وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ وَالنَّسَائِيِّ: «إِذَا أَدْرَكَ أَحَدُكُمْ سَجْدَةً مِنْ صَلَاةِ الْعَصْرِ قَبْلَ أَنْ تَغْرُبَ الشَّمْسُ فَلْيُتِمَّ صَلَاتَهُ، وَإِذَا أَدْرَكَ سَجْدَةً مِنْ صَلَاةِ الصُّبْحِ قَبْلَ أَنْ تَطْلُعَ الشَّمْسُ فَلْيُتِمَّ صَلَاتَهُ». إِلَّا أَنَّ النَّسَائِيَّ قَالَ: «أَوَّلَ سَجْدَةٍ» فِي الْمَوْضِعَيْنِ.
Бұхари мен Нәсәи келтірген басқа риуаятта былай делінген: «Кім екінті намазының бір сәждесіне күн батпай тұрып үлгерсе, намазын аяқтасын. Кім таң намазының бір сәждесіне күн шықпай тұрып үлгерсе, ол да намазын аяқтасын».
Нәсәи нұсқасында екі жерде де «алғашқы сәждесіне» деп айтылған.1
Түсіндірме
1. Соңғы екі риуаят бойынша, екінті не таң намазының бір рәкатын өз уақытында оқып үлгерген адам қалған рәкаттарын уақыты шығып кетсе де толықтыра алады. Намаз уақытында өтелген болып саналады, кейін қазасы оқылмайды.
Екінші риуаятта «рәкат» орнына «сәжде» делінген. Нәсәидің бір нұсқасында «алғашқы сәжде» деп нақтыланған. Хаттаби мұны қиямы, рүкүғы және сәждесі бар толық бір рәкат деп түсіндіреді. Оның айтуынша, рәкат сәждемен аяқталатындықтан осылай аталған. Демек, таң немесе екінті намазының алғашқы рәкатын уақыты шықпай тұрып оқыған адам қалғанын жалғастырады.
Ғалымдар осы мәселеге қатысты өзге де хадистерді ескеріп, мынадай тұжырымдар айтқан.
• Екінті намазының бір рәкатын уақытында оқып үлгерген адам уақыт шығып кетсе де қалған рәкаттарын оқып бітіреді. Ғалымдар осы үкімге бірауыздан келіскен.
• Шафиғи, Мәлік және Ахмад таң намазына да осы үкімді қолданған. Ал Әбу Ханифаның пікірінше, күн шыға бастағанда, оқылып жатқан таң намазы бұзылады, өйткені сол сәтте намаз оқуға тыйым салынған мезгіл басталады. Екінті намазының үстінде күн батса, мұндай үкім жүрмейді.
• Кейбір ғалымдар: «Осы және осыған ұқсас хадистер таң намазын күн шыққан соң аяқтауға рұқсат береді. Алайда күн шыға бастағанда намаз оқуға тыйым салған риуаяттар тәуатүр дәрежесіне жеткен. Демек, рұқсат берген хадистердің үкімі жойылған», – деген. Ханафи ұстанымын қорғаған Айни былай түсіндіреді: «Бір мәселеде мүбаһ пен харам үкімі қатар келсе, харам үкімі негізге алынады. Өйткені заттар мен істердің бастапқы үкімі – мүбаһ. Тыйым кейін келгендіктен, ол бұрынғы үкімді жояды. Осыған сай, күн шыққаннан кейін намазды жалғастыруға тыйым салатын үкім кейін келген, амал соған сай жасалады».
• Кейбір ғалымдар бұл тыйым нәпіл намазға қатысты, парыз намаз оған кірмейді деген. Ханафилер № 2342 хадистегі оқиғаға сүйеніп, тыйымның парызға да, нәпілге де, өзге намаздарға да жүретінін айтқан. Олардың пікірінше, тыйымды нәпілмен ғана шектеуге басымдық беретін дәлел жоқ.
• Ханафилер осы хадиске сүйеніп: «Екінті уақыты күн батқанда аяқталады», – деген.
• Егер бала күн батпай тұрып балиғатқа толса, мұсылман емес кісі исламды қабылдаса, талып қалған адам есін жиса, ақыл-есінен айырылған кісі айықса немесе әйел хайыздан тазарса, оларға сол күннің екінті намазы парыз болады. Қалған уақыт намазды өтеуге жетпесе, кейін қазасын оқиды. Имам Зуфар: «Парызды толық орындауға жетпейтін уақытқа үлгеру ол намазды міндетті етпейді», – деп, бұл үкімге қосылмаған.
• Бір рәкаттан аз бөлігіне жеткен адам намаз уақытына, намаздың өзіне немесе жамағаттың сауабына үлгерді ме деген мәселеде пікір әртүрлі. Имам Мәлік, Шафиғи бір пікірінде және көпшілік ғалымдар мұндайда үшеуіне де үлгермеді деп санаған. Олар мына хадиске сүйенген: «Біз сәждеде тұрған кезде намазға келсеңдер, сендер де сәждеге барыңдар, бірақ оны бір рәкат деп есептемеңдер. Кім бір рәкатқа үлгерсе, намазға үлгергені»2.
• Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Шафиғи бір пікірінде мұндай адам намаздың үкіміне үлгерген болып саналады деген.
• Кейбір ғалымдар «рәкат» сөзі намаздың бір бөлігін білдіреді, сондықтан намазды бастау тәкбірін айтып үлгерген кісі намазға үлгерген болып саналады деген. Айни де осы пікірді ұстанған.3 Қуртуби Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Шафиғи бір пікірінде «күн батпай тұрып намазды бастау тәкбірін айтқан адам екінтіні оқып бітіреді» деген үкімде келіскенін жеткізеді. Бесінге қатысты пікірлер әртүрлі. Шафиғи бір пікірінде тәкбірге үлгерген адам бесінге де үлгерген деп санаған. Өйткені хадистерде бесін мен екінтінің уақыт межелері түйіседі. Ал басқа бір риуаятта, Шафиғи бесіннің бір рәкатының қиямына толық үлгерсе де, кейін қазасын өтеуі керек деген.
• Жұма намазына қатысты да пікірлер әртүрлі. Мәлік, Сәури, Әузағи, Ләйс, Зуфар, Мұхаммед, Шафиғи және Ахмад жұманың бір рәкатына үлгерген адам екінші рәкатты жалғыз өзі оқып бітіреді деген. Әбу Ханифа мен Әбу Юсуф: «Имам сәлем бермей тұрып намазды бастау тәкбірін айтып, жамағатқа қосылған адам екі рәкатты өзі толықтырады», – деген. Нахағи, Хакам және Хаммад та осы үкімді ұстанған. Ал Ата, Мәкхул, Тауыс және Мужаһид: «Жұма құтбасына үлгермеген кісі төрт рәкат оқиды. Өйткені жұма намазы құтбаға байланысты қысқартылған, құтба екі рәкаттың орнына жүреді», – деген.