқы уақытта оқу абзал, өйткені сол кезде машақат көбірек» дегендер де бар. Ибн Хажар бұған былай жауап берген: «Амалдың абзалдығы машақатына байланысты емес. Кейде жеңілірек амал абзал болады. Мысалы, сапарда намазды қысқартып оқу абзал».

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 9, «Бәд әл-халқ», 10; Мүслим, «Мәсәжид», 180 (615); Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 28 (1/16); Әбу Дәуіт, «Салат», 4 (402); Тирмизи, «Салат», 7 (157); Ибн Мәжа, «Салат», 4 (677); Нәсәи, «Мауақит», 5 (1/248–249).
2394
Кутуб ситтә, № 2394 · тараудағы реті: 35

وَفِي رِوَايَةٍ لِمَالِكٍ: «إِنَّ النَّارَ اشْتَكَتْ إِلَى رَبِّهَا، فَأَذِنَ لَهَا فِي كُلِّ عَامٍ بِنَفَسَيْنِ: نَفَسٍ فِي الشِّتَاءِ، وَنَفَسٍ فِي الصَّيْفِ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәліктің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Жаһаннам Раббысына (бір бөлігім екінші бөлігімді жалмап барады деп) шағымданды. Сонда Раббысы оған жылына екі рет дем шығаруға рұқсат берді: бір демі қыста, бір демі жазда. (Жаздың ең қатты ыстығы мен қыстың ең қатты аязы – осы екі демнен)»1.

Түсіндірме

1. Бұл – мүрсал, яғни жеткізушілер тізбегі үзіліп жеткен хадис. Осы мазмұнды қуаттайтын, тізбегі үзілмеген риуаяттар да бар.

2. «Тәйсирдің» авторы хадисті ықшамдап, жаһаннамның неліктен шағымданғанын түсіріп қалдырған. Аудармада сол бөлік жақшаға алынды. Хадис соңында жақшаға алынған сөздер «Муаттадағы» риуаятта кездеспейді.

3. Жаһаннамның «Бір бөлігім екінші бөлігімді жалмап барады» деген шағымы ыстығының күшін білдіреді. Алла тағала оған жылына екі рет дем шығаруға рұқсат берген. Мұнда жаздың аптабы мен қыстың аязы тіршілік иесінің шығарған деміне теңеледі. Дем алу дегеніміз – ауаны ішке тартып, қайта шығару. Осы теңеу арқылы жаздың аптабы мен қыстың аязы жаһаннамның дүниеге жеткен бір деміндей суреттеледі.

4. Ғалымдар шағымның қалай айтылғаны жөнінде бірнеше пікір келтірген. Ол жаһаннамның күйін бейнелейтін астарлы сөз болуы, оны күзеткен періште арқылы жеткізілуі немесе Алла қалаған өзге жолмен айтылуы мүмкін деген. Кейбір ғалымдар екі түсініктің де қисыны бар десе, көпшілігі жаһаннам шын мәнінде сөйлеген дегенге тоқтаған. Қуртуби былай дейді: «Сөзді тура мағынасында түсінуге кедергі жоқ. Шын сөйлейтін Алла елшісі (с.а.с.) болуы мүмкін нәрсені хабарласа, оны жорамалдай бермей, тура мағынасында ұққан абзал». Нәуәуи де: «Дұрысы – сөзді тура мағынасында түсіну. Алла жаһаннамға тіл бітіріп, айтқанын ұғына алатын қабілет жаратқан», – деген.

Астарлы мағынаны жөн көрген Бәйдауи былай дейді: «Жаһаннамның шағымы – оның бұрқылдап қайнауының бейнесі. Бір бөлігінің екіншісін жалмауы – бөліктерінің бірінің үстіне бірі үйілуі. Ал оның дем шығаруы – сыртқа созылған бөліктерінің тысқа шығуының бейнесі.» Ал Зәйн ибн әл-Мүнир: «Тура мағынасы басым, өйткені Алланың құдіреті жаһаннамға тіл бітіруге жетеді», – деген.

5. Жаһаннамның «қыстағы демі» қыстың қақаған аязын меңзейді. Түсіндірмеде жаһаннамның бір қабаты айналасындағы жылуды тартып, қарып түсетіндей суық болады делінген. Мұндай қабат «зәмһарир» деп аталады. Жаһаннамда суықтың болуы туралы Ибн Хажар: «Мұны түсінуде қиындық жоқ. “От” дегенде оның мекені меңзеледі. Онда зәмһарир қабаты да бар», – деген.

6. Бұл хадис мұғтазиланың және «жаһаннам қиямет күні жаратылады» деген өзге топтардың пікірін теріске шығарады.

7. Ибн Хажар Бұхаридегі нұсқаға қарап, «Қыста да аяздың беті қайтқанша намазды кешіктіруге рұқсат берілуі керек» деген ой тууы мүмкін екенін айтады. Алайда фиқһ ғалымдарының ешқайсысы мұндай үкім айтпаған. Өйткені қыстың ең суық мезгілі таң намазының уақытына сәйкес келеді. Аяздың беті қайтқанша күтсе, таң намазының уақыты шығып кетеді.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 8 (537); Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 27 (1/15).
2395
Кутуб ситтә, № 2395 · тараудағы реті: 36Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي سَفَرٍ فَأَرَادَ الْمُؤَذِّنُ أَنْ يُؤَذِّنَ لِلظُّهْرِ، فَقَالَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَبْرِدْ، ثُمَّ أَرَادَ الْمُؤَذِّنُ أَنْ يُؤَذِّنَ، فَقَالَ لَهُ: أَبْرِدْ مَرَّتَيْنِ أَوْ ثَلَاثًا حَتَّى رَأَيْنَا فَيْءَ التُّلُولِ، ثُمَّ قَالَ النَّبِيُّ ﷺ: إِنَّ شِدَّةَ الْحَرِّ مِنْ فَيْحِ جَهَنَّمَ، فَإِذَا اشْتَدَّ الْحَرُّ فَأَبْرِدُوا بِالصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. «الْفَيْحُ»: اللَّفَحُ وَالْوَهَجُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Бір сапарда Алла елшісімен (с.а.с.) бірге едік. Азаншы бесінге азан шақырмақ болды. Алла елшісі оған: “Күннің қызуы басылғанын күт”, – деді. Біраздан кейін азаншы қайта оқталғанда, Пайғамбар осы сөзін екі не үш рет айтты. Сөйтіп, төбешіктердің көлеңкесі көрінгенше күттік.

