Хадис

№ 1684–1704 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 219-тарау · 21 хадис · № 1684–1704

Хадистер

1684
Кутуб ситтә, № 1684 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн

عَنْ عِمْرَانٍ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: دَخَلْتُ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْمَسْجِدَ فَأَتَى نَاسٌ مِنْ بَنِي تَمِيمٍ، فَقَالَ: اقْبَلُوا الْبُشْرَى يَا بَنِي تَمِيمٍ، فَقَالُوا: بَشَّرْتَنَا فَأَعْطِنَا مَرَّتَيْنِ، فَتَغَيَّرَ وَجْهُهُ، ثُمَّ دَخَلَ عَلَيْهِ نَاسٌ مِنْ أَهْلِ الْيَمَنِ، فَقَالَ: اقْبَلُوا الْبُشْرَى يَا أَهْلَ الْيَمَنِ إِذْ لَمْ يَقْبَلْهَا بَنُو تَمِيمٍ، قَالُوا: قَبِلْنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ، ثُمَّ قَالُوا: جِئْنَا لِنَتَفَقَّهَ فِي الدِّينِ، وَلِنَسْأَلَكَ عَنْ أَوَّلِ هَذَا الْأَمْرِ مَا كَانَ؟ قَالَ: كَانَ اللَّهُ تَعَالَى، وَلَمْ يَكُنْ شَيْءٌ قَبْلَهُ، وَكَانَ عَرْشُهُ عَلَى الْمَاءِ، ثُمَّ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ، وَكَتَبَ فِي الذِّكْرِ كُلَّ شَيْءٍ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хусейн (р.а.) былай дейді: «Мешітте Алла елшісінің (с.а.с.) қасына бардым. Сол кезде Бәни Тәмимнен бір топ адам келді. Алла елшісі: “Уа, Бәни Тәмим, сүйіншіні қабыл алыңдар!” – деді. Олар: “Бізді сүйіншіледің, енді бізге бірдеңе бер!” – деп екі мәрте айтты. Сонда Алла елшісінің жүзі өзгеріп кетті. Одан кейін Йемен жұртынан бір топ адам келді. Ол: “Уа, Йемен жұрты, Бәни Тәмим қабыл алмаған сүйіншіні сендер қабыл алыңдар!” – деді. Олар: “Қабыл алдық, уа, Алла елшісі! Біз дінді тереңірек үйренуге әрі жаратылыстың басында не болғанын сұрауға келдік”, – деді. Алла елшісі: “Алла тағала бар еді, Одан бұрын еш нәрсе болған жоқ. Оның Аршы су үстінде еді. Содан кейін аспандар мен жерді жаратып, Зікірге барлық нәрсені жазды”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, «Мағази», 67, 74, «Бәдул-халқ», 1 (3191), «Таухид», 22. Тирмизи, «Мәнәқиб», 3946.
1685
Кутуб ситтә, № 1685 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Рәзин әл-Уқайли

وَعَنْ أَبِي رَزِينٍ الْعُقَيْلِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: أَيْنَ كَانَ رَبُّنَا قَبْلَ أَنْ يَخْلُقَ خَلْقَهُ؟ قَالَ: كَانَ فِي عَمَاءٍ، وَمَا تَحْتَهُ هَوَاءٌ، وَمَا فَوْقَهُ هَوَاءٌ، وَخَلَقَ عَرْشَهُ عَلَى الْمَاءِ. قَالَ أَحْمَدُ، قَالَ يَزِيدُ: «الْعَمَاءُ»: أَيْ لَيْسَ مَعَهُ شَيْءٌ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Рәзин әл-Уқайли (р.а.) былай дейді: «Уа, Алла елшісі, Раббымыз жаратылысты жаратпас бұрын қайда еді?» – деп сұрадым. Ол: «Амада еді. Астында да, үстінде де ауа жоқ еді. Аршын су үстінде жаратты», – деп жауап берді.1

Ахмад ибн Ханбал Язидтің мына сөзін жеткізген: «“Әл-ама” – Онымен бірге еш нәрсе болмаған деген сөз».2

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Һуд» сүресі (Канан басылымында № 3108, қазіргі нөмірлеуде № 3109).
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Һуд» сүресі (Канан басылымында №3108, қазіргі нөмірлеуде №3109).
1686
Кутуб ситтә, № 1686 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Тариқ ибн Шиһаб

