Хадис

«Хижр» сүресі

Кутуб ситтә, 2-том, 67-тарау · 5 хадис · № 671–675

СҮРЕЛЕРДІҢ ТҮСУ СЕБЕПТЕРІ

Хадистер

671
Кутуб ситтә, № 671 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَتِ امْرَأَةٌ تُصَلِّي خَلْفَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، حَسْنَاءُ مِنْ أَحْسَنِ النَّاسِ، فَكَانَ بَعْضُ الْقَوْمِ يَتَقَدَّمُ حَتَّىٰ يَكُونَ فِي الصَّفِّ الْأَوَّلِ لِئَلَّا يَرَاهَا، وَيَسْتَأْخِرُ بَعْضُهُمْ حَتَّىٰ يَكُونَ فِي الصَّفِّ الْمُؤَخَّرِ، فَإِذَا رَكَعَ نَظَرَ مِنْ تَحْتِ إِبْطَيْهِ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ: ﴿وَلَقَدْ عَلِمْنَا الْمُسْتَقْدِمِينَ مِنْكُمْ وَلَقَدْ عَلِمْنَا الْمُسْتَأْخِرِينَ﴾». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бір ажарлы әйел Алла елшісінің (с.а.с.) артында намаз оқитын. Жамағаттың бір бөлігі оны көрмеу үшін алдыңғы сапқа тұрса, енді біреулері соңғы сапқа тұратын. Соңғы сапқа тұрғандар рүкүғке иілгенде, қолтықтарының астынан әйелге көз тастайтын. Осыған орай Алла тағала “Шынында, Біз сендерден бұрын өткендерді де, кейін келетіндерді де өте жақсы білеміз”1 деген аятты түсірді».2

Түсіндірме

Аяттағы «бұрын өткендер» мен «кейін келетіндер» деген сөздер кімдерді меңзейді? Алғашқы буын ғалымдары мұны әртүрлі түсіндірген. Бірі бұрын жойылып кеткен үмбеттерді, қазір өмір сүріп жүргендерді және болашақта дүниеге келетіндерді меңзесе, екіншісі «бұрын опат болғандар мен тірі қалғандар» деген. Үшіншісі «бұрын және кейін жаратылғандар» десе, төртіншісі «алдыңғы үмбеттер мен Мұхаммедтің үмбеті» деп түсінген. Тағы бір пікір бойынша, аятта «Біз ізгілікке асыққандарды да, одан кенже қалғандарды да білеміз» деген мағына бар.

Кей ғалымдар осы хадистің растығы дәлелденген жағдайда аятты «Біз алдыңғы сапқа тұруға ұмтылғандарды да, әйелді көру үшін соңғы сапта қалғандарды да білеміз» деп түсінуге болады деген.

Ғалымдардың бір бөлігі риуаят тізбегіндегі кейбір жеткізушілерге байланысты хадисті әлсіз деп бағалаған.

Аятта осы мағыналардың бәрі қамтылған деу орынды. Бүгінде де Алла елшісі (с.а.с.) алдыңғы сапта тұрғандарға уәде еткен сауапқа жету үшін мешітке ерте келетіндер бар. Ал кейбір жамағат, әсіресе жұма күні, имам сәлем берген бойда жұмысына асығу үшін есік маңына орналасып, кейін келгендерге орын тарылтады. Алла тағала мұның бәрін біледі. Осы аят арқылы мүміндерді алдыңғы сапқа ынталандырып, алдыңғы және артқы саптың айырмасын білдіреді.

  1. 1«Хижр» сүресі, 24-аят.
  2. 2Нәсәи, «Имамат», № 870 (2/118). Тирмизи, «Тәпсір», «Хижр», № 3122. Ибн Мәжа, «Намаз оқу», № 1046.
672
Кутуб ситтә, № 672 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «اتَّقُوا فِرَاسَةَ الْمُؤْمِنِ، فَإِنَّهُ يَنْظُرُ بِنُورِ اللَّهِ تَعَالَىٰ». ثُمَّ قَرَأَ: ﴿إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِلْمُتَوَسِّمِينَ﴾. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мүміннің парасатынан сақ болыңдар. Өйткені ол Алланың нұрымен көреді”, – деді. Содан кейін “Міне, осы оқиғалардың мәнін жете түсінетін көкірек көзі ашық парасатты жандар үшін қаншама анық белгі, ғибрат бар”1 деген аятты оқыды».2

Түсіндірме

Қазақша «парасат» деп беріліп жүрген арабша «фираса» сөзі бір мәселеге зер салып, оның мәнін дұрыс аңғару, түйінін дәл табу қабілетін білдіреді. Парасаттың екі түрі бар.

