Хадис

Намазды өтеу және қазасын оқу

Кутуб ситтә, 6-том, 344-тарау · 30 хадис · № 2330–2359

Хадистер

2330
Кутуб ситтә, № 2330 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَأَلَ رَجُلٌ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، كَمِ افْتَرَضَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ عَلَىٰ عِبَادِهِ مِنَ الصَّلَوَاتِ؟ قَالَ: افْتَرَضَ اللَّهُ عَلَىٰ عِبَادِهِ صَلَوَاتٍ خَمْسًا. قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، هَلْ قَبْلَهُنَّ أَوْ بَعْدَهُنَّ شَيْءٌ؟ قَالَ: افْتَرَضَ اللَّهُ عَلَىٰ عِبَادِهِ صَلَوَاتٍ خَمْسًا. فَحَلَفَ الرَّجُلُ لَا يَزِيدُ عَلَيْهِ شَيْئًا وَلَا يَنْقُصُ مِنْهُ شَيْئًا. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنْ صَدَقَ لَيَدْخُلَنَّ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ، وَهَذَا لَفْظُ النَّسَائِيِّ. وَقَدْ أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ فِي جُمْلَةِ حَدِيثٍ طَوِيلٍ مَذْكُورٍ فِي كِتَابِ الْإِيمَانِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бір кісі: “Уа, Алланың елшісі! Алла құлдарына неше уақыт намазды парыз етті?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Алла құлдарына бес уақыт намазды парыз етті”, – деді. Ол: “Бұлардың алдында немесе кейін тағы бір міндет бар ма?” – деп сұрады. Алла елшісі: “Алла құлдарына бес уақыт намазды парыз етті”, – деді. Әлгі кісі оған ештеңе қоспайтынына, ештеңе кемітпейтініне ант етті. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Сөзінде тұрса, міндетті түрде жәннатқа кіреді”, – деді»1.

Мүслим мен Тирмизи осы мазмұнды ұзағырақ риуаятта да жеткізген.2

Түсіндірме

1. Басқа риуаяттарда сұрақ қойған кісі Димам ибн Сәләба болғаны айтылады. Оны Алла елшісіне (с.а.с.) Бәну Сағд ибн Бәкір қауымы елші етіп жіберген. Димам өз өлкесіне келген мұсылман өкілдері мен Пайғамбардың (с.а.с.) хаттарынан естіген таухид, жаратылыс, намаз, ораза және зекет жайындағы мәліметтерді анықтап алу үшін сауал қойған. Оның мұсылман болған шағы жайында әртүрлі дерек бар. Кең тараған пікір бойынша, Алла елшісіне (с.а.с.) алғаш келгенінде Димам әлі мұсылман болмаған. Ол әр сауалын антпен бекітіп, жауаптарына көңілі толған соң Исламды қабылдаған. Бұхари риуаяты осы пікірді қуаттайды. Басқа нұсқаларда мұсылман болғаннан кейін қауымына дінді жеткізіп, жұрттың жаппай мұсылман болуына себеп болғаны айтылады. Бір риуаятта Димам қауымына: «Алла пайғамбар жіберіп, оған кітап түсірген. Мен оның қасынан келдім. Сендерге оның әмірлері мен тыйымдарын жеткіземін», – дейді. Рауи: «Аллаға ант етемін, сол жерде болған әйелдер мен ерлердің бәрі келесі күнге дейін мұсылман болды», – деп жалғастырады.

2. Омар (р.а.) Димамның сауал қою шеберлігін бағалап: «Аллаға ант етемін, Димамдай сауалын көркем әрі қысқа қойған адамды көрмедім», – деген. Әбу Дәуіттің Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаяты: «Пайғамбарға (с.а.с.) елші болып келгендердің арасынан Димамдай көркем сөйлеген кісіні естімедік», – деген сөзбен аяқталады.

3. Хадистен шығатын тұжырымдар:

• Кейбір ғалымдар бұл хадистен бір рауи жеткізген хабарға сүйеніп амал етуге дәлел тапқан. Димам естігенін анықтау үшін Алла елшісімен (с.а.с.) өзі жүздескен. Кейін жалғыз өзі қайтып, естігендерін қауымына жеткізгенде, олар оның сөзіне сеніп, Исламды қабылдаған.

• Мәселенің анық-қанығын білу үшін сауал қою құпталады. Алла елшісі (с.а.с.) Димамды сұрақ қойғаны үшін кінәламаған. Олардың сұхбаты көркем түрде өткен.

• Парыздарын өтеген адам нәпіл амал атқармаса да құтылады.

  1. 1Мүслим, «Иман», 10 (12). Тирмизи, «Зекет», 2 (619). Нәсәи, «Салат», 4 (459; 1/228–229). Мәтін Нәсәи нұсқасынан.
  2. 2Ұзағырақ нұсқасы Бұхаридің «Ілім» тарауында да берілген (6; № 63).
2331
Кутуб ситтә, № 2331 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «فُرِضَتْ عَلَى النَّبِيِّ ﷺ لَيْلَةَ أُسْرِيَ بِهِ الصَّلَوَاتُ خَمْسِينَ، ثُمَّ نَقَصَتْ حَتَّىٰ جُعِلَتْ خَمْسًا، ثُمَّ نُودِيَ: يَا مُحَمَّدُ، إِنَّهُ لَا يُبَدَّلُ الْقَوْلُ لَدَيَّ، وَإِنَّ لَكَ بِهَذِهِ الْخَمْسِ خَمْسِينَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ، وَهَذَا لَفْظُ التِّرْمِذِيِّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) Миғраж түнінде елу уақыт намаз парыз етілді. Кейін саны беске дейін азайтылды. Содан соң оған: “Уа, Мұхаммед! Менің құзырымда сөз өзгермейді. Осы бес уақыттың сауабы саған елу уақыттың сауабындай болады”, – деп үн қатылды»1.

Түсіндірме

Хадисте намаздың Миғражда әуелі елу уақыт болып парыз етіліп, кейін бес уақытқа азайтылғаны айтылады. Миғраж оқиғасы № 5568–5571 хадистерде баяндалған. Алла елшісі (с.а.с.) Алланың құзырынан елу уақыт намазды парыз еткен үкіммен қайтып келе жатып, Мұсаға (а.с.) жолығады. Мұса: «Алла үмбетіңе нені парыз етті?» – деп сұрайды. Алла елшісі: «Елу уақыт намаз», – дейді. Сонда Мұса: «Үмбетіңнің бұған шамасы жетпейді. Раббыңа қайта барып, намаздың азайтылуын сұра», – дейді. Алла елшісі бірнеше рет жеңілдік тілеп, намаз бес уақытқа дейін азайтылады. Жоғарыдағы хадисте Раббысының құзырына соңғы рет барғанда оған айтылған сөз баяндалады. Бес уақыт намаз – кесімді үкім.

Хадис бес уақыт намаздың елу уақыт болып есептелетінін білдіреді. Әрбір жақсы амалдың сауабы Алланың құзырында кемінде он есе көбейтіледі. Аятта: «Кімде-кім Алланың алдына бір ғана жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады»2, – делінген. Демек, Миғражда алғаш парыз етілген елу уақыт намаздың сауабы амал дәптерімізге жазылады. Алла намаздың қадірін көрсету үшін әуелі елу уақыт етіп бұйырды. Кейін құлдарының шамасына қарай санын азайтты, сауабын кемітпеді. Хадис Алланың рақымын көрсетеді.

  1. 1Бұхари, «Бәдул-халқ», 6, «Әнбия», 22, 43, «Мәнәқибул-ансар», 42. Мүслим, «Иман», 259 (162). Тирмизи, «Салат», 159 (213, мәтін осы нұсқадан). Нәсәи, «Салат», 1 (1/217–223).
  2. 2«Әнғам» сүресі, 160-аят (үзінді).
2332
Кутуб ситтә, № 2332 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «فَرَضَ اللَّهُ الصَّلَاةَ عَلَىٰ لِسَانِ نَبِيِّكُمْ ﷺ فِي الْحَضَرِ أَرْبَعًا، وَفِي السَّفَرِ رَكْعَتَيْنِ، وَفِي الْخَوْفِ رَكْعَةً». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла Пайғамбарларыңның (с.а.с.) тілімен намазды тұрғылықты жерде төрт, сапарда екі, ал қауіп үстінде бір рәкат етіп парыз етті»1.

  1. 1Мүслим, «Салат», 5 (687). Әбу Дәуіт, «Салат», 287 (1247). Нәсәи, «Тақсир», 1 (3/118–119).
2333
Кутуб ситтә, № 2333 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «فَرَضَ اللَّهُ الصَّلَاةَ حِينَ فَرَضَهَا رَكْعَتَيْنِ، ثُمَّ أَتَمَّهَا فِي الْحَضَرِ، وَأُقِرَّتْ صَلَاةُ الْمُسَافِرِ عَلَى الْفَرِيضَةِ الْأُولَىٰ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла намазды алғаш екі рәкат етіп парыз етті. Кейін тұрғылықты жердегі намаз төрт рәкатқа толықтырылып, жолаушының намазы алғаш парыз етілген күйінде қалды»1.

Түсіндірме

1. Намаз алғаш парыз етілгенде әрқайсысы екі рәкаттан болған.

Ахмад ибн Ханбал жеткізген бір нұсқада ақшам намазы бұған қосылмайды, ол әуелден үш рәкат болып парыз етілген делінеді. Бұхаридегі басқа нұсқада намаздың һижреттен кейін төрт рәкатқа толықтырылғаны айтылады. Ибн Хузайма, Бәйхақи және Ибн Хиббан келтірген риуаятта Айша (р.а.) мұны былай түсіндіреді: «Миғражда тұрғылықты жердегі намаз да, сапар намазы да екі рәкат болып парыз етілген. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келіп, көңілі орныққан соң, тұрғылықты жердегі намаздарға тағы екі рәкат қосылды. Таң намазы қырағаты ұзақ болғандықтан екі рәкат күйінде қалды. Ақшам намазы да бұрынғыдай үш рәкат болып қалды, өйткені ол – күндізгі үтір».

Намаз төрт рәкатқа толықтырылғаннан кейін: «Сапарға шыққанда күпірлік қылғандардың қастық істеуінен қорықсаңдар, намазды қысқартып оқығандарың үшін күнә арқаламайсыңдар»2, – деген аят түсті. Ибн әл-Әсир «Шархул-муснадта» намазды қысқарту үкімі һижреттің төртінші жылында енгізілгенін жазады. Ал кей ғалымның пікірінше, аят һижреттің екінші жылында түскен.