وَعَنْ طَارِقٍ بْنِ شِهَابٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ عُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: قَامَ فِينَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَقَامًا فَأَخْبَرَنَا عَنْ بَدْءِ الْخَلْقِ حَتَّى دَخَلَ أَهْلُ الْجَنَّةِ الْجَنَّةَ، وَأَهْلُ النَّارِ النَّارَ. حَفِظَ ذَلِكَ مَنْ حَفِظَهُ، وَنَسِيَهُ مَنْ نَسِيَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Тариқ ибн Шиһаб (р.а.) Омар ибн әл-Хаттабтың мына сөзін жеткізген: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) орнынан тұрып, жаратылыстың басталуынан бастап жұмақтықтар жұмаққа, тозақтықтар тозаққа кіргенге дейінгі жайттарды бізге баяндады. Оны есінде сақтағандар да, ұмытқандар да болды».1

Түсіндірме

1. Жоғарыдағы үш риуаят әлемнің жаратылуы жайын сөз етеді. Бұл хадистерде жаратылыстың неден бастау алғанын қамтитын мәліметтер болғанымен, адам ақылының қорытуы қиынға соғатын тұстары да бар. Біз хадистердегі нақты нәрселерді жіпке тізіп қарайық:

• Ешбір жаратылыс болмай тұрып тек Алла Тағала бар болған.

• Алдымен суды, сосын су үстіне Аршты жаратты.

• Содан кейін аспан әлемін, артынша жерді жаратты.

• Болатын нәрсенің бәрін тағдыр кітабына жазды. Қазіргі болып жатқан жайттар сол тағдыр кітабына сай болып жатыр. Мұнда кездейсоқтық деген атымен жоқ.

• Расулалла (с.а.с.) сұрағандарға жаратылыстың қалай басталып, немен аяқталатынын түсіндірген.

Осы хадистер ғаламның жаратылысы жайында дерек береді. Сол арқылы ойды сан саққа жүгіртетін құрғақ пайым мен бос болжамға ермей, тұжырым жасауға болады.

2. Хадистердегі мәні ашылмаған сөздерге тоқталар болсақ:

• әл-Ама «الْعَمَاءُ» сөзінің тілдік мағынасына үңілсек, «бұлт» деген сөзге саяды. Ал бірақ Алла Тағалаға қаратылып айтылғанда сөздің астарында басқа мағына жатқанын байқауға болады. Алғашқы дәуірдің ғалымдары Алла Тағалаға қатысты дәйексіз болжам айтудан тартынып, «сөздің түпкі мағынасын білмейміз» деген. Бұл сөз басқа бір риуаятта الْعَمَا деп келген. Егер риуаяттағы осы сөз қолданылса, онда «Тек Өзі ғана, басқа еш нәрсе жоқ» деген мағынаға келеді. «Әл-ама» туралы: «Бұл адам ақылы жетпейтін, шын мәнін тілмен жеткізу мүмкін болмайтын нәрсе» деп те айтқан. Әзһари: «Біз бұған иман етеміз, бірақ «Қалай?» деп сұрақ қойып, қазбаламаймыз», – деген. «Раббымыз қайда еді?» деген сұрақта Арш меңзелуі мүмкін екенін ескеріп, «Раббымыздың Аршы қайда еді?» деп қойылуы керек деп жеткізген. Егер сұрақ осылай қойылған жағдайда амада болғаны – Алланың Аршы екенін түсінеміз. Яғни, «Ама» Алла Тағаланың мекені емес, Алла Тағала жаратқан Арштың мекені болуы керек.

• Арш – Расулалланың (с.а.с.) бізге айтып кеткен, мағынасы толық ашылмаған сырлы сөздердің бірі. Тілдік мағынасы бойынша ұлықтық пен даңқты көрсететін бірнеше нәрсеге айтылады. Патшаның тағын да арш деп атайды. Алла Тағаланың алғаш жаратқан ұлы жаратылыстарының бірі де Арш деп аталады. «Аршулла» деп Алла Тағалаға телініп айтылған. Яғни, Ұлы жаратушының құдіретімен жоқтан бар етілген алғашқы жаратылыс дегенге саяды.

Кәлам ілімінің ғалымдары мен өткен ғасырлардың ғұламалары Аршты «Ғаламды жан-жағынан қоршаған кеңістік» деп сипаттайды. Алайда бұл мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттеген ғалымдар Арштың түсін түстеп, сипаттама беру адам ақылы жетпейтін нәрсе деп түсіндіреді. Тек Аршқа қатысты бізге жеткен (риуаяттарда) түсіндірмелерде, оның адам баласы өмір сүрген ғаламшармен салыстырғанда тым үлкен, алып жаратылыс екені жазылған.

