وَعَنْ رَافِعٍ بْنِ خَدِيجٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نُصَلِّي الْمَغْرِبَ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فَيَنْصَرِفُ أَحَدُنَا وَإِنَّهُ لَيُبْصِرُ مَوَاقِعَ نَبْلِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Рафиғ ибн Хадиж (р.а.) былай дейді: «Біз Пайғамбармен (с.а.с.) бірге ақшам намазын оқитынбыз. Намаздан кейін арамыздағы біріміз садақ атса, жебелерінің қай жерге түскенін көретін»1.
Түсіндірме
Бұл риуаяттан мына жайттар аңғарылады.
1. Ақшам намазы уақыты кірісімен оқылған.
2. Намаз ұзаққа созылмаған. Намаз біткенде айналада жебенің түскен жерін байқарлықтай жарық бар еді. Сол жарық садақ атып жаттығуға да жеткен. Жарық тым қысқа уақыт сақталса, сайманды алып, қолайлы жерге барып жаттыққанға тұрмас еді. Мұны келесі риуаят айқынырақ көрсетеді.
3. Сахабалар әскери машықты ұдайы жетілдірген. Олар ақшам мен құптан арасындағы қысқа мезгілді де кәдеге жаратқан.
4. Сахабалардың нәпіл зікір айтып, намаз оқудың орнына әскери машыққа көңіл бөлуінен сол дайындықтың ғибадатпен қатар бағаланғанын аңғаруға болады. Алла елшісінің (с.а.с.) ақшам мен құптан арасында құлшылық жасауға үндеген хадистері көп. Бұл өсиеттер әскери дайындыққа мүмкіндігі мен жағдайы болмаған адамдарға арналған деген ой туады. Сахабалар әрдайым қайырлырақ істі таңдауға ұмтылған. Алла елшісінің садақ атуға ынталандырған хадистері бұрынырақ берілді (№ 2215–2218).
- 1Бұхари, «Мауақит», 18 (559); Мүслим, «Мәсәжид», 217 (637).