Хадис

«Нахл» сүресі

Кутуб ситтә, 2-том, 68-тарау · 2 хадис · № 676–677

СҮРЕЛЕРДІҢ ТҮСУ СЕБЕПТЕРІ

Хадистер

676
Кутуб ситтә, № 676 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّهُ قَالَ فِي سُورَةِ النَّحْلِ: ﴿مَنْ كَفَرَ بِاللَّهِ مِنْ بَعْدِ إِيمَانِهِ إِلَّا مَنْ أُكْرِهَ وَقَلْبُهُ مُطْمَئِنٌّ بِالْإِيمَانِ﴾ إِلَىٰ قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿وَلَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ﴾، فَنُسِخَ وَاسْتَثْنَىٰ مِنْ ذَٰلِكَ فَقَالَ: ﴿ثُمَّ إِنَّ رَبَّكَ لِلَّذِينَ هَاجَرُوا مِنْ بَعْدِ مَا فُتِنُوا ثُمَّ جَاهَدُوا وَصَبَرُوا إِنَّ رَبَّكَ مِنْ بَعْدِهَا لَغَفُورٌ رَحِيمٌ﴾. وَهُوَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ سَعْدِ بْنِ أَبِي سَرْحٍ الَّذِي كَانَ عَلَىٰ مِصْرَ. كَانَ يَكْتُبُ الْوَحْيَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَأَزَلَّهُ الشَّيْطَانُ فَلَحِقَ بِالْكُفَّارِ، فَأَمَرَ بِهِ أَنْ يُقْتَلَ يَوْمَ الْفَتْحِ، فَاسْتَجَارَ لَهُ عُثْمَانُ بْنُ عَفَّانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَأَجَارَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла тағала: “Кімде-кім иман келтіргеннен кейін Аллаға күпірлік қылып, көңілі күпірлікке толық ауатын болса, ондайлардың басына Алланың қаһары жауады һәм олар үшін алапат азап бар. Алайда жүрегі иман нұрымен нұрланып, көңілі жай тапқан соң, қатты қысым көріп күпірлік сөзді еріксіз айтқан жанның жөні бөлек”1, – деді. Кейін осы аяттың жалпы үкімін өзгертіп, мына жандарды одан бөлек атады: “Сонымен қатар иман келтіргені үшін жазықсыз жапа шегіп, қысым көргеннен соң Алла үшін һижрет еткен, содан кейін Алла жолында қасық қаны қалғанша күрескен әрі басына түскен қиындықтарға сабыр еткен жандарға Раббың жар болады. Содан кейін Раббың, сөзсіз, өте кешірімді, ерекше мейірімді”2.

Мұнда Мысырды басқарған Абдулла ибн Сағд ибн Әбу Сарх меңзелген. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) уахи жазатын хатшысы еді. Шайтан оны жолдан тайдырған соң, кәпірлерге қосылды. Меккені алған күні Алла елшісі (с.а.с.) оны өлтіруге әмір етті. Осман ибн Аффан (р.а.) оның жанын арашалауды сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.) оған пана берді».3

Түсіндірме

Иман келтіргеннен кейін күпірлікке көңілі ауғандарды Алланың қаһары мен алапат азап күтіп тұрғанын білдіретін аятта Абдулла ибн Әбу Сарх меңзелгені айтылды. Ол кім еді? Басына қандай оқиға түсті?

Толық аты-жөні – Абдулла ибн Сағд ибн Әбу Сарх ибн әл-Харис, елге мәлім күньясы – Әбу Яхия. Ол – Зуннурайн атанған әзірет Османның (р.а.) сүт бауыры. Анасы – Маһаба бинт Жәбир. Әкесінің мұнафық болғанын Ибн Хиббан ғана айтқан. Абдулла Мекке алынбай тұрып мұсылман болып, Алла елшісіне (с.а.с.) һижрет еткен. Ол Пайғамбардың уахи жазатын хатшыларының бірі еді. Уахи түскенде Алла елшісі (с.а.с.) оған хатқа түсіртетін. Бір кезде шайтанның азғыруына еріп, діннен шығады да, Меккедегі кәпірлерге қосылады. Құрайыштың көңілінен шығу үшін: «Мұхаммедтің жаздырғанын қалауымша өзгертіп отырдым. Ол “Азизун хаким” деп жаз десе, мен “Алимун хаким” деп жазатынмын. Ол да “Иә, бәрі дұрыс!” дейтін», – деп өтірік айтады. Бұл сөздер Алла елшісіне (с.а.с.) жетеді. Мекке алынған кезде Алла елшісі (с.а.с.) қала халқына жаппай кешірім жариялайды. Бір риуаятта төрт ер мен екі әйелдің осы кешірімге кірмегені, оларды Қағбаның жабуына жармасып тұрса да, ұстаған жерінде өлтіруге әмір етілгені айтылады. Солардың бірі Абдулла ибн Әбу Сарх еді. Өзіне шыққан үкімді ести сала, ол сүт бауыры Османды (р.а.) паналады. Осман оны біраз уақыт жасырып жүрді. Ел іші тынышталғанда, кешірім сұрау үшін Абдулланы Алла елшісінің (с.а.с.) алдына ертіп барды. Үш рет оның сертін қабылдауды өтінді. Алла елшісі (с.а.с.) әр жолы үнсіз қалды. Осман (р.а.) өтінішін қайталаған соң, үшінші жолы оның сертін (биғатын) қабылдады. Екеуі кеткеннен кейін Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларға бұрылып: «Мен оның сертін қабылдауға қол созбай тұрғанда, орнынан тұрып, оны өлтіретін парасатты кісі араларыңда болмағаны ма?» – деді. Ансардың бірі: «Бізге бір ым қаққаныңызда, оны өлтірер едік», – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Пайғамбарға жасырын көз ишарасымен қиянат жасау жараспайды», – деп жауап берді. Сол күні қайта мұсылман болған Абдулла ибн Әбу Сарх өмірінің соңына дейін исламға шын беріліп, көп қызмет етті. Ибн әл-Әсир: «Одан бірде-бір ұнамсыз қылық байқалған емес», – деген.