3. Бұл баптың алғашқы хадисінен жаратылысқа қатысты сұрақ қоюдың рұқсат екенін аңғаруға болады. Ал қалған хадистерден ешкім сұрақ қойып, бұл тақырыптан сөз етпесе де осыған қатысты білім берудің орынды екенін түсінеміз.

4. Бірінші хадистен Йемендіктердің діни және рухани мәселелерде тереңдегенін, ал Тәмимдықтардың дүние тіршілігін көбірек уайым еткенін байқаймыз.

Күрсі, арш және орбита

«Күрсі» сөзі Құранда екі жерде берілген. Бірінде иләһи Күрсіні меңзеп айтқан. Ал Арш сөзін көп кездестіруге болады. Тек иләһи Аршқа қатысты жиырма екі жерде айтылған. Мұндағы иләһи сөзінің астарында не жатыр? Осы мәселенің мәнін ашу үшін ғалымдар ізденіп, пікір таластырып, өз ойларын ортаға салған. Әлбетте, біз мұнда сонау тарихтағы талас-тартыстарды талқыламаймыз. Мақсатымыз – қажет болса хадистен немесе аяттан бірнеше мысал келтіріп, осы тақырыпта ізденіп, зерттеу жүргізген ғұламалардың қалдырған еңбектерін назарыңызға ұсыну.

Сөз басында мынаны айта кетейік: Құран кәрім астрономия кітабы емес. Негізгі мақсаты – Раббул-аләмин болған Алла тағаланы таныту, Оған жасалатын құлшылықтың қалай атқарылуын үйрету. Жер-жаһан және оның ішіндегілер не үшін жаратылған, олар неден жаратылған, тіршілік ағынының тірелер тұйығы қай жер, жер бетінде халифалығын жүргізген адамның жаратылу мақсаты не? Міне, осы сияқты мәселелерге қатысты ақпарат береді. Бұл асыл мақсаттарды орындаудың, артынша білім алудың, дамып-өркендеудің кейбір сырларын ашып, жол сілтейді. Осылайша әр ғасырдың адамдары қасиетті Құранды басшылыққа алып, оны оқып, өз заманының дертінің дауасын тауып, көкейіндегі сұрақтарға жауап алып отырған.

Күрсі мен Аршқа қатысты аяттарды да осы шеңбер ішінде қарастыру керек. Құран кәрім Алла Тағаланың жаратылысқа орнатқан иләһи үстемдігін осы сөздерімен түсіндірген. Міне, сондықтан Күрсі мен Арш сөздерінің асыл мағынасын ұғынуға тырысқан жөн. Сол себепті бұл сөздердің мағынасына тереңірек үңілсек, мыналарды байқаймыз:

Сөздікте «күрсі» отыратын не сүйенетін бұйым деген мағынаны білдіреді. Кейбір тәпсірлерде «күрсі» деп отырған адамның аяғын тірейтін ағаш бұйымды атайды. Қазіргі уақыттарда мұны пластиктен, теріден тағы басқа да нәрселерден жасайды. Иләһи сұлтандықтың ұлылығын түсінуде біз қолданған тілдік мағынадағы Күрсіні елестетуден аулақ болған жөн. Өйткені «Бақара» сүресінің 255-аятында Алла Тағаланың құдіретіне байланысты: ﴿وَسِعَ كُرْسِيُّهُ ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضَ وَلَا يَـُٔودُهُۥ حِفْظُهُمَا﴾ «Оның Күрсісі күллі аспан әлемі мен жерді толық қамтыған. Күллі аспан әлемі мен жерді қорып сақтап тұру Ол үшін бұйым емес» деп жазылған.

Тәпсіршілер күрсі сөзін «ілім және құдірет» деп түсіндіреді. «Алланың күрсісі – Оның ілімі мен құдіреті» деп жазады. Аллаға мекен, түр-сипат беретін тілдік мағынадағы сөздерді мейлінше қолданбаған.

Арш деп патшалардың тағын айтады. Бұл да күрсі сияқты иләһи мәртебені бейнелейтін атау. «Юнус» сүресінің 3-аятында ﴿ٱسْتَوَىٰ عَلَى ٱلْعَرْشِ﴾ «Аршқа “истиуа” етті». Ал басқа бір аятта Оның алып Арштың иесі екені айтылады. Құран Кәрімде осы екі мағына бірнеше жерде келген.