2. Ханафилер Айшаның (р.а.) хадисіне сүйеніп, сапарда намазды қысқартуды азимат, яғни орындалуы тиіс үкім деп санаған. Шафиғилер мен осы пікірдегі өзге ғалымдар жоғарыдағы аятты негізге алып, қысқартуды рұқсат деп түсінген. Олардың пікірінше, жолаушы қаласа екі рәкат, қаласа толық төрт рәкат оқиды.

3. Кейбір ғалымның айтуынша, Исра мен Миғражға дейін бес уақыт намаз парыз болмағанымен, түнде намаз оқу бұйырылған. Оның мөлшері белгіленбеген. Әл-Харби алғаш таң және құптан намаздары екі рәкаттан парыз етілген деген. Шафиғи бастаған кей ғалым түнгі намаз әуелде парыз болғанын, кейін «Мүззәммил» сүресіндегі «Құраннан өздеріңе жеңіл келгенін оқыңдар»3 деген аят түскенде, сол парыздың үкімі жойылғанын айтқан. Олардың түсіндіруінше, түннің бір бөлігінде тұрып құлшылық ету міндеті қалған, ал бес уақыт намаз парыз етілгенде, ол міндет те жойылған.

4. Қауіп намазы – соғыс үстінде оқылатын намаз. Түсіндірушілердің бір пікірінше, «бір рәкат» деу имаммен бір рәкат оқып, екіншісін жеке өтеуді білдіреді.

  1. 1Бұхари, «Салат», 1, «Тақсиратус-салат», 5, «Мәнәқибул-ансар», 47. Мүслим, «Салатул-мусафирин», 2 (685). Мәлік, «Муатта», «Қасрус-салат», 8 (1/146). Әбу Дәуіт, «Салат», 270 (1198). Нәсәи, «Салат», 3 (1/225).
  2. 2«Ниса» сүресі, 101-аят (үзінді).
  3. 3«Мүззәммил» сүресі, 20-аят (үзінді).
2334
Кутуб ситтә, № 2334 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Омар

وَعَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَاةُ النَّحْرِ رَكْعَتَانِ، وَصَلَاةُ الْفِطْرِ رَكْعَتَانِ، وَصَلَاةُ السَّفَرِ رَكْعَتَانِ، وَصَلَاةُ الْجُمُعَةِ رَكْعَتَانِ، تَمَامٌ غَيْرُ قَصْرٍ عَلَىٰ لِسَانِ النَّبِيِّ ﷺ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Омар (р.а.) былай дейді: «Құрбан айт намазы – екі рәкат, Ораза айт намазы – екі рәкат, сапар намазы – екі рәкат, жұма намазы да екі рәкат. Алла елшісінің (с.а.с.) айтуынша, бұлар қысқартылмаған, толық намаздар»1.

  1. 1Нәсәи, «Жұма», 37 (1420; 3/111), «Тақсир», 1 (1440; 3/118), «Идәйни», 11 (1566; 3/183).
2335
Кутуб ситтә, № 2335 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ فَضَالَةَ، عَنْ أَبِيهِ قَالَ: «عَلَّمَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَكَانَ فِيمَا عَلَّمَنِي: وَحَافِظْ عَلَى الصَّلَوَاتِ الْخَمْسِ. قَالَ: قُلْتُ: إِنَّ هَذِهِ سَاعَاتٌ لِي فِيهَا أَشْغَالٌ، فَمُرْنِي بِأَمْرٍ جَامِعٍ إِذَا أَنَا فَعَلْتُهُ أَجْزَأَ عَنِّي. فَقَالَ: حَافِظْ عَلَى الْعَصْرَيْنِ. وَمَا كَانَتْ مِنْ لُغَتِنَا. فَقُلْتُ: وَمَا الْعَصْرَانِ؟ فَقَالَ: صَلَاةٌ قَبْلَ طُلُوعِ الشَّمْسِ، وَصَلَاةٌ قَبْلَ غُرُوبِهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Фадала әкесінен жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған үйреткендерінің арасында: “Бес уақыт намазды қалдырмай оқы”, – деген өсиет те бар еді. Мен: “Бұл мезгілдерде менің шаруам болады. Орындасам, міндетімді өтейтін бір ортақ амал бұйырыңыз”, – дедім. Ол: “Екі асырды қалдырмай оқы”, – деді. Бұл сөз біздің тілдік қолданысымызда болмағандықтан: “Екі асыр деген не?” – деп сұрадым. Ол: “Күн шығар алдындағы намаз және күн батар алдындағы намаз”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадистегі «қалдырмай оқы» тіркесі «хафиз» (حَافِظْ) деген бұйрық райдан аударылды. Бұл сөз «сақтау, ұқыппен орындау» дегенді білдіреді. Намазға қатысты айтылғанда, оның үкімін біліп, уақытын сақтап, орындалуы мен кемелдігіне қажет бөліктерін түгел өтеуді меңзейді.

2. Таң намазын да «асыр» деп атау – араб тіліндегі тағлиб тәсілі, яғни екі нәрсені біреуінің атымен атау. Мәселен, «әбәуәйн» («екі әке») сөзі әке мен ананы, «қамарайн» («екі ай») сөзі Ай мен Күнді білдіреді. Екі намазға екінтінің аты берілуін күнделікті шаруа қызған тұста екінті намазын қадағалап оқудың қиындығымен түсіндірген.

3. Хадис алғаш оқығанда таң мен екінті намазы басқа намаздардың орнын басатындай әсер қалдыруы мүмкін. Алайда Құран мен сүннеттегі айқын дәлелдер бес уақыт намаздың парыз екенін көрсетеді. Бес уақыттың әрқайсысы жеке өтеледі, бірін екіншісімен алмастыруға немесе санын кемітуге жол жоқ.

Сенімді хадиске немесе Құранға қайшы келген осындай риуаят сырттай сахих көрінсе де, «шәз» деп аталады және үкіміне амал етілмейді. Риуаят әлсіз болса, «мүнкәр» саналады, оған сүйенуге негіз тіпті аз.

Бәйхақи «Сүнәнінде» риуаяттың сенімділік дәрежесіне тоқталмай, мағынасын былай жорамалдайды: «Анығын Алла біледі. Алла елшісі (с.а.с.) “Бес уақыт намаздың әрқайсысын уақыты кіргенде оқы. Мәжбүр себеппен дереу оқи алмай, кейінге қалдырсаң, үзірлі боласың. Ал мына екі намазды уақыты кіргенде оқуға ерекше мән бер” дегісі келген болуы мүмкін». Ибн Хиббан «Сахихында» екі асырды қадағалау туралы ерекше ескертудің оларды уақыт кірісімен өтеуге қатысты екенін айтады. Ол кездегі жұрттың шаруасы көбіне осы екі мезгілге тура келгендіктен, намаздың қаза болып кету қаупі де жоғары еді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 9 (428).
2336
Кутуб ситтә, № 2336 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ سَبْرَةَ بْنِ مَعْبَدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مُرُوا الصَّبِيَّ بِالصَّلَاةِ إِذَا بَلَغَ سَبْعَ سِنِينَ، فَإِذَا بَلَغَ عَشْرَ سِنِينَ فَاضْرِبُوهُ عَلَيْهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَلَفْظُ التِّرْمِذِيِّ: «عَلِّمُوا الصَّبِيَّ الصَّلَاةَ ابْنَ سَبْعِ سِنِينَ، وَاضْرِبُوهُ عَلَيْهَا ابْنَ عَشْرٍ».

Қазақша аудармасы

Сәбра ибн Мағбад (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Бала жеті жасқа толғанда оған намаз оқуды бұйырыңдар. Он жасқа толғанда намазды қойса, сол үшін ұрыңдар», – деген1.

Тирмизи нұсқасында: «Балаға намазды жеті жасында үйретіңдер. Он жасында намазды қойса, сол үшін ұрыңдар», – делінген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 26 (494). Тирмизи, «Салат», 299 (407).
2337
Кутуб ситтә, № 2337 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ، عَنْ أَبِيهِ، عَنْ جَدِّهِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مُرُوا أَوْلَادَكُمْ بِالصَّلَاةِ وَهُمْ أَبْنَاءُ سَبْعِ سِنِينَ، وَاضْرِبُوهُمْ عَلَيْهَا وَهُمْ أَبْنَاءُ عَشْرِ سِنِينَ، وَفَرِّقُوا بَيْنَهُمْ فِي الْمَضَاجِعِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайып әкесі арқылы атасы Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Балаларың жеті жасқа толғанда оларға намаз оқуды бұйырыңдар. Он жасқа толғанда намазды қойса, сол үшін ұрыңдар. Төсектерін де бөлек салыңдар», – деген1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 25 (495–496).
2338
Кутуб ситтә, № 2338 · тараудағы реті: 9

وَلَهُ فِي رِوَايَةٍ أُخْرَىٰ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ سُئِلَ عَنْ ذَلِكَ فَقَالَ: إِذَا عَرَفَ يَمِينَهُ مِنْ شِمَالِهِ فَمُرُوهُ بِالصَّلَاةِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттегі басқа нұсқада Алла елшісінен (с.а.с.) балаға намазды қай кезде бұйыру керегі сұралады. Ол: «Бала оңын солынан ажырата алғанда, оған намаз оқуды бұйырыңдар», – деген1.

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) бала тәрбиесіне қатысты өсиеттерінің бірі – балаға намаз оқуды бұйыру. Алдыңғы үш хадис осы мәселенің негізгі өлшемдерін көрсетеді. Туа салысымен құлағына азан мен қамат айтып, ат қоюдан басталатын тәрбиенің сүннетте бірнеше кезеңі баяндалған.

• Тәлім беруді баланың тілі шыққаннан бастау. Риуаятта Абдулмутталиб әулетінің бір баласы сөйлей бастағанда, Алла елшісі (с.а.с.) оған мына аятты жеті рет қайталатып үйреткені айтылады: «Бар мадақ пен шүкіршілік – баласы да, күллі жаратылысқа жүргізген билігінде серігі де болмаған бір Аллаға тән!»2 Осылайша балаға ең әуелі Құранның сенім негіздеріне қатысты аяттары үйретілген.

• Намаз оқуға бұйыратын шақ – баланың жақсы мен жаманды ажырата бастайтын, яғни тәмйиз жасы. Алдыңғы екі хадисте жеті жас аталса, үшіншісінде баланың оңын солынан ажырата алуы өлшем болған. Басқа риуаяттарда жиырмаға дейін санау, намазды түсіну немесе сүт тістерінің түсуі секілді белгілер айтылады. Ғалымдар осы деректердің бәрін ескеріп, негізгі өлшем ретінде баланың ажырата білу қабілетін алған. Оның жасын дәл белгілеу қиын. Бір бала төрт-бес жасында-ақ бұл шаққа жетсе, енді бірі жеті-сегіз жасында да жете қоймауы мүмкін. Хадис ғалымдары мұны өзіне айтылған сөзді толық түсініп, орынды жауап бере алуымен айқындаған. Ғалымдардың айтуынша, бала осы шаққа дейін намаздың парыздарын, уәжіптерін және сүннеттерін білуі тиіс. Сондықтан тілі шыққан кезден намазда оқылатын сүрелер мен дұғаларды жаттатып, намаздың рүкіндері мен уәжіптерін біртіндеп үйретеді.