Сонда Пайғамбар (с.а.с.): “Аптап – жаһаннамнан тараған леп. Күн қатты ысығанда, қызуы басылған соң намаз оқыңдар”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис аптапта сапар үстінде де бесінді кешіктіруге болатынын және кешіктірудің соңғы межесін аңғартады. Ғалымдар бұл межеге бірдей түсінік бермеген. Біреулер күн ауған шақтағы көлеңкеге бір шынтақ қосылғанша күтуге болады деген. Өзгелері көлеңке заттың төрттен біріне, үштен біріне не жартысына жеткенше күтуге болады деп жорамалдаған. Мәзири бұл айырмашылықты жыл мезгілі мен жердің ерекшелігіне байланысты түсіндіреді. Өлшем жағдайға қарай өзгергенімен, бесінді өз уақытының соңғы межесінен асыруға болмайды. Осыған сай Бұхаридің «Азан» кітабында Мүслим ибн Ибраһимнен жеткізілген «Намазды көлеңке төбешікке теңелгенше кешіктірді» деген сөзді түсіндіру қажет. Сөздің тікелей мағынасы көлеңке заттың бойына теңелгенше бесінді кешіктіруге болатындай көрінеді. Ибн Хажар «теңелу» деп көлеңкенің төбешіктің жанынан алғаш көрінуі меңзелген болуы мүмкін дейді. Бұл сөз сапарда айтылғандықтан, Пайғамбар бесін мен екінтіні қосып оқу үшін көлеңке заттың бойына теңелгенше бесінді кешіктірген болуы да мүмкін.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 9, 10, «Азан», 18, «Бәд әл-халқ», 10; Мүслим, «Мәсәжид», 184 (616); Әбу Дәуіт, «Салат», 4 (401); Тирмизи, «Салат», 119 (158).
2396
Кутуб ситтә, № 2396 · тараудағы реті: 37

وَعَنِ الْقَاسِمِ بْنِ مُحَمَّدٍ قَالَ: «مَا أَدْرَكْتُ النَّاسَ إِلَّا وَهُمْ يُصَلُّونَ الظُّهْرَ بِعَشِيٍّ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед былай дейді: «Мен көрген сахабалардың бәрі бесін намазын ғаший мезгілінде оқитын»1.

Түсіндірме

1. Риуаяттағы «нас» сөзі «адамдар» дегенді білдіреді. Қасым ибн Мұхаммед – табиғиндердің үлкендерінің бірі. Осы жерде ол өзі көрген сахабаларды меңзегендіктен, сөз «сахабалар» деп аударылды.

2. «Ғаший» – күн тас төбеден батысқа ауғаннан бастап көкжиектен батқанға дейінгі мезгіл. Кейде күн ауғаннан келесі таң атқанға дейінгі аралықты да осылай атайды. Сондықтан бұл сөздің өзі бесіннің нақты мезгілін көрсетпейді. Зұрқанидің түсіндіруінше, Қасым бесінді күннің қызуы басылған шаққа кешіктіруді меңзеген.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 13 (1/9).
2397
Кутуб ситтә, № 2397 · тараудағы реті: 38Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا كَانَ الْحَرُّ أَبْرَدَ بِالصَّلَاةِ، وَإِذَا كَانَ الْبَرْدُ عَجَّلَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) күн ыстықта бесін намазын аптап басылғанша кешіктіретін, ал күн суықта ертерек оқитын»1.

Түсіндірме

«Тәйсирде» бұл хадисті Әбу Мұса (р.а.) жеткізген делінген. Нәсәидің жинағында рауи ретінде Әнәс ибн Мәлик (р.а.) аталады. Мәтіндегі есім Нәсәидің нұсқасына сай берілді.

  1. 1Нәсәи, «Мауақит», 4 (499). Нәсәи нұсқасында хадисті Әнәс ибн Мәлик жеткізген.
2398
Кутуб ситтә, № 2398 · тараудағы реті: 39

وَعَنْ عَلِيِّ بْنِ شَيْبَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَدِمْنَا عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ الْمَدِينَةَ، فَكَانَ يُؤَخِّرُ الْعَصْرَ مَا دَامَتِ الشَّمْسُ بَيْضَاءَ نَقِيَّةً». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әли ибн Шәйбан (р.а.) былай дейді: «Мәдинаға, Алла елшісіне (с.а.с.) бардық. Ол екінті намазын кешіктіріп оқитын, бірақ күн әлі сарғаймай, жарқырап тұратын»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 5 (408).
2399
Кутуб ситтә, № 2399 · тараудағы реті: 40Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِذَا قُدِّمَ الْعَشَاءُ فَابْدَؤُوا بِهِ قَبْلَ صَلَاةِ الْمَغْرِبِ، وَلَا تَعْجَلُوا عَنْ عَشَائِكُمْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кешкі ас дастарқанға қойылса, ақшам намазынан бұрын асты ішіңдер. Ас үстінде асықпаңдар”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Ақшам намазының уақытында ас дайын тұрса, алдымен тамақтануды құптайтын бірнеше хадис бар. «Тәйсирдегі» нұсқада «Кешкі ас ұсынылса...», Бұхаридегі нұсқаларда «Кешкі ас дастарқанға қойылса...» және «Кешкі ас дайын тұрса...» делінген. Үшеуінің мағынасы бір.

Мұндағы астың дайын болуы – тамақтың адамның алдына қойылуы. Алла елшісі (с.а.с.) намазда адамның көңілі бөлінбеуін көздеген болса керек. Қарны ашқан кісі ас иісі аңқып тұрғанда ойын жинақтай алмай, намазын асығыс әрі ықылассыз оқуы мүмкін. Ибн Омардың (р.а.) алдына ас қойылғанда намаз басталып кетсе, ол асын ішіп бітпейінше намазға бармайтын, бірақ имамның қырағатын естіп отыратын.