Күрсі мен Арш арқылы бейнеленген иләһи құдіреттің шексіздігін, әрбір жаратылыстың Алланың назарынан тыс қалмайтынын түсіну үшін өзге деректерге де үңілейік.

Күрсі қатар орналасқан жеті қат аспанның сыртында. Ал жеті қат аспан әлемін құшағына алған Күрсі Арштың ішінде. Яғни, жеті қат аспан, оның сыртында Күрсі, ал оның сыртында Арш. Осы тақырыпқа қатысты жеткен мәтіндерді кейбір тәпсіршілер былай түсіндіреді: «Жер мен көк Күрсінің ішінде, Күрсі Арштың ішінде».

Алла елшісі (с.а.с.) Күрсінің үлкендігін салыстырмалы түрде былай сипаттаған: «Жеті қат аспан Күрсінің жанында қалқанның ішіне тасталған жеті дирһам іспеттес».

Ал ибн Аббас былай түсіндіреді: «Егер жеті қат аспан мен жеті жер бір-бірімен біріктірілсе, Күрсінің жанында олар шөлге тасталған сақина тәріздес болып қалады».

Егер Күрсінің көлемі осыншама үлкен болса, Күрсіні ішіне алған Арштың көлемі қандай болмақ?

Бұл сұрақ өз заманында Расулаллаға (с.а.с.) қойылған. Оның жауабы былай берілген: «Алла атымен ант етейін, жеті қат аспан мен жеті қат жер Күрсінің жанында шөлге тасталған (темір) жүзіктің көлеміндей-ақ. Ал Күрсі Арштың қасында да дәл осындай дәрежеде».2

Әлем шар тәріздес пе?

Жоғарыдағы түсіндірмелерге қарасақ, әлемді шар пішінінде елестетуге болады. Осы тақырыпқа қатысты жеткен риуаяттар да баршылық. Өткен ғасыр тәпсіршілері әлемді күмбез сөзін қолдана отырып сипаттаған. Ортасында Жер мен жұлдыздар орналасқан. Бұл – бірінші аспан. Жеті аспан осылай бірін-бірі қоршай орналасқан. Жеті аспанның сыртында Күрсі, ал оның сыртында Арш орналасқан. Бұлар бір-бірінің үстіне тізіліп жаратылмаған, шар сияқты әрқайсысы бір-бірін қамти орналасқан.

Алла Тағаланың Аршқа истиуа етуі күллі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп, шексіз үкімін жүргізетінін көрсетеді. Мұнда адам қиялы жетпейтін шексіз құдірет жатыр. Ол Ұлы Жаратушы Құран кәрімнің аятында ﴿وَمَا تَسْقُطُ مِن وَرَقَةٍ إِلَّا يَعْلَمُهَا﴾ «Оған тіпті бұтағынан үзіліп түскен бір тал жапырақтың да жайы мәлім»3 деп, әлемді бүге-шүгесіне дейін ілімімен қамтитынын, құдіретімен қалағанынша үстемдігін жүргізетінін айтқан.

Аллаға мекен беруге бола ма?

Құран Кәрім мен хадистерде Жаратушының ұлылығы мен құдіретін түсіндіруде «истиуа» сөзінің қолданылғанына қарап, тура мағынада түсініп, Аллаға мекен беріп, адамға ұқсату – Ислам түсінігіне қайшы. Жоғарыда айтқанымыздай, Құран аяттарында жазылғандай, Ұлы Жаратушының ешқандай серігі жоқ. Ол еш нәрсеге де ұқсамайды. Айналадағы мақлұқатқа ұқсатып, түрлендіру – адасу. Жаратылған нәрсеге ұқсатып мекен беру де қате ұғым. Тек Алланың Ұлылығын көрсету, түсіндіру барысында аяттар мен хадистерде Күрсі мен Арш сөздері қолданылған. Мәтіндерде жазылған түсіндірмелердің көмегімен көптеген иләһи ақиқаттарды ұғына аламыз. Алла тағалаға қатысты сөздердің астарын, көзделген мағынасын түсіну үшін тәпсірлер мен түсіндірмелерге үңілу ләзім. Өткен ғасыр ғалымдары да дәл солай жасаған.

Құранда Алла Тағала адамға жақындығын былай білдіреді: ﴿وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ ٱلْوَرِيدِ﴾ «Өйткені Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз!» Тағы бір аятта: ﴿وَٱسْجُدْ وَٱقْتَرِب﴾ «Раббыңа сәжде ет һәм Оған жақындай түс!» делінеді.

