وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ بِمَكَّةَ ثُمَّ أُمِرَ بِالْهِجْرَةِ، فَنَزَلَتْ عَلَيْهِ: ﴿وَقُلْ رَبِّ أَدْخِلْنِي مُدْخَلَ صِدْقٍ وَأَخْرِجْنِي مُخْرَجَ صِدْقٍ وَاجْعَلْ لِي مِنْ لَدُنْكَ سُلْطَانًا نَصِيرًا﴾». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеде жүргенде оған һижрет ету бұйырылып, мына аят түсті: “Былай деп дұға ет: ‘Уа, Раббым! Маған қандай да бір жерге аяқ басқанымда, хақ мақсатпен, шынайы ниетпен кіруді, әрі ол жерден шығарда да хақ мақсатпен, шынайы ниетпен шығуды нәсіп еткейсің, әрі Өз тарапыңнан маған мықты қолдау көрсетіп, айқын дәлел бергейсің!’”1».2
Түсіндірме
Хасан Басри бұл аятты былай түсіндірген: «Һижреттен бұрын Құрайыш кәпірлері Алла елшісін (с.а.с.) өлтіруді, жер аударуды немесе қамап қоюды ақылдасты. Сол кезде Алла тағала оған: “Былай деп дұға ет: ‘Уа, Раббым! Маған қандай да бір жерге аяқ басқанымда, хақ мақсатпен, шынайы ниетпен кіруді, әрі ол жерден шығарда да хақ мақсатпен, шынайы ниетпен шығуды нәсіп еткейсің, әрі Өз тарапыңнан маған мықты қолдау көрсетіп, айқын дәлел бергейсің!’” – деп әмір етті».
Қатаданың түсіндіруінше, аяттағы «кіретін жер» – Мәдина, ал «шығатын жер» – Мекке.
Көпшілік ғалым аятты осылай түсінген. Ибн Аббас секілді кейбір ғалымдар «кіретін жер» деп өлімді, «шығатын жер» деп фәни дүниені меңзеген. Дегенмен, негізгі түсіндірме ретінде Қатада мен Хасан Басриден жеткен жорамал алынады.