Ол құрайыштықтар арасында ақыл-парасатымен танылған еді. Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғаннан кейін халифалар оның исламға сіңірген еңбегін кәдеге жаратты.

Әзірет Осман оны һижраның 25-жылы Мысырға әкім етіп тағайындады. Алла тағала Ифриқияның алынуын оның қолымен нәсіп етті. Бұл үлкен жеңіс болып, мол олжа түсті. Жаяу әскердің әрқайсысына мың мысқал, ал атты әскердің әрқайсысына үш мың мысқал олжа берілді. Бұл жорыққа Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн Зубәйір, Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас секілді саңлақ сахабалар да қатардағы жауынгер ретінде қатысты.

Абдулла ибн Әбу Сархтың бұдан басқа да екі әйгілі жорығы бар. Біріншісі – һижраның 31-жылы Нубаға (Судан) жасаған Әсәуид жорығы. Сол жолы бірнеше ғасыр бойы күшін жоймаған бейбіт келісім жасалды. Екіншісі – һижраның 34-жылы Византия билеушісі Константинге қарсы болған Сауари теңіз шайқасы. Әзірет Османға қарсы бүлік шыққанда, оған көмекке аттанғанымен, Мысырдағы толқулар салдарынан кері қайтып, Асқаланға шегінуге мәжбүр болды. Әзірет Осман дүние салғанға дейін сол жерде қалды. Кей деректе бүлікке араласудан сақтанып, Асқаланға емес, Рамлаға барғаны және өмірінің соңына дейін сонда тұрғаны айтылады. Риуаятқа қарағанда, Абдулла ибн Әбу Сарх: «Уа, Раббым! Соңғы амалым намаз болсын!» – деп дұға ететін. Бір күні таң намазының алғашқы рәкатында «Фатиха» мен «Адият» сүрелерін, екінші рәкатында «Фатиха» мен тағы бір сүрені оқиды. Оң жағына сәлем бергеннен кейін, сол жағына сәлем беріп жатып дүние салады.

Ол әзірет Әлиге де, әзірет Мұғауияға да серт бермеген. Кей риуаятта оның Сыффин шайқасында әзірет Мұғауияның жағында болғаны айтылса, басқа риуаятта ол бұл шайқасқа мүлде қатыспаған делінеді. Қайтыс болған жылы да әртүрлі көрсетіледі. Бір деректе һижраның 36-жылы, бірінде 37-жылы делінген. Тағы бір риуаятта әзірет Мұғауияның өмірінің соңына дейін жетіп, 59-жылы дүние салғаны айтылады. Ибн әл-Әсир: «Ең дұрысы – 36-жыл», – дейді.

  1. 1«Нахл» сүресі, 106-аят.
  2. 2«Нахл» сүресі, 110-аят.
  3. 3Нәсәи, «Тахримуд-дәм», 15, № 4069 (7/107). Меккенің алынуына қатысты оқиға Әбу Дәуіт, «Жиһад», № 2683 және Нәсәи, «Тахримуд-дәм», № 4067 риуаяттарында толығырақ берілген.
677
Кутуб ситтә, № 677 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Убәй ибн Кәғб