2. Кей ғалым хадисте тек ақшам намазы аталғанына сүйеніп, бұл үкімді ақшам уақытына ғана қатысты деп түсінген. Әл-Фақһани оны барлық намазға қатысты деп есептейді. Өйткені аштық намазды ықыласпен оқуға кедергі келтіреді. Хадисте ақшамның аталу себебі – оның ауызашар уақытына сәйкес келуі. Ораза ұстамаған кісінің өзі осы мезгілде кейде ораза ұстаған адамнан да қатты ашығатыны айтылған.

3. Кей ғалым намаз бен ас қатар келгенде, аштықты басу үшін дәм татып, намаздан кейін асқа қайта отырып, тойғанша жеуді ұсынған. Бірақ мұндай тәсіл хадистегі «Ас үстінде асықпаңдар» деген сөзге сай келмейді.

4. Көпшілік ғалым бұл бұйрықты уәжіп деп санамаған. Олардың түсінігінше, ас ішпей тұрып намаз оқуға болады, бірақ тамақтанып алып, көңілі орнығып намазға тұрған абзал. Бірнеше ғалым ғана бұны уәжіп деп білген. Негізге алынғаны – көпшіліктің пікірі. Заһири ғалымдары дайын асты ішпей оқылған намазды жарамсыз санаған.

  1. 1Бұхари, «Атғима», 58, «Азан», 42 (672); Мүслим, «Мәсәжид», 64 (557); Тирмизи, «Салат», 262 (353); Нәсәи, «Имамат», 57 (2/111).
2400
Кутуб ситтә, № 2400 · тараудағы реті: 41Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِذَا أُقِيمَتِ الصَّلَاةُ وَحَضَرَ الْعَشَاءُ فَابْدَؤُوا بِالْعَشَاءِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Намазға қамат айтылып, кешкі ас та дайын тұрса, алдымен асты ішіңдер”, – деді»1.

  1. 1Бұхари, «Атғима», 58, «Азан», 42 (671); Мүслим, «Мәсәжид», 65 (558).
2401
Кутуб ситтә, № 2401 · тараудағы реті: 42Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «إِذَا وُضِعَ عَشَاءُ أَحَدِكُمْ وَأُقِيمَتِ الصَّلَاةُ فَابْدَؤُوا بِالْعَشَاءِ، وَلَا يَعْجَلْ حَتَّى يَفْرُغَ مِنْهُ». وَكَانَ ابْنُ عُمَرَ يُوضَعُ لَهُ الطَّعَامُ وَتُقَامُ الصَّلَاةُ فَلَا يَأْتِيهَا حَتَّى يَفْرُغَ، وَإِنَّهُ لَيَسْمَعُ قِرَاءَةَ الْإِمَامِ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алдарыңа кешкі ас қойылғанда, намазға қамат айтылса, алдымен асты ішіңдер. Ас ішіп біткенше асықпаңдар”, – деді».

Ибн Омардың (р.а.) алдына ас қойылған кезде намазға қамат айтылса, имамның қырағатын естіп отырса да, асын ішіп бітпейінше намазға бармайтын.

2402
Кутуб ситтә, № 2402 · тараудағы реті: 43

وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُبَيْدِ بْنِ عُمَيْرٍ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ أَبِي فِي زَمَانِ ابْنِ الزُّبَيْرِ إِلَى جَنْبِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، فَقَالَ عَبَّادُ بْنُ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الزُّبَيْرِ: إِنَّا سَمِعْنَا أَنَّهُ يُبْدَأُ بِالْعَشَاءِ قَبْلَ الصَّلَاةِ؟ فَقَالَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: وَيْحَكَ، مَا كَانَ عَشَاؤُهُمْ؟ أَتُرَاهُ كَانَ مِثْلَ عَشَاءِ أَبِيكَ؟».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің басқа нұсқасында Абдулла ибн Убәйд ибн Умәйр былай дейді: «Ибн Зубәйірдің тұсында әкем екеуміз Абдулла ибн Омардың (р.а.) жанында отырғанбыз. Сонда Аббад ибн Абдулла ибн Зубәйір: “Кешкі асты намаздан бұрын ішу керек деп естідік. Сол рас па?” – деп сұрады. Абдулла ибн Омар (р.а.): “Сонда олардың кешкі асы қандай еді? Әкеңнің кешкі асындай болды деп ойлайсың ба?” – деп жауап берді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Атғима», 10 (3759). Алдыңғы, № 2401 хадисті Бұхари («Азан», 42), Мүслим («Мәсәжид», 66, № 559), Мәлик («Муатта», «Истиғзан», 19, 2/971), Әбу Дәуіт («Атғима», 10, № 3757) және Тирмизи («Салат», 262, № 353–354) келтірген.
2403
Кутуб ситтә, № 2403 · тараудағы реті: 44Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تُؤَخِّرُوا الصَّلَاةَ لِطَعَامٍ وَلَا لِغَيْرِهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ас үшін де, басқа себеппен де намазды кешіктірмеңдер”, – деді»1.

Түсіндірме

Жәбир (р.а.) жеткізген бұл хадисте асты себеп етіп намазды кешіктірмеу бұйырылған. Алдыңғы риуаяттармен арадағы қайшылықты Хаттаби былай түсіндіреді: «Алдымен тамақтануға үндеген хадис асқа тәбеті ауып, намазда да көңілі тамаққа алаңдайтын адамға қатысты. Демек:

• кісі қарнының ашқанына шыдай алмай отырса;

• ас дайын тұрса;

• тамақтанғаннан кейін намаз оқуға уақыт жетсе, алдымен аштығын басып алғаны абзал. Сахабалардың кезінде тамақтану көп уақыт алмайтын. Олар бірнеше жұтым сүт, бір уыс құрма немесе соған ұқсас жеңіл ас ішетін. Ұзақ отыратын мол дастарқан жаймайтын. Солай тамақтану намазды көп кешіктірмейтін, ал уақытын өткізіп алу жайында сөз де болмаған.

