Хадис

«Ибраһим» сүресі

Кутуб ситтә, 2-том, 66-тарау · 5 хадис · № 666–670

СҮРЕЛЕРДІҢ ТҮСУ СЕБЕПТЕРІ

Хадистер

666
Кутуб ситтә, № 666 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Умама

عَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿وَيُسْقَىٰ مِنْ مَاءٍ صَدِيدٍ ۝ يَتَجَرَّعُهُ﴾: «يُقَرَّبُ إِلَىٰ فِيهِ فَيَكْرَهُهُ، فَإِذَا أُدْنِيَ مِنْهُ شَوَىٰ وَجْهَهُ وَوَقَعَتْ فَرْوَةُ رَأْسِهِ، فَإِذَا شَرِبَهُ قَطَّعَ أَمْعَاءَهُ حَتَّىٰ يَخْرُجَ مِنْ دُبُرِهِ. قَالَ اللَّهُ تَعَالَىٰ: ﴿وَسُقُوا مَاءً حَمِيمًا فَقَطَّعَ أَمْعَاءَهُمْ﴾، وَقَالَ: ﴿وَإِنْ يَسْتَغِيثُوا يُغَاثُوا بِمَاءٍ كَالْمُهْلِ يَشْوِي الْوُجُوهَ بِئْسَ الشَّرَابُ وَسَاءَتْ مُرْتَفَقًا﴾». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Умама (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “…Артынша тозаққа тасталады және онда оған қан мен ірің аралас сусын ішкізіледі. Ол әлгі сусынды амалсыздан аз-аздан ұрттап ішуге тырысады”1 деген аяттарды былай түсіндірді: “Іріңді сусынды аузына жақындатқанда, ол жиіркенеді. Сусынды одан әрі жақындатса, бетін күйдіріп, бас терісін сыпырып түсіреді. Сусынды ішкенде, ол артқы жағынан шыққанша ішек-қарнын паршалайды”. Алла елшісі (с.а.с.) бұдан кейін мына аяттарды оқыды: “…Мәңгі-бақи тозақта қалатын һәм қайнақ сумен суарылғандарында ішек-қарындарының парша-паршасы шығатын…”2

“…Қатты шөл қысып, жан дауыстары шығып су сұрағанда, оларға бетті қарып күйдіріп жіберетін балқыған темір іспетті су беріледі. Ол қандай жаман сусын еді! Һәм тозақ қандай жаман тұрақ еді!”3»4

  1. 1«Ибраһим» сүресі, 16–17-аяттар (үзінділер).
  2. 2«Мұхаммед» сүресі, 15-аят (үзінді).
  3. 3«Кәһф» сүресі, 29-аят (үзінді).
  4. 4Тирмизи, «Жаһаннам», 4, № 2583 (Жанан пайдаланған басылымда № 2586).
667
Кутуб ситтә, № 667 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿أَلَمْ تَرَ كَيْفَ ضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا كَلِمَةً طَيِّبَةً كَشَجَرَةٍ طَيِّبَةٍ﴾: «هِيَ النَّخْلَةُ». وَقَالَ فِي الشَّجَرَةِ الْخَبِيثَةِ: «هِيَ الْحَنْظَلُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Жақсы сөзді Алланың қандай мысалмен түсіндіргенін көрдің бе? Жақсы сөз бейне бір тамыры жерге терең тартқан, бұтақтары көкке жеткен мәуелі ағаш сияқты. Ол ағаш Раббысының рұқсатымен үнемі жеміс береді. Алла тағала адамдар ойланып, ғибрат алсын деп осындай мысалдар келтіреді”1 деген аяттағы ағаш жайында: “Ол – құрма ағашы”, – деді. “Ал жаман сөз бейне бір жерден түп-тамырымен қопарылған, тамыр тартып өз діңінде тұра алмаған жаман ағаш іспетті”2 деген аяттағы жаман ағаш жайында: “Ол – ханзал”, – деді».3

Түсіндірме

Ханзал «Әбу Жәһил қарбызы» деген атпен де белгілі.

Ғалымдар аяттағы «жақсы сөзді» кәлима шаһадат, таухид сөзі, иман деп түсіндірген. Ал «жаман сөзді» Алланы танымау деп жорамалдаған. Жақсылыққа меңзейтін, ізгілікке жетелейтін әрбір сөзді көркем сөзге, ал күпірлікке, ғайбат пен бос сөзге бастайтын сөздерді жаман сөзге жатқызған. Бір жорамал бойынша, аяттағы көркем ағаш иманды бейнелейді. Оның берік тамыры – ықылас, көкке бой созған бұтақтары – Алладан қорқу сезімі. Жүрегіне иман шынайы орныққан адам оның қасиетін бойына сіңіріп, ең көркем бояу – Алланың бояуына боялады. Ол Алланы таниды, тілі соған куәлік етеді, іс-әрекеті оны бекіте түседі.

