وَعَنْ مُعَاذِ بْنِ جَبَلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَقِينَا نَنْتَظِرُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فِي صَلَاةِ الْعَتَمَةِ، فَتَأَخَّرَ حَتَّى ظَنَّ الظَّانُّ أَنَّهُ لَيْسَ بِخَارِجٍ، وَالْقَائِلُ مِنَّا يَقُولُ: قَدْ صَلَّى. فَإِنَّا لَكَذَلِكَ حَتَّى خَرَجَ النَّبِيُّ ﷺ، فَقَالُوا لَهُ كَمَا قَالُوا، فَقَالَ: أَعْتِمُوا بِهَذِهِ الصَّلَاةِ، فَإِنَّكُمْ قَدْ فُضِّلْتُمْ بِهَا عَلَى سَائِرِ الْأُمَمِ، لَمْ تُصَلِّهَا أُمَّةٌ قَبْلَكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Муаз ибн Жәбәл (р.а.) былай дейді: «Бір түні Алла елшісін (с.а.с.) құптан намазына ұзақ күттік. Кешіккені сонша, кейбіріміз шықпайды деп ойладық, арамызда “Намазын оқып алған шығар” дегендер де болды. Осылай күтіп отырғанда, Алла елшісі (с.а.с.) шықты. Жұрт әлгі айтқан сөздерін оған жеткізді. Сонда ол: “Бұл намазды түн қараңғылығы түскенде оқыңдар. Осы намаз арқылы өзге үмбеттерден артықшылыққа ие болдыңдар. Сендерден бұрын ешбір үмбет бұл намазды оқымаған”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Кей ғалым Алла елшісінің (с.а.с.) «Бұл намазды түн қараңғылығы түскенде оқыңдар» деген бұйрығын құптанды кешіктіріп оқу деп түсінген.
2. Тиби бұл хадистен алдыңғы шариғаттың күші жойылмаған үкімі біз үшін де шариғи негіз болатынын аңғарған.
3. Жәбірейіл (а.с.) бес уақыт намаздың уақытын оқып көрсетіп: «Бұл сенен бұрынғы пайғамбарлардың да намаз уақыты», – деген. Әли әл-Қари осы сөз бен бұл хадистің арақатынасын былай түсіндіреді: «Алдыңғы пайғамбарлар құптанды нәпіл ретінде оқыған, ал үмбеттеріне парыз етілмеген. Бұл біздің тәһәжжүд намазымызға ұқсайды. Тәһәжжүд Алла елшісіне (с.а.с.) уәжіп болғанымен, бізге уәжіп емес».
Мирек өзге бір жорамал айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) алдыңғы пайғамбарлардың құптанды сендер секілді кешіктіріп, түн қараңғылығы түсіп, жұртты ұйқы қыса бастағанда жамағатпен оқу үшін күтпегенін меңзеген болуы мүмкін».
- 1Әбу Дәуіт, «Салат», 7 (421).