Жәбирдің хадисіндегі “Ас үшін де, басқа себеппен де намазды кешіктірмеңдер” деген сөз мына жайттарға байланысты айтылған:

• намаз оқушының халі;

• астың сипаты мен мөлшері;

• намаздың уақыты. Атап айтқанда:

• ас әлі дастарқанға қойылмаса;

• адам аштығына шыдай алса;

• намаз уақыты кірсе, алдымен намаз оқып, содан кейін асқа отыру уәжіп».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Атғима», 10 (3758).
2404
Кутуб ситтә, № 2404 · тараудағы реті: 45Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَعْتَمَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِالْعِشَاءِ، فَخَرَجَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: الصَّلَاةَ يَا رَسُولَ اللَّهِ، رَقَدَ النِّسَاءُ وَالصِّبْيَانُ. فَخَرَجَ وَرَأْسُهُ يَقْطُرُ، يَقُولُ: لَوْلَا أَنْ أَشُقَّ عَلَى أُمَّتِي لَأَمَرْتُهُمْ بِالصَّلَاةِ هَذِهِ السَّاعَةِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) құптанды кешіктірді. Омар (р.а.) келіп: “Уа, Алланың елшісі, намаз оқиық. Әйелдер мен балалар ұйықтап қалды”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) басынан су тамшылаған күйі шығып: “Үмбетіме ауыр тимесе, құптанды осы уақытта оқуды бұйырар едім”, – деді»1.

Түсіндірме

1. «Тәйсирдің» авторы хадисті қысқартып келтірген. Бұл оқиғаны Айша мен Абдулла ибн Омар (р.а.) да риуаят еткен. Ибн Аббас (р.а.) намаздың біраз кешіккенін білдіріп: «Жұрт ұйықтап, оянды, қайта ұйықтап, тағы оянды. Сонда Омар орнынан тұрып...» – деп жалғастырады.

2. Бірнеше риуаяттан Алла елшісінің (с.а.с.) құптанды әдеттегі уақытынан кешіктіргені және Омардың (р.а.) келіп ескерткені анық аңғарылады. Кей нұсқада түннің жартысына дейін кешіккені айтылған. Келесі, № 2405 хадисте Әнәс (р.а.) те «түннің жартысы» деген тіркесті қолданған.

3. Бірқатар ғалым бұл хадиске сүйеніп, ұйқысы қысқан адам құптанды оқымай тұрып біраз ұйықтай алады деген. Осы пікірді ұстанған Бұхари Ибн Омар (р.а.) ұйқысы қысқанда, намазды өткізіп алудан қорықпаса, құптанды оқыған-оқымағанына қарамай ұйықтағаны туралы риуаятты келтіреді.

4. Кей ғалым хадистегі «түннің жартысы» дегенге сүйеніп, құптанның ерікті уақытын көкжиектегі шапақ жоғалғаннан түннің жартысына дейін деп белгілеген. Имам Нәуәуи құптанды оқуға рұқсат етілген уақыт таң намазының уақыты кіргенге дейін созылатынын айтады. Мүслим келтірген Әбу Қатада хадисінде: «Ұйқыда салғырттық жоқ. Салғырттық – намазды келесі намаздың уақыты кіргенше оқымау», – делінген.2

Әбу Қатада хадисінде бір намаздың уақыты келесі намаздың уақыты кіргенге дейін жалғасатыны айтылған. Көпшілік ғалым намаз уақытын белгілеуде осыны негізге алған. Әл-Истахри құптанды түннің жартысынан кейін оқыған кісі намазды қаза ретінде өтейді деп санаған.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 24; Мүслим, «Мәсәжид», 225 (642); Нәсәи, «Мауақит», 20 (1/265).
  2. 2Бұл риуаят № 2343 хадисте келтірілген.
2405
Кутуб ситтә, № 2405 · тараудағы реті: 46Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ سُئِلَ: هَلِ اتَّخَذَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ خَاتَمًا؟ قَالَ: «أَخَّرَ لَيْلَةً الْعِشَاءَ إِلَى شَطْرِ اللَّيْلِ، ثُمَّ أَقْبَلَ عَلَيْنَا بِوَجْهِهِ فَكَأَنِّي أَنْظُرُ إِلَى وَبِيصِ خَاتَمِهِ، وَقَالَ: إِنَّ النَّاسَ قَدْ صَلَّوْا وَرَقَدُوا، وَإِنَّكُمْ لَنْ تَزَالُوا فِي صَلَاةٍ مَا انْتَظَرْتُمُوهَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ. «الْوَبِيصُ»: الْبَرِيقُ وَاللَّمَعَانُ.

Қазақша аудармасы

Әнәстан (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) жүзік таққан ба?» – деп сұрағанда, ол былай деп жауап берді: «Бір түні құптанды түннің жартысына дейін кешіктірді. Содан соң бізге бет бұрды. Жүзігінің жарқылы әлі күнге көз алдымда тұрғандай. Ол: “Жұрт намазын оқып, ұйықтап қалды. Ал сендер намазды күткен уақыт бойы намаз оқығандай болдыңдар”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят құптанды түннің жартысына дейін кешіктіру сахабалардың әдеті болмағанын көрсетеді. Оны Алла елшісінің (с.а.с.) «Жұрт намазын оқып, ұйықтап қалды» деген сөзі растайды. Яғни көпшілік құптанды әдеттегідей алғашқы уақытында оқып, ұйқыға кеткен.

Алла елшісі (с.а.с.) ерте жатып қалғандарды сөкпеген. Ол намазды күткендерге, сол ниетпен өткізген әр сәтінде намаз оқығандай сауап жазылатынын айтқан.

2. Хасан Басри осы хадиске сүйеніп: «Адамдар бір жақсылықты күтіп жүргенде, сол жақсылықтың үстінде болғандай саналады», – деген.