Бұл ақиқат адамның Алла разы болмайтын істен бойын аулақ ұстауына жол ашып, ар-ожданы мен тілін бір арнаға тоғыстырады. Ол бар болмысымен Алла жолында өмір сүруге ұмтылады. Ағаштың тамыры, діңі, бұтақтары мен жемісі болатыны секілді, иман мен исламның да тамыры, діңі, бұтағы мен жемісі бар. Тамыры – білім, мағрифат пен яқин, діңі – ықылас, бұтақтары – игі амалдар, жемісі – сол амалдардан туатын жақсы істер, ұнамды қасиеттер мен көркем мінез. Ағаш ұзақ жасауы үшін оны суарып, күту қажет. Күтімсіз ағаш қурап, ақырында шіріп кетуі мүмкін. Жүректегі иман ағашы да солай. Иесі оны пайдалы біліммен, салиқалы амалмен, тәзәккүр мен тәфәккүр арқылы ұдайы күтіп-баптамаса, ол да қурап, шіри бастайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Киімнің тозғанындай, кеуделеріңдегі иман да тозады. Ендеше, Алладан жүректеріңдегі иманды жаңартуын сұраңдар», – деген. Алланың бұйрықтарын орындау, салиқалы амалдарды үзбей жасау және көп зікір ету иманды күшейтеді.

Жаман ағаш Алланы танымауды бейнелейді. Бұл – небір кесапат пен қауіп-қатердің көзі, бақытсыздықтың бастауы. Аятта жаман ағаштың үш сипаты аталған.

1. Хабис, яғни лас әрі жаман. Бұл сипат оның иісінен, дәмінен, түрінен немесе айналасына тигізетін зиянынан байқалуы мүмкін.

2. Діңі түбімен қопарылған. Жақсы ағаштың тамыры берік болса, жаман ағаш жерде қопарылып жатады. Оның топыраққа жайылған тамыры да, ұстап тұрар талшықтары да қалмаған. Аллаға серік қосудың да негізі мен дәлелі, сүйеніш-тірегі жоқ.

3. Орнықсыз. Бұл сипат алдыңғысын толықтырады. Мұндай ағаш жерге бекіп, тамыр жая алмайды.

Күпірлік, өтірік, ғайбат, өсек пен жала да жаман сөзге жатады. Бұлардың сүйенетін негізі де, дәлелі де жоқ, ар-ожданы таза жан оларды құптамайды.

  1. 1«Ибраһим» сүресі, 24–25-аяттар.
  2. 2«Ибраһим» сүресі, 26-аят.
  3. 3Тирмизи, «Тәпсір», «Ибраһим», № 3119 (Жанан пайдаланған басылымда № 3118).
668
Кутуб ситтә, № 668 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Бәра

وَعَنِ الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «الْمُسْلِمُ إِذَا سُئِلَ فِي الْقَبْرِ يَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَٰهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، فَذَٰلِكَ قَوْلُهُ تَعَالَىٰ: ﴿يُثَبِّتُ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا بِالْقَوْلِ الثَّابِتِ فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَفِي الْآخِرَةِ﴾». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әл-Бәра ибн Азибтің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мұсылман қабірде сұраққа алынғанда, Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммедтің Алла елшісі екеніне куәлік етеді. Алла тағаланың “Алла иман келтіргендерді бұл дүниеде де, ақыретте де бекем сөзде аяғын нық басқызады”1 дегені осы».2 Аятта әрі қарай: «Әрі Алла қиянатшылдарды адастырады. Алла қалағанын істейді», – делінген.

Түсіндірме

Алла елшісінің (с.а.с.) хадистерінде қабірдегі өмір жайында айтылады. Сол риуаяттарға қарағанда, адам қайтыс болғаннан кейін қабірде алғаш рет сұраққа алынады. Сұрақ көбіне оның иманына қатысты болады. Бұхари келтірген хадисте: «Адам қабірге қойылып, оны жерлеуге келгендер кері қайтқанда, олардың аяқ дыбысы әлі естіліп тұрады. Сол кезде оған екі періште келіп, отырғызады да: “Мұхаммед деген кісі жайында не деуші едің?” – деп сұрайды. Мүмін: “Оның Алланың құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін”, – дейді. Кәпір не мұнафық: “Білмеймін, ел не айтса, соны айтатынмын”, – деп жауап береді», – делінген. Алла елшісі (с.а.с.) алғашқы сұрақтарға жауап бере алмағандардың тартатын азабын сипаттағанда, тыңдағандар өксіп жылаған.

Алла елшісі (с.а.с.) осы ауыр сәтте Алла тағаланың мүміндерге жәрдем беретінін сүйіншілеп, бұл хабарды Құран аятымен бекіткен.

