وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «أُنْزِلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ فِي الدُّعَاءِ»، تَعْنِي: ﴿وَلَا تَجْهَرْ بِصَلَاتِكَ﴾. أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ.
Әзірет Айша (р.а.): «“Намаз оқығаныңда дауысыңды қатты шығарма әрі тым бәсеңдетіп те жіберме” деген аят дұғаға қатысты түскен», – деді.1
Түсіндірме
Бұл аят мүмінге дұға әдебін үйретеді. Дұға еткен адам даусын өзі естімейтіндей бәсеңдетпей, жанындағылардың мазасын аларлықтай көтермей сөйлегені жөн. Бірқатар риуаятта бұл аят мүшріктердің тіл тигізуіне жол бермеу үшін түскені айтылады. Ал кейбір риуаяттарда дұға етіп, тілек тілеу әдебіне қатысты түскені айтылады. «Ағраф» сүресінде Раббымыз: «Ертелі-кеш іштей жалбарынып һәм бәсең дауыспен Раббыңды ауызға ал. Ғапылдардың қатарына қосылма.»2 – деп бұйырады.
Риуаяттарда кейбір сахабалардың Алла елшісінен (с.а.с.): «Раббымыз жақын ба, алыс па? Жақын болса, сыбырлап, алыс болса, дауыстап дұға етейік», – деп сұрағаны айтылады. Сонда: «Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын. Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын....»3 – деген аят түсті.
Бұхари мен Мүслим келтірген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар сапарында кейбір сахабалардың тәкбірді қатты дауыстап айтқанын естиді. Ол дауыстарын бәсеңдетуді бұйырып: «Сендер саңырау не жырақтағы біреуге тіл қатып тұрған жоқсыңдар. Өздеріңе жақын, айтқандарыңды естуші Аллаға дұға етудесіңдер. Ол әрқайсыңа түйелеріңнің мойнынан да жақын», – дейді. Дұға еткенде осы әдепті сақтау – мұстахаб. Аятты Әбу Һурайра (р.а.) мен Мужаһид те осылай түсінген. Дұға әдебі жөнінде № 465 хадиске қараңыз.