وَعَنْ أُبَيِّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «لَمَّا كَانَ يَوْمُ أُحُدٍ أُصِيبَ مِنَ الْأَنْصَارِ أَرْبَعَةٌ وَسِتُّونَ رَجُلًا، وَمِنَ الْمُهَاجِرِينَ سِتَّةٌ، فِيهِمْ حَمْزَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَمَثَّلُوا بِهِمْ. فَقَالَتِ الْأَنْصَارُ: لَئِنْ أَصَبْنَا مِنْهُمْ يَوْمًا مِثْلَ هَٰذَا لَنُرْبِيَنَّ عَلَيْهِمْ فِي التَّمْثِيلِ. فَلَمَّا كَانَ يَوْمُ فَتْحِ مَكَّةَ فَأَنْزَلَ اللَّهُ: ﴿وَإِنْ عَاقَبْتُمْ فَعَاقِبُوا بِمِثْلِ مَا عُوقِبْتُمْ بِهِ وَلَئِنْ صَبَرْتُمْ لَهُوَ خَيْرٌ لِلصَّابِرِينَ﴾. فَقَالَ رَجُلٌ: لَا قُرَيْشَ بَعْدَ الْيَوْمِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: كُفُّوا عَنِ الْقَوْمِ إِلَّا أَرْبَعَةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Убәй ибн Кәғб (р.а.) былай дейді: «Ұхұд шайқасында ансардан алпыс төрт, мұһажирлерден алты адам шейіт болды. Солардың бірі – Хамза (р.а.). Мүшріктер шейіттердің кей мүшелерін кесіп, денелерін қорлады. Бұған ашынған ансарлар: “Бір күні бізге де осындай мүмкіндік туса, олардың істегенінен де асырып жібереміз”, – деді. Мекке алынған күні мына аят түсті: “Егер өздеріңе жамандық жасағанның сазайын тартқызбақ болсаңдар, тиісті жазасын ғана беріңдер. Ал егер сабырлылық танытып, кешірім етсеңдер, олай істеу сабырлылық танытқандар үшін әлдеқайда қайырлы”1.

Бір кісі: “Бүгіннен кейін Құрайыш болмайды!” – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Төрт адамнан басқа ешкімге тиіспеңдер”, – деп бұйырды».2

Түсіндірме

Бұл аяттың түсуіне қатысты үш түрлі пікір айтылған.

1. Уахиди келтірген риуаят бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) Ұхұдта шейіт болған әзірет Хамзаның (р.а.) денесін мүшріктердің қорлағанын көргенде: «Сенің құның үшін олардың жетпісінің денесін паршалаймын», – деп ант етеді. Сол кезде Жәбірейіл (а.с.) «Нахл» сүресінің жоғарыда келтірілген соңғы аяттарын жеткізеді. Аятта жамандыққа дәл сондай жауап қайтаруға рұқсат етілсе де, сабырдың қайырлырақ екені айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) содан кейін кек алудан бас тартады. Ибн Аббас, Убәй ибн Кәғб, Шағби сияқты ғалымдар «Нахл» сүресінің соңғы үш аяттан өзге бөлігі Меккеде түскенін айтқан.

2. Екінші пікір бойынша, бұл аят қарулы жиһадқа бұйрық берілмей тұрған алғашқы кезеңде түскен. «Бақара» сүресінің 190-аятында: «Өздеріңе қарсы соғыс ашқандармен Алла жолында соғысыңдар, бірақ шектен шықпаңдар. Шүбәсіз, Алла шектен шығатындарды жақсы көрмейді»3, – делініп, шектеулі түрде рұқсат берілген. Жоғарыдағы аят бұл шектің мәнін ашады: «Егер өздеріңе жамандық жасағанның сазайын тартқызбақ болсаңдар, тиісті жазасын ғана беріңдер».

3. Үшінші пікір бойынша, аят жапа шеккендерге залымның жасаған зұлымдығынан асып кетпеуді ескертеді. Бұл – Мужаһид, Нәхәғи және Ибн Сирин ұстанған түсіндірме. Ибн Сирин осы аятқа сүйеніп: «Біреу саған жамандық жасаса, соған сай ғана жауап бер», – деген. Фахруддин әр-Рази бұл аятты алдыңғысымен байланыстыра түсіндіреді. Алдыңғы аятта Алла елшісіне (с.а.с.): «Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Һәм күресу керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда»4, – деп бұйырылған. Демек, бұл аятта Алла тағала елшісіне адамдарды үш тәсілмен шақыруды бұйырады.

1. Даналықпен шақыру.

2. Жанға жағымды уағыз-насихат айту.

3. Пікірталаста сөз бен әрекеттің ең жақсысын таңдау.

Мұндай шақыру елден ескірген түсініктері мен үйреншікті әдеттерін тастауды талап етеді. Оны жұрттың бәрі бірден қабылдай қоймайды. Кейбіреулер шақырған кісіні мазақтап, қорлап, қарғап-сілейді, тіпті ұрып-соғуға, өлтіруге дейін барады. Сондай жәбір көрген адам да оған дәл солай немесе одан бетер жауап бергісі келуі мүмкін. Аят осындай жағдайда шектен шықпауды, өзіңе жасалғаннан артық жамандық жасамауды бұйырады. Имам Рази аятты осы тұрғыдан түсіндірген.

  1. 1«Нахл» сүресі, 126-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Нахл», № 3129 (Жанан пайдаланған басылымда № 3128).
  3. 3«Бақара» сүресі, 190-аят.
  4. 4«Нахл» сүресі, 125-аят (үзінді).