وَعَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: وَقْتُ الظُّهْرِ إِذَا زَالَتِ الشَّمْسُ، وَكَانَ ظِلُّ الرَّجُلِ كَطُولِهِ مَا لَمْ تَحْضُرِ الْعَصْرُ، وَوَقْتُ الْعَصْرِ مَا لَمْ تَصْفَرَّ الشَّمْسُ، وَوَقْتُ الْمَغْرِبِ مَا لَمْ يَغِبِ الشَّفَقُ، وَوَقْتُ صَلَاةِ الْعِشَاءِ إِلَى نِصْفِ اللَّيْلِ الْأَوْسَطِ، وَوَقْتُ صَلَاةِ الصُّبْحِ مِنْ طُلُوعِ الْفَجْرِ إِلَى أَنْ تَطْلُعَ الشَّمْسُ، فَإِذَا طَلَعَتْ فَأَمْسِكْ عَنِ الصَّلَاةِ فَإِنَّهَا تَطْلُعُ بَيْنَ قَرْنَيْ شَيْطَانٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وَهَذَا لَفْظُهُ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Бесін уақыты күн төбеден ауғанда басталады. Адамның көлеңкесі өз бойына теңелгенге, яғни екінті кіргенге дейін жалғасады. Екінті уақыты күн сарғайғанға дейін, ақшам уақыты шапақ сөнгенге дейін, құптан уақыты орташа ұзақтықтағы түннің жартысына дейін созылады. Таң намазының уақыты таң атқаннан күн шыққанға дейін жалғасады. Күн шыға бастағанда намаз оқуды тоқтат. Өйткені ол шайтанның екі мүйізінің арасынан шығады»1.
Түсіндірме
Ибн Хажар хадистегі «шайтанның екі мүйізі» дегенді оның басының екі жағы деп түсіндіреді. Бір жорамал бойынша, шайтан күн шығар тұста тұрады да, күн оның басының тұсынан көтеріледі. Күнге табынғандардың сол кезде жасаған сәждесі шайтанға жасалғандай болады. Күн батқанда да солай делінеді. Шайтан көрінетін болса, оны күннің жанында тұрған күйде көрер едік.
Ибн әл-Асир «ән-Ниһаяда» бұл тіркес бастың екі жағын білдіретінін айтқан. «Қарн» сөзін «күш» деп түсінгендер де бар. Бұл жорамал бойынша, күн шығарда шайтан әрекетке көшіп, күнге табынуды қолдағандай болады.
Ибн әл-Асир «қарн» сөзінің «дәуір», «заман» деген мағынасына сүйеніп, «қарнайн» тіркесін «екі дәуір» деп түсіндірген пікірді де келтіреді.
Бұл жорамалға сай, екі дәуір – бұрынғы және кейінгі екі үмбеттің заманы. Күн шыға бере сәжде ететіндер Аллаға құлшылық қылудың орнына күнге табынады. Бұл тұзақты шайтан құрғандықтан, күнге табынушы сәжде еткенде шайтан оның жанында тұрғандай бейнеленген.
Ғалымдардың осы түсіндірмелеріне мына ойды да қосуға болады. Таң намазының соңғы межесі – күннің шығуы. Сондықтан мүмін Раббысына парыз құлшылығын атқару үшін күн шықпай тұрып оянады. Күн шығып жатқанда намаз оқылмайды, сол сәтте аяқталмаған таң намазының қазасы өтеледі. Алла елшісі (с.а.с.) осы маңызды үкім мүміндердің жадында анық қалуы үшін оны шайтанмен байланыстыра айтқан. Дінде мәкрүһ не харам істердің шайтанға телініп айтылатын тұстары бар. Құранда да осындай баяндау тәсілі кездеседі. Мысалы, «Мәида» сүресінің 90–93-аяттарында ішімдікке, құмар ойынға және пұттарға қатысты тыйым осы түрде берілген. Сондықтан Ибн Хажар келтіріп, қабылдамаған дүниенің құрылысына қатысты заттық жорамалдарға жүгінудің қажеті жоқ.
Хадис мүміндерді ерте тұруға, уақытты бағалауға, істі жоспарлап, дер кезінде атқаруға тәрбиелейді. Адам өзін уақытқа бейімдеп, тәртіпке үйренеді, әр істің өз мезгілінде құнды екенін ұғады. Мұның адам мен қоғамға, денсаулық пен тұрмысқа, дүние мен ақыретке пайдасы бар. Қазақта да «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген сөз бар.
- 1Мүслим, «Мәсәжид», 173 (612); Әбу Дәуіт, «Салат», 2 (396); Нәсәи, «Мауақит», 15 (1/260). Мәтін Мүслимнен алынды.