3. Ғалымдар осы және өзге хадистерді ескеріп, орынды себеп болса, кеш жатуға немесе түнді ұйқысыз өткізуге болады деген.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 25, 40, «Азан», 36, 156, «Либас», 48; Мүслим, «Мәсәжид», 223 (640); Нәсәи, «Мауақит», 21 (1/268).
2406
Кутуб ситтә, № 2406 · тараудағы реті: 47Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أُقِيمَتِ الْعِشَاءُ، فَقَالَ رَجُلٌ: لِي حَاجَةٌ. فَقَامَ النَّبِيُّ ﷺ يُنَاجِيهِ حَتَّى نَامَ الْقَوْمُ أَوْ بَعْضُ الْقَوْمِ، ثُمَّ صَلَّوْهَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَاللَّفْظُ لِمُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Құптан намазына қамат айтылғанда, бір кісі: “Бір шаруам бар еді”, – деді. Пайғамбар (с.а.с.) орнынан тұрып, онымен оңаша сөйлесті. Әңгіме жамағат немесе жамағаттың бір бөлігі ұйықтап қалғанша созылды. Намаз содан кейін оқылды»1.

Түсіндірме

1. Намаз басталар алдында Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, оңаша сөйлескен кісінің кім екені риуаятта анық айтылмаған. Кейбір түсіндірушілер оны өз қауымының беделді адамы деп жорамалдайды. Пайғамбар (с.а.с.) оның көңілін аулау үшін сөзін ілтипатпен тыңдап, мәселесін талқылаған, содан намаз кешіккен дейді. Келген кісі уахи жеткізген періште болуы мүмкін деген пікір де бар.

2. Кей нұсқада жамағаттың қалғып отырғаны айтылады. Ибн Хажар осыған сүйеніп, олардың дәретті бұзатын терең ұйқыға батпағанын түсіндіреді.

3. Бұл риуаят жамағаттың алдында бір кісіні жеке шақырып сөйлесуге болатынын білдіреді. Алла елшісі (с.а.с.) үш кісінің екеуінің үшіншісін шеттетіп, өзара сыбырласуына тыйым салғандықтан, бұл айырманы ескерген жөн.

4. Хадис қажет болғанда қамат пен ифтитах тәкбірінің арасын созуға болатынын көрсетеді. Қажетсіз созу – мәкрүһ. Ханафи ғалымдары азаншы «Қад қаматис-салат», яғни «Намаз басталды» деген соң имам тәкбір алуға тиіс деген. Шафиғи ғалымдары осы хадиске сүйеніп, мұны барлық жағдайға бірдей міндетті санауға қарсы болған.

  1. 1Бұхари, «Азан», 27, 28, «Истиғзан», 48; Мүслим, «Хайз», 126 (376); Әбу Дәуіт, «Салат», 46 (542); Тирмизи, «Салат», 373 (517, 518); Нәсәи, «Имамат», 13 (2/81).
2407
Кутуб ситтә, № 2407 · тараудағы реті: 48Риуаят етуші: Мұғаз

وَعَنْ مُعَاذِ بْنِ جَبَلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَقِينَا نَنْتَظِرُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فِي صَلَاةِ الْعَتَمَةِ، فَتَأَخَّرَ حَتَّى ظَنَّ الظَّانُّ أَنَّهُ لَيْسَ بِخَارِجٍ، وَالْقَائِلُ مِنَّا يَقُولُ: قَدْ صَلَّى. فَإِنَّا لَكَذَلِكَ حَتَّى خَرَجَ النَّبِيُّ ﷺ، فَقَالُوا لَهُ كَمَا قَالُوا، فَقَالَ: أَعْتِمُوا بِهَذِهِ الصَّلَاةِ، فَإِنَّكُمْ قَدْ فُضِّلْتُمْ بِهَا عَلَى سَائِرِ الْأُمَمِ، لَمْ تُصَلِّهَا أُمَّةٌ قَبْلَكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Муаз ибн Жәбәл (р.а.) былай дейді: «Бір түні Алла елшісін (с.а.с.) құптан намазына ұзақ күттік. Кешіккені сонша, кейбіріміз шықпайды деп ойладық, арамызда “Намазын оқып алған шығар” дегендер де болды. Осылай күтіп отырғанда, Алла елшісі (с.а.с.) шықты. Жұрт әлгі айтқан сөздерін оған жеткізді. Сонда ол: “Бұл намазды түн қараңғылығы түскенде оқыңдар. Осы намаз арқылы өзге үмбеттерден артықшылыққа ие болдыңдар. Сендерден бұрын ешбір үмбет бұл намазды оқымаған”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Кей ғалым Алла елшісінің (с.а.с.) «Бұл намазды түн қараңғылығы түскенде оқыңдар» деген бұйрығын құптанды кешіктіріп оқу деп түсінген.

2. Тиби бұл хадистен алдыңғы шариғаттың күші жойылмаған үкімі біз үшін де шариғи негіз болатынын аңғарған.

3. Жәбірейіл (а.с.) бес уақыт намаздың уақытын оқып көрсетіп: «Бұл сенен бұрынғы пайғамбарлардың да намаз уақыты», – деген. Әли әл-Қари осы сөз бен бұл хадистің арақатынасын былай түсіндіреді: «Алдыңғы пайғамбарлар құптанды нәпіл ретінде оқыған, ал үмбеттеріне парыз етілмеген. Бұл біздің тәһәжжүд намазымызға ұқсайды. Тәһәжжүд Алла елшісіне (с.а.с.) уәжіп болғанымен, бізге уәжіп емес».