• Намазға дағдыландырудағы келесі кезең – он жас. Хадисте баланы жеті жасында намаз оқуға бұйыру, ал он жасында оқымағаны үшін ұру жайы айтылған. Жинақ авторының түсіндіруінше, жеті жастан баланы күшке салмай, жұмсақтықпен үйретеді. Автор он жасқа келгенде де намазға дағдыланбаса, бұдан кейін үйрету қиындауы мүмкін екенін айтады. Отағасының міндеттерінің бірі – баласына намазды жастайынан үйретіп, тиісті жасқа жеткенде оқуды бұйыру.

Отағасының отбасы тәрбиесіне жауаптылығы Құранның бірнеше аятында айтылған. Намазға қатысты аятта: «Отбасыңа және үмбетіңе намаз оқуды бұйыр, әрі өзің де намаз оқуда табандылық таныт. Біз сенен ризық сұрамаймыз, керісінше, сенің ризық-несібеңді Біз берудеміз»3, – делінген.

Кейбір ислам ғалымдары балаға дінін үйретпей тұрып кәсіп үйретуді құп көрмеген. Олардың уәжі бойынша, бала кейін жүрегінен арылуы қиын теріс сенімнің ықпалында өсуі мүмкін.

Он жас – балалардың төсегін бөлек салатын шақ. Одан ертерек бөлек жатса да болады. Мунауидің айтуынша, әмір жалпы айтылғандықтан, балалардың бәрі қыз немесе бәрі ұл болса да, төсектері бөлінеді. Автор бұл өсиеттен жыныстық тәрбиені байыппен, жүйелі түрде жүргізудің маңызын аңғартады. Он жасты балиғаттың белгілері біртіндеп білінетін «мураһиқ» шағы деп те атайды. Бұл жасқа қатысты өзге де үкімдер бар.

2. Жинақ авторы он жастағы балаға жаза қолдану туралы ғалымдардың тарихи түсіндірмелерін келтіреді. Олардың кейбірі мұны баланың сол жаста жазаны көтере алатынымен және оның тәрбиелік ықпалы болуы мүмкіндігімен негіздеген. Әли әл-Қари алты жасқа толмаған баланы ұруды харам санаған. Бәйхақи парызға қатысы жоқ мәселеде баланы ұруға рұқсат жоқ деген. Түсіндіруші ғалымдар жарақат салмау, үш соққыдан асырмау және басынан ұрмау шарттарын атаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 26 (497). Бұл нұсқаны Мұғаз ибн Абдулла ибн Хубайб Жуһайналық бір кісіден жеткізген.
  2. 2«Исра» сүресі, 111-аят (үзінді). Риуаят: Абдурраззақ, «Мусаннаф» (7976; өзге нөмірлеуде 8035).
  3. 3«Таһа» сүресі, 132-аят (үзінді).
2339
Кутуб ситтә, № 2339 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «عَرَضَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَوْمَ أُحُدٍ فِي الْقِتَالِ، وَأَنَا ابْنُ أَرْبَعَ عَشْرَةَ سَنَةً، فَلَمْ يُجِزْنِي، وَعَرَضَنِي يَوْمَ الْخَنْدَقِ، وَأَنَا ابْنُ خَمْسَ عَشْرَةَ سَنَةً، فَأَجَازَنِي». قَالَ نَافِعٌ: «فَقَدِمْتُ عَلَىٰ عُمَرَ بْنِ عَبْدِ الْعَزِيزِ وَهُوَ يَوْمَئِذٍ خَلِيفَةٌ، فَحَدَّثْتُهُ هَذَا الْحَدِيثَ، فَقَالَ: إِنَّ هَذَا لَحَدٌّ بَيْنَ الصَّغِيرِ وَالْكَبِيرِ. فَكَتَبَ إِلَىٰ عُمَّالِهِ أَنْ يَفْرِضُوا لِمَنْ كَانَ ابْنَ خَمْسَ عَشْرَةَ سَنَةً، وَمَنْ كَانَ دُونَ ذَلِكَ فَاجْعَلُوهُ فِي الْعِيَالِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Ұхуд күні мені шайқасқа қатысатындардың арасынан қарап шықты. Ол кезде он төрт жаста едім, сондықтан маған рұқсат бермеді. Хандақ күні де мені қарап шықты. Бұл кезде он бес жаста едім. Осы жолы шайқасқа қатысуыма рұқсат етті».

Нафиғ былай дейді: «Омар ибн Абдулазизге барғанымда, ол халифа еді. Осы хадисті айтып бергенімде: “Он бес жас – бала мен ересекті айыратын шек”, – деді. Содан соң әкімдеріне хат жазып, он бес жасқа толғандарға үлес тағайындауды, одан кішілерді отбасының қарауындағы балалар қатарына қосуды бұйырды»1.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) жорыққа қатысушыларды іріктегенде балиғатқа жетуін ескерген. Кей нұсқаларда Абдулла ибн Омардың (р.а.) Ұхудқа қатысқысы келгені айтылады. Оның он төрт жаста екені анықталғанда, Пайғамбар (с.а.с.) оған рұқсат бермеген.

2. Хадистегі «қарап шықты» тіркесі «арз» (عَرْضٌ) сөзінен аударылды. Алла елшісі (с.а.с.) жорыққа шыққанда аялдап, қатысушыларды бір-бірлеп көріп, әскери нұсқаулар беретін. Кей нұсқада «Мені Алла елшісінің алдына алып барды» делінеді. Бұл оқиға жорыққа қатысушыларды тіркеу кезінде де болған болуы мүмкін. Қалай болғанда да, Алла елшісі қатысушыларды алдын ала қарап, тым жас деп тапқандарын кері қайтарған.

3. Риуаятта Ибн Омар Ұхудта он төрт, ал Хандақта он бес жаста болғанын айтады. Ибн Сағдтың мәліметіне сүйенсек, екі шайқастың арасында екі жыл өткен. Онда Ибн Омар Хандақта он алты жаста болуға тиіс еді.

Бұл айырма екі түрлі түсіндіріледі:

• Кей риуаят бойынша, Хандақ шайқасы һижраның төртінші жылы Шәууәл айында болған. Ұхуд үшінші жылдың Шәууәл айында өткендіктен, бұл нұсқа хадистегі жас мөлшеріне сай келеді.

• Көптеген тарихшы Ұхудта меккеліктердің «Келесі жылы Бәдірде кездесеміз!» дегенінен кейін мұсылмандар һижраның төртінші жылы Бәдірге барғанын, мүшріктерді таппай, шайқаспай қайтқанын жазады. Ал көпшілік риуаятта Хандақ шайқасы бесінші жылға жатқызылады. Бәйхақи және өзге ғалымдар Ибн Омардың Ұхудта он төртке енді толғанын, ал Хандақта он бестен асқанын меңзегенін айтады. Бірінде толық жасын айтса, екіншісінде жасын дөңгелектеп көрсеткен. Арабтарда жасты бұлай айту қалыпты болған. Ғалымдар айырманы осылай түсіндірген.

4. Жинақ авторы бұл риуаятты сол дәуірдегі тәрбие жүйесінің бір қырына дәлел ретінде келтіреді. Оның пайымынша, әскери тәлім балиғатқа дейін берілген. Жорыққа қатысуға рұқсат алған адамның қажетті әскери тәртіп пен өнерді меңгеруі күтілген. Ол дәуірде садақ ату, қылыш пен қалқан ұстау, атқа міну, жекпе-жекке шығу, шабуылдау мен қорғану жауынгерге қажет дағдылар еді. Дайындықсыз адам өзіне де, қасындағы жауынгерлерге де, жалпы жорыққа да зиян келтіруі мүмкін еді.

Осыдан автор сол дәуірде он бес жас әскери тәлімнің аяқталатын шағы болған деген тұжырым жасайды. Балиғатқа жеткен бала діни міндеттерін де біліп, орындауға дағдылануы тиіс. Өйткені балиғаттан бастап адамға жауапкершілік жүктеледі. Мұсылман отбасы баланы осы жауапкершілікке алдын ала дайындайды. Автор оны үш салаға бөледі:

1) Алла алдындағы құлшылықтар: намаз, ораза, зекет және қажылық.

2) Отбасы алдындағы міндеттер: нәпақа табу, қорғау, тәрбие беру және өзге де міндеттер.

3) Мемлекет алдындағы борыштар: салық, әскери міндет және өзге де міндеттер.

№ 18 хадисте баланың әкесінен алуға хақысы бар игіліктің бірі жақсы тәрбие екені айтылған. Автордың түсіндіруінше, жақсы тәрбие баланы өмірге және мойнына жүктелетін міндеттердің бәріне дайындауды қамтиды. Діни, кәсіптік немесе әскери тәрбиенің бірін ғана беру жеткіліксіз.

Автор әскери тәлімнің сипаты мен оған қажет дайындық дәуірге қарай өзгеретінін ескертеді. Балиғатқа жетудің өзі әр кезде әскери қызметке жарамды болуды білдірмеген. Бұрын жағдайға қарай балиғаттан бұрын да әскери міндет жүктелген. Осы себептермен мәлики және ханафи ғалымдары жорыққа қатысуға рұқсатты белгілі жасқа байламай, басшының шешіміне қалдырған. Мысал ретінде Сәмура ибн Жундубтың оқиғасы айтылады. Қатарласы жорыққа алынып, өзі алынбағанда, Сәмура Алла елшісіне (с.а.с.) әлгі баланы күресте жеңе алатынын айтады. Алла елшісі екеуін күрестіргенде, Сәмура жеңіп шығып, әскер қатарына қабылданады.

5. Омар ибн Абдулазиз секілді кей ғалымдар осы риуаятты негізге алып, он бес жасты жауапкершілік шегі деп қабылдаған. Олардың пікірінше, бала он беске толғанда балиғат белгісі әлі байқалмаса да, есейгені анықталса, оған міндет жүктеледі. Бұл шақта балалық белгілері кетіп, өз бетінше отбасын құруға қабілеті жетеді деп санаған. Ханафи ғалымдары қосымша шарттарды ескеріп, бұл шекті он сегіз жасқа дейін ұзартқан.

