Хадис

Кутуб ситтә, № 680

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
69. «Исра» сүресі
Нөмірі
№ 680 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
680
Кутуб ситтә, № 680 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿أُولَئِكَ الَّذِينَ يَدْعُونَ يَبْتَغُونَ إِلَى رَبِّهِمُ الْوَسِيلَةَ أَيُّهُمْ أَقْرَبُ﴾، قَالَ: «كَانَ نَفَرٌ مِنَ الْإِنْسِ يَعْبُدُونَ نَفَرًا مِنَ الْجِنِّ، فَأَسْلَمَ النَّفَرُ مِنَ الْجِنِّ، وَاسْتَمْسَكَ الْآخَرُونَ بِعِبَادَتِهِمْ، فَنَزَلَتْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) «Олардың құдай тұтып, жалбарынғандарының өздері де Раббыларына өзгелерден гөрі жақынырақ болудың жолын іздейді. Әрі Оның рақымынан үміт етеді әрі азабынан қорқады. Өйткені Раббыңның азабы, расында да, қорқынышты»1 деген аятты былай түсіндірді: «Адамдардың бір тобы жындардың бір тобына табынатын. Ол жындар мұсылман болды. Ал әлгі адамдар соларға табынуын қоймады. Осыған байланысты аят түсті».2

Түсіндірме

Фахруддин әр-Рази аяттағы «құдай тұтып, жалбарынғандары» деген сөздерді былай түсіндіреді: «Бұл аят мүшріктердің уәжін теріске шығарады. Бұған дейін айтқанымыздай, олар: “Аллаға тікелей құлшылық етуге лайық емеспіз. Біз Алланың Өзіне жақын құлдарына, яғни періштелерге табынамыз”, – дейтін. Уақыт өте келе табынған періштелерінің бейнесін салып, мүсіндерін жасаған. Ақырында қолдан жасаған сол пұттарына табына бастаған.

Жоғарыдағы аятта Алла тағала осы уәждің қате екенін көрсетеді. Алдыңғы аятта: “Мүшріктерге: ‘Алладан өзге құдай тұтқандарыңа қолдарыңнан келгенше жалынып жалбарыныңдар. Анығында, олар сендерді қиыншылықтан құтқара алмайды әрі оны жақсылыққа айналдыра да алмайды’”3 делінгенде пұттар меңзелмейді. Өйткені келесі аятта: “Олардың құдай тұтып, жалбарынғандарының өздері де Раббыларына өзгелерден гөрі жақынырақ болудың жолын іздейді”4, – делінеді. Ал пұттардың Аллаға жақындаудың жолын іздеуі мүмкін емес».

Аятта Алла тағала шынайы Құдайдың бір сипатын көрсетеді. Ол қиыншылықты сейілтуге құдіретті. Бұған бүкіл әлемге иелік еткен, әмірі барлық жаратылысқа жүретін Құдайдың ғана құдіреті жетеді.

  1. 1«Исра» сүресі, 57-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл», 7–8 (4714–4715). Мүслим, «Тәпсір», 28 (3030).
  3. 3«Исра» сүресі, 56-аят.
  4. 4«Исра» сүресі, 57-аят (үзінді).