Мирек өзге бір жорамал айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) алдыңғы пайғамбарлардың құптанды сендер секілді кешіктіріп, түн қараңғылығы түсіп, жұртты ұйқы қыса бастағанда жамағатпен оқу үшін күтпегенін меңзеген болуы мүмкін».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 7 (421).
2408
Кутуб ситтә, № 2408 · тараудағы реті: 49Риуаят етуші: Әбу Мұса

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَعْتَمَ بِالصَّلَاةِ، يَعْنِي النَّبِيَّ ﷺ، حَتَّى ابْهَارَّ اللَّيْلُ، ثُمَّ خَرَجَ فَصَلَّى بِهِمْ. فَلَمَّا قَضَى النَّبِيُّ ﷺ صَلَاتَهُ قَالَ لِمَنْ حَضَرَهُ: عَلَى رِسْلِكُمْ، أُعْلِمُكُمْ وَأَبْشِرُوا، إِنَّ مِنْ نِعْمَةِ اللَّهِ عَلَيْكُمْ أَنَّهُ لَيْسَ أَحَدٌ مِنَ النَّاسِ يُصَلِّي هَذِهِ السَّاعَةَ غَيْرَكُمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «ابْهَارَّ اللَّيْلُ»: ذَهَبَ مُعْظَمُهُ أَوْ نِصْفُهُ. وَ«رِسْلِكُمْ» بِكَسْرِ الرَّاءِ، أَيْ عَلَى هِينَتِكُمْ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) құптанды түннің жартысы немесе көбісі өткенше кешіктірді. Содан соң шығып, жамағатқа намаз оқытты. Намаздан кейін сол жерде отырғандарға: “Асықпаңдар, бір сөз айтайын. Сүйінші! Алланың сендерге берген нығметінің бірі – дәл осы уақытта сендерден басқа ешкім намаз оқып тұрған жоқ”, – деді. Немесе “Дәл осы уақытта сендерден басқа ешкім намаз оқымады” деген. Осы екі сөздің қайсысын айтқанын білмейміз».

Әбу Мұса (р.а.) сөзін: «Алла елшісінен (с.а.с.) естігенімізге қуанып, үйімізге қайттық», – деп аяқтайды1.

Түсіндірме

1. Ибн Хажар бұл жолы Алла елшісінің (с.а.с.) құптанды әдейі кешіктірмегенін, маңызды бір істің бөгегенін айтады.

2. Хадиске сүйеніп, құптанды кешіктіру абзал деген ғалымдар бар. Алайда Ибн Баттал: «Біздің заманымызда имамдар үшін бұлай ету орынды болмас. Жамағат арасында қарт, әлсіз, науқас адамдар болуы мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) намазды жұртқа ауырлатпауға бұйырған», – деген.

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) құптан намазын оқыдық. Намаздан соң ол: “Жұрт намазын оқып, төсектерінде ұйықтап жатыр. Ал сендер намазды күткен уақыт бойы намаз оқығандай болдыңдар. Әлсіздің әлсіздігі, науқастың ауруы және жұрттың шаруасы болмаса, бұл намазды түннің жартысына дейін кешіктірер едім”, – деді».

Кей ғалым осы риуаятты және Тирмизидегі «Үмбетіме ауыр тимесе, құптанды түннің үштен біріне немесе жартысына дейін кешіктіріп оқуды бұйырар едім» деген хадисті негізге алған. Олардың пайымынша, ұйқысы қыспайтын, күтуге шамасы жететін әрі соның қиындығын көрмейтін кісіге құптанды кешіктіріп оқу абзал. Имам Нәуәуи «Сахих Мүслимге» жазған түсіндірмесінде осы пікірді келтіреді. Шафиғи мәзһабының және өзге мәзһабтардың көптеген ғалымы да осыны құптаған.

Тахауи, Мәлик, Ахмад және табиғиндердің көпшілігі құптанды түннің үштен біріне дейін кешіктіруді мұстахаб деп санаған. Шафиғи де осы пікірде болған.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 22; Мүслим, «Мәсәжид», 224 (641).
2409
Кутуб ситтә, № 2409 · тараудағы реті: 50Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: «مَنْ أَدْرَكَ رَكْعَةً مِنَ الصَّلَاةِ فَقَدْ أَدْرَكَ الصَّلَاةَ كُلَّهَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَفِي رِوَايَةٍ: «مَنْ أَدْرَكَ رَكْعَةً مِنَ الصَّلَاةِ مَعَ الْإِمَامِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Намаздың бір рәкатына үлгерген кісі намазға үлгерген болып саналады», – дегенін жеткізген. Бір нұсқада: «Намаздың бір рәкатына имаммен бірге үлгерген кісі...» – делінген1.

Түсіндірме

Бұл хадистің мағынасы № 2391 және № 2392 хадистерде түсіндірілген.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 28, 17; Мүслим, «Мәсәжид», 161 (607); Мәлик, «Муатта», «Уқут», 16 (1/10); Әбу Дәуіт, «Салат», 241 (1121); Тирмизи, «Салат», 377 (524); Нәсәи, «Мауақит», 30 (1/274); Ибн Мәжа, «Иқамат», 91 (1122).
2410
Кутуб ситтә, № 2410 · тараудағы реті: 51Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: «مَنْ أَدْرَكَ رَكْعَةً مِنْ صَلَاةٍ مِنَ الصَّلَوَاتِ فَقَدْ أَدْرَكَهَا، إِلَّا أَنَّهُ يَقْضِي مَا فَاتَهُ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Қай намаздың болсын бір рәкатына үлгерген кісі сол намазға үлгерген болып саналады. Өзі үлгермеген рәкаттарын толықтырады», – дегенін жеткізген1.

  1. 1Нәсәи, «Мауақит», 30 (1/275).
2411
Кутуб ситтә, № 2411 · тараудағы реті: 52Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَا صَلَّى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ صَلَاةً لِوَقْتِهَا الْآخِرِ مَرَّتَيْنِ حَتَّى قَبَضَهُ اللَّهُ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғанға дейін бір намазды екі рет уақытының соңына қалдырып оқыған емес»1.

Түсіндірме

Бұл риуаят зәрулік болмаса, Алла елшісінің (с.а.с.) намазды уақыты кірісімен оқығанын білдіреді. Намазды соңғы уақытында оқуды абзал санап, әдейі солай істегені туралы риуаят жетпеген. Әли әл-Қаридің пікірінше, Айша (р.а.) бұл сөзді айтқанда Жәбірейілдің (а.с.) намаздың соңғы уақытын үйрету үшін Алла елшісімен (с.а.с.) сол мезгілдерде бірге оқығанын есепке алмаған. Оны да есептесе, соңғы уақытында екі рет оқығанын айтар еді.