  1. 1«Ибраһим» сүресі, 27-аят.
  2. 2Бұхари, «Жәнәиз», № 1369, «Тәпсір», «Ибраһим», № 4699. Мүслим, «Жәннат сипаттары», № 2871. Тирмизи, «Тәпсір», «Ибраһим», № 3120 (басқа басылымда № 3119). Әбу Дәуіт, «Сүннет», № 4750. Нәсәи, «Жәнәиз», № 2056. Ибн Мәжа, «Зүһд», № 4269. Риуаяттардың сөз қолданысында айырмашылық бар.
669
Кутуб ситтә, № 669 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ بَدَّلُوا نِعْمَةَ اللَّهِ كُفْرًا وَأَحَلُّوا قَوْمَهُمْ دَارَ الْبَوَارِ﴾، قَالَ: «هُمْ وَاللَّهِ كُفَّارُ قُرَيْشٍ». قَالَ عَمْرٌو: «هُمْ قُرَيْشٌ، وَمُحَمَّدٌ ﷺ نِعْمَةُ اللَّهِ، ﴿وَأَحَلُّوا قَوْمَهُمْ دَارَ الْبَوَارِ﴾، قَالَ: النَّارَ يَوْمَ بَدْرٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «Алланың нығметін күпірлікке айырбастап, өз қауымдарын жермен-жексен болатын мекенге орнықтырғандарды көрдің бе?»1 деген аятты түсіндіріп: «Аллаға ант етемін, олар – құрайыштық кәпірлер», – деді. Амр былай дейді: «Олар – құрайыштықтар, ал Алланың нығметі – Мұхаммед (с.а.с.). “Өз қауымдарын құрдымға кететін мекенге орнықтырды” дегенді Бәдір шайқасы күні тозаққа бастады деп түсіндірген».2

  1. 1«Ибраһим» сүресі, 28-аят.
  2. 2Бұхари, «Мағази», 7, № 3977, «Тәпсір», «Ибраһим», 3, № 4700.
670
Кутуб ситтә, № 670 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿يَوْمَ تُبَدَّلُ الْأَرْضُ غَيْرَ الْأَرْضِ وَالسَّمَاوَاتُ﴾. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَيْنَ يَكُونُ النَّاسُ يَوْمَئِذٍ؟ قَالَ: عَلَى الصِّرَاطِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) “Ендеше, Алла пайғамбарларына берген уәдесінен таяды деп ойлама! Алла ұлы, бәрінен үстем, өш алуға құдіретті. Күндердің күнінде жер басқа жерге, көк те басқа көкке айналады һәм күллі адамзат атаулы Қаһһар Алланың алдына барады” деген аяттар жайында: “Уа, Алланың елшісі, ол күні адамдар қайда болады?” – деп сұрадым. Ол: “Сыраттың үстінде болады”, – деді».1

Түсіндірме

Құран Кәрім ғибадатты, қоғамдық қатынас пен адамгершілік әдебін үйретумен бірге, адамды алаңдататын болашақ жайындағы сұрақтарға да жауап береді. Құранда ақырет әлемі таныстырылып, оның кейбір жайттары егжей-тегжейлі баяндалады.

Жоғарыда үзіндісі келтірілген аят ақыретке қатысты адамды толғандыратын бір мәселені баяндайды. «Ақырет әлемі осы жердің үстіне құрыла ма? Құрылса, жер жүзі тарлық етпей ме? Құрылмаса, бұл дүние не болады? Аспан қандай күйге түседі?» деген сұрақтар тууы мүмкін. Аят аспан мен жердің өзгеретінін, қазіргі жердің орнына басқа жер, аспанның орнына басқа аспан жаратылатынын білдіреді. Бұл жөнінде айтылған кей риуаяттарда күмістей аппақ, бетінде нақақ қан төгілмеген, күнә жасалмаған жер жаратылатыны баяндалады.

Мүслим жеткізген бір риуаятта жердің нанға айналатыны баяндалады: «Қиямет күні жер бір күлше нанға айналады. Жолаушының нанды қолымен аударғанындай, Жаббар Алла оны жаннат иелеріне қонақасы болсын деп құдірет қолымен аударады». Осындай риуаяттарды өзге хадистермен сабақтастыра қараған кейбір ғалымдар жердің екі рет өзгеретінін айтқан. Бір түсіндірмеге сай, жер алғаш өзгергенде, бетіне нақақ қан төгілмеген, күмістей аппақ, теп-тегіс болып қалады. Бұл Сыраттан өтпей тұрып болады. Екінші өзгеріс Сыраттан соң болады: жер күлше нанға айналады. Сол сәтте бүкіл мақлұқат Сыраттың үстінде болады. Екінші өзгеріс жаннатқа баратын мүміндерге ғана қатысты.

Арғы дүниенің ақиқаттары туралы жеткен ғайып хабарларын қабыл еткен жөн. Сол ақиқаттардың сипаты бұл дүниедегідей болады деп кесіп айтып, оны дәлелдеуге тырысудың қажеті жоқ. Құранның тәржіманы атанған Ибн Аббас (р.а.) ақыретте дүниедегі нәрселермен атаулары ғана ұқсас болғанымен, мәні мүлде бөлек болатынын айтқан.

  1. 1«Ибраһим» сүресі, 47–48-аяттар. Мүслим, «Мұнафықтар», № 2791. Тирмизи, «Тәпсір», «Ибраһим», № 3121 (басқа басылымда № 3120).