Бір аятта Алланың адамға жақындығы айтылса, екіншісінде адамның сәжде арқылы Аллаға жақындайтыны айтылады. Осы аяттар жақындықтың мәнін иман тұрғысынан пайымдап, көзделген мағынаға үңілуге жетелейді. Шындығында, Алла Тағала кемшілік атаулыдан пәк.

  1. 1Бұхари, «Бәдул-халқ», 1 (3192).
  2. 2Ибн Кәсир, Тәпсір 1, 550.
  3. 3Әнғам сүресі, 59 аят.
1687
Кутуб ситтә, № 1687 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَمَّا خَلَقَ اللَّهُ تَعَالَى الْعَقْلَ. قَالَ لَهُ: أَقْبِلْ فأَقْبَلَ، ثُمَّ قَالَ لَه: أَدْبِرْ فَأَدْبَرَ، فَقَالَ: مَا خَلَقْتُ خَلْقًا أَحَبَّ إِلَيَّ مِنْكَ، وَ لَا أُرَكِّبُكَ إِلَّا فِي أَحَبِّ الخَلْقِ إلَيَّ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла тағала ақылды жаратқанда оған: “Кел!” – деді. Ол келді. Содан соң: “Кері қайт!” – деді. Ол қайтты. Сонда Алла: “Мен өзіме сенен сүйікті жаратылыс жаратпадым. Сені өзіме ең сүйікті жаратылысыма ғана дарытамын”, – деді».1

Түсіндірме

Рәзин қосқан бұл риуаяттың қай дереккөздерден алынғаны көрсетілмеген. Алайда ибн Хажар «Фәтхул-Баридегі» №1684 хадисте келтірілген Имран ибн Хусейіннің хадисіне түсіндірме жасау барысында алғашқы жаратылған нәрселердің ретін айтып, олардың алғашқысы болып ақылдың тұрғанын баян еткен. Алайда أَوَّلُ مَا خَلَقَ اللَّهُ الْعَقْلُ «Алла ең бірінші ақылды жаратты» деген риуаятты жеткізе келе риуаят тізбегінің сахих еместігін айтқан. Тіпті «Маталибул-Әлияда» Харис ибн Әбу Усаманың «Муснәдынан» ақылға байланысты жеткен отызға жуық хадистің жоғарғы жағына: «Барлығы да жалған, ойдан құрастырылған» деп жазған.

Сондықтан ақыл туралы риуаяттардың дұрыстығын олардың жеткізілу тізбегіне қарап мұқият тексерген жөн.

  1. 1Рәзиннің қосымша жазбалары.
1688
Кутуб ситтә, № 1688 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أُذِنَ لِي أَنْ أُحَدِّثَ عَنْ مَلَكٍ مِنْ مَلَائِكَةِ اللَّهِ تَعَالَى مِنْ حَمَلَةِ الْعَرْش: أَنَّ مَا بَيْنَ شَحْمَةِ أُذُنِهِ إِلَى عَاتِقِهِ مَسِيرَةُ سَبْعِمِائَةِ عَامٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған: “Алла Тағаланың Аршын көтеретін періштелердің бірі туралы айтуыма рұқсат берілді. Оның құлағының сырғалығынан иығына дейін жеті жүз жылдық жол бар”, – деді».1

Түсіндірме

Расулалланың (с.а.с.) осы хадисінен мынаны түсінеміз:

• Аршты періштелер тасиды. Олар (хәмәлә) «тасушылар» деп аталады.

• Арштың үлкендігін елестету адам баласының ақылына сыймайды. Өйткені сол Аршты таситын періштелердің құлағының сырғалығы мен иығының арасы (атпен) жүріп өтсе жеті жүз жылға созылады. Ислам ғұламаларының пікірінше «Жеті жүз жылдық жол» көлемінің үлкендігін сипаттау үшін айтылған, белгілі бір өлшемді нақтылап жеткізу үшін емес.

Дәйләми Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаятта Аршты таситын періштелердің көлемінен, бойынан хабар беретін мәліметтер жазылған:

وَأَنَّ مَلَكًا مِنْ حَمَلَةِ الْعَرْشِ يُقَالُ لَهُ إِسْرَافِيلُ زَاوِيَةٌ مِنْ زَوَايَا الْعَرْشِ عَلَى كَاهِلِهِ قَدْ مَرَقَتْ قَدَمَاهُ فِي الْأَرْضِ السُّفْلَى وَمَرَقَ رَأْسُهُ مِنَ السَّمَاءِ السَّابِعَةِ وَالْخَالِقُ أَعْظَمُ مِنَ الْمَخْلُوقِ.

