Хадис

Кутуб ситтә, № 678

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
69. «Исра» сүресі
Нөмірі
№ 678 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
678
Кутуб ситтә, № 678 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَمَا جَعَلْنَا الرُّؤْيَا الَّتِي أَرَيْنَاكَ إِلَّا فِتْنَةً لِلنَّاسِ﴾، قَالَ: «هِيَ رُؤْيَا عَيْنٍ أُرِيَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لَيْلَةَ أُسْرِيَ بِهِ إِلَى بَيْتِ الْمَقْدِسِ». وَ﴿الشَّجَرَةَ الْمَلْعُونَةَ فِي الْقُرْآنِ﴾، قَالَ: «هِيَ شَجَرَةُ الزَّقُّومِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «Анығында, Біз өзіңе көрсеткен ғаламат көріністі әрі Құрандағы лағынеттелген ағашты адамдар үшін сынақ қылдық»1 деген аятқа қатысты: «Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) Исра түні Бәйтул-Мақдиске апарылғанда өз көзімен көргені», – деді. Ал Құрандағы «лағынеттелген ағашты» заққұм ағашы деп түсіндірді.2

Түсіндірме

Араб тіліндегі «руя» сөзі көбіне ұйқыда көрген түсті білдіреді, алайда «руят» секілді «көру» мағынасында да жұмсалады. Сол себепті аятта ояу кезде көзбен көрген нәрсе айтылды ма, әлде ұйқыда көрген түс пе деген мәселе ғалымдар арасында талқыланған. Кейбір ғалымдар бұл сөзді Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларымен бірге Меккеге кіретінін түсінде көруі деп жорыған. Алла елшісі (с.а.с.) бұл түсті Мәдинада көріп, сахабаларына айтып берген деседі. Хұдайбия келісімімен аяқталған сапарда мұсылмандар осы түстің орындалатынына сенді. Қағбаны тауап ете алмай, жолдан қайтқанда, сахабалардың көңілі түсті. Тіпті әзірет Омар (р.а.): «Қағбаға барамыз деп айтпап па едіңіз?» – деп наразылығын білдірді. Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, бірақ биыл барамыз деп айтқан жоқпын», – деп жауап берді. Осы оқиғадан кейін «Фәтх» сүресінің мына аяты түсті: «Шүбәсіз, Алла пайғамбарының көрген түсін растайды һәм оны міндетті түрде жүзеге асырады! Алла қаласа, Харам мешітіне біреулерің шаштарыңды тақырлап алған, енді біреулерің қысқартқан күйде ешкімнен қорықпай емін-еркін кіретін боласыңдар! Алайда Алла сендер білмегенді білгендіктен, одан бұрын болатын жақын жеңісті сендерге нәсіп етті».3

«Исра» сүресіндегі «руя» сөзін осы түске жорығандар Алла елшісінің (с.а.с.) сол жылы Меккеге кірмей қайтуын сахабалар үшін сынақ деп түсіндірген. Кейбір ғалымдар оны Алла елшісінің (с.а.с.) Құрайыш басшыларының Бәдірде қаза табатынын түсінде көруі деп жорыған. Алайда бұл жорамалдар әлсіз саналады. Түрлі дәлелдерге сүйенген ғалымдардың басым көпшілігі Алла елшісі (с.а.с.) Құранның түсіндірушісі деп таныған Ибн Аббастың пікірін құптайды. Оның айтуынша, бұл сөз Алла елшісінің (с.а.с.) Миғраж кезінде өз көзімен көргенін білдіреді. Оқиға да, сол көргендері де түнде болғандықтан, Алла тағала «руя» сөзін қолданған деген түсіндірме бар.

«Исра» сүресі Меккеде түскен. Ал жоғарыда сөз болған басқа оқиғалар Мәдина кезеңінде болғандықтан, аятта сол түстердің меңзелуі мүмкін емес.

Аяттағы «руяны» күнделікті қолданыстағы «түс» мағынасында қабылдағандар Миғраж ұйқыда болған деп қателескен. Олай болса, бұл оқиғаның адамдарға сынақ болуының мәні қалмас еді. Алла тағала осы көріністі адамдарға фитна, яғни сынақ еткенін айтады. Алла елшісі (с.а.с.) Миғражда көргендерін баяндағанда, көп адам күмәнданып, кейбірі тіпті діннен қайтқан. Әзірет Әбу Бәкір (р.а.): «Мұхаммед не айтса, сол рас», – деп, сынақтан сүрінбей өтіп, «Сыддық» деген абыройлы атқа ие болды. Егер Алла елшісі (с.а.с.) Миғражды түс ретінде баяндаса, кім оған қарсы шығар еді? Адам түсінде неше түрлі нәрсені көре береді ғой. Ақылға сыймайтын оқиғаны түс ретінде айтса, кім оған дау айтар еді? Аятта лағынеттелген заққұм ағашының да сынақ болғаны айтылады. Бірнеше аятта оның тозақта өсетіні, азапқа түскендердің содан жейтіні, оның балқыған металл мен қайнаған судай күйдіретіні баяндалады. Мұны естіген Әбу Жәһил: «Мұхаммед сендерді тас та жанатын отпен қорқытады. Артынша сол отта ағаш өседі дейді», – деп мазақ еткен. Кейбір мүшріктер одан асып түсіп: «Біз заққұм деп құрма мен қаймақты айтамыз», – дескен. Сонда Әбу Жәһил күңіне құрма мен қаймақ әзірлетіп, серіктерін: «Қане, заққұм жеп алайық!» – деп асқа шақырған. Осыдан кейін «заққұмды» жақсы көргендердің кейбірі діннен қайтқан деседі.

  1. 1«Исра» сүресі, 60-аят (үзінді).
  2. 2Бұхари, «Мәнәқибул-ансар», 42 (3888), «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 9 (4716), «Қадар», 10 (6613). Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3134, кей басылымда 3133).
  3. 3«Фәтх» сүресі, 27-аят.