Хадис

Кутуб ситтә, № 2373

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
345. Намаз уақыттары
Нөмірі
№ 2373 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 14
2373
Кутуб ситтә, № 2373 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ أَبِي الْمِنْهَالِ قَالَ: «دَخَلْتُ أَنَا وَأَبِي عَلَى أَبِي بَرْزَةَ الْأَسْلَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ لَهُ أَبِي: كَيْفَ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي الْمُكْتُوبَةَ؟ فَقَالَ: كَانَ يُصَلِّي الْهَجِيرَةَ الَّتِي تَدْعُونَهَا الْأُوْلَى حِينَ تَدْحَضُ الشَّمْسُ، وَيُصَلِّي الْعَصْرَ، ثُمَّ يَرْجِعُ أَحَدُنَا إِلَى رِحْلِهِ فِي أَقْصَى الْمَدِينَةِ وَالشَّمْسُ حَيَّةٌ، وَنَسِيتُ مَا قَالَ فِي الْمَغْرِبِ، وَكَانَ يَسْتَحِبُّ أَنْ يُؤَخِّرَ الْعِشَاءَ الَّتِي تَدْعُونَهَا الْعَتَمَةَ، وَكَانَ يَكْرَهُ النَّوْمَ قَبْلَهَا وَالْحَدِيثَ بَعْدَهَا، وَكَانَ يَنْفَتِلُ مِنْ صَلَاةِ الْغَدَاةِ حِينَ يَعْرِفُ الْمَرْءُ جَلِيسَهُ، وَيَقْرَأُ بِالسِّتِّينَ إِلَى الْمِائَةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَفِي رِوَايَةٍ: «وَلَا يُبَالِي بِتَأْخِيرِ الْعِشَاءِ إِلَى ثُلُثِ اللَّيْلِ، ثُمَّ قَالَ إِلَى شَطْرِ اللَّيْلِ». وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ. قَوْلُهُ «وَالشَّمْسُ حَيَّةٌ»: أَيْ مُرْتَفِعَةٌ عَنِ الْمَغْرِبِ لَمْ يَتَغَيَّرْ لَوْنُهَا بِمُقَارَبَةِ الْأُفُقِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Минһәл Сәйяр ибн Сәләмә былай дейді: «Әкем екеуміз Әбу Бәрза әл-Әсләмиге (р.а.) бардық. Әкем одан: “Алла елшісі (с.а.с.) парыз намаздарды қалай оқитын?” – деп сұрады. Ол былай жауап берді: “Пайғамбар сендер ‘әл-әууәл’ деп атайтын бесін намазын күн төбеден ауғанда оқитын. Екінтіні оқып болған соң, біріміз Мәдинаның шет жағындағы үйіне жеткенде де күннің нұры әлі таймай тұратын”.

Ақшам туралы оның не дегенін ұмытып қалдым. Әбу Бәрза сөзін жалғады: “Сендер ‘атама’ деп атайтын құптанды кешіктіріп оқығанды ұнататын. Құптанға дейін ұйықтауды, одан кейін әңгіме айтуды құптамайтын. Таң намазынан адам қасында отырған кісіні тани алатын шақта шығатын. Намазда Құраннан алпыс пен жүздің арасында аят оқитын”». Басқа бір нұсқада құптанды түннің үштен біріне дейін кешіктіруге қарсы болмағаны, кейін түн ортасына дейін дегені айтылады.1

Түсіндірме

1. Хадистегі «һәжира» сөзі талтүстің ең ыстық шағын білдіреді. Синдидің айтуынша, бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) ыстық күндері де намазды уақыты кіргенде оқығанын көрсетеді. Күннің қызуы басылғанда оқуды бұйырған хадистермен салыстырсақ, бесіннің көп кешіктірілмегенін аңғарамыз. Ыстық күндері де ұзақ күтпесе, салқын күндері уақыт кірісімен оқу керек деген сөз.

Күннің қызуы басылғанша күтуді бұйырған хадис пен осы хадисті Ибн Хажар былай ұштастырады: «Екеуінің арасында қайшылық жоқ. Мұнда ауа райы салқын кездегі, салқындағанын күту туралы бұйрық берілмей тұрған кезге немесе күннің салқындауын күтуге жағдай болмаған кездегі амал айтылуы мүмкін. Хадистің тікелей мағынасына сүйенгендер: “Алғашқы уақыттың артықшылығына жету үшін дәрет алу, әуретті жабу сияқты алдын ала атқаруға болатын істерді намаз уақыты кірмей тұрып бітіру керек”, – деген».

2. Бесін – күндізгі намаздардың алғашқысы, сондықтан ол «әл-әууәл», яғни «алғашқы» деп аталған. Жәбірейіл (а.с.) бес уақыт намазды үйреткенде Алла елшісіне (с.а.с.) ең әуелі бесінді оқытқандықтан осылай аталған болуы да мүмкін.

3. Екінті уақытына қатысты «күннің нұры таймаған» деген сөз күннің батуға әлі жақындамағанын, сарғаймай, биікте жарқырап тұрғанын білдіреді. Хадис түсіндірушілері бұл күй заттың көлеңкесі өз бойынан екі есе ұзарғанға дейін сақталатынын айтады.

4. «Атама» – құптан уақытының атауы. Құранда «иша» делінген мезгілді бәдәуилер «атама» деп атаған. Осыдан «салат әл-атама» атауы шыққан. Ибн Хажар «атама» сөзінің «қараңғылық» деген мағына беретінін айтады. Алла елшісі (с.а.с.) намазға бәдәуилер қойған осы атты қолдануға тыйым салып, оны шариғаттағы атауымен атауды құп көрген.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 11, 13, 39, «Азан», 104; Мүслим, «Мәсәжид», 237 (647); Әбу Дәуіт, «Салат», 3 (398); Нәсәи, «Мауақит», 2, 20 (1/246, 265).