وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَعْتَمَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِالْعِشَاءِ، فَخَرَجَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: الصَّلَاةَ يَا رَسُولَ اللَّهِ، رَقَدَ النِّسَاءُ وَالصِّبْيَانُ. فَخَرَجَ وَرَأْسُهُ يَقْطُرُ، يَقُولُ: لَوْلَا أَنْ أَشُقَّ عَلَى أُمَّتِي لَأَمَرْتُهُمْ بِالصَّلَاةِ هَذِهِ السَّاعَةِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) құптанды кешіктірді. Омар (р.а.) келіп: “Уа, Алланың елшісі, намаз оқиық. Әйелдер мен балалар ұйықтап қалды”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) басынан су тамшылаған күйі шығып: “Үмбетіме ауыр тимесе, құптанды осы уақытта оқуды бұйырар едім”, – деді»1.
Түсіндірме
1. «Тәйсирдің» авторы хадисті қысқартып келтірген. Бұл оқиғаны Айша мен Абдулла ибн Омар (р.а.) да риуаят еткен. Ибн Аббас (р.а.) намаздың біраз кешіккенін білдіріп: «Жұрт ұйықтап, оянды, қайта ұйықтап, тағы оянды. Сонда Омар орнынан тұрып...» – деп жалғастырады.
2. Бірнеше риуаяттан Алла елшісінің (с.а.с.) құптанды әдеттегі уақытынан кешіктіргені және Омардың (р.а.) келіп ескерткені анық аңғарылады. Кей нұсқада түннің жартысына дейін кешіккені айтылған. Келесі, № 2405 хадисте Әнәс (р.а.) те «түннің жартысы» деген тіркесті қолданған.
3. Бірқатар ғалым бұл хадиске сүйеніп, ұйқысы қысқан адам құптанды оқымай тұрып біраз ұйықтай алады деген. Осы пікірді ұстанған Бұхари Ибн Омар (р.а.) ұйқысы қысқанда, намазды өткізіп алудан қорықпаса, құптанды оқыған-оқымағанына қарамай ұйықтағаны туралы риуаятты келтіреді.
4. Кей ғалым хадистегі «түннің жартысы» дегенге сүйеніп, құптанның ерікті уақытын көкжиектегі шапақ жоғалғаннан түннің жартысына дейін деп белгілеген. Имам Нәуәуи құптанды оқуға рұқсат етілген уақыт таң намазының уақыты кіргенге дейін созылатынын айтады. Мүслим келтірген Әбу Қатада хадисінде: «Ұйқыда салғырттық жоқ. Салғырттық – намазды келесі намаздың уақыты кіргенше оқымау», – делінген.2
Әбу Қатада хадисінде бір намаздың уақыты келесі намаздың уақыты кіргенге дейін жалғасатыны айтылған. Көпшілік ғалым намаз уақытын белгілеуде осыны негізге алған. Әл-Истахри құптанды түннің жартысынан кейін оқыған кісі намазды қаза ретінде өтейді деп санаған.