1. Хадисте айтылғандай, Алла әулие құлдарының жүрегіне нұр салады. Олар сол нұрмен адамның ішкі жай-күйін тап басып сезеді. Бұл – кереметтің бір түрі, Алланың сыйы әрі жүрекке салған ілһамы. Сондықтан оның көзге көрінетін себебін көрсету мүмкін емес. Кей хадистерде мұндай кісілер «мұхаддас» деп аталып, осы үмбеттен де сондай жандар шығатыны айтылған. Мұның айқын үлгісі – әзірет Омар (р.а.).

2. Дәлелге, тәжірибеге, жүре жинаған білімге сүйеніп, адамның өңінен, кескін-келбетінен, қимылынан, сөзі мен мінезінен оның ішкі жан дүниесін тану. Парасаттың бұл түрі кәміл мұсылманға ғана тән деуге келмейді. Оны өнердің, тіпті ілімнің бір саласы деуге болады. Бұл салада еңбектер жазылған. Ал хадисте парасаттың алғашқы түрі меңзелген.

Ғалымдар хадистегі «Алланың нұрымен көреді» деген сөзді «Алланың нұрымен жарықтанған жүрек көзімен көреді» деп түсіндірген.

Кей ғалымдар хадистегі «мүмін» сөзін «кәміл мүмін» деп түсіндірген. Олардың пайымынша, кәміл мүмінде Алланың рақымымен пайда болатын сезім мен түйсік қарсы алдындағы адамның сөзі мен ісін дұрыс бағалауға көмектесіп, алданудан сақтайды. Бір хадистегі «Мүміннің жақындығынан сақ болыңдар» деген сөзді оның парасатынан, сөзінің туралығынан немесе ілімге жуық дәл пайымынан сақ болу деп түсіндірген.

Парасатты «адамның ішкі дүниесін тану» деп түсіндіргендер бар. Оны «яқиннің кәшф арқылы ұғынылуы», «ғайыптың көрсетілуі», «жүректегі нұр арқылы сырдың ашылуы» деп те сипаттаған.

Рағыб парасатты адамның сырт бейнесі, өңі мен сөзі арқылы мінезі мен қасиетін аңғарып, сол белгілерге қарап пайым жасау деп түсіндірген.

Ислам ғалымдары адамның мінезі мен жай-күйін парасат арқылы тануға Құран Кәрімнен дәлел келтірген. Соның бірі – Алла елшісі (с.а.с.) жоғарыда оқыған аят, екіншісі – «Алайда сен оларды ибалы жүздерінен-ақ танисың»3 деген аяттың үзіндісі.

Кей ғалымдар адамның парасатын рухани кемелдікпен байланыстырған. Нәпсісінің құмарлығына ие бола алмаған, ғапылдықта күн кешкен адам парасатқа жете алмайды деген. «Кім көзін харамнан тыйып, нәпсісін құмарлық оятатын нәрседен аулақ ұстаса, жан дүниесін тәфәккүр мен мұрақабаға, яғни өзін ұдайы қадағалауға үйретсе, адал аспен күнелтсе, оның парасаты артып, пайымы жаңылыспайды».

Кейбір арифтер парасатты былай түсіндірген: «Рухтар мәләкут әлемін кезіп, ғайыпқа тән мағыналарды көреді. Содан соң ақиқаттың сырын өз көзімен көргендей баяндайды». Әбу Осман әл-Мағриби: «Ариф – ілім нұрына бөленген және сол нұрдың аясында ғайыптың ғажайыптарына көз салған жан», – деген.

Кітаптарымызда ұлы тұлғалардың парасатымен істің сырын ұққан сәттеріне мысал көп. Оларды мұнда қайталап келтіруді жөн көрмедік.

Мунауи осы хадисті түсіндіріп: «Көзбен көрмегенін теріске шығаратындарға хикаяның пайдасы жоқ», – деген.

  1. 1«Хижр» сүресі, 75-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Хижр», № 3127 (Жанан пайдаланған басылымда № 3125).
  3. 3«Бақара» сүресі, 273-аят (үзінді).
673
Кутуб ситтә, № 673 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: «أُوتِيَ النَّبِيُّ ﷺ سَبْعًا مِنَ الْمَثَانِي، السَّبْعَ الطُّوَلَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарға (с.а.с.) “Сәбғу мәсәни”, яғни жеті ұзын сүре берілді», – деген. Ол «Ант етейік! Біз саған “Сәбғу мәсәни” мен осынау ұлы Құранды бердік»1 деген аяттағы «Сәбғу мәсәниді» жеті ұзын сүре деп түсіндірген.2

Түсіндірме

«Әс-сәбғу мәсәни» тіркесіндегі «әс-сәбғу» сөзі «жеті», ал «мәсәни» «қайталанатын» дегенді білдіреді. Тіркестің мағынасы – «қайталанатын жеті».

