Хадис

Кутуб ситтә, № 688

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
69. «Исра» сүресі
Нөмірі
№ 688 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 11
688
Кутуб ситтә, № 688 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَرَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بِنَفَرٍ مِنَ الْيَهُودِ، فَقَالَ بَعْضُهُمْ: سَلُوهُ عَنِ الرُّوحِ. وَقَالَ بَعْضُهُمْ: لَا تَسْأَلُوهُ، فَإِنَّهُ يُسْمِعُكُمْ مَا تَكْرَهُونَ. فَقَامُوا إِلَيْهِ فَقَالُوا لَهُ: يَا أَبَا الْقَاسِمِ، حَدِّثْنَا عَنِ الرُّوحِ. فَقَامَ سَاعَةً يَنْظُرُ، فَعَرَفْتُ أَنَّهُ يُوحَىٰ إِلَيْهِ. ثُمَّ قَالَ: ﴿وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الرُّوحِ قُلِ الرُّوحُ مِنْ أَمْرِ رَبِّي وَمَا أُوتِيتُمْ مِنَ الْعِلْمِ إِلَّا قَلِيلًا﴾». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ: «وَمَا أُوتُوا». قَالَ الْأَعْمَشُ: «هَكَذَا فِي قِرَاءَتِنَا».

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір топ яһудидің жанынан өтіп бара жатты. Олардың біреулері: “Одан рух жайында сұраңдар”, – деді. Енді біреулері: “Сұрамаңдар. Көңілдеріңе жақпайтын жауап естисіңдер”, – деді. Ақыры олар орындарынан тұрып, Алла елшісіне (с.а.с.) жақындап: “Уа, Әбул-Қасым! Бізге рух туралы айтып беріңіз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) біраз үнсіз тұрды. Мен оған уахи келіп жатқанын түсіндім. Содан соң ол мына аятты оқыды: “Һәм олар сенен Рух жайлы сұрайды. Оларға: ‘Рух – Раббымның ғана білетін ісі. Бұл мәселеде сендерге тым аз ілім берілген’, – деп айт”».1

Бір риуаятта «Оларға аз ғана ілім берілген» делінген. Ағмаш: «Біздің қырағатымызда осылай оқылады», – дейді.2

Түсіндірме

Фахруддин әр-Рази бұл аятты қысқаша былай түсіндіреді:

«Яһудилердің сұрағы рухтың болмысына қатысты болуы мүмкін. Рух белгілі бір кеңістікті иелене ме? Кеңістік иеленетін дененің күйі ме? Қадим бе, яғни әуелден бар ма, әлде хадис пе, яғни кейін пайда болған ба? Тәннен бөлінген соң өмір сүре бере ме, әлде жоқ болып кете ме? Рухтың азап шегуі немесе нығметке бөленуі деген не? Сұрақта осылардың бірін даралап көрсететін белгі жоқ. Дегенмен сұрақ рухтың болмысы мен оның әуелден бар не кейін пайда болғаны туралы болуы ықтимал. Жауап рухтың су, ауа, от пен топырақтан түзілген заттарға ұқсамайтын болмыс екенін аңғартады. Рух – өтпелі сипаттардан ада, қарапайым жауһар. Оны жаратушы болмайынша ол өздігінен пайда болмайды. Оны бар еткен – Алла тағаланың “Бол!” деген әмірі. Аяттың жауабын “Рух – Алланың әмірімен, Оның жаратуымен кейін пайда болған болмыс” деп ұғуға болады.

Денеде тіршіліктің көрінуіне рухтың ықпалы бар. Оның қалай әсер ететінін білмеу сол ықпалды теріске шығаруға негіз болмайды».

Имам Рази ойын былай жалғайды: «“Рух – Раббымның әмірінен” дегендегі “әмір” сөзі “іс” дегенді білдіреді. “Әйтсе де Перғауынның пәрмені орынды да, әділ де емес еді”3 деген аяттағы “пәрмен” сөзі де Перғауынның амалы мен ісін білдіреді».

Имам Разидің осы түсіндірмесіне сүйенсек, уахи арқылы берілген жауапты «Рух – Раббымның бір ісі» деп ұғамыз.

Ал сұрақ «Рух қадим бе, яғни әуелден бар ма, әлде хадис пе, яғни кейін пайда болған ба?» деген мағынада қойылса, «Рух – хадис, яғни кейін пайда болған» деп жауап беріледі. Имам Рази алғашқы буын ғалымдарының бұл мәселені егжей-тегжейлі талдамағанын да айтады. Оның «Рух – Раббымның ісі» деген түсіндірмесіне орай «Басқа жаратылыстар да Алланың ісі емес пе?» деген сұрақ тууы мүмкін. Өзге жаратылыстардың пайда болуы белгілі бір себептерге байланысты, сондықтан олардың болмысын біршама түсіндіруге болады. Ал рух тікелей Алла тағаланың «Бол!» деген әмірімен, ешбір дәнекерсіз, аралық себепсіз жаратылған. Сол себепті рух әмір әлеміне жатады және Алланың тікелей ісі деп айтылады.

  1. 1«Исра» сүресі, 85-аят.
  2. 2Бұхари, «Ілім», 47 (125), «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 13 (4721), «Иғтисам», 3, «Таухид», 28–29. Мүслим, «Мунафиқун», 32 (2794). Тирмизи, «Тәпсір» (3141, кей басылымда 3140).
  3. 3«Һуд» сүресі, 97-аят (үзінді).