وَعَنْ صَفْوَانَ بْنِ عَسَّالٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ يَهُودِيَّيْنِ قَالَ أَحَدُهُمَا لِصَاحِبِهِ: «اذْهَبْ بِنَا إِلَى هَذَا النَّبِيِّ نَسْأَلْهُ». قَالَ: «لَا تَقُلْ لَهُ نَبِيٌّ، فَإِنَّهُ إِنْ سَمِعَهَا كَانَتْ لَهُ أَرْبَعَةُ أَعْيُنٍ». فَأَتَيَا النَّبِيَّ ﷺ فَسَأَلَاهُ عَنْ قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَلَقَدْ آتَيْنَا مُوسَىٰ تِسْعَ آيَاتٍ بَيِّنَاتٍ﴾. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تُشْرِكُوا بِاللَّهِ شَيْئًا، وَلَا تَسْرِقُوا، وَلَا تَزْنُوا، وَلَا تَقْتُلُوا النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ، وَلَا تَسْحَرُوا، وَلَا تَمْشُوا بِبَرِيءٍ إِلَى سُلْطَانٍ فَيَقْتُلَهُ، وَلَا تَأْكُلُوا الرِّبَا، وَلَا تَقْذِفُوا مُحْصَنَةً، وَلَا تَفِرُّوا مِنَ الزَّحْفِ، وَعَلَيْكُمْ مَعْشَرَ الْيَهُودِ خَاصَّةً أَنْ لَا تَعْدُوا فِي السَّبْتِ». فَقَبَّلَا يَدَيْهِ وَرِجْلَيْهِ، وَقَالَا: «نَشْهَدُ أَنَّكَ نَبِيٌّ». قَالَ: «فَمَا يَمْنَعُكُمَا أَنْ تُسْلِمَا؟» قَالَا: «إِنَّ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ دَعَا اللَّهَ تَعَالَى أَنْ لَا يَزَالَ فِي ذُرِّيَّتِهِ نَبِيٌّ، وَإِنَّا نَخَافُ إِنْ أَسْلَمْنَا أَنْ تَقْتُلَنَا الْيَهُودُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Сафуан ибн Ассал (р.а.) былай дейді: «Екі яһудидің бірі жолдасына: “Жүр, мына пайғамбарға барып, сұрақ қояйық”, – деді. Екіншісі: “Оны пайғамбар деме. Сөзіңді естісе, қуанғаннан бөркін аспанға атар”, – деді. Содан екеуі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, “Біз кезінде Мұсаға тоғыз бірдей мұғжиза берген едік” деген аят жөнінде сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Аллаға еш нәрсені серік қоспаңдар. Ұрлық жасамаңдар, зина жасамаңдар. Алла қол сұғуға тыйым салған жанды хақысыз өлтірмеңдер. Сиқыр жасамаңдар. Жазықсыз кісіні өлтірту үшін билеушіге ұстап бермеңдер. Өсім жемеңдер. Арлы әйелге зина жасады деп жала жаппаңдар. Шайқастан қашпаңдар. Ал сендерге, яһуди қауымына, сенбі күнгі тыйымды бұзбау міндет”, – деді. Сонда екеуі Алла елшісінің (с.а.с.) қолдары мен аяқтарын сүйіп: “Сенің пайғамбар екеніңе куәлік етеміз”, – деді.
Алла елшісі (с.а.с.): “Олай болса, мұсылман болуларыңа не бөгет?” – деп сұрады. Олар: “Дәуіт (а.с.) ұрпағынан пайғамбар үзілмесін деп дұға еткен. Егер мұсылман болсақ, яһудилер бізді өлтіре ме деп қорқамыз”, – деді».1
Түсіндірме
وَ«الزَّحْفُ» الْقِتَالُ، وَالْمُرَادُ بِهِ الْجِهَادُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ.
Мәтіндегі «захф» сөзі шайқас дегенді білдіреді. Мұнда Алла жолындағы күрес меңзелген.