Бұхари мен Мүслимде келтірілген хадистерде Алла елшісі (с.а.с.) «Фатиха» сүресін «Әс-сәбғу мәсәни» деп атаған. Өйткені бұл сүренің жеті аяты әр намаздың әр рәкатында қайталанып оқылады. Ал жоғарыдағы риуаятта бұл тіркестің жеті ұзын сүрені меңзейтіні айтылады.

Жеті ұзын сүреге «Бақара», «Әли Имран», «Ниса», «Мәида», «Әнғам», «Ағраф», «Әнфал» мен «Тәубе» жатады. Кейбір ғалымдар «Әнфал» мен «Тәубенің» арасына «Бисмиллә» жазылмағандықтан, оларды бір сүре ретінде санаған. «Әнфалды» бөлек қарастырғанда, аят саны жағынан ол ұзын сүрелер қатарына кірмейді.

  1. 1«Хижр» сүресі, 87-аят.
  2. 2Нәсәи, «Ифтитах», № 915 (2/139).
674
Кутуб ситтә, № 674 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿الَّذِينَ جَعَلُوا الْقُرْآنَ عِضِينَ﴾، قَالَ: «هُمْ أَهْلُ الْكِتَابِ، الْيَهُودُ وَالنَّصَارَىٰ، جَزَّؤُوهُ أَجْزَاءً، فَآمَنُوا بِبَعْضِهِ وَكَفَرُوا بِبَعْضِهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «Олар Құранды жіктеп тастаған еді» деген аятты былай түсіндірген: «Олар – кітап иелері, яғни яһудилер мен христиандар. Олар оны бөлік-бөлікке бөліп, бір бөлігіне сенді, бір бөлігін теріске шығарды».1

Түсіндірме

Бір түсіндірме бойынша, аяттағы «Құранды жіктеп тастағандар» – Құран Кәрімді мазақ етіп, «Мына сүре – менікі», «Ана сүре – сенікі» дегендер.

Мужаһид аяттағы «Құран» сөзін «оқылатын кітап» мағынасында түсінген. Оның айтуынша, кітап иелері өздері оқыған кітаптарды бөліктерге бөліп, бір бөлігін қабылдаған да, бір бөлігін теріске шығарған. Тағы бір түсіндірмеде мүшріктердің Құранды «сиқыр», «өлең», «бұрынғылардың аңызы», «өтірік сөз» деп қаралағаны меңзеледі.

  1. 1«Хижр» сүресі, 91-аят. Бұхари, «Тәпсір», «Хижр», № 4705–4706, «Мәнәқибул-ансар», 52.
675
Кутуб ситтә, № 675 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ فِي قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿وَلَنَسْأَلَنَّهُمْ أَجْمَعِينَ ۝ عَمَّا كَانُوا يَعْمَلُونَ﴾، قَالَ: «عَنْ قَوْلِ لَا إِلَٰهَ إِلَّا اللَّهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَأَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَرْجَمَةً.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) «Раббыңа серт! Біз олардың барлығын сөзсіз жауапқа тартамыз. Істеген осындай орынсыз істері үшін» деген аяттар жайында: «Олар “лә иләһә иллаллаһ” деген сөз жайында сұралады», – деген.1

Түсіндірме

Кей ғалымдар аяттағы «барлығы» деген сөзді «мүмін де, кәпір де, яғни күллі адам» деп түсінген. Әнәс жеткізген осы риуаятқа сүйенсек, кәпірлерден де таухид сөзі жөнінде сұралады. Басқа тәпсіршілер аяттың алдындағы сөздерге сүйеніп, олар істеген істері, атап айтқанда, Құран Кәрімді бөлшектеп, «Мына сүре – сенікі», «Мына сүре – менікі» деп келемеждеген сөздері мен қылықтары үшін жауапқа тартылады деп түсінген.

  1. 1«Хижр» сүресі, 92–93-аяттар. Тирмизи, «Тәпсір», «Хижр», № 3126. Жананның көрсетуінше, Бұхари бұл риуаятты тарау атауында келтірген.