«Аршты таситын періштелердің арасында Исрафил деген періште бар. Арштың бір бұрышы оның иығында. Екі аяғы ең төменгі жерден өтіп, басы жетінші аспаннан асып тұр. Ал Жаратушы жаратылыстан ұлы». Ахмад ибн Ханбалдың Абдулла ибн Сәләмнан дәл осы сөздерді растайтын риуаятты көруге болады. Әрі хадисте қосымша ақпараттар да бар:

...مِنْ بَيْنِ قَدَمَيْهِ إِلَى كَعْبَيْهِ مَسِيرَةُ سِتِّمِائَةِ عَامٍ وَمَا بَيْنَ كَعْبَيْهِ إِلَى أَخْمَصِ قَدَمَيْهِ مَسِيرَةُ سِتِّمِائَةِ عَامٍ وَالْخَالِقُ أَعْظَمُ.

«Періштенің аяғынан тобығына дейін алты жүз жылдық жол, тобығынан табанының ойығына дейін де алты жүз жылдық жол бар. Ал Жаратушы одан да ұлы». Ғалымдар бұл риуаяттарды әлсіз деп тапқанымен, олардың бірін-бірі қуаттайтынын айтқан. Осы риуаяттардан ғайып әлемі туралы біршама түсінік алуға болады, кесімді тұжырым жасауға негіз жеткіліксіз.

  1. 1Әбу Дәуіт, Сүннет 19, (4727).
1689
Кутуб ситтә, № 1689 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Аббас ибн Абдулмутталиб

وَعَنِ الْعَبَّاسِ بْنِ عَبْدِ الْمُطَّلِبِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ جَالِسًا فِي الْبَطْحَاءِ فِي عِصَابَةٍ فِيهِمْ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذْ مَرَّتْ سَحَابَةٌ فَنَظَرُوا إِلَيْهَا، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: هَلْ تَدْرُونَ مَا اسْمُ هَذِهِ؟ قَالُوا: نَعَمْ، هَذَا السَّحَابُ. قَالَ: وَالْمُزْنُ، قَالُوا: وَالْمُزْنُ، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: وَالْعَنَانُ، قَالُوا: وَالْعَنَانُ، ثُمَّ قَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: هَلْ تَدْرُونَ كَمْ بُعْدُ مَا بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ؟ قَالُوا: لَا وَاللَّهِ. قَالَ: فَإِنَّ بُعْدَ مَا بَيْنَهُمَا، إِمَّا قَالَ وَاحِدَةٌ، أَوِ اثْنَتَانِ، أَوْ ثَلَاثٌ وَسَبْعُونَ سَنَةً، وَبُعْدُ السَّمَاءِ الَّتِي فَوْقَهَا كَذَلِكَ، وَكَذَلِكَ حَتَّى عَدَّ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ كَذَلِكَ، ثُمَّ فَوْقَ السَّمَاءِ السَّابِعَةِ بَحْرٌ بَيْنَ أَعْلَاهُ وَأَسْفَلِهِ كَمَا بَيْنَ سَمَاءٍ إِلَى سَمَاءٍ، وَفَوْقَ كُلِّ ذَلِكَ ثَمَانِيَةُ أَوْعَالٍ بَيْنَ أظْلاَفِهِنَّ وَرُكَبِهِنَّ كَمَا بَيْنَ سَمَاءٍ إِلَى سَمَاءٍ، ثُمَّ فَوْقَ ظُهُورِهِنَّ الْعَرْشُ مَا بَيْنَ أَسْفَلِهِ وَأَعْلَاهُ مِثْلُ مَا بَيْنَ السَّمَاءِ إِلَى السَّمَاءِ، وَاللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ فَوْقَ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ: «لَمْ يَعْزُهَا صَاحِبُ جَامِعِ الْأُصُولِ إِلَى أَحَدٍ مِنَ الْكُتُبِ السِّتَّةِ». عَنْ قَتَادَةَ وَعَبْدِ اللَّهِ قَالَا: «بَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ جَالِسٌ مَعَ أَصْحَابِهِ إِذْ مَرَّتْ سَحَائِبُ، فَقَالَ: