Хадис

«Исра» сүресі

Кутуб ситтә, 2-том, 69-тарау · 15 хадис · № 678–692

СҮРЕЛЕРДІҢ ТҮСУ СЕБЕПТЕРІ

Хадистер

678
Кутуб ситтә, № 678 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَمَا جَعَلْنَا الرُّؤْيَا الَّتِي أَرَيْنَاكَ إِلَّا فِتْنَةً لِلنَّاسِ﴾، قَالَ: «هِيَ رُؤْيَا عَيْنٍ أُرِيَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لَيْلَةَ أُسْرِيَ بِهِ إِلَى بَيْتِ الْمَقْدِسِ». وَ﴿الشَّجَرَةَ الْمَلْعُونَةَ فِي الْقُرْآنِ﴾، قَالَ: «هِيَ شَجَرَةُ الزَّقُّومِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «Анығында, Біз өзіңе көрсеткен ғаламат көріністі әрі Құрандағы лағынеттелген ағашты адамдар үшін сынақ қылдық»1 деген аятқа қатысты: «Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) Исра түні Бәйтул-Мақдиске апарылғанда өз көзімен көргені», – деді. Ал Құрандағы «лағынеттелген ағашты» заққұм ағашы деп түсіндірді.2

Түсіндірме

Араб тіліндегі «руя» сөзі көбіне ұйқыда көрген түсті білдіреді, алайда «руят» секілді «көру» мағынасында да жұмсалады. Сол себепті аятта ояу кезде көзбен көрген нәрсе айтылды ма, әлде ұйқыда көрген түс пе деген мәселе ғалымдар арасында талқыланған. Кейбір ғалымдар бұл сөзді Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларымен бірге Меккеге кіретінін түсінде көруі деп жорыған. Алла елшісі (с.а.с.) бұл түсті Мәдинада көріп, сахабаларына айтып берген деседі. Хұдайбия келісімімен аяқталған сапарда мұсылмандар осы түстің орындалатынына сенді. Қағбаны тауап ете алмай, жолдан қайтқанда, сахабалардың көңілі түсті. Тіпті әзірет Омар (р.а.): «Қағбаға барамыз деп айтпап па едіңіз?» – деп наразылығын білдірді. Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, бірақ биыл барамыз деп айтқан жоқпын», – деп жауап берді. Осы оқиғадан кейін «Фәтх» сүресінің мына аяты түсті: «Шүбәсіз, Алла пайғамбарының көрген түсін растайды һәм оны міндетті түрде жүзеге асырады! Алла қаласа, Харам мешітіне біреулерің шаштарыңды тақырлап алған, енді біреулерің қысқартқан күйде ешкімнен қорықпай емін-еркін кіретін боласыңдар! Алайда Алла сендер білмегенді білгендіктен, одан бұрын болатын жақын жеңісті сендерге нәсіп етті».3

«Исра» сүресіндегі «руя» сөзін осы түске жорығандар Алла елшісінің (с.а.с.) сол жылы Меккеге кірмей қайтуын сахабалар үшін сынақ деп түсіндірген. Кейбір ғалымдар оны Алла елшісінің (с.а.с.) Құрайыш басшыларының Бәдірде қаза табатынын түсінде көруі деп жорыған. Алайда бұл жорамалдар әлсіз саналады. Түрлі дәлелдерге сүйенген ғалымдардың басым көпшілігі Алла елшісі (с.а.с.) Құранның түсіндірушісі деп таныған Ибн Аббастың пікірін құптайды. Оның айтуынша, бұл сөз Алла елшісінің (с.а.с.) Миғраж кезінде өз көзімен көргенін білдіреді. Оқиға да, сол көргендері де түнде болғандықтан, Алла тағала «руя» сөзін қолданған деген түсіндірме бар.

«Исра» сүресі Меккеде түскен. Ал жоғарыда сөз болған басқа оқиғалар Мәдина кезеңінде болғандықтан, аятта сол түстердің меңзелуі мүмкін емес.

Аяттағы «руяны» күнделікті қолданыстағы «түс» мағынасында қабылдағандар Миғраж ұйқыда болған деп қателескен. Олай болса, бұл оқиғаның адамдарға сынақ болуының мәні қалмас еді. Алла тағала осы көріністі адамдарға фитна, яғни сынақ еткенін айтады. Алла елшісі (с.а.с.) Миғражда көргендерін баяндағанда, көп адам күмәнданып, кейбірі тіпті діннен қайтқан. Әзірет Әбу Бәкір (р.а.): «Мұхаммед не айтса, сол рас», – деп, сынақтан сүрінбей өтіп, «Сыддық» деген абыройлы атқа ие болды. Егер Алла елшісі (с.а.с.) Миғражды түс ретінде баяндаса, кім оған қарсы шығар еді? Адам түсінде неше түрлі нәрсені көре береді ғой. Ақылға сыймайтын оқиғаны түс ретінде айтса, кім оған дау айтар еді? Аятта лағынеттелген заққұм ағашының да сынақ болғаны айтылады. Бірнеше аятта оның тозақта өсетіні, азапқа түскендердің содан жейтіні, оның балқыған металл мен қайнаған судай күйдіретіні баяндалады. Мұны естіген Әбу Жәһил: «Мұхаммед сендерді тас та жанатын отпен қорқытады. Артынша сол отта ағаш өседі дейді», – деп мазақ еткен. Кейбір мүшріктер одан асып түсіп: «Біз заққұм деп құрма мен қаймақты айтамыз», – дескен. Сонда Әбу Жәһил күңіне құрма мен қаймақ әзірлетіп, серіктерін: «Қане, заққұм жеп алайық!» – деп асқа шақырған. Осыдан кейін «заққұмды» жақсы көргендердің кейбірі діннен қайтқан деседі.

  1. 1«Исра» сүресі, 60-аят (үзінді).
  2. 2Бұхари, «Мәнәқибул-ансар», 42 (3888), «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 9 (4716), «Қадар», 10 (6613). Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3134, кей басылымда 3133).
  3. 3«Фәтх» сүресі, 27-аят.
679
Кутуб ситтә, № 679 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿أَمَرْنَا مُتْرَفِيهَا﴾، قَالَ: «كُنَّا نَقُولُ لِلْحَيِّ إِذَا كَثُرُوا فِي الْجَاهِلِيَّةِ: قَدْ أَمِرَ بَنُو فُلَانٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) «Біз бір елді мекенді жермен-жексен етуді қалағанымызда, алдымен ол жердің сән-салтанат пен молшылықта шалқып жүрген даңғаза дөкейлеріне жақсылықты бұйырамыз. Олар онда одан сайын күнәға бата түседі. Нәтижеде, ол елге лайықты жаза үкімі кесіледі де, Біз ол жерді жермен-жексен етеміз»1 деген аяттағы «молшылықта шалқып жүрген даңғаза дөкейлеріне жақсылықты бұйырамыз» деген тіркеске қатысты: «Жәһилия дәуірінде бір тайпаның саны көбейгенде, “Пәленше тайпа көбейді” дейтін едік», – деген.2

Түсіндірме

Ибн Мәсғуд аяттағы «әмәрна» сөзінің «бұйырдық» дегеннен бөлек «көбейттік» деген мағынасы да барын айтқан. Сонда аят «Молшылыққа мастанғандардың санын көбейтеміз, олар болса одан сайын азғындап, күнәға бата түседі» деген мағына береді. Ғалымдар «әмәрна» сөзінің «молшылыққа мастанғандарды елдің басына әкелеміз, билікке отырғызамыз» деген үшінші мағынасына да назар аударған. Осы үш пікірді ұстанғандардың әрқайсысы өз жорамалын қуаттау үшін аяттар мен хадистерден, сөздің тілдегі қолданысынан дәлел келтіреді.

  1. 1«Исра» сүресі, 16-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 4 (4711).
680
Кутуб ситтә, № 680 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿أُولَئِكَ الَّذِينَ يَدْعُونَ يَبْتَغُونَ إِلَى رَبِّهِمُ الْوَسِيلَةَ أَيُّهُمْ أَقْرَبُ﴾، قَالَ: «كَانَ نَفَرٌ مِنَ الْإِنْسِ يَعْبُدُونَ نَفَرًا مِنَ الْجِنِّ، فَأَسْلَمَ النَّفَرُ مِنَ الْجِنِّ، وَاسْتَمْسَكَ الْآخَرُونَ بِعِبَادَتِهِمْ، فَنَزَلَتْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) «Олардың құдай тұтып, жалбарынғандарының өздері де Раббыларына өзгелерден гөрі жақынырақ болудың жолын іздейді. Әрі Оның рақымынан үміт етеді әрі азабынан қорқады. Өйткені Раббыңның азабы, расында да, қорқынышты»1 деген аятты былай түсіндірді: «Адамдардың бір тобы жындардың бір тобына табынатын. Ол жындар мұсылман болды. Ал әлгі адамдар соларға табынуын қоймады. Осыған байланысты аят түсті».2

Түсіндірме

Фахруддин әр-Рази аяттағы «құдай тұтып, жалбарынғандары» деген сөздерді былай түсіндіреді: «Бұл аят мүшріктердің уәжін теріске шығарады. Бұған дейін айтқанымыздай, олар: “Аллаға тікелей құлшылық етуге лайық емеспіз. Біз Алланың Өзіне жақын құлдарына, яғни періштелерге табынамыз”, – дейтін. Уақыт өте келе табынған періштелерінің бейнесін салып, мүсіндерін жасаған. Ақырында қолдан жасаған сол пұттарына табына бастаған.

Жоғарыдағы аятта Алла тағала осы уәждің қате екенін көрсетеді. Алдыңғы аятта: “Мүшріктерге: ‘Алладан өзге құдай тұтқандарыңа қолдарыңнан келгенше жалынып жалбарыныңдар. Анығында, олар сендерді қиыншылықтан құтқара алмайды әрі оны жақсылыққа айналдыра да алмайды’”3 делінгенде пұттар меңзелмейді. Өйткені келесі аятта: “Олардың құдай тұтып, жалбарынғандарының өздері де Раббыларына өзгелерден гөрі жақынырақ болудың жолын іздейді”4, – делінеді. Ал пұттардың Аллаға жақындаудың жолын іздеуі мүмкін емес».

Аятта Алла тағала шынайы Құдайдың бір сипатын көрсетеді. Ол қиыншылықты сейілтуге құдіретті. Бұған бүкіл әлемге иелік еткен, әмірі барлық жаратылысқа жүретін Құдайдың ғана құдіреті жетеді.

  1. 1«Исра» сүресі, 57-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 7–8 (4714–4715). Мүслим, «Тәпсір», 28 (3030).
  3. 3«Исра» сүресі, 56-аят.
  4. 4«Исра» сүресі, 57-аят (үзінді).
681
Кутуб ситтә, № 681 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿يَوْمَ نَدْعُو كُلَّ أُنَاسٍ بِإِمَامِهِمْ﴾: «يُدْعَى أَحَدُهُمْ فَيُعْطَى كِتَابَهُ بِيَمِينِهِ، وَيُمَدُّ لَهُ فِي جِسْمِهِ سِتُّونَ ذِرَاعًا، وَيُبَيَّضُ وَجْهُهُ، وَيُجْعَلُ عَلَى رَأْسِهِ تَاجٌ مِنْ لُؤْلُؤٍ يَتَلَأْلَأُ، فَيَنْطَلِقُ إِلَى أَصْحَابِهِ الَّذِينَ كَانُوا يَجْتَمِعُونَ إِلَيْهِ، فَيَرَوْنَهُ مِنْ بَعِيدٍ، فَيَقُولُونَ: اللَّهُمَّ ائْتِنَا بِهَذَا. فَيَأْتِيهِمْ فَيَقُولُ: أَبْشِرُوا، لِكُلِّ رَجُلٍ مِنْكُمْ مِثْلُ هَذَا الْمَتْبُوعِ عَلَى الْهُدَى. وَأَمَّا الْكَافِرُ فَيُعْطَى كِتَابَهُ بِشِمَالِهِ، وَيُسَوَّدُ وَجْهُهُ، وَيُمَدُّ لَهُ فِي جِسْمِهِ سِتُّونَ ذِرَاعًا، وَيُلْبَسُ تَاجًا مِنْ نَارٍ. فَإِذَا رَآهُ أَصْحَابُهُ يَقُولُونَ: نَعُوذُ بِاللَّهِ مِنْ شَرِّ هَذَا، اللَّهُمَّ لَا تَأْتِنَا بِهِ. فَيَأْتِيهِمْ فَيَقُولُونَ: اللَّهُمَّ أَخِّرْهُ. فَيَقُولُ لَهُمْ: أَبْعَدَكُمُ اللَّهُ، لِكُلِّ رَجُلٍ مِنْكُمْ مِثْلُ هَذَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) ғарасат күні жайлы «Күндердің күнінде барлық адамдарды өздері пір тұтқан көсемдерімен бірге шақырамыз»1 деген аятқа қатысты былай деді: «Олардың бірі шақырылып, амал дәптері оң қолына беріледі. Денесі алпыс шынтаққа ұлғайтылып, жүзі аппақ болады, басына жарқыраған інжуден тәж кигізіледі. Ол өз маңына жиналып жүретін жолдастарына қарай беттейді. Жолдастары оны алыстан көріп: “Уа, Алла! Мынаны бізге жеткізе көр!” – дейді. Ол жандарына келіп: “Сүйінші! Тура жолдағы мына көсемге берілгендей сый сендердің әрқайсыңа да беріледі”, – дейді. Ал кәпірдің амал дәптері сол қолына беріледі. Жүзі қап-қара болып, денесі алпыс шынтаққа ұлғайтылады, басына оттан тәж кигізіледі. Жолдастары оны көріп: “Мұның жамандығынан Аллаға сыйынамыз. Уа, Алла! Оны бізге жолата көрме!” – дейді. Ол қастарына жеткенде: “Уа, Алла! Оны бізден аулақ ет!” – деп жалбарынады. Сонда ол: “Алла сендерді мейірімінен алыстатсын! Әрқайсыңа дәл осындай үлес тиеді”, – дейді».2

Түсіндірме

Бұл аят қиямет күні әр үмбеттің өз басшысымен бірге есепке тартылатынын білдіреді. Басқа бір аятта: «Әр үмбетке бір елші-пайғамбар белгіленген. Әрбір елші-пайғамбар өз үмбетіне келгенде олардың арасында әділ үкім шығарылады әрі ешкімге қиянат жасалмайды»3 – делінген.

Аятта «көсем» деп аударылған сөздің түпнұсқасы – «имам». Кейбір ғалымдар мұнда пайғамбар меңзелген десе, енді біреулері амалдар жазылған кітапты меңзейді деген. Соңғы пікірді қуаттайтын аяттар да бар: «Өлілерді қайта тірілтетін мына Біз! Һәм Біз адамдардың дүниеде өз қолымен істеп, ақыретке жолдаған сауаптары мен күнәларын және (дүниеден озған соң) арттарында қалған (қияметке дейін амал дәптеріне жазыла беретін) жақсылықтары мен жамандықтарын түгелдей жазып алудамыз. Біз онсыз да барлық нәрсені жіпке тізіп, ап-айқын Кітапқа жазып қойдық.»4 Сондай-ақ: «Әр адамның алдына өзінің амал дәптері қойылады. Сол кезде дүниеде күнәға белшесінен батқан күнәһарлардың есі шыққанын көресің. Сонда олар аһ ұрып: “Құрыдық! Мынау өзі қандай дәптер?! Үлкенді-кішілі бірде-бір сөзді де, істі де қалдырмай, бәрін жіпке тізгендей жазып алыпты ғой!” – дейді. Міне, осылайша, олар дүниеде не істесе бәрі алдарынан шығады. Раббың ешкімге әділетсіздік жасамайды.»5

«Имам» сөзінің амал дәптерін білдіруі оның пайғамбарды да меңзеуіне кедергі емес. Әр үмбеттің өз пайғамбарының алдында, оның куәлік етуімен есеп беретіні де айтылған.

  1. 1«Исра» сүресі, 71-аят (үзінді).
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3136, кей басылымда 3135). Мәтін Ибн әл-Әсирдің «Жамиғул-усул» жинағында (132) келтірілген нұсқаға сай. Тирмизидегі нұсқада жолдастары бірінші кісіні көргенде: «Уа, Алла! Мынаны бізге жеткізе көр әрі оны біз үшін берекелі ет!» – дейді. Екінші кісіні көргенде: «Уа, Алла! Оны қор қыл!» – дейді.
  3. 3«Юнус» сүресі, 47-аят.
  4. 4«Иәсин» сүресі, 12-аят.
  5. 5«Кәһф» сүресі, 49-аят.
682
Кутуб ситтә, № 682 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: «دُلُوكُ الشَّمْسِ مَيْلُهَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) «Күн тас төбеден ауғаннан, түн жамылғанға дейін намаз оқы, әсіресе, таң намазын оқы»1 деген аяттағы «дулукуш-шәмс» тіркесін «күннің ауған шағы» деп түсіндіретін.2

Түсіндірме

Бұл тіркес келесі хадистің түсіндірмесінде талданады.

  1. 1«Исра» сүресі, 78-аят (үзінді).
  2. 2Мәлик, «Муатта», «Уқутус-салат», 19 (1/11).
683
Кутуб ситтә, № 683 · тараудағы реті: 6

وَلَهُ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: «دُلُوكُ الشَّمْسِ إِذَا فَاءَ الْفَيْءُ، وَغَسَقُ اللَّيْلِ اجْتِمَاعُ اللَّيْلِ وَظُلْمَتُهُ».

Қазақша аудармасы

«Муаттадағы» тағы бір риуаятта Ибн Аббас (р.а.) «дулукуш-шәмс» дегенді «көлеңкенің қайта бұрылған шағы» деп түсіндіреді. Аяттың жалғасындағы «ғасақул-ләйл» тіркесін «түн қоюланып, қараңғылық басқан шақ» деп түсіндірген.1

Түсіндірме

Бұл – күн тас төбеден батысқа қарай ауып, көлеңке шығысқа қарай ығысатын шақ. «Зәуәл» деп аталатын осы мезгіл бесін уақытының басталуына тұспа-тұс келеді.

Осы хадис пен № 682 хадистің екеуінде де аяттағы «дулукуш-шәмс» тіркесі түсіндіріледі. Ғалымдар оны екі түрлі ұққан:

1. Бірінші пікір бойынша, «дулук» – «ғуруб», яғни күннің батуы. Мұндай жорамал әзірет Әли, Ибн Мәсғуд, Ибн Аббас секілді сахабалардан жеткен.

2. Екінші пікір бойынша, «дулукуш-шәмс» – күннің түсте тас төбеден батысқа қарай ауған шағы. Сахабалар мен табиғиндердің көбі осы пікірді ұстанған. Жоғарыдағы риуаяттарда да бұл тіркес осы мағынада түсіндіріледі. Тәпсірлерде бұл пікірді қуаттайтын дәлелдер молынан келтірілген. Мұнда олардың бәрін тізіп жатпаймыз.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Уқутус-салат», 20 (1/11).
684
Кутуб ситтә, № 684 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَقُرْآنَ الْفَجْرِ إِنَّ قُرْآنَ الْفَجْرِ كَانَ مَشْهُودًا﴾، قَالَ النَّبِيُّ ﷺ: «تَشْهَدُهُ مَلَائِكَةُ اللَّيْلِ وَمَلَائِكَةُ النَّهَارِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) «Әсіресе, таң намазын оқы. Өйткені таң намазына, әсіресе, қиямда тұрып Құран оқылғанда періштелер куә болады» деген аятқа қатысты: «Оған түн періштелері де, күндізгі періштелер де куә болады», – деді.1

Түсіндірме

Ғалымдардың түсіндіруінше, таң намазында түн періштелері де, күндізгі періштелер де имамның артында қатар тұрады. Біраздан кейін түн періштелері көкке көтеріліп, күндізгілері қалады. Екі топтың бір мезгілде куә болуына байланысты бұл намаз «мәшһуд», яғни «куәлік етілген намаз» деп аталған.

  1. 1«Исра» сүресі, 78-аят (үзінді). Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3135, кей басылымда 3136). Тирмизи хадисті хасан-сахих деп бағалаған.
685
Кутуб ситтә, № 685 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْمَقَامِ الْمَحْمُودِ، فَقَالَ: هُوَ الشَّفَاعَةُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) “Сонда Раббыңның сені ‘Мақам Махмудқа’ шығаратындығынан үміт ете аласың” деген аяттағы “Мақам Махмудтың” мәні сұралғанда, ол: “Бұл – шапағат”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Бұл хадисте Алла елшісіне (с.а.с.) уәде етілген Мақам Махмуд шапағат деп түсіндірілген. «Үмбетіме шапағат ететін тұғырым» деген нұсқа да бар.

Пайғамбарлар арасында үмбетіне шапағат ету мәртебесі Алла елшісіне (с.а.с.) ғана берілген. Махшарда құлағына дейін терге батып, үрейі ұшқан жұрт өз пайғамбарларынан шапағат сұрайды. Әр пайғамбар өз басын ойлап, бұл өтінішті қабылдай алмай тұрғанда, Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) үмбетінің жайын ойлап, шапағатқа мұқтаж әрі оған лайық жандарға шапағат етеді.

Бұл мәртебе хадисте «Мақам Махмуд» деп аталады. Сол күні бұрынғы да, кейінгі де жұрт Алла елшісіне (с.а.с.) риза болады. Көпшілік ғалым осы мағынаны құптайды. Ал басқа риуаяттарға сүйенген кейбір ғалымдар оны Алла елшісіне (с.а.с.) «Лиуаул-хамд» атты мадақ байрағы берілетін тұғыр деп түсіндірген.

Әд-Дарими Ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткізген бір риуаятта Алла елшісінен (с.а.с.): «Мақам Махмуд деген не?» – деп сұрағанда, ол: «Бұл – Алла тағаланың Өз Күрсісіне түсетін күні», – деп жауап берген. Риуаяттың жалғасында: «Сол күні жалаң аяқ, жалаңаш күйде жиналасыңдар. Әуелі Ибраһимге (а.с.), содан кейін маған жұмақ киімі кигізіледі. Артынша Алланың оң жағындағы бір тұғырға тұрамын. Сол мәртебеме бұрынғылар да, кейінгілер де қызығады», – делінеді.2

Мұндай риуаяттардағы сөздерді тура мағынасында қабылдаса, Алла тағалаға мекен телігендей ұғынылуы мүмкін. Бұл жерде ғайып ақиқатын адамға таныс сөздермен ұғындыру көзделген. Ақыретте мұның қалай болатыны бізге беймәлім. Сондықтан көзге көрінетін дүниеге тән сөздермен айтылған хабардың сыртқы мағынасына байланып қалмаған жөн. Осындай мұташабиһ сөздер аяттарда да, хадистерде де кездеседі. Олардың білдірген ақиқатына иман етіп, «Мәнін Алла біледі» дейміз және оларды сенім негіздеріне сай жоримыз.

  1. 1«Исра» сүресі, 79-аят (үзінді). Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3137, кей басылымда 3136).
  2. 2Әд-Дарими, «Сунан», «Риқақ» (2842, басқа басылымда 2829). Хусейн Сәлим Әсәд риуаяттың иснадын өте әлсіз деп бағалаған.
686
Кутуб ситтә, № 686 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «إِنَّ النَّاسَ يَصِيرُونَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ جُثًا، كُلُّ أُمَّةٍ تَتْبَعُ نَبِيَّهَا، يَقُولُونَ: يَا فُلَانُ اشْفَعْ، حَتَّى تَنْتَهِيَ الشَّفَاعَةُ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ، فَذَلِكَ يَوْمَ يَبْعَثُهُ اللَّهُ الْمَقَامَ الْمَحْمُودَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Қиямет күні адамдар тізерлеп отырады. Әр үмбет өз пайғамбарына еріп: “Уа, пәленше, шапағат ете көр!” – дейді. Ақыры шапағат ету кезегі Алла елшісіне (с.а.с.) жетеді. Сол күні Алла оны Мақам Махмудқа шығарады». (Бұхари, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 11 (4718). Сондай-ақ «Зекет», 52 (1475).)

687
Кутуб ситтә, № 687 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ بِمَكَّةَ ثُمَّ أُمِرَ بِالْهِجْرَةِ، فَنَزَلَتْ عَلَيْهِ: ﴿وَقُلْ رَبِّ أَدْخِلْنِي مُدْخَلَ صِدْقٍ وَأَخْرِجْنِي مُخْرَجَ صِدْقٍ وَاجْعَلْ لِي مِنْ لَدُنْكَ سُلْطَانًا نَصِيرًا﴾». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеде жүргенде оған һижрет ету бұйырылып, мына аят түсті: “Былай деп дұға ет: ‘Уа, Раббым! Маған қандай да бір жерге аяқ басқанымда, хақ мақсатпен, шынайы ниетпен кіруді, әрі ол жерден шығарда да хақ мақсатпен, шынайы ниетпен шығуды нәсіп еткейсің, әрі Өз тарапыңнан маған мықты қолдау көрсетіп, айқын дәлел бергейсің!’”1».2

Түсіндірме

Хасан Басри бұл аятты былай түсіндірген: «Һижреттен бұрын Құрайыш кәпірлері Алла елшісін (с.а.с.) өлтіруді, жер аударуды немесе қамап қоюды ақылдасты. Сол кезде Алла тағала оған: “Былай деп дұға ет: ‘Уа, Раббым! Маған қандай да бір жерге аяқ басқанымда, хақ мақсатпен, шынайы ниетпен кіруді, әрі ол жерден шығарда да хақ мақсатпен, шынайы ниетпен шығуды нәсіп еткейсің, әрі Өз тарапыңнан маған мықты қолдау көрсетіп, айқын дәлел бергейсің!’” – деп әмір етті».

Қатаданың түсіндіруінше, аяттағы «кіретін жер» – Мәдина, ал «шығатын жер» – Мекке.

Көпшілік ғалым аятты осылай түсінген. Ибн Аббас секілді кейбір ғалымдар «кіретін жер» деп өлімді, «шығатын жер» деп фәни дүниені меңзеген. Дегенмен, негізгі түсіндірме ретінде Қатада мен Хасан Басриден жеткен жорамал алынады.

  1. 1«Исра» сүресі, 80-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3139, кей басылымда 3138). Тирмизи хадисті хасан-сахих деп бағалаған.
688
Кутуб ситтә, № 688 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَرَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِنَفَرٍ مِنَ الْيَهُودِ، فَقَالَ بَعْضُهُمْ: سَلُوهُ عَنِ الرُّوحِ. وَقَالَ بَعْضُهُمْ: لَا تَسْأَلُوهُ، فَإِنَّهُ يُسْمِعُكُمْ مَا تَكْرَهُونَ. فَقَامُوا إِلَيْهِ فَقَالُوا لَهُ: يَا أَبَا الْقَاسِمِ، حَدِّثْنَا عَنِ الرُّوحِ. فَقَامَ سَاعَةً يَنْظُرُ، فَعَرَفْتُ أَنَّهُ يُوحَىٰ إِلَيْهِ. ثُمَّ قَالَ: ﴿وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الرُّوحِ قُلِ الرُّوحُ مِنْ أَمْرِ رَبِّي وَمَا أُوتِيتُمْ مِنَ الْعِلْمِ إِلَّا قَلِيلًا﴾». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ: «وَمَا أُوتُوا». قَالَ الْأَعْمَشُ: «هَكَذَا فِي قِرَاءَتِنَا».

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір топ яһудидің жанынан өтіп бара жатты. Олардың біреулері: “Одан рух жайында сұраңдар”, – деді. Енді біреулері: “Сұрамаңдар. Көңілдеріңе жақпайтын жауап естисіңдер”, – деді. Ақыры олар орындарынан тұрып, Алла елшісіне (с.а.с.) жақындап: “Уа, Әбул-Қасым! Бізге рух туралы айтып беріңіз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) біраз үнсіз тұрды. Мен оған уахи келіп жатқанын түсіндім. Содан соң ол мына аятты оқыды: “Һәм олар сенен Рух жайлы сұрайды. Оларға: ‘Рух – Раббымның ғана білетін ісі. Бұл мәселеде сендерге тым аз ілім берілген’, – деп айт”».1

Бір риуаятта «Оларға аз ғана ілім берілген» делінген. Ағмаш: «Біздің қырағатымызда осылай оқылады», – дейді.2

Түсіндірме

Фахруддин әр-Рази бұл аятты қысқаша былай түсіндіреді:

«Яһудилердің сұрағы рухтың болмысына қатысты болуы мүмкін. Рух белгілі бір кеңістікті иелене ме? Кеңістік иеленетін дененің күйі ме? Қадим бе, яғни әуелден бар ма, әлде хадис пе, яғни кейін пайда болған ба? Тәннен бөлінген соң өмір сүре бере ме, әлде жоқ болып кете ме? Рухтың азап шегуі немесе нығметке бөленуі деген не? Сұрақта осылардың бірін даралап көрсететін белгі жоқ. Дегенмен сұрақ рухтың болмысы мен оның әуелден бар не кейін пайда болғаны туралы болуы ықтимал. Жауап рухтың су, ауа, от пен топырақтан түзілген заттарға ұқсамайтын болмыс екенін аңғартады. Рух – өтпелі сипаттардан ада, қарапайым жауһар. Оны жаратушы болмайынша ол өздігінен пайда болмайды. Оны бар еткен – Алла тағаланың “Бол!” деген әмірі. Аяттың жауабын “Рух – Алланың әмірімен, Оның жаратуымен кейін пайда болған болмыс” деп ұғуға болады.

Денеде тіршіліктің көрінуіне рухтың ықпалы бар. Оның қалай әсер ететінін білмеу сол ықпалды теріске шығаруға негіз болмайды».

Имам Рази ойын былай жалғайды: «“Рух – Раббымның әмірінен” дегендегі “әмір” сөзі “іс” дегенді білдіреді. “Әйтсе де Перғауынның пәрмені орынды да, әділ де емес еді”3 деген аяттағы “пәрмен” сөзі де Перғауынның амалы мен ісін білдіреді».

Имам Разидің осы түсіндірмесіне сүйенсек, уахи арқылы берілген жауапты «Рух – Раббымның бір ісі» деп ұғамыз.

Ал сұрақ «Рух қадим бе, яғни әуелден бар ма, әлде хадис пе, яғни кейін пайда болған ба?» деген мағынада қойылса, «Рух – хадис, яғни кейін пайда болған» деп жауап беріледі. Имам Рази алғашқы буын ғалымдарының бұл мәселені егжей-тегжейлі талдамағанын да айтады. Оның «Рух – Раббымның ісі» деген түсіндірмесіне орай «Басқа жаратылыстар да Алланың ісі емес пе?» деген сұрақ тууы мүмкін. Өзге жаратылыстардың пайда болуы белгілі бір себептерге байланысты, сондықтан олардың болмысын біршама түсіндіруге болады. Ал рух тікелей Алла тағаланың «Бол!» деген әмірімен, ешбір дәнекерсіз, аралық себепсіз жаратылған. Сол себепті рух әмір әлеміне жатады және Алланың тікелей ісі деп айтылады.

  1. 1«Исра» сүресі, 85-аят.
  2. 2Бұхари, «Ілім», 47 (125), «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 13 (4721), «Иғтисам», 3, «Таухид», 28–29. Мүслим, «Мунафиқун», 32 (2794). Тирмизи, «Тәпсір» (3141, кей басылымда 3140).
  3. 3«Һуд» сүресі, 97-аят (үзінді).
689
Кутуб ситтә, № 689 · тараудағы реті: 12

وَفِي رِوَايَةٍ أُخْرَى لِلتِّرْمِذِيِّ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ: «قَالُوا: أُوتِينَا عِلْمًا كَثِيرًا، أُوتِينَا التَّوْرَاةَ، وَمَنْ أُوتِيَ التَّوْرَاةَ فَقَدْ أُوتِيَ خَيْرًا كَثِيرًا. فَأُنْزِلَتْ: ﴿قُلْ لَوْ كَانَ الْبَحْرُ مِدَادًا لِكَلِمَاتِ رَبِّي لَنَفِدَ الْبَحْرُ قَبْلَ أَنْ تَنْفَدَ كَلِمَاتُ رَبِّي وَلَوْ جِئْنَا بِمِثْلِهِ مَدَدًا﴾».

Қазақша аудармасы

Тирмизи Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген тағы бір риуаятта былай делінеді: «Яһудилер: “Бізге көп ілім берілді. Бізге Тәурат берілді. Кімге Тәурат берілсе, оған мол игілік берілгені”, – деді. Сонда мына аят түсті: “Былай деп айт: ‘Егер Раббымның сөздерін жазу үшін теңіз суы сия болса, тіпті оған тағы сондай бір теңіз қосылса да, Раббымның сөздері аяқталмай тұрып, теңіз суы таусылып қалады’”1».2

Түсіндірме

Яһудилер бұл сөзді рух жайында аз ғана ілім берілгенін білдіретін аят түскенде айтқан. Кейбір риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) олардың бар білімі Алланың ілімінің қасында мардымсыз екенін айтқаны баяндалады. Жоғарыдағы аят та осы мағынаны қуаттайды.

  1. 1«Кәһф» сүресі, 109-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3140, кей басылымда 3139).
690
Кутуб ситтә, № 690 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Сафуан ибн Ассал

وَعَنْ صَفْوَانَ بْنِ عَسَّالٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ يَهُودِيَّيْنِ قَالَ أَحَدُهُمَا لِصَاحِبِهِ: «اذْهَبْ بِنَا إِلَى هَذَا النَّبِيِّ نَسْأَلْهُ». قَالَ: «لَا تَقُلْ لَهُ نَبِيٌّ، فَإِنَّهُ إِنْ سَمِعَهَا كَانَتْ لَهُ أَرْبَعَةُ أَعْيُنٍ». فَأَتَيَا النَّبِيَّ ﷺ فَسَأَلَاهُ عَنْ قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَلَقَدْ آتَيْنَا مُوسَىٰ تِسْعَ آيَاتٍ بَيِّنَاتٍ﴾. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تُشْرِكُوا بِاللَّهِ شَيْئًا، وَلَا تَسْرِقُوا، وَلَا تَزْنُوا، وَلَا تَقْتُلُوا النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ، وَلَا تَسْحَرُوا، وَلَا تَمْشُوا بِبَرِيءٍ إِلَى سُلْطَانٍ فَيَقْتُلَهُ، وَلَا تَأْكُلُوا الرِّبَا، وَلَا تَقْذِفُوا مُحْصَنَةً، وَلَا تَفِرُّوا مِنَ الزَّحْفِ، وَعَلَيْكُمْ مَعْشَرَ الْيَهُودِ خَاصَّةً أَنْ لَا تَعْدُوا فِي السَّبْتِ». فَقَبَّلَا يَدَيْهِ وَرِجْلَيْهِ، وَقَالَا: «نَشْهَدُ أَنَّكَ نَبِيٌّ». قَالَ: «فَمَا يَمْنَعُكُمَا أَنْ تُسْلِمَا؟» قَالَا: «إِنَّ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ دَعَا اللَّهَ تَعَالَى أَنْ لَا يَزَالَ فِي ذُرِّيَّتِهِ نَبِيٌّ، وَإِنَّا نَخَافُ إِنْ أَسْلَمْنَا أَنْ تَقْتُلَنَا الْيَهُودُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сафуан ибн Ассал (р.а.) былай дейді: «Екі яһудидің бірі жолдасына: “Жүр, мына пайғамбарға барып, сұрақ қояйық”, – деді. Екіншісі: “Оны пайғамбар деме. Сөзіңді естісе, қуанғаннан бөркін аспанға атар”, – деді. Содан екеуі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, “Біз кезінде Мұсаға тоғыз бірдей мұғжиза берген едік” деген аят жөнінде сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Аллаға еш нәрсені серік қоспаңдар. Ұрлық жасамаңдар, зина жасамаңдар. Алла қол сұғуға тыйым салған жанды хақысыз өлтірмеңдер. Сиқыр жасамаңдар. Жазықсыз кісіні өлтірту үшін билеушіге ұстап бермеңдер. Өсім жемеңдер. Арлы әйелге зина жасады деп жала жаппаңдар. Шайқастан қашпаңдар. Ал сендерге, яһуди қауымына, сенбі күнгі тыйымды бұзбау міндет”, – деді. Сонда екеуі Алла елшісінің (с.а.с.) қолдары мен аяқтарын сүйіп: “Сенің пайғамбар екеніңе куәлік етеміз”, – деді.

Алла елшісі (с.а.с.): “Олай болса, мұсылман болуларыңа не бөгет?” – деп сұрады. Олар: “Дәуіт (а.с.) ұрпағынан пайғамбар үзілмесін деп дұға еткен. Егер мұсылман болсақ, яһудилер бізді өлтіре ме деп қорқамыз”, – деді».1

Түсіндірме

وَ«الزَّحْفُ» الْقِتَالُ، وَالْمُرَادُ بِهِ الْجِهَادُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ.

Мәтіндегі «захф» сөзі шайқас дегенді білдіреді. Мұнда Алла жолындағы күрес меңзелген.

Риуаятта екі яһудидің Алла елшісін (с.а.с.) сынап көру үшін тоғыз аят жайында сұрағаны баяндалады. Тирмизидің «Истиғзан» бөліміндегі нұсқада сұрақтың қай аятқа қатысты екені ашып айтылмайды. Ал «Тәпсір» бөліміндегі нұсқада бұл жайт анық көрсетілген.

«Олар Алла елшісіне (с.а.с.) барып, “Біз кезінде Мұсаға тоғыз бірдей мұғжиза берген едік”2 деген аят жайында сұрады». «Аят» сөзі бес сезім мүшесімен қабылданатын айқын белгіге де, ақылмен ұғынылатын анық үкім мен айқын мәселеге де айтылады.

Адамның ой жүгірту қабілеті мен ілім деңгейіне қарай әр нәрседен танитыны әртүрлі. Әр нәрседе бір белгі бар. Мұғжиза да аят деп аталады. Алланың бір үкімін білдіретін сөйлем де аят. Құран кәрімдегі шегі айқын әрбір сөйлем не үзінді де аят деп аталады. Жоғарыда келтірілген аяттағы «аяттар» сөзі осы мағыналардың кез келгенін білдіруі мүмкін.

Әзірет Мұсаға берілген тоғыз мұғжиза мыналар: аса таяғы, қолы, топан су, шегіртке, бит, бақа, қан, ашаршылық жылдары және жемістің аз шығуы.

Фахруддин әр-Рази Құран Кәрімде әзірет Мұсаның тоғыз емес, он алты мұғжизасы аталғанын айтып, пікірін аяттармен дәлелдейді. Жоғарыдағы аяттағы тоғыз бен өзі келтірген он алты санының арақатынасын ол фиқһ әдіснамасында түсіндірген бір қағидамен ұғындырады: «Белгілі бір санды атау одан көбірек болуының мүмкіндігін жоққа шығармайды».

Аяттағы «аяттар» дегенді бұрынғы діндерге де ортақ үкімдер деп ұқсақ, хадисте олардың да тоғыз екені көрінеді: «Аллаға серік қоспаңдар, ұрлық істемеңдер, зина жасамаңдар, нақақ жан қимаңдар, біреуді жазалату үшін билеушіге жамандап жеткізбеңдер, сиқыр жасамаңдар, өсім алмаңдар, пәк әйелге жала жаппаңдар, шайқастан қашпаңдар». Яһудилерге ғана қатысты сенбі күнгі тыйым бөлек аталады. Оларға сол күні балық аулауға тыйым салынған еді. Хадисте айтылған екі кісінің мойындауына келсек, олар Алла елшісінің (с.а.с.) оқып-жазбағанына қарамастан яһудилерге қатысты жайттарды егжей-тегжейлі білуін мұғжиза деп таныған. Осыдан соң оның пайғамбар екенін растаған. Алайда автор олардың Алла елшісін (с.а.с.) тек арабтарға жіберілген пайғамбар деп түсінген болуы ықтимал дейді. Оның түсіндіруінше, әзірет Мұхаммедке (с.а.с.) дейінгі пайғамбарлар белгілі бір қауымға жіберілген. Алла тағала бұрынғы дәуірлердегі қатынас пен хабар алмасу мүмкіндігіне сай әр халыққа жеке пайғамбар жіберіп отырған. Таурат пен Інжілде аталған пайғамбарлардың бәрі яһудилерді тура жолға шақыру үшін келген деп түсіндіріледі. Автор қазіргі яһуди дінінің де өз қауымынан тыс жұртқа таралуды, бүкіл әлемге ортақ дін болуды және өзге жұртты осы дінге кіргізуді мақсат етпейтінін айтады.

Автор христиандықты бүкіл халыққа ортақ дін деп тануды Інжілге кейін енген өзгерістердің бірі деп есептейді. Оның пайымынша, адамзаттың бір дінге ұйысып, бір үмбет болуына шақыру Исламмен бірге айқын әрі бұлтартпас түрде келді және бұл – Исламның басты мұраттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, риуаяттағы екі кісінің Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығын мойындауы шынайы болғанымен, олардың түсінігі толық болмауы мүмкін. Олар оны белгілі бір қауымның, яғни арабтардың ғана пайғамбары деп білген болуы ықтимал. Ислам тұрғысынан мұндай түсінік пайғамбарлықтың мәнін толық қамтымайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Олай болса, неге маған ермейсіңдер?» – деп, оларды Исламға және оның үкімдерін ұстануға шақырды. Әзірет Мұхаммед (с.а.с.) жеткізген шариғатқа бағыну оларға да міндет екенін білдірді.

Автор әзірет Дәуітке (а.с.) телінген сөзді негізсіз санайды. Қияметке дейін тек өз ұрпағынан пайғамбар шығады деген сөз әзірет Дәуіттен жетпеген. Алла тағала барлық пайғамбардан ақырзаманда келетін пайғамбар жайында үмбеттеріне хабарлауды және ол келгенде соңынан еруді өсиет етуді талап етіп, серт алған. Алла елшісінің (с.а.с.) сипаттары ежелгі діни кітаптарда да кездеседі. Автордың айтуынша, Таурат пен Інжіл өзгерістерге ұшырағанымен, олардың бізге жеткен нұсқаларында да Алла елшісінің сипаттары бірнеше жерде ұшырасады. Хұсейн әл-Жисри «Рисала әл-Хамидия» атты еңбегінде Қасиетті кітаптан осыған қатысты жүз он шақты үзінді келтірген. Рахматулла әл-Һинди де бұл мәселені «Изһар әл-хақ» атты еңбегінде зерттеп, ағылшын миссионерлерімен пікірталастарда өз уәжін қорғаған.

Таурат пен Інжілдегі сүйінші хабарларды былай қойып, енді аспаннан түскен кітаптар сөз болғанда ойға бірден орала бермейтін өзге діни жазбаларға тоқталамыз. Төменде кейінгі зерттеулерде Алла елшісінің (с.а.с.) келуіне ишара ретінде түсіндірілген үзінділерді қарастырамыз.

1. Әзірет Адам мен әзірет Ыдырыстың хабары

Ибн Араби «Футухат әл-Мәккия» атты еңбегінде Пайғамбарымыздан (с.а.с.) мынадай риуаят келтіреді: «Жүз мың Адам өмір сүріп өтті. Біз – солардың ең соңғысының ұрпағымыз». Басқа бір риуаятта әзірет Адамнан бері жүз жиырма төрт мың пайғамбар өткені айтылады. Олардың бәрі адамдарға Алланың бір екенін және өлген соң қайта тірілудің хақ екенін жеткізген. Әзірет Адам мен оның ұлы Шит пайғамбарға берілген кітаптарда не жазылғаны бізге беймәлім. Бізге жеткен ең көне мәлімет Ыдырыс пайғамбарға қатысты болса керек. Ислам дереккөздерінде жазуды алғаш енгізген осы пайғамбар делінеді. Төменде Яһуданың хатынан осы тақырыпқа қатысты үзінді берілген.3

«Адамнан кейін келген Ыдырыс та мынаны алдын ала хабарлаған: “Біліп қойыңдар, Рабб он мыңдаған уәлиімен келіп, бәріне ақырғы үкімін айтады. Аллаға қарсы істеген күнәлары мен Оған қарата айтқан күнәлі сөздері үшін күнәһарлардан есеп алынады”». Христиан тәпсіршілері бұл сөздерді болашақта келетін бір адам жайындағы сүйінші хабар деп ұғынған. Алайда Ыдырыс пайғамбардан жеткен осы хабардың қалған бөлігі сақталмаған.

2. Заратуштра ілімінің қасиетті жазбаларындағы Пайғамбар туралы ишаралар

Автор келтірген зерттеулерге қарағанда, Заратуштра бір Құдайға, періштелерге, Құдай таңдаған адамдарға уахи түсетініне, жәннатқа және өзге де діни ақиқаттарға сенген. Автор «Зенд-Авестаның» бізге жеткен бөлімдеріндегі Соэшьянт (Soeshyant) есімін пұттарды талқандап, әлемдерге рақым болып келетін тұлғамен байланыстырады. Сондай-ақ сол жазбада жұртты аяғынан тұрғызушы Астват-Эрэттің (Astvat Ereta) келуі хабарланғанын айтады.4

3. Буддизмдегі Пайғамбар туралы ишаралар

Буддизмнің негізін қалаған Будда да кей сөзінде дінді толық жеткізе алмағанын айтады. Автордың түсіндіруінше, Майтрея (Maitreya, пали тілінде Metteya), яғни әлемдерге рақым болатын адам келгенде, бұл іс тамамдалады.5

4. Брахманизмдегі Пайғамбар туралы ишаралар

Бұрын аталған діндер секілді брахманизмде де болашақта бір тұлғаның келуі күтілген. Мысалы, автор «Атхарваведа» деп аталатын діни жазбада Нарашанша және Астивишья деген атаулар ұшырасатынын айтып, оларды «қошеметке ие, мадаққа лайық кісі» деп түсіндіреді. Ол жүйрік түйелер жегілген арбаға мініп, жәннатқа жеткенше жолын жалғастырады.

«Вишну-пурананың» 24-тарауында, автордың келтіруінше, Ведалар үйреткен жөн-жоралғы мен құқықтық тәртіп жойылуға бет алған тұста қараңғы дәуірдің ақыры жақындайды. Сонда Тәңірдің жер бетіндегі соңғы бейнесі жауынгер кейпінде көрінеді. Ол Самбла-Дибте (құмды аралда) абыройлы, білімді әулетте дүниеге келеді. Әкесінің аты Вишнуяшас («Құдайдың құлы», яғни Абдулла), анасының есімі Сомти («сенім артылған жан», яғни Әмина) болады.

Брахманизмде Құдайдың жер бетіне адам кейпінде келетініне сенеді. Олардың қасиетті жазбаларының бір жинағы «Пурана» деп аталады. Бұл атау «Көне жазбалар» дегенді білдіреді. Автор Құран Кәрімдегі «Ап-анық араб тілінде түсірді. Шүбәсіз, ол жайлы алғашқылардың кітаптарында да айтылған.»6 деген сөздерде осы жазбаларға ишара бар деп пайымдайды.

Үнді брахмандарының қасиетті жазбасы саналатын Ведаларда, автордың келтіруінше, әлгі жауынгер құмды өлкеде туып, кейін туған жерінен кетіп, солтүстіктегі бір мекенді паналайды. Оның көкке жететін арбасы болады. Ол түйе ұстаған дана кісі болмақ. Екі үлкен шайқасының біріншісінде үш жүз, екіншісінде он мың әскері болады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) құмды өлкедегі Меккеде дүниеге келіп, пайғамбарлық кезеңінің орта шенінде Мәдинаға қоныс аударды. Алғашқы шайқасы – Бәдірде оның үш жүздей, ал Меккені алған кезде он мың әскері болған. Автор көкке жететін көлік жайындағы сөзді Миғраж оқиғасына ишара деп түсіндіреді.

Осы үзінділерге сүйенген автор аспаннан түскен кітаптардың бәрінде әлемдердің ардақтысы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) келуі ашық айтылған деген қорытындыға келеді. Оның соңғы пайғамбар әрі пайғамбарлардың тәжі екеніне күмән жоқ деп түйеді.

  1. 1Тирмизи, «Истиғзан», 33 (2733, кей басылымда 2734), «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3144, кей басылымда 3143). Нәсәи, «Тахрим», 18 (7/111, № 4078). Ибн Мәжа, «Әдеп», 16 (3705).
  2. 2«Исра» сүресі, 101-аят (үзінді).
  3. 3Жаңа өсиет, «Яһуданың хаты», 14–15-аяттар.
  4. 4«Авеста», «Фравардин-яшт» (Яшт 13), XXVIII, 129.
  5. 5Жинақта дереккөз «Будданың қасиетті кітабы» деп көрсетілген.
  6. 6«Шұғара» сүресі, 195–196-аяттар.
691
Кутуб ситтә, № 691 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَلَا تَجْهَرْ بِصَلَاتِكَ وَلَا تُخَافِتْ بِهَا﴾ الْآيَةَ، قَالَ: نَزَلَتْ وَالنَّبِيُّ ﷺ مُتَوَارٍ بِمَكَّةَ، وَكَانَ إِذَا صَلَّى بِأَصْحَابِهِ رَفَعَ صَوْتَهُ بِالْقُرْآنِ، فَإِذَا رَفَعَ صَوْتَهُ سَمِعَهُ الْمُشْرِكُونَ فَسَبُّوا الْقُرْآنَ وَمَنْ أَنْزَلَهُ وَمَنْ جَاءَ بِهِ. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿وَلَا تَجْهَرْ بِصَلَاتِكَ﴾، أَيْ: بِقِرَاءَتِكَ فَيَسْمَعَهَا الْمُشْرِكُونَ، ﴿وَلَا تُخَافِتْ بِهَا﴾ عَنْ أَصْحَابِكَ فَلَا تُسْمِعْهُمْ، ﴿وَابْتَغِ بَيْنَ ذَلِكَ سَبِيلًا﴾، أَيْ: بَيْنَ الْجَهْرِ وَالْمُخَافَتَةِ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «Оларға: “Оған дұға еткендеріңде, қаласаңдар ‘Алла’ деп атаңдар, қаласаңдар ‘Рахман’ деп атаңдар. Қай есімін атап, дұға етсеңдер де, ең көркем есімдер Оған ғана тән!” – деп айт. Әрі намаз оқығаныңда дауысыңды қатты шығарма, әрі тым бәсеңдетіп те жіберме, екеуінің ортасындағы жолды ұстан»1 деген аяттың намазға қатысты соңғы бөлігін былай түсіндірді: «Бұл аят Пайғамбар (с.а.с.) Меккеде жасырын жүргенде түсті. Ол сахабаларымен бірге намаз оқығанда, Құранды дауыстап оқитын. Даусын көтерсе, мүшріктер естіп қойып, Құранды да, оны түсіргенді де, оны жеткізгенді де тілдейтін. Сонда Алла тағала “Намаз оқығаныңда дауысыңды қатты шығарма”, яғни Құран оқығаныңды мүшріктер естімесін, “әрі тым бәсеңдетіп те жіберме”, яғни сахабаларың естімей қалмасын деп, “екеуінің ортасындағы жолды ұстан” деп бұйырды».2

Түсіндірме

Намазда дауысты қатты көтермеуді әрі тым бәсеңдетпеуді бұйыратын осы аят туралы риуаяттарда Ибн Аббастың (р.а.) түсіндірмесінен бөлек мынадай пікірлер де айтылады.

1. Аят дұға әдебін үйрету үшін түскен. Мұны төменде келетін әзірет Айшаның риуаятынан көреміз.

2. Бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) түнде сахабаларының үйлерін аралағаны айтылады. Ол әзірет Әбу Бәкірдің намазда Құранды бәсең дауыспен, ал әзірет Омардың дауыстап оқып жатқанын байқайды. Ертеңінде себебін сұрағанда, Әбу Бәкір: «Раббыма сыбырлап сыр айттым», – дейді. Ал Омар: «Шайтанды қудым», – деп жауап береді. Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Бәкірге даусын сәл көтеруді, Омарға біраз бәсеңдетуді тапсырады.

3. Бұл түсіндірмеге сай, аят намаздың бәрін не дауыстап, не іштей оқу жайында емес. Күндізгі намазда қырағатты іштей, қараңғыда оқылатын намазда дауыстап оқу меңзелген.

Осындай түрлі түсіндірмелердің ішінен біреуін ғана таңдап алмай, әрқайсысының өзіндік негізі барын мойындаған жөн.

  1. 1«Исра» сүресі, 110-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 14 (4722), «Таухид», 34, 44, 52. Мүслим, «Салат», 145 (446). Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3145–3146, Жанан келтірген нөмірі – 3144). Нәсәи, «Ифтитах» (1011).
692
Кутуб ситтә, № 692 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «أُنْزِلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ فِي الدُّعَاءِ»، تَعْنِي: ﴿وَلَا تَجْهَرْ بِصَلَاتِكَ﴾. أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.): «“Намаз оқығаныңда дауысыңды қатты шығарма әрі тым бәсеңдетіп те жіберме” деген аят дұғаға қатысты түскен», – деді.1

Түсіндірме

Бұл аят мүмінге дұға әдебін үйретеді. Дұға еткен адам даусын өзі естімейтіндей бәсеңдетпей, жанындағылардың мазасын аларлықтай көтермей сөйлегені жөн. Бірқатар риуаятта бұл аят мүшріктердің тіл тигізуіне жол бермеу үшін түскені айтылады. Ал кейбір риуаяттарда дұға етіп, тілек тілеу әдебіне қатысты түскені айтылады. «Ағраф» сүресінде Раббымыз: «Ертелі-кеш іштей жалбарынып һәм бәсең дауыспен Раббыңды ауызға ал. Ғапылдардың қатарына қосылма.»2 – деп бұйырады.

Риуаяттарда кейбір сахабалардың Алла елшісінен (с.а.с.): «Раббымыз жақын ба, алыс па? Жақын болса, сыбырлап, алыс болса, дауыстап дұға етейік», – деп сұрағаны айтылады. Сонда: «Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын. Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын....»3 – деген аят түсті.

Бұхари мен Мүслим келтірген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар сапарында кейбір сахабалардың тәкбірді қатты дауыстап айтқанын естиді. Ол дауыстарын бәсеңдетуді бұйырып: «Сендер саңырау не жырақтағы біреуге тіл қатып тұрған жоқсыңдар. Өздеріңе жақын, айтқандарыңды естуші Аллаға дұға етудесіңдер. Ол әрқайсыңа түйелеріңнің мойнынан да жақын», – дейді. Дұға еткенде осы әдепті сақтау – мұстахаб. Аятты Әбу Һурайра (р.а.) мен Мужаһид те осылай түсінген. Дұға әдебі жөнінде № 465 хадиске қараңыз.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 14 (4723), «Дағауат», 17, «Таухид», 44. Мүслим, «Салат», 146 (447). Мәлик, «Муатта», «Құран», 39 (1/218).
  2. 2«Ағраф» сүресі, 205-аят.
  3. 3«Бақара» сүресі, 186-аят (үзінді).