وَفِي رِوَايَةٍ لِمَالِكٍ: «إِنَّ النَّارَ اشْتَكَتْ إِلَى رَبِّهَا، فَأَذِنَ لَهَا فِي كُلِّ عَامٍ بِنَفَسَيْنِ: نَفَسٍ فِي الشِّتَاءِ، وَنَفَسٍ فِي الصَّيْفِ».
Имам Мәліктің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Жаһаннам Раббысына (бір бөлігім екінші бөлігімді жалмап барады деп) шағымданды. Сонда Раббысы оған жылына екі рет дем шығаруға рұқсат берді: бір демі қыста, бір демі жазда. (Жаздың ең қатты ыстығы мен қыстың ең қатты аязы – осы екі демнен)»1.
Түсіндірме
1. Бұл – мүрсал, яғни жеткізушілер тізбегі үзіліп жеткен хадис. Осы мазмұнды қуаттайтын, тізбегі үзілмеген риуаяттар да бар.
2. «Тәйсирдің» авторы хадисті ықшамдап, жаһаннамның неліктен шағымданғанын түсіріп қалдырған. Аудармада сол бөлік жақшаға алынды. Хадис соңында жақшаға алынған сөздер «Муаттадағы» риуаятта кездеспейді.
3. Жаһаннамның «Бір бөлігім екінші бөлігімді жалмап барады» деген шағымы ыстығының күшін білдіреді. Алла тағала оған жылына екі рет дем шығаруға рұқсат берген. Мұнда жаздың аптабы мен қыстың аязы тіршілік иесінің шығарған деміне теңеледі. Дем алу дегеніміз – ауаны ішке тартып, қайта шығару. Осы теңеу арқылы жаздың аптабы мен қыстың аязы жаһаннамның дүниеге жеткен бір деміндей суреттеледі.
4. Ғалымдар шағымның қалай айтылғаны жөнінде бірнеше пікір келтірген. Ол жаһаннамның күйін бейнелейтін астарлы сөз болуы, оны күзеткен періште арқылы жеткізілуі немесе Алла қалаған өзге жолмен айтылуы мүмкін деген. Кейбір ғалымдар екі түсініктің де қисыны бар десе, көпшілігі жаһаннам шын мәнінде сөйлеген дегенге тоқтаған. Қуртуби былай дейді: «Сөзді тура мағынасында түсінуге кедергі жоқ. Шын сөйлейтін Алла елшісі (с.а.с.) болуы мүмкін нәрсені хабарласа, оны жорамалдай бермей, тура мағынасында ұққан абзал». Нәуәуи де: «Дұрысы – сөзді тура мағынасында түсіну. Алла жаһаннамға тіл бітіріп, айтқанын ұғына алатын қабілет жаратқан», – деген.
Астарлы мағынаны жөн көрген Бәйдауи былай дейді: «Жаһаннамның шағымы – оның бұрқылдап қайнауының бейнесі. Бір бөлігінің екіншісін жалмауы – бөліктерінің бірінің үстіне бірі үйілуі. Ал оның дем шығаруы – сыртқа созылған бөліктерінің тысқа шығуының бейнесі.» Ал Зәйн ибн әл-Мүнир: «Тура мағынасы басым, өйткені Алланың құдіреті жаһаннамға тіл бітіруге жетеді», – деген.
5. Жаһаннамның «қыстағы демі» қыстың қақаған аязын меңзейді. Түсіндірмеде жаһаннамның бір қабаты айналасындағы жылуды тартып, қарып түсетіндей суық болады делінген. Мұндай қабат «зәмһарир» деп аталады. Жаһаннамда суықтың болуы туралы Ибн Хажар: «Мұны түсінуде қиындық жоқ. “От” дегенде оның мекені меңзеледі. Онда зәмһарир қабаты да бар», – деген.
6. Бұл хадис мұғтазиланың және «жаһаннам қиямет күні жаратылады» деген өзге топтардың пікірін теріске шығарады.
7. Ибн Хажар Бұхаридегі нұсқаға қарап, «Қыста да аяздың беті қайтқанша намазды кешіктіруге рұқсат берілуі керек» деген ой тууы мүмкін екенін айтады. Алайда фиқһ ғалымдарының ешқайсысы мұндай үкім айтпаған. Өйткені қыстың ең суық мезгілі таң намазының уақытына сәйкес келеді. Аяздың беті қайтқанша күтсе, таң намазының уақыты шығып кетеді.
- 1Бұхари, «Мауақит», 8 (537); Мәлік, «Муатта», «Ууқут әс-салат», 27 (1/15).