Риуаятта екі яһудидің Алла елшісін (с.а.с.) сынап көру үшін тоғыз аят жайында сұрағаны баяндалады. Тирмизидің «Истиғзан» бөліміндегі нұсқада сұрақтың қай аятқа қатысты екені ашып айтылмайды. Ал «Тәпсір» бөліміндегі нұсқада бұл жайт анық көрсетілген.
«Олар Алла елшісіне (с.а.с.) барып, “Біз кезінде Мұсаға тоғыз бірдей мұғжиза берген едік”2 деген аят жайында сұрады». «Аят» сөзі бес сезім мүшесімен қабылданатын айқын белгіге де, ақылмен ұғынылатын анық үкім мен айқын мәселеге де айтылады.
Адамның ой жүгірту қабілеті мен ілім деңгейіне қарай әр нәрседен танитыны әртүрлі. Әр нәрседе бір белгі бар. Мұғжиза да аят деп аталады. Алланың бір үкімін білдіретін сөйлем де аят. Құран кәрімдегі шегі айқын әрбір сөйлем не үзінді де аят деп аталады. Жоғарыда келтірілген аяттағы «аяттар» сөзі осы мағыналардың кез келгенін білдіруі мүмкін.
Әзірет Мұсаға берілген тоғыз мұғжиза мыналар: аса таяғы, қолы, топан су, шегіртке, бит, бақа, қан, ашаршылық жылдары және жемістің аз шығуы.
Фахруддин әр-Рази Құран Кәрімде әзірет Мұсаның тоғыз емес, он алты мұғжизасы аталғанын айтып, пікірін аяттармен дәлелдейді. Жоғарыдағы аяттағы тоғыз бен өзі келтірген он алты санының арақатынасын ол фиқһ әдіснамасында түсіндірген бір қағидамен ұғындырады: «Белгілі бір санды атау одан көбірек болуының мүмкіндігін жоққа шығармайды».
Аяттағы «аяттар» дегенді бұрынғы діндерге де ортақ үкімдер деп ұқсақ, хадисте олардың да тоғыз екені көрінеді: «Аллаға серік қоспаңдар, ұрлық істемеңдер, зина жасамаңдар, нақақ жан қимаңдар, біреуді жазалату үшін билеушіге жамандап жеткізбеңдер, сиқыр жасамаңдар, өсім алмаңдар, пәк әйелге жала жаппаңдар, шайқастан қашпаңдар». Яһудилерге ғана қатысты сенбі күнгі тыйым бөлек аталады. Оларға сол күні балық аулауға тыйым салынған еді. Хадисте айтылған екі кісінің мойындауына келсек, олар Алла елшісінің (с.а.с.) оқып-жазбағанына қарамастан яһудилерге қатысты жайттарды егжей-тегжейлі білуін мұғжиза деп таныған. Осыдан соң оның пайғамбар екенін растаған. Алайда автор олардың Алла елшісін (с.а.с.) тек арабтарға жіберілген пайғамбар деп түсінген болуы ықтимал дейді. Оның түсіндіруінше, әзірет Мұхаммедке (с.а.с.) дейінгі пайғамбарлар белгілі бір қауымға жіберілген. Алла тағала бұрынғы дәуірлердегі қатынас пен хабар алмасу мүмкіндігіне сай әр халыққа жеке пайғамбар жіберіп отырған. Таурат пен Інжілде аталған пайғамбарлардың бәрі яһудилерді тура жолға шақыру үшін келген деп түсіндіріледі. Автор қазіргі яһуди дінінің де өз қауымынан тыс жұртқа таралуды, бүкіл әлемге ортақ дін болуды және өзге жұртты осы дінге кіргізуді мақсат етпейтінін айтады.
Автор христиандықты бүкіл халыққа ортақ дін деп тануды Інжілге кейін енген өзгерістердің бірі деп есептейді. Оның пайымынша, адамзаттың бір дінге ұйысып, бір үмбет болуына шақыру Исламмен бірге айқын әрі бұлтартпас түрде келді және бұл – Исламның басты мұраттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, риуаяттағы екі кісінің Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығын мойындауы шынайы болғанымен, олардың түсінігі толық болмауы мүмкін. Олар оны белгілі бір қауымның, яғни арабтардың ғана пайғамбары деп білген болуы ықтимал. Ислам тұрғысынан мұндай түсінік пайғамбарлықтың мәнін толық қамтымайды. Алла елшісі (с.а.с.): «Олай болса, неге маған ермейсіңдер?» – деп, оларды Исламға және оның үкімдерін ұстануға шақырды. Әзірет Мұхаммед (с.а.с.) жеткізген шариғатқа бағыну оларға да міндет екенін білдірді.
Автор әзірет Дәуітке (а.с.) телінген сөзді негізсіз санайды. Қияметке дейін тек өз ұрпағынан пайғамбар шығады деген сөз әзірет Дәуіттен жетпеген. Алла тағала барлық пайғамбардан ақырзаманда келетін пайғамбар жайында үмбеттеріне хабарлауды және ол келгенде соңынан еруді өсиет етуді талап етіп, серт алған. Алла елшісінің (с.а.с.) сипаттары ежелгі діни кітаптарда да кездеседі. Автордың айтуынша, Таурат пен Інжіл өзгерістерге ұшырағанымен, олардың бізге жеткен нұсқаларында да Алла елшісінің сипаттары бірнеше жерде ұшырасады. Хұсейн әл-Жисри «Рисала әл-Хамидия» атты еңбегінде Қасиетті кітаптан осыған қатысты жүз он шақты үзінді келтірген. Рахматулла әл-Һинди де бұл мәселені «Изһар әл-хақ» атты еңбегінде зерттеп, ағылшын миссионерлерімен пікірталастарда өз уәжін қорғаған.
Таурат пен Інжілдегі сүйінші хабарларды былай қойып, енді аспаннан түскен кітаптар сөз болғанда ойға бірден орала бермейтін өзге діни жазбаларға тоқталамыз. Төменде кейінгі зерттеулерде Алла елшісінің (с.а.с.) келуіне ишара ретінде түсіндірілген үзінділерді қарастырамыз.
1. Әзірет Адам мен әзірет Ыдырыстың хабары
Ибн Араби «Футухат әл-Мәккия» атты еңбегінде Пайғамбарымыздан (с.а.с.) мынадай риуаят келтіреді: «Жүз мың Адам өмір сүріп өтті. Біз – солардың ең соңғысының ұрпағымыз». Басқа бір риуаятта әзірет Адамнан бері жүз жиырма төрт мың пайғамбар өткені айтылады. Олардың бәрі адамдарға Алланың бір екенін және өлген соң қайта тірілудің хақ екенін жеткізген. Әзірет Адам мен оның ұлы Шит пайғамбарға берілген кітаптарда не жазылғаны бізге беймәлім. Бізге жеткен ең көне мәлімет Ыдырыс пайғамбарға қатысты болса керек. Ислам дереккөздерінде жазуды алғаш енгізген осы пайғамбар делінеді. Төменде Яһуданың хатынан осы тақырыпқа қатысты үзінді берілген.3
«Адамнан кейін келген Ыдырыс та мынаны алдын ала хабарлаған: “Біліп қойыңдар, Рабб он мыңдаған уәлиімен келіп, бәріне ақырғы үкімін айтады. Аллаға қарсы істеген күнәлары мен Оған қарата айтқан күнәлі сөздері үшін күнәһарлардан есеп алынады”». Христиан тәпсіршілері бұл сөздерді болашақта келетін бір адам жайындағы сүйінші хабар деп ұғынған. Алайда Ыдырыс пайғамбардан жеткен осы хабардың қалған бөлігі сақталмаған.
2. Заратуштра ілімінің қасиетті жазбаларындағы Пайғамбар туралы ишаралар
Автор келтірген зерттеулерге қарағанда, Заратуштра бір Құдайға, періштелерге, Құдай таңдаған адамдарға уахи түсетініне, жәннатқа және өзге де діни ақиқаттарға сенген. Автор «Зенд-Авестаның» бізге жеткен бөлімдеріндегі Соэшьянт (Soeshyant) есімін пұттарды талқандап, әлемдерге рақым болып келетін тұлғамен байланыстырады. Сондай-ақ сол жазбада жұртты аяғынан тұрғызушы Астват-Эрэттің (Astvat Ereta) келуі хабарланғанын айтады.4
3. Буддизмдегі Пайғамбар туралы ишаралар
Буддизмнің негізін қалаған Будда да кей сөзінде дінді толық жеткізе алмағанын айтады. Автордың түсіндіруінше, Майтрея (Maitreya, пали тілінде Metteya), яғни әлемдерге рақым болатын адам келгенде, бұл іс тамамдалады.5
4. Брахманизмдегі Пайғамбар туралы ишаралар
Бұрын аталған діндер секілді брахманизмде де болашақта бір тұлғаның келуі күтілген. Мысалы, автор «Атхарваведа» деп аталатын діни жазбада Нарашанша және Астивишья деген атаулар ұшырасатынын айтып, оларды «қошеметке ие, мадаққа лайық кісі» деп түсіндіреді. Ол жүйрік түйелер жегілген арбаға мініп, жәннатқа жеткенше жолын жалғастырады.
«Вишну-пурананың» 24-тарауында, автордың келтіруінше, Ведалар үйреткен жөн-жоралғы мен құқықтық тәртіп жойылуға бет алған тұста қараңғы дәуірдің ақыры жақындайды. Сонда Тәңірдің жер бетіндегі соңғы бейнесі жауынгер кейпінде көрінеді. Ол Самбла-Дибте (құмды аралда) абыройлы, білімді әулетте дүниеге келеді. Әкесінің аты Вишнуяшас («Құдайдың құлы», яғни Абдулла), анасының есімі Сомти («сенім артылған жан», яғни Әмина) болады.
Брахманизмде Құдайдың жер бетіне адам кейпінде келетініне сенеді. Олардың қасиетті жазбаларының бір жинағы «Пурана» деп аталады. Бұл атау «Көне жазбалар» дегенді білдіреді. Автор Құран Кәрімдегі «Ап-анық араб тілінде түсірді. Шүбәсіз, ол жайлы алғашқылардың кітаптарында да айтылған.»6 деген сөздерде осы жазбаларға ишара бар деп пайымдайды.
Үнді брахмандарының қасиетті жазбасы саналатын Ведаларда, автордың келтіруінше, әлгі жауынгер құмды өлкеде туып, кейін туған жерінен кетіп, солтүстіктегі бір мекенді паналайды. Оның көкке жететін арбасы болады. Ол түйе ұстаған дана кісі болмақ. Екі үлкен шайқасының біріншісінде үш жүз, екіншісінде он мың әскері болады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) құмды өлкедегі Меккеде дүниеге келіп, пайғамбарлық кезеңінің орта шенінде Мәдинаға қоныс аударды. Алғашқы шайқасы – Бәдірде оның үш жүздей, ал Меккені алған кезде он мың әскері болған. Автор көкке жететін көлік жайындағы сөзді Миғраж оқиғасына ишара деп түсіндіреді.
Осы үзінділерге сүйенген автор аспаннан түскен кітаптардың бәрінде әлемдердің ардақтысы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) келуі ашық айтылған деген қорытындыға келеді. Оның соңғы пайғамбар әрі пайғамбарлардың тәжі екеніне күмән жоқ деп түйеді.
- 1Тирмизи, «Истиғзан», 33 (2733, кей басылымда 2734), «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3144, кей басылымда 3143). Нәсәи, «Тахрим», 18 (7/111, № 4078). Ибн Мәжа, «Әдеп», 16 (3705).
- 2«Исра» сүресі, 101-аят (үзінді).
- 3Жаңа өсиет, «Яһуданың хаты», 14–15-аяттар.
- 4«Авеста», «Фравардин-яшт» (Яшт 13), XXVIII, 129.
- 5Жинақта дереккөз «Будданың қасиетті кітабы» деп көрсетілген.
- 6«Шұғара» сүресі, 195–196-аяттар.