وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ فِي قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿وَلَنَسْأَلَنَّهُمْ أَجْمَعِينَ عَمَّا كَانُوا يَعْمَلُونَ﴾، قَالَ: «عَنْ قَوْلِ لَا إِلَٰهَ إِلَّا اللَّهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَأَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَرْجَمَةً.
Әнәс (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) «Раббыңа серт! Біз олардың барлығын сөзсіз жауапқа тартамыз. Істеген осындай орынсыз істері үшін» деген аяттар жайында: «Олар “лә иләһә иллаллаһ” деген сөз жайында сұралады», – деген.1
Түсіндірме
Кей ғалымдар аяттағы «барлығы» деген сөзді «мүмін де, кәпір де, яғни күллі адам» деп түсінген. Әнәс жеткізген осы риуаятқа сүйенсек, кәпірлерден де таухид сөзі жөнінде сұралады. Басқа тәпсіршілер аяттың алдындағы сөздерге сүйеніп, олар істеген істері, атап айтқанда, Құран Кәрімді бөлшектеп, «Мына сүре – сенікі», «Мына сүре – менікі» деп келемеждеген сөздері мен қылықтары үшін жауапқа тартылады деп түсінген.
- 1«Хижр» сүресі, 92–93-аяттар. Тирмизи, «Тәпсір», «Хижр», № 3126. Жананның көрсетуінше, Бұхари бұл риуаятты тарау атауында келтірген.