  1. 1Бұхари, «Шаһадат», 18 (2664), «Мағази», 29. Мүслим, «Имарат», 91 (1868а). Тирмизи, «Жиһад», 31 (1711). Әбу Дәуіт, «Худуд», 17 (4406–4407). Нәсәи, «Талақ», 20 (6/155).
2340
Кутуб ситтә, № 2340 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «مَنْ نَسِيَ صَلَاةً فَلْيُصَلِّهَا إِذَا ذَكَرَهَا، لَا كَفَّارَةَ لَهَا إِلَّا ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім бір намазды ұмытып кетсе, есіне түскенде оқысын. Оның бұдан басқа кәффараты жоқ», – деген1.

  1. 1Дереккөздері келесі, № 2341 хадистен кейін берілген.
2341
Кутуб ситтә, № 2341 · тараудағы реті: 12

وَفِي أُخْرَىٰ لِلشَّيْخَيْنِ: «إِذَا رَقَدَ أَحَدُكُمْ عَنِ الصَّلَاةِ أَوْ غَفَلَ عَنْهَا فَلْيُصَلِّهَا إِذَا ذَكَرَهَا، فَإِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ: ﴿وَأَقِمِ الصَّلَاةَ لِذِكْرِي﴾».

Қазақша аудармасы

Бұхари мен Мүслимнен жеткен басқа риуаятта былай делінген: «Араларыңнан біреу намаз уақытында ұйықтап қалса немесе намазын ұмытса, есіне түскенде оқысын. Өйткені Алла Тағала: “Мені зікір етіп, еске алу мақсатында кемеліне жеткізіп, намаз оқы!”1 – деген».2

Түсіндірме

1. Бұл екі хадистің кейінірек келтірілетін басқа нұсқаларында оның айтылуына себеп болған оқиға да баяндалады: «Хайбар жорығынан қайтқан мұсылман әскері түннің алғашқы бөлігінде жол жүреді. Сарбаздарды ұйқы қыса бастағанда, Алла елшісі (с.а.с.) Біләлді (р.а.) кезекке қойып, әскерге тынығуға рұқсат береді. Кезектегі Біләл де ұйықтап қалады. Таңертең оларды күннің ыстығы оятады. Алла елшісі (с.а.с.) сол жерден кетуді бұйырады. Біраз жол жүрген соң Пайғамбардың ишарасымен әскер намаз оқу үшін аялдайды. Сарбаздар дәрет алып, таң намазының қазасын өтейді. Намаз аяқталғанда Алла елшісі: “Кімде-кім бір намазды ұмытып кетсе, есіне түскенде оқысын. Өйткені Алла Тағала: ‘Мені зікір етіп, еске алу мақсатында кемеліне жеткізіп, намаз оқы!’ – деген”, – дейді».

2. Ғалымдар бұл хадисті әртүрлі түсіндіріп, одан түрлі үкім шығарған. Бұл алшақтыққа аяттың оқылуындағы айырма да әсер еткен. Егжей-тегжейіне бармай, бірнеше маңызды тұсына тоқталайық.

• Хадистің сыртқы мағынасы қаза намаз бен уақыты кірген намаздың ретін сақтауды білдіреді. Ұмытып немесе ұйықтап қалып өткізіп алған намазды өтемей тұрып, уақыты кірген келесі намаз оқылмайды. Имам Мәліктің үкімі бойынша, адам уақыты кірген намазды оқып болған соң қаза намазы есіне түссе, әуелі қазаны өтейді де, оқыған намазын қайта оқиды.

• Ханафи ғалымдарының пікірінше, намаз оқу мәкрүһ уақытта адамның есіне қаза намазы түссе, оны сол уақытта оқымайды. Имам Мәлік, Шафиғи, Әузағи, Ахмад және Исхақ (Алла оларды рақымына алсын) қаза намазды мәкрүһ уақытта да өтеуге болады деген. Олардың дәлелі мынау: хадистегі «есіне түскенде» деген сөзге уақыт жағынан шек қойылмаған, сондықтан ол мәкрүһ уақыттарды да қамтиды.

Омар, Ибн Омар, Сағд ибн Әбу Уаққас, Ибн Масғуд және Салман (р.а.) секілді кейбір сахабалардан «Намазды әдейі тәрк еткен адамға қаза жоқ» деген сөз жеткен. Бұған мынадай уәж айтылған: «Ұмытып намазын оқи алмаған адам қазасын өтеуге тиіс болса, біле тұра тәрк еткен адамға бұл міндеттің жүктелуі тіпті орынды. Хадисте жеңілдеу жағдайды атау арқылы ауырлау жағдайға назар аударылған. Ұмытқан адамның үзірі бар, ол намазды өткізіп алғаны үшін күнә арқаламайды және қазасын өтесе, парызын атқарған болады». «Әдейі тәрк еткенге қаза жоқ» дегендер оның ісін ұмытудан ауыр санаған. Олардың сөзі «Бұл – қаза оқумен орны толмайтын күнә» деген мағынадағы қатаң сөгіс еді.

• Қаза намазды оқығанда азан мен қамат айтыла ма? Бұл жөнінде де пікірлер әртүрлі. Ахмад ибн Ханбал мен ханафи ғалымдары екеуін де айту керек деген. Имам Шафиғиден бұл мәселеде бірнеше пікір жеткен. Басым деп танылған пікір бойынша, қамат айтылады, азан айтылмайды.

• Қаза намаздың орны оны адамның өзі оқуымен ғана толады. Оның орнына басқа адам намаз оқи алмайды, садақа да, басқа амал да оның кәффаратын өтей алмайды. Дегенмен ғалымдардың айтуынша, қаза намазы көп адам қайтыс боларында сол намаздары үшін фидия беруді өсиет етсе, өсиеті орындалады.

  1. 1«Таһа» сүресі, 14-аят (үзінді).
  2. 2Бұхари, «Мауақитус-салат», 37 (597). Мүслим, «Мәсажид», 314 (684d, аятпен бірге осы нұсқада). Тирмизи, «Салат», 131 (178). Әбу Дәуіт, «Салат», 11 (442). Нәсәи, «Мауақит», 52–53 (1/293–294).
2342
Кутуб ситтә, № 2342 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әбу Қатада

وَعَنْ أَبِي قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سِرْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ لَيْلَةً، فَقَالَ بَعْضُ الْقَوْمِ: لَوْ عَرَّسْتَ بِنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: أَخَافُ أَنْ تَنَامُوا عَنِ الصَّلَاةِ. فَقَالَ بِلَالٌ: أَنَا أُوقِظُكُمْ. فَاضْطَجَعُوا، وَأَسْنَدَ بِلَالٌ ظَهْرَهُ إِلَىٰ رَاحِلَتِهِ فَغَلَبَتْهُ عَيْنَاهُ فَنَامَ. فَاسْتَيْقَظَ النَّبِيُّ ﷺ وَقَدْ طَلَعَ حَاجِبُ الشَّمْسِ، فَقَالَ: يَا بِلَالُ، أَيْنَ مَا قُلْتَ؟ فَقَالَ: مَا أُلْقِيَتْ عَلَيَّ نَوْمَةٌ مِثْلُهَا قَطُّ. قَالَ: إِنَّ اللَّهَ قَبَضَ أَرْوَاحَكُمْ حِينَ شَاءَ، وَرَدَّهَا عَلَيْكُمْ حِينَ شَاءَ. يَا بِلَالُ، قُمْ فَأَذِّنْ بِالنَّاسِ بِالصَّلَاةِ. فَتَوَضَّأَ، فَلَمَّا ارْتَفَعَتِ الشَّمْسُ وَابْيَضَّتْ قَامَ فَصَلَّىٰ بِالنَّاسِ جَمَاعَةً». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَاللَّفْظُ لِلْبُخَارِيِّ وَالنَّسَائِيِّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Қатада (р.а.) былай дейді: «Бір түні Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жол жүрдік. Қасымыздағы кісілердің кейбірі: “Уа, Алланың елшісі! Бір аялдап, тынығып алсақ қайтеді?” – деді.

Алла елшісі: “Ұйықтап қалып, намазды өткізіп аласыңдар ма деп қорқамын”, – деді. Сонда Біләл: “Мен сендерді оятамын!” – деді. Бәрі жатып тынықты. Біләл түйесіне арқасын сүйеді де, көзі ілініп, ұйықтап қалды. Күннің шеті көрінгенде Алла елшісі (с.а.с.) оянып: “Уа, Біләл, айтқан сөзің қайда?” – деп сұрады. Біләл: “Мені бұрын-соңды мұндай ұйқы басқан емес”, – деді. Алла елшісі: “Алла жандарыңды қалаған сәтінде алады да, қалаған сәтінде қайтарады. Уа, Біләл, тұр, азан айтып, жұртты намазға шақыр”, – деді. Содан кейін дәрет алды. Күн көтеріліп, ағарғанда, орнынан тұрып жамағатқа намаз оқытты»1.

  1. 1Осы және кейінгі риуаяттардың дереккөздері № 2347 хадистен кейін бірге берілген.
2343
Кутуб ситтә, № 2343 · тараудағы реті: 14

وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ: «فَمَا أَيْقَظَهُمْ إِلَّا حَرُّ الشَّمْسِ، فَقَامُوا فَسَارُوا هُنَيَّةً، ثُمَّ نَزَلُوا فَتَوَضَّئُوا، وَأَذَّنَ بِلَالٌ فَصَلَّوْا رَكْعَتَيِ الْفَجْرِ، ثُمَّ صَلَّوُا الْفَجْرَ وَرَكِبُوا، فَقَالَ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ: قَدْ فَرَّطْنَا فِي صَلَاتِنَا. فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: إِنَّهُ لَا تَفْرِيطَ فِي النَّوْمِ، إِنَّمَا التَّفْرِيطُ فِي الْيَقَظَةِ، فَإِذَا سَهَا أَحَدُكُمْ عَنْ صَلَاةٍ فَلْيُصَلِّهَا حِينَ يَذْكُرُهَا، وَمِنَ الْغَدِ لِلْوَقْتِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің риуаятында былай делінген: «Оларды күннің ыстығы ғана оятты. Олар тұрып, біраз жол жүрді де, қайта аялдап, дәрет алды. Біләл (р.а.) азан айтты. Олар таң намазының екі рәкат сүннетін оқыды, содан кейін таң намазының парызын өтеп, көліктеріне мінді. Жолда бір-біріне: “Намазымызға немқұрайды қарадық”, – десті. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Ұйқыда немқұрайдылық жоқ. Немқұрайдылық – ояу жүргенде намазды өткізіп алу. Араларыңнан біреу бір намазды ұмытып кетсе, есіне түскенде оқысын. Келесі күні сол намазды өз уақытында оқысын”, – деді».

2344
Кутуб ситтә, № 2344 · тараудағы реті: 15

وَفِي أُخْرَىٰ لَهُ: «فَقُمْنَا وَهِلِينَ لِصَلَاتِنَا، فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: رُوَيْدًا رُوَيْدًا، لَا بَأْسَ عَلَيْكُمْ. حَتَّىٰ إِذَا تَعَالَتِ الشَّمْسُ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ كَانَ مِنْكُمْ يَرْكَعُ رَكْعَتَيِ الْفَجْرِ فَلْيَرْكَعْهُمَا. فَقَامَ مَنْ كَانَ يَرْكَعُهُمَا، وَمَنْ لَمْ يَكُنْ يَرْكَعُهُمَا فَرَكَعَهُمَا، ثُمَّ أَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يُنَادَىٰ بِالصَّلَاةِ فَنُودِيَ بِهَا، فَقَامَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَصَلَّىٰ بِنَا. فَلَمَّا انْصَرَفَ قَالَ: أَلَا إِنَّا بِحَمْدِ اللَّهِ لَمْ نَكُنْ فِي شَيْءٍ مِنْ أُمُورِ الدُّنْيَا يَشْغَلُنَا عَنْ صَلَاتِنَا، وَلَكِنْ أَرْوَاحُنَا كَانَتْ بِيَدِ اللَّهِ تَعَالَىٰ فَأَرْسَلَهَا أَنَّىٰ شَاءَ، فَمَنْ أَدْرَكَ مِنْكُمْ صَلَاةَ الْغَدَاةِ مِنْ غَدٍ صَالِحًا فَلْيَقْضِ مَعَهَا مِثْلَهَا».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің басқа риуаятында былай делінген: «Намазымыздың қаза болғанына абыржып тұрдық. Алла елшісі (с.а.с.): “Асықпаңдар, асықпаңдар, айыптарың жоқ”, – деді. Күн көтерілгенде: “Араларыңда таңның екі рәкат сүннетін оқып жүргендер болса, сол екі рәкатты оқысын”, – деді. Оны әдетте оқып жүргендер де, оқымағандар да тұрып, екі рәкат оқыды. Содан соң Алла елшісі намазға қамат айтуды бұйырды. Қамат айтылғанда, өзі тұрып, бізге намаз оқытты. Намаз аяқталғанда: “Біліп қойыңдар, Аллаға шүкір, намазымызға дүниенің бірде-бір ісі бөгет болған жоқ. Жандарымыз Алла Тағаланың билігінде еді, оларды қалаған кезінде қайтарды. Ертең таң намазына өз уақытында жеткендер онымен бірге дәл сондай бір намазды қаза етіп оқысын”, – деді».

2345
Кутуб ситтә, № 2345 · тараудағы реті: 16

وَفِي أُخْرَىٰ لَهُ وَلِلتِّرْمِذِيِّ وَالنَّسَائِيِّ قَالَ: «أَمَا إِنَّهُ لَيْسَ فِي النَّوْمِ تَفْرِيطٌ، إِنَّمَا التَّفْرِيطُ عَلَىٰ مَنْ لَمْ يُصَلِّ الصَّلَاةَ حَتَّىٰ يَدْخُلَ وَقْتُ الصَّلَاةِ الْأُخْرَىٰ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт, Тирмизи және Нәсәидің басқа риуаятында былай делінген: «Біліп қойыңдар, ұйқыда немқұрайдылық жоқ. Немқұрайдылық – келесі намаздың уақыты кіргенге дейін алдыңғы намазын оқымай қойған адамның ісі».

2346
Кутуб ситтә, № 2346 · тараудағы реті: 17

وَفِي رِوَايَةٍ لِمُسْلِمٍ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «فَلَمْ نَسْتَيْقِظْ حَتَّىٰ طَلَعَتِ الشَّمْسُ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لِيَأْخُذْ كُلُّ إِنْسَانٍ بِرَأْسِ رَاحِلَتِهِ، فَإِنَّ هَذَا مَنْزِلٌ حَضَرَنَا فِيهِ الشَّيْطَانُ. قَالَ: فَفَعَلْنَا».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында былай делінген: «…Күн шыққанша оянбадық. Алла елшісі (с.а.с.): “Әркім көлігін жетектесін. Өйткені бұл – шайтан қасымызда болған жер”, – деді. Біз солай істедік».

2347
Кутуб ситтә, № 2347 · тараудағы реті: 18

وَفِي أُخْرَىٰ لِأَبِي دَاوُدَ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَيْضًا: «فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: تَحَوَّلُوا عَنْ مَكَانِكُمُ الَّذِي أَصَابَتْكُمْ فِيهِ الْغَفْلَةُ». «التَّعْرِيسُ»: نُزُولُ الْمُسَافِرِ آخِرَ اللَّيْلِ لِلِاسْتِرَاحَةِ وَالنَّوْمِ. وَ«الْوَهَلُ»: الْفَزَعُ وَالرُّعْبُ. وَمَعْنَىٰ «رُوَيْدًا»: الْأَمْرُ بِالتَّأَنِّي وَالتَّمَهُّلِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген басқа риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Ғапылдық басқан осы жерден көшіңдер», – деген1.

Түсіндірме

1. Соңғы алты хадис бір оқиғаны баяндайды. Хайбарды алғаннан кейін Мәдинаға қайтып келе жатқанда, таң намазының уақыты кірерде әскерді ұйқы басады. Кезектегі кісі де ұйықтап қалып, таң намазы қаза болады. Намазды сол күнгі сәске уақытында өтейді. Оқиға әртүрлі жолмен жеткендіктен, нұсқалардың көбіндегі айырмалар бірін-бірі толықтыра түседі. Алла елшісі дәлелге келтірген аяттың «лизикри» не «лизикра» деп оқылуындағы айырма да № 2341 хадисте айтылған әртүрлі түсініктердің тууына себеп болған.

Осы пікірлердің маңыздыларын сонда айтқандықтан, мұнда қайталамаймыз. Сахабалар ұйықтап қалып, таң намазын өткізіп алғанына қатты абыржып, қорыққан. Алла елшісі (с.а.с.) олардың мұны әдейі істемегенін, сондықтан қорқатындай немқұрайдылық танытпағанын айтып, жұбатады. Нағыз немқұрайдылық – намаздың уақыты кіргенін біле тұра келесі намаздың уақыты кіргенше оқымай қою екенін ескертеді.

Мүслимнің бір риуаятында былай делінген: «…Көліктерімізге мінген соң, “Намазға немқұрайды қарағанымыздың кәффараты не?” – деп сыбырласа бастадық. Мұны білген Алла елшісі (с.а.с.): “Мен сендерге жақсы үлгі емеспін бе? Ұйықтап қалуда немқұрайдылық жоқ. Немқұрайдылық – келесі намаздың уақыты кіргенше алдыңғы намазын оқымау”, – деді».

2. № 2344 хадисті толық нұсқасымен қарағанда, ұйықтап қалып таң намазын өткізіп алған оқиға Мұта жорығында болғандай баяндалады.

Хадис ғалымдары осы хадисті жеткізушілердің бірі Халид ибн Сүмәйр үш тұста жаңылысқан деп есептейді.

а) Ол оқиғаны Мұта жорығына жатқызады. Қалған жеткізушілер оқиғаның Хайбардан қайтар жолда болғанына бірауыздан келіскен.

ә) «Араларыңда таңның екі рәкат сүннетін оқып жүргендер болса, сол екі рәкатты оқысын» деген сөз сахабалар бұл сүннетті оқу-оқымауды өздері шешкендей әсер қалдырады. Алайда таң намазының осы екі рәкаты – бекітілген сүннет. Таң намазы қаза болғанда, оның сүннеті де өтеледі. Автор мұны жеткізушінің екінші жаңылысы деп бағалайды.

б) «…Таң намазымен бірге дәл сондай бір намазды қаза етіп оқысын…» деген сөзден қаза болған таң намазы сол күні өтелмей, келесі таңға қалдырылғандай көрінеді. Халид ибн Сүмәйрден өзге жеткізушілердің бәрі оның сол күні сәскеде өтелгенін айтады.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 35 (595), «Таухид», 31. Мүслим, «Мәсажид», 309–311. Мәлік, «Муатта», «Уақтус-салат», 25. Әбу Дәуіт, «Салат», 11 (435–441). Тирмизи, «Салат», 130 (177), «Тәпсір», «Таһа» (3162). Нәсәи, «Мауақит», 53–55 (1/294–298), «Имамат», 47 (2/106).
2348
Кутуб ситтә, № 2348 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَدْلَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ثُمَّ عَرَّسَ، فَلَمْ يَسْتَيْقِظْ حَتَّىٰ طَلَعَتِ الشَّمْسُ أَوْ بَعْضُهَا، فَلَمْ يُصَلِّ حَتَّىٰ ارْتَفَعَتِ الشَّمْسُ فَصَلَّىٰ، وَهِيَ صَلَاةُ الْوُسْطَىٰ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) түннің алғашқы бөлігінде жол жүріп, түн соңында тынығуға аялдады. Күн шыққанша немесе оның бір бөлігі көкжиектен көрінгенше оянбады. Күн көтерілгенше намаз оқымады. Күн көтерілген соң намазын оқыды. Бұл – ортаңғы намаз»1.

Түсіндірме

1. Ибн Аббас (р.а.) алдыңғы хадистерде егжей-тегжейлі баяндалған оқиғаны, яғни Хайбардан қайтар жолда ұйықтап қалып, таң намазын өткізіп алған жайды айтып отырған болуы керек.

2. Бұл риуаятта ортаңғы намаз таң намазы деп көрсетілген. Ортаңғы намаз – бес уақыт намаздың бірі. Құранда оны сақтауға ерекше назар аударылады: «Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға өте берік болыңдар».2 Риуаяттарда оның қай намаз екені бірізді айтылмаған. Сондықтан ғалымдар бес уақыт намаздың әрқайсысына қатысты түрлі пікір айтқан. Имам Ағзам бастаған көпшілік ғалымдар оны екінті намазы деп таныған.

  1. 1Нәсәи, «Мауақит», 55 (625; 1/299).
  2. 2«Бақара» сүресі, 238-аят (үзінді).
2349
Кутуб ситтә, № 2349 · тараудағы реті: 20

وَلِمَالِكٍ عَنْ زَيْدِ بْنِ أَسْلَمَ: «إِنَّ اللَّهَ قَبَضَ أَرْوَاحَنَا، وَلَوْ شَاءَ لَرَدَّهَا عَلَيْنَا فِي حِينٍ غَيْرِ هَذَا». ثُمَّ الْتَفَتَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِلَىٰ أَبِي بَكْرٍ الصِّدِّيقِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: «إِنَّ الشَّيْطَانَ أَتَىٰ بِلَالًا وَهُوَ قَائِمٌ يُصَلِّي فَأَضْجَعَهُ، فَلَمْ يَزَلْ يُهَدْهِدُهُ كَمَا يُهَدْهَدُ الصَّبِيُّ حَتَّىٰ نَامَ». ثُمَّ دَعَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِلَالًا، فَأَخْبَرَ بِلَالٌ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ مِثْلَ الَّذِي أَخْبَرَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَبَا بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ أَبُو بَكْرٍ: «أَشْهَدُ أَنَّكَ رَسُولُ اللَّهِ». «الْإِدْلَاجُ»: بِالتَّخْفِيفِ السَّيْرُ مِنْ أَوَّلِ اللَّيْلِ، وَبِالتَّشْدِيدِ مِنْ آخِرِهِ.

Қазақша аудармасы

Имам Мәлік Зәйд ибн Әсләмнан жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Алла жанымызды алды. Қаласа, оны бізге басқа уақытта да қайтарар еді», – деген. Содан соң Әбу Бәкір Сыддыққа (р.а.) бұрылып: «Шайтан Біләлге намаз оқып тұрғанда келіп, оны жатқызды. Сәбиді әлдилегендей әлдилеп, ұйықтатып жіберді», – деген. Содан кейін Алла елшісі Біләлді шақырды. Біләл болған жайды Алла елшісінің Әбу Бәкірге айтқанындай етіп баяндап берді. Сонда Әбу Бәкір: «Сенің Алланың елшісі екеніңе куәлік етемін!» – деді1.

Түсіндірме

1. Имам Мәлік бұл риуаятты Зәйд ибн Әсләмнан Пайғамбарға дейінгі жеткізу тізбегін атамай келтірген. Осы мазмұндағы алдыңғы риуаяттар жеткізу тізбегімен келген және сахих деп танылған.

2. Риуаяттың «Муаттадағы» түпнұсқасы ұзағырақ. «Тәйсирде» ол ықшамдалып берілген. Қысқарған тұстарының көбі алдыңғы риуаяттарда айтылғандықтан, мұнда қайталамаймыз. Алла елшісі намаз оқу үшін басқа аңғарға баруды бұйырғанда, ұйықтап қалған жері жайлы «Бұл – шайтан бар аңғар» дегенін ғана еске саламыз.

3. Намаздың қазасын өтеу үшін өзге аңғарға баруды бұйыруының себебі риуаяттарда толық ашылмаған. Алла елшісі (с.а.с.) ол аңғарда шайтан болғанын айтқан. Жағымсыз жайттарды шайтанға телу – хадистерде жиі кездесетін тәсіл. Қайырлы жайттар да сол секілді періштемен, иманмен, жәннатпен байланыстырылады. Ғалымдар бұған өзге де себептер ұсынған: әскердің назары намазға ауған шақта жаудан сақтану, ұйқысы қанбағандарды сергіту немесе олардың намаз оқуға мәкрүһ уақытта оянуы.

Кей ғалымдар осы риуаяттарға сүйеніп, «Ғибадатта ғапылдыққа себеп болған жерден кету – мұстахаб» деген үкім шығарған.

4. Хадисте Алланың жанды алып, қалаған кезінде қайтаратыны айтылады. Иззуддин ибн Абдуссәләм мұны былай түсіндіреді: «Әр тәнде екі рух бар. Бірі – ояулық рухы, яғни “рухул-яқаза”. Ол тәнде болғанда адам ояу жүреді. Адам ұйықтағанда бұл рух тәннен шығып, адам түс көреді. Екіншісі – тіршілік рухы, яғни “рухул-хаят”. Алланың осы рухқа қатысты заңына сай, ол тәнде болғанда тән тірі болады. Ол тәннен шыққанда адам өледі, ал қайта оралғанда тән тіріледі. Екі рух та тәннің ішінде. Олардың нақты орнын Алла білдірген кісілер ғана біледі. Екі рух бір құрсақтағы егіз шарана іспетті».

Ғалым ойын Құран аятына сүйеніп жалғастырады: «Рухтың жүректе болуы да мүмкін. Тіршілік пен ояулық рухының бар екеніне мына аят дәлел: “Алла тірі жандардың жанын ажалы жеткенде алады. Ал ажалы жетпегендердің жанын ұйықтаған кездерінде алады, сөйтіп, Ол өлімге бұйырған пенделерінің жандарын жібермей алып қалады да, қалғандарын белгілі уақытқа дейін өмір сүрсін деп тәніне жібереді.”2 Бұл аятта Алла адамның жанына өлімді бұйырса, оны тәніне қайтармайтыны, ал өзге жандарды, яғни ояулық рухтарын, ажалдары жеткенше тәндеріне қайтаратыны айтылады. Ажал жеткенде Алла тіршілік пен ояулық рухының екеуін де алып, тәнге қайтармайды. Нағыз өлім сол кезде болады».

5. Алла елшісі (с.а.с.) Біләлді жұбату үшін шақырған. Біләл әдейі істемеген қателігіне қапаланып жүрген еді.

6. Әбу Бәкір (р.а.) айқын мұғжизаға куә болып, қайран қалғандықтан куәлік сөзін айтқан. Оның пайғамбарлыққа күмәні болмаған. Осындай айқын мұғжизалар кезінде Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де «Менің Алланың елшісі екеніме куәлік етемін» деген сәттер болған.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Уақтус-салат», 26 (1/14–15).
  2. 2«Зүмар» сүресі, 42-аят (үзінді).
2350
Кутуб ситтә, № 2350 · тараудағы реті: 21Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ جَاءَ يَوْمَ الْخَنْدَقِ بَعْدَ مَا غَرَبَتِ الشَّمْسُ، فَجَعَلَ يَسُبُّ كُفَّارَ قُرَيْشٍ، وَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَا كِدْتُ أُصَلِّي الْعَصْرَ حَتَّىٰ كَادَتِ الشَّمْسُ تَغْرُبُ. فَقَالَ ﷺ: وَاللَّهِ مَا صَلَّيْتُهَا. فَقُمْنَا إِلَىٰ بُطْحَانَ فَتَوَضَّأَ لِلصَّلَاةِ وَتَوَضَّأْنَا، فَصَلَّى الْعَصْرَ بَعْدَ مَا غَرَبَتِ الشَّمْسُ، ثُمَّ صَلَّى بَعْدَهَا الْمَغْرِبَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ. وَ«بُطْحَانُ» اسْمُ وَادٍ بِالْمَدِينَةِ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Хандақ шайқасы кезінде бір күні Омар (р.а.) күн батқан соң келіп, Құрайыш кәпірлерін тілдей бастады. “Уа, Алланың елшісі, екінті намазын күн батуға таяғанда әрең оқыдым”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Аллаға ант етейін, мен оны әлі оқымадым”, – деді. Бәріміз бірге тұрып, Бутханға бардық. Ол жерде Алла елшісі намазға дәрет алды, біз де дәрет алдық. Күн батқан соң ол әуелі екінті, содан кейін ақшам намазын оқыды»1.

Түсіндірме

1. Хандақ шайқасы күшейген күндері мұсылмандар жауды ордан бері өткізбеу үшін орындарынан кете алмай, кей намаздарын уақытында оқи алмады. Алла елшісі (с.а.с.) бастаған мұсылмандардың Құрайышқа ренішінің бір себебі – олардың намаз оқуға бөгет болғаны. Алла елшісі: «Алла олардың қабірлерін отқа толтырсын! Ортаңғы намазымызға бөгет болды», – деп, ашуын білдірген.

Осы риуаят Омардың (р.а.) намазын кешіктіргеніне қаншалық қапаланғанын көрсетеді.

2. Кей ғалымдар хадистің мазмұнына сүйеніп, Омардың (р.а.) сөзін «Күн батса да, екінті намазын оқи алмадым» деп түсінген. Ал сөз қолданысына сай, басым пікір бойынша, Омар намазын күн батпай тұрып оқыған. Өзгелер оқи алмаған кезде Омардың оқып үлгеруін оның дәреті бар болуы және мүшріктердің назары басқа жаққа ауған сәтті пайдалануы мүмкін деп түсіндірген.

3. Хадистегі Бутхан – Мәдинадағы бір аңғардың атауы.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 36 (596), 38 (598), «Азан», 26, «Салатул-хауф», 4, «Мағази», 29. Мүслим, «Мәсажид», 209 (631). Тирмизи, «Салат», 132 (180). Нәсәи, «Сәһу», 105 (3/84–85).
2351
Кутуб ситтә, № 2351 · тараудағы реті: 22Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ الْمُشْرِكِينَ شَغَلُوا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَوْمَ الْخَنْدَقِ عَنْ أَرْبَعِ صَلَوَاتٍ حَتَّىٰ ذَهَبَ مِنَ اللَّيْلِ مَا شَاءَ اللَّهُ، فَأَمَرَ بِلَالًا فَأَذَّنَ، ثُمَّ أَقَامَ فَصَلَّى الظُّهْرَ، ثُمَّ أَقَامَ فَصَلَّى الْعَصْرَ، ثُمَّ أَقَامَ فَصَلَّى الْمَغْرِبَ، ثُمَّ أَقَامَ فَصَلَّى الْعِشَاءَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Масғуд (р.а.) былай дейді: «Хандақ күні мүшріктер Алла елшісін (с.а.с.) төрт уақыт намаздан бөгеді. Түннің Алла қалаған бір бөлігі өткенше, ол намаздарын оқи алмады. Содан кейін Біләлге (р.а.) бұйырды, ол азан айтты. Біләл қамат айтқанда, Алла елшісі бесінді оқыды. Біләл тағы қамат айтты, ол екінтіні оқыды. Содан кейін Біләл қамат айтты, ол ақшамды оқыды. Біләл тағы қамат айтты, ол құптанды оқыды»1.

Түсіндірме

1. Мүслимде Әлиден (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Олар бізді ортаңғы намаздан, яғни екінтіден бөгеді», – дейді. Бұл нұсқада қаза болған намаз ретінде тек екінті аталады. Жәбирден де осы мағынада риуаят жеткен. Ғалымдар мұны былай түсіндірген: «Хандақ шайқасы бірнеше күнге созылған. Бір күні тек екінті намазы, өзге күні мұнда аталған бірнеше намаз қаза болған болуы мүмкін».

2. Бұл риуаят уақытында оқылмаған намаздарды ретімен өтеу керегін көрсетеді. Ибн Хажардың айтуынша, ғалымдардың көбі осы ретті сақтауды уәжіп санаған. Имам Шафиғи оны уәжіп санамаған. Ғалымдар уақыты кірген намаздың шығуына аз қалғанда, ретті сақтау керек пе деген мәселеде де әртүрлі пікір айтқан.

• Имам Мәлік: «Уақыты кірген намаз өтіп кететін болса да, алдымен қаза намазды оқиды. Содан кейін уақыты өтіп кеткен намазды өтейді», – деген.

• Имам Шафиғи: «Уақыт тарылса, әуелі уақыты кірген намазды оқиды. Содан кейін қаза намазын өтейді», – деген.

• Кей ғалымдар: «Адам қай намаздан бастайтынын өзі таңдайды», – деген.

Қади Иядтың пікірінше, айырма қаза болған намаздың санына байланысты. Қаза намазы көп болса, алдымен уақыты кірген намазды оқу керегіне ешкім дау айтпаған. «Аз» бен «көптің» шегі туралы пікірлер әртүрлі. Кей ғалымдар «аз» дегенді бір күндік, басқалары төрт уақыт намаз деп түсіндірген.

• Ханафи ғалымдары парыз намаз бен қаза намаздарды ретімен оқуды міндет санаған. Дәлел ретінде Ибн Омардан жеткен, төменде келтірілетін сөзді атаған: «Кімде-кім бір намазды ұмытып, оны имамға ұйып намаз оқып тұрғанда есіне түсірсе, имам сәлем бергеннен кейін әуелі ұмытқан намазын оқысын. Содан кейін имаммен оқыған намазын қайта оқысын». Ретті сақтауды уәжіп санағандар «Лә салата лимән аләйһи салат» деген хадиске де сүйенген. Олардың түсіндіруінше, мойнында өтелмеген намазы бар адамның кейін оқыған намазы жарамсыз, сондықтан әуелі қазаны өтеу керек. Кей ғалымдар бұл сөзді нәпіл намазға қатысты деп түсіндірген.

  1. 1Тирмизи, «Салат», 132 (179). Нәсәи, «Мауақит», 55 (1/297–298).
2352
Кутуб ситтә, № 2352 · тараудағы реті: 23

وَعَنْ نَافِعٍ: «أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أُغْمِيَ عَلَيْهِ فَذَهَبَ عَقْلُهُ، فَلَمْ يَقْضِ الصَّلَاةَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ، وَقَالَ: «وَذَلِكَ فِيمَا نَرَىٰ، وَاللَّهُ أَعْلَمُ، أَنَّ الْوَقْتَ ذَهَبَ، فَأَمَّا مَنْ أَفَاقَ وَهُوَ فِي وَقْتِ الصَّلَاةِ فَإِنَّهُ يُصَلِّي».

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай дейді: «Абдулла ибн Омар (р.а.) есінен танып қалды. Сол кезде өткізіп алған намазын кейін өтемеді»1. Имам Мәлік: «Дұрысын Алла біледі, біздіңше, бұл намаз уақыты өтіп кеткендіктен болған. Ал намаз уақыты шықпай тұрып есін жиған адам сол намазды оқиды», – деген.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Уақтус-салат», 24 (1/13).
2353
Кутуб ситтә, № 2353 · тараудағы реті: 24

وَعَنْ نَافِعٍ أَيْضًا: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: مَنْ نَسِيَ صَلَاةً فَلَمْ يَذْكُرْهَا إِلَّا وَهُوَ مَعَ الْإِمَامِ، فَإِذَا سَلَّمَ الْإِمَامُ فَلْيُصَلِّ الصَّلَاةَ الَّتِي نَسِيَ، ثُمَّ لِيُصَلِّ بَعْدَهَا الصَّلَاةَ الْأُخْرَىٰ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғтен жеткен тағы бір риуаятта Ибн Омар (р.а.) былай деген: «Кімде-кім бір намазды ұмытып, оны имамға ұйып намаз оқып тұрғанда есіне түсірсе, имам сәлем берген соң әуелі ұмытқан намазын оқысын. Содан кейін имаммен оқыған намазын қайта оқысын»1.

Түсіндірме

Әбу Ханифа, Ахмад және Мәлік осы риуаятқа сүйеніп үкім берген. Ал Шафиғидің пікірінше, имаммен оқыған намазы дұрыс саналады, есіне түскен намаздың ғана қазасын өтейді.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Қасрус-салат», 77 (1/168).
2354
Кутуб ситтә, № 2354 · тараудағы реті: 25Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ سَمِعَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «بَيْنَ الرَّجُلِ وَبَيْنَ الشِّرْكِ وَالْكُفْرِ تَرْكُ الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَلَفْظُهُ: «بَيْنَ الْكُفْرِ وَالْإِيمَانِ تَرْكُ الصَّلَاةِ».

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Пендені ширк пен күпірден бөліп тұрған шек – намазды тәрк ету», – дегенін естіген1.

Тирмизидің нұсқасында: «Күпір мен иманның арасындағы шек – намазды тәрк ету», – делінген.

  1. 1Мүслим, «Иман», 134 (82b, осы мәтін). Әбу Дәуіт, «Сүннет», 15 (4678). Тирмизи, «Иман», 9 (2618).
2355
Кутуб ситтә, № 2355 · тараудағы реті: 26

وَفِي أُخْرَىٰ لَهُ وَلِأَبِي دَاوُدَ: «بَيْنَ الْعَبْدِ وَبَيْنَ الْكُفْرِ تَرْكُ الصَّلَاةِ».

Қазақша аудармасы

Тирмизи мен Әбу Дәуіттің басқа риуаятында: «Пендені күпірден бөліп тұрған шек – намазды тәрк ету»1, – делінген.

  1. 1Тирмизи, «Иман», 9 (2620; өзге нөмірлеуде 2622). Әбу Дәуіт, «Сүннет», 15 (4678). Ибн Мәжа, «Салат», 77 (1078).
2356
Кутуб ситтә, № 2356 · тараудағы реті: 27Риуаят етуші: Бурайда

وَعَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «الْعَهْدُ الَّذِي بَيْنَنَا وَبَيْنَهُمُ الصَّلَاةُ، فَمَنْ تَرَكَهَا فَقَدْ كَفَرَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бурайда (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Біз бен олардың арасындағы серт – намаз. Оны тәрк еткен адам күпірге түседі», – деген1.

  1. 1Тирмизи, «Иман», 9 (2621; өзге нөмірлеуде 2623). Нәсәи, «Салат», 8 (1/231–232). Ибн Мәжа, «Салат», 77 (1079).
2357
Кутуб ситтә, № 2357 · тараудағы реті: 28

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ شَقِيقٍ قَالَ: «كَانَ أَصْحَابُ مُحَمَّدٍ ﷺ لَا يَرَوْنَ شَيْئًا مِنَ الْأَعْمَالِ تَرْكُهُ كُفْرٌ غَيْرَ الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Шақиқ: «Мұхаммедтің (с.а.с.) сахабалары амалдардың ішінде намазды тәрк етуді ғана күпір деп санаған», – дейді1.

  1. 1Тирмизи, «Иман», 9 (2622; өзге нөмірлеуде 2624).
2358
Кутуб ситтә, № 2358 · тараудағы реті: 29Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «الَّذِي تَفُوتُهُ صَلَاةُ الْعَصْرِ كَأَنَّمَا وُتِرَ أَهْلَهُ وَمَالَهُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَ«وُتِرَ»: أَيْ نُقِصَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Екінті намазын өткізіп алған адам отбасынан да, мал-мүлкінен де айырылғандай болады», – деген1.

Түсіндірме

Соңғы бес хадис намаздың маңызын, оны тәрк етудің қаншалық ауыр екенін көрсетеді. Намаз мүмінді күпірден қалқалайтын пердеге теңеледі. Намазды тәрк ету сол пердені алып тастағанмен бірдей.

Хадистерде намазды тәрк ету кейде ширкпен, кейде күпірмен байланыстырылады. Бұл екі ұғым бір-біріне жақын. Ширк – Аллаға сене тұра Оған серік қосу, ал күпір – мағынасы кеңірек ұғым, ол Алланы жоққа шығаруды да қамтиды. Мүслимнің риуаятында екеуі қатар аталады: «Пендені ширк пен күпірден бөліп тұрған шек – намазды тәрк ету». Мұндағы мағына – намаз адамды күпірден сақтайды. Намазды тәрк еткен адам мұсылманды кәпірден айыратын белгіден айырылады. Сыртқы амалына қарап, оған кәпірге қатысты үкім қолданылуы да ықтимал. Намазды тәрк ету, ақырында, күпірге апаратын сенімдерге, істерге немесе қателіктерге ұрындыруы мүмкін. Әр күнәнің күпірге апарар жолы бар деп есептелген.

№ 2356 хадисте намаздың маңызы айрықша көрсетілген. Алла елшісі (с.а.с.) онда: «Біз бен олардың арасындағы серт – намаз. Оны тәрк еткен адам күпірге түседі», – деген. Кей ғалымдар «олар» сөзі мұсылмандарға да қатысты болуы мүмкін десе де, негізінен мұнафықтар меңзелгенін айтқан. Олардың жанының қорғалуы, мұсылман санатында қаралуы намаз оқуына байланысты деп түсіндірілген. Намазды тәрк етсе, бұрынғы қорғаудан айырылып, оларға кәпірлерге қатысты үкімдер қолданылар еді. Қади Ияд мұны былай түсіндірген: «Оларға ислам үкімдерінің қолданылуына негіз болған жайт – намазға келіп, жамағатқа қосылуы және сыртқы үкімдерге бағыну арқылы мұсылмандарға ұқсауы. Осыны қойса, өзге кәпірлер секілді болады». Турбуштидің айтуынша, бұл мағынаны Алла елшісінің мұнафықтарды өлтіруге рұқсат сұрағандарға берген «Маған намаз оқитындарды өлтіруге тыйым салынды» деген жауабы да қуаттайды.

Намазды тәрк еткен адамды күпірге шығару туралы Имам Науауи былай дейді: «Егер адам намаздың міндетті екенін мойындамай, оны тәрк етсе, мұсылмандардың ортақ үкімі бойынша, бұл – күпір. Мұндай адам ислам дінінен шығады. Ал исламды жаңадан қабылдап, мұсылмандармен әлі араласпағандықтан намаздың парыз екенін естімеген адамның намаз оқымауы оны күпірге шығаруға негіз болмайды. Намаздың парыз екенін мойындай тұра жалқаулықпен оқымайтын адам жөнінде пікірлер әртүрлі. Имам Мәлік пен Шафиғи бастаған көптеген ерте және кейінгі ғалымдар ондай адамды кәпір санамаған. Оны пасық деп танып, тәубеге шақырады. Тәубе етсе, оған жаза қолданылмайды. Тәубе етпеген адамға осы ғалымдардың фиқһтағы үкімі бойынша өлім жазасы қарастырылған. Ал алғашқы буын ғалымдарының бір тобы оны кәпір санаған. Бұл пікір Әлиден (р.а.) жеткен. Ахмад ибн Ханбалдан жеткен екі пікірдің бірі, сондай-ақ Абдулла ибн әл-Мүбарак, Исхақ ибн Раһауайһ пен кейбір шафиғи ғалымдарының көзқарасы да осыған саяды. Әбу Ханифа, Куфа ғалымдарының бір тобы және шафиғи ғалымы әл-Музәни намазды тәрк еткен адамды кәпір санамаған, оған өлім жазасын да қолданбаған. Олар мұндай адам намазын қайта бастағанша тәртіптік жаза ретінде қамауда ұсталады деп есептеген. Өлім жазасын жақтаған ғалымдар осы бөлімдегі хадистерге сүйенген. Оған қарсы болғандар “Мұсылманның қаны үш жағдайдан басқа кезде адал болмайды…” деген хадисті дәлел еткен. Онда некеде болған адамның зина жасауы, кісі өлтіргені үшін қысас және діннен қайту аталған. Намазды тәрк ету бұл қатарда аталмаған. Ондай адамды күпірге шығармаған көпшілік ғалымдар мына аятқа да сүйенген: “Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді.”2 Сондай-ақ Алла елшісінің “Лә иләһә иллаллаһ” деген адам жәннатқа кіретіні, Алланың жалғыз екенін біліп қайтыс болған адам жәннатқа кіретіні және Алла “Лә иләһә иллаллаһ” дегендерге тозақ отын харам еткені туралы хадистерін дәлел еткен».

Нәуәуи «Пенде мен күпірліктің арасын намазды тәрк ету бөліп тұрады» деген хадиске ғалымдар төрт түрлі түсінік бергенін айтады:

1. Намазды тәрк еткен адамға кәпірге тағайындалатын жаза, яғни өлім жазасы қолданылады деген түсінік.

2. Хадисте намазды тәрк етуді адал санағандар меңзелген.

3. Намазды тәрк ету адамды күпірлікке жетелейді.

4. Намазды тәрк ету – кәпірлердің ісі.

Намаздан өзге парызды тәрк еткен кісі жөнінде де пікір әртүрлі. Имам Мәлік «дәрет алмаймын, ораза ұстамаймын» деген адамнан тәубе ету талап етіледі, ал тәубеден бас тартса, кәпір болғаны үшін өлім жазасына кесіледі деген. «Зекет бермеймін» десе, одан зекет күштеп алынады, ал қарсылық көрсетсе, күш қолдануға жол беріледі деген. «Қажылыққа бармаймын» деген адамды мәжбүрлемейді, өйткені қажылықты өтеуге берілген мерзім кең. Ибн Хабиб «дәрет алмаймын, ғұсыл құйынбаймын, ораза ұстамаймын» деген немесе зекет пен қажылықты тәрк еткен кісіні кәпір деп санаған. Ал көпшілік ғалымның пікірінше, адам ғибадаттың парыз екенін теріске шығармайынша кәпір болмайды. Бұл мәселеде сахабалардың пікірі бір жерден шыққан.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 14 (552). Мүслим, «Мәсажид», 200 (626). Мәлік, «Муатта», «Уақтус-салат», 21 (1/11–12). Әбу Дәуіт, «Салат», 5 (414–415). Тирмизи, «Салат», 128 (175). Нәсәи, «Салат», 17 (1/238).
  2. 2«Ниса» сүресі, 48-аят (үзінді).
2359
Кутуб ситтә, № 2359 · тараудағы реті: 30

وَعَنْ أَبِي الْمَلِيحِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ بُرَيْدَةَ فِي غَزْوَةٍ فِي يَوْمٍ ذِي غَيْمٍ. فَقَالَ: بَكِّرُوا بِصَلَاةِ الْعَصْرِ، فَإِنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: مَنْ تَرَكَ صَلَاةَ الْعَصْرِ، فَقَدْ حَبِطَ عَمَلُهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. وَمَعْنَى «بَكِّرُوا»: بَادِرُوا إِلَيْهَا فِي أَوَّلِ أَوْقَاتِهَا. وَمَعْنَى «حَبِطَ عَمَلُهُ»: أَيْ بَطَلَ.

Қазақша аудармасы

Әбул-Мәлих былай дейді: «Бұлтты күні Бурайдамен (р.а.) бірге бір жорықта едік. Ол: “Екінті намазын ертерек оқыңдар. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Кім екінті намазын тәрк етсе, амалы зая кетеді’, – деген”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұлтты күні намаз уақытын анықтауда жаңылысу оңай. Сондықтан екінті намазын өткізіп алмау үшін уақыт кіре салысымен оқуға ерекше көңіл бөлінген. «Күн бұлттан көрінбесе, намаз уақытының кіргенін қайдан білген?» деген сауалға «Аспан бұлтты болса да, күн анда-санда көрінуі мүмкін. Уақытты сол кезде шамалап, өз пайымдарына сүйенген» деп жауап берілген. Ғалымдар осы пікірталас арқылы сахабалардың бұл мәселеге қаншалық мұқият қарағанын көрсетеді. Қазір сағат пен күнтізбе арқылы күнге қарамай-ақ екінтінің алғашқы уақытын анықтай аламыз. Дегенмен мұндай құралдар қолда болмаған жағдайда намаз уақытын анықтаудың негізгі жолдарын білу қажет.

2. Риуаяттың кейбір нұсқасында «біле тұра» деген шарт бар: «Кім екінтіні біле тұра тәрк етсе...»

3. «Үлкен күнә істеген адам кәпір болады» деп санаған харижилер мен өзге топтар осы хадиске сүйенген. Олар хадистің мағынасын «Кімде-кім иманды жоққа шығарып күпірлік қылса, істеген бүкіл істері зая кетеді»2 деген аятқа ұқсатқан. Ибн Абдулбәррдің айтуынша, аяттан «Кім иманды теріске шығармаса, амалы зая кетпейді» деген мағына да шығады. Сонда аяттан аңғарылған мағына мен хадистің тікелей мағынасы қайшы көрінеді. Мұндайда ғалымдар хадисті тәуил етіп, аят пен хадистің мағынасын ұштастырады. Екі дәлелді ұштастырып, екеуіне де амал ету бірін екіншісінен жоғары қоюдан абзал.

Ханбалилер мен намазды тәрк еткен адамды кәпір санаған өзге ғалымдар да осы хадиске сүйенеді. Оларға алдыңғы хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, намазды парыз екенін теріске шығарып тәрк еткен адам ғана кәпір болады, ал жалқаулықпен тәрк еткен адамға мұндай үкім жүрмейді деп жауап берілген.

4. Көпшілік ғалым хадисті тәуил еткен. Бір тобы «тәрк ету» сөзіне, екіншісі «зая кету» тіркесіне, үшіншісі «амал» сөзіне мән берген. Кейбіреулер «тәрк ету» деп екінтінің парыз екенін теріске шығаруды немесе парыз екенін мойындай тұра намазды менсінбей, келеке етіп оқымауды түсінген. Бұған сахаба хадисті екінтіні кешіктіруден сақтандыру деп ұққан, сондықтан оны уақыты кірісімен оқуға шақырған деген жауап айтылған. Осы пікірді ұстанғандар сахабаның түсінігін басқалардан жоғары қойған.

Тағы бір пікір бойынша, «тәрк ету» жалқаулықпен намаз оқымауды білдіреді. «Амалы зая кетеді» деген тіркес мұндай әрекеттен қатаң сақтандыру үшін айтылған. «Зина жасаушы мүмін күйінде зина жасамайды...» деген хадис те осындай мәнде келген.

Кейбір ғалым мұны астарлы теңеу деп түсінген: «Мұндай адам амалы зая кеткен кісіге ұқсайды».

«Хадистің мағынасы – амалы зая кете жаздады» деген пікір де бар. Тағы бір түсінік бойынша, «зая кету» намаз амалдарының Аллаға көтерілер шағындағы кемшілікті білдіреді. Мұнда әсіресе намаздың өзі меңзелген: адам екінтіні уақытында оқыған кісінің сауабын ала алмайды. Басқа бір пікір бойынша, амалдың пайдасын көру уақытша тоқтатылады. Күнәсі сауабынан ауыр тартқан кісі Алланың қалауына тәуелді. Алла оны кешірсе, игі амалынан пайда көреді. Азаптан кейін кешірілсе де, осы үкім сақталады.

5. Қазы Әбу Бәкір ибн әл-Араби мүржия тобына жауап бере келе, амалдың жойылуы екі түрлі екенін айтады:

а) Бір нәрсенің екіншісін түбегейлі жоюы. Мысалы, иман күпірлікті, күпірлік иманды жояды. Екеуі бір адамның бойында қатар орныға алмайды. Бұл екі жағдайда да шын мәніндегі жойылу бар.

ә) Амалдар таразыланғандағы жойылу. Жақсылық пен күнә таразының екі басына салынады. Жақсылығы басым кісі құтылады. Күнәсі ауыр тартқан кісінің жағдайы Алланың қалауына байланысты: қаласа кешіреді, қаласа азаптайды. Кісі сауабына мұқтаж бола тұра оны көрмесе, амалдың пайдасы уақытша тоқтағаны. Ал азап тартса, тозақтан шыққанға дейін бұл тоқтау жалғасады. Мұндай жойылу астарлы әрі уақытша. Өйткені кісі тозақтан шығарылып, жұмаққа кіргізілгенде таразыда жеңіл түскен амалының сауабын қайта алады. Ахбатия тобы амалдың екі түрлі жойылуын бірдей санаған. Қадарияның көпшілігі де осы топқа жатады.

Демек, Әбу Бәкір ибн әл-Араби күпірліктің иманды жоюын шын мәніндегі жойылу, ал күнәнің жақсылықтан басым түсуін уақытша жойылу деп түсіндіреді. Екінтіні тәрк ету күпірліктен туындамаса, өзге игі амалдар түбегейлі жойылмайды. Олардың сауабын көру Алланың қалауына және кешіріміне байланысты немесе азаптан кейінге қалады. Тағы бір түсінік бойынша, «амал» деп кісіні намаздан қалдырған дүние ісі меңзелген. Рұқсат етілген дүние ісінің де ақыретке қатысты пайдасы бар. Алайда сол іс үшін намаз тәрк етілсе, кісі оның рухани пайдасынан айырылады. Ибн Хажар хадисті қатаң сақтандыру деп түсіндірген пікірді басқалардан қуатты деп санаған.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 15, 34 (553); Нәсәи, «Салат», 15 (474).
  2. 2«Мәида» сүресі, 5-аят.