  1. 1Тирмизи, «Салат», 127 (174).
2412
Кутуб ситтә, № 2412 · тараудағы реті: 53Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «الْوَقْتُ الْأَوَّلُ مِنَ الصَّلَاةِ رِضْوَانُ اللَّهِ، وَالْآخِرُ عَفْوُ اللَّهِ». أَخْرَجَهُمَا التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Намаздың алғашқы уақытында – Алланың разылығы, соңғы уақытында – Оның кешірімі», – дегенін жеткізген1.

Түсіндірме

Хадис намазды уақыты кірісімен оқу Алланың разылығына бөленуге себеп болатынын білдіреді. Құл құлшылыққа асығу арқылы Жаратушысына деген махаббатын танытады. Намазды уақыты шыққанға дейін, тіпті соңғы мезгілінде де оқуға болады. Сонда парыз өтеліп, кешірімге үміт етіледі. Ал Алланың разылығына бөлену – жоғары дәреже.

  1. 1Тирмизи, «Салат», 127 (172).
2413
Кутуб ситтә, № 2413 · тараудағы реті: 54Риуаят етуші: Рафиғ ибн Хадиж

وَعَنْ رَافِعِ بْنِ خَدِيجٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «أَسْفِرُوا بِالْفَجْرِ، فَإِنَّهُ أَعْظَمُ لِلْأَجْرِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. وَزَادَ رَزِينٌ: «وَإِنَّ أَفْضَلَ الْعَمَلِ الصَّلَاةُ لِوَقْتِهَا».

Қазақша аудармасы

Рафиғ ибн Хадижден (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Таң намазын айнала ағарғанда оқыңдар. Өйткені солай оқудың сауабы молырақ», – деген. Разин: «Амалдардың ең абзалы – уақытында оқылған намаз», – деген сөйлемді қосып келтіреді1.

Түсіндірме

1. Бұл хадисте таң намазын уақыты кіре сала емес, айнала ағара бастағанда оқу айтылған.

Әбу Ханифа мен Суфиян әс-Сәури таң намазын айнала ағара бастағанда оқуды абзал санаған. Сахабалар мен табиғиндердің арасында да осы пікірді ұстанғандар болған.

2. № 2360–2363 хадистерде таң намазын қараңғылық сейілмей тұрып оқу туралы риуаяттар берілді. Ал бұл хадисте айнала ағарғанда оқудың абзалдығы айтылған. Екі топтағы риуаятты ұштастырған ғалымдар намазды ерте бастап, қырағатты айнала ағарғанша созуды меңзеген деген.

Таң намазын қараңғыда оқу туралы үкімнің кейін күші жойылған деген ғалымдар да болған. Бірақ бұл пікір жорамалға сүйенгендіктен қабылданбаған.

Айнала ағарғанда оқу туралы сахабалар бірауыздан келіскен дейтіндер де бар. Дегенмен бұл мәселеде ижмағ болғаны анықталмаған.

  1. 1Тирмизи, «Салат», 117 (154); Әбу Дәуіт, «Салат», 8 (424); Нәсәи, «Мауақит», 27 (1/272).
2414
Кутуб ситтә, № 2414 · тараудағы реті: 55

وَعَنْ يَحْيَى بْنِ سَعِيدٍ قَالَ: «إِنَّ الْمُصَلِّيَ لَيُصَلِّي الصَّلَاةَ وَمَا فَاتَتْهُ، وَلَمَا فَاتَهُ مِنْ وَقْتِهَا أَعْظَمُ مِنْ أَهْلِهِ وَمَالِهِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай деген: «Кісі намазын өткізіп алмай оқып үлгергенімен, намаз уақытынан жіберіп алған үлесі ол үшін отбасы мен мал-мүлкінен де зор шығын»1.

Түсіндірме

Риуаят сырттай Яхия ибн Сағидтің өз сөзі болып көрінеді. Алайда Ибн Абдулбәррдің назар аударуынша, мұндағы тұжырымға жеке пікір мен ижтиһад арқылы жету мүмкін болмағандықтан, ол үкім жағынан мәрфуғ хадиске жатады. Өйткені мұндай хабарды уахи алған пайғамбар ғана айта алады.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Уқут», 23 (1/12).
2415
Кутуб ситтә, № 2415 · тараудағы реті: 56

ـ56 وَعَنْ أُمِّ فَرْوَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، وَكَانَتْ مِمَّنْ بَايَعَ النَّبِيَّ ﷺ، قَالَتْ: سُئِلَ النَّبِيُّ ﷺ: أَيُّ الْأَعْمَالِ أَفْضَلُ؟ قَالَ: «الصَّلَاةُ لِأَوَّلِ وَقْتِهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Алла елшісіне (с.а.с.) серт бергендердің бірі Үммі Фәруә (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардан (с.а.с.): “Амалдардың ең абзалы қайсы?” – деп сұрағанда, ол: “Алғашқы уақытында оқылған намаз”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісіне (с.а.с.) «Амалдардың ең қайырлысы қайсы?» деген сұрақ бірнеше рет қойылған. Ол әр жолы әртүрлі жауап берген. Ғалымдар мұны бірнеше себеппен түсіндіреді:

• сұрақ қойған кісілердің жағдайы әртүрлі болған. Алла елшісі (с.а.с.) әр адамға оның мұқтаждығына немесе жағдайына лайық жауап берген. Мәселен, бір сұраққа ер адам үшін «жиһад» деп жауап берілсе, әйел кісі «қажылық» деген жауап алған;

• сұрақ қойылған мезгілдің жағдайы да әртүрлі болған. Кей шақта бір амал басқаларынан абзал болады. Исламның алғашқы кезінде, мысалы, діннің орнығуына байланысты жиһадтың орны айрықша болған. Ал мұқтаждық күшейген тұста садақаның абзалдығы айтылып, жұрт соған ынталандырылған;

• «ең абзал» деген сөздің аясына бірнеше амал кіреді. Сондықтан хадисті «Амалдардың ең абзалдарының бірі – уақытында оқылған намаз» деп түсінуге болады;

• Ибн Дақиқ әл-Ид «амал» сөзін дене мүшелерімен атқарылатын амалдар деп түсіндірген. Солардың ең абзалы – уақытында оқылған намаз. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте «Амалдардың ең абзалы – Аллаға иман келтіру» делінген. Иман жүрек амалы болғандықтан, бұл екі хадистің мағынасы үйлеседі. Ғалымдар намазды кейінге қалдырғаннан алғашқы уақытында оқуды абзал санаған. Таң намазының алғашқы мезгілін түсіндірудегі айырма Пайғамбардан (с.а.с.) жеткен риуаяттарға сүйенеді.

Мәкрүһ уақыттар

Исламда уақыттың бәрі бірдей дәрежеде саналмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өмір сүрген кезеңі – дін кемеліне келген, адам өміріне қатысты фиқһи және ақылға жүгінетін сұрақтарға Құран арқылы жауап берілген «Алтын ғасыр». Бұдан кейін сахабалардың көзі тірі кезеңі, одан соң Құран мен хадисте мадақталған табиғиндер мен әтбағут-табиғиндердің дәуірі келеді. Олар Құран мен хадиске сүйеніп, дінге жанын сала қызмет еткен. Ғалымдар бұл кезеңді «Сәләф дәуірі» деп атаған.

Рамазан айы, оның ішіндегі Қадір түні, жұма күні мен сол күндегі дұға қабыл болатын мезгіл, сәресі шағы және намаздың алғашқы уақыты – құлшылыққа ерекше қадірлі уақыттар. Бұл мезгілдерде құлшылықтың сауабы молайып, дұға мен тәубе қабыл болады. Кей уақыттарда белгілі құлшылықты атқарудан тыйылған. «Кісі құлшылық жасап қалай күнә арқалайды?» деген сұрақ тууы мүмкін. Дінімізде істің жақсы не жаман деп бағалануы Алланың әмірі мен тыйымына байланысты. Құлшылық Алланың әмірімен ізгі амал саналады әрі Ол белгілеген тәртіппен атқарылады. Мәселен, тыйым түспей тұрғанда адал саналған ішімдік тыйым түскен соң харам болды.

Намаз – ең абзал ғибадаттардың бірі, сонымен бірге оны оқуға тыйым салынған мезгілдер бар. Намаздың шарттарының бірі оның тиісті уақытта оқылуына байланысты. Намаз оқудан тыйылған мезгілдерді «намаздың мәкрүһ уақыттары» дейміз. Бұл ұғым қайыр мен жамандықтың өлшемін уахидан іздеу қағидасын ұғынуға көмектеседі. Оның тағы бір хикметі істі жоспарлап, дер кезінде атқаруға баулу болуы мүмкін.

Ғалымдар хадистерге сүйеніп, бес мәкрүһ уақытты көрсеткен:

1) күннің шыға бастағанынан найза бойы, яғни шамамен бес градус көтерілгенге дейінгі аралық;

2) күннің тас төбеде тұрып, батысқа ауа бастағанға дейінгі мезгілі;

3) екінтіде күн сарғайып, көз қарықтырмайтын болған сәттен батқанға дейінгі аралық;

4) шынайы таң атқаннан күн шыққанға дейінгі аралық;

5) екінті намазы оқылғаннан күн батқанға дейінгі аралық.

Осы уақыттарға қатысты мынадай үкімдер айтылады:

• Алғашқы үш мәкрүһ уақытта қаза болған парыз намаз да, үтір секілді уәжіп намаз да, бұрын әзірленген жаназаның намазы да оқылмайды. Бұрын оқылған сәжде аятының тиләуат сәждесі де бұл мезгілде жасалмайды. Тыйымға қарамастан оқылған намазды мәкрүһ уақыт өткен соң қайта оқу керек.

• Алғашқы үш уақытта нәпіл намаз да оқылмайды. Нәпілді бастап қойған адам оны тоқтатып, кейін қайта оқығаны абзал.

Хадистерде бұл үш мезгілдің отқа табынушылардың ғибадат уақыты болғаны және сол себепті мәкрүһ саналғаны айтылады.

• Қалған екі уақытта тек нәпіл намаз мәкрүһ. Парыз бен уәжіп намаздарды және жаназа намазын оқуға, тиләуат сәждесін жасауға болады. Осы екі уақыттың бірінде басталған нәпілді кісі мәкрүһтіктен сақтану үшін тоқтатса, ол мезгіл өткен соң намазды қайта оқуы уәжіп болады.

• Күн батып бара жатқанда сол күннің екінті намазы ғана оқылады. Бұрын қаза болған екінті бұл мезгілде өтелмейді.

• Ханафи мәзһабы бойынша, күн шыға бастағанда оқылып жатқан намаз бұзылады. Ал күн бата бастағанда оқылып жатқан сол күннің екінтісі бұзылмайды. Өйткені күн шыққанда жаңа намаз уақыты кірмейді, ал күн батқанда келесі намаздың уақыты басталады.

• Күн батқан соң ақшам намазын оқымай тұрып нәпіл оқу – мәкрүһ.

• Жұма күні имам құтба оқып тұрғанда нәпіл оқу – мәкрүһ.

• Айт намазынан бұрын, оның құтбасы кезінде және құтбадан соң айт намазы оқылған жерде нәпіл оқу мәкрүһ. Кусуф, истисқа және қажылық құтбасы кезінде де намаз оқылмай, құтба тыңдалады. Демек, мәкрүһ уақыттардың кейбірі белгілі бір жағдайға байланысты. Бұл мәселелердің егжей-тегжейі ғибадат үкімдері баяндалған еңбектерде берілген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 9 (426); Тирмизи, «Салат», 127 (170). Мағыналас риуаяттар: Мүслим, «Иман», 137 (85); Бұхари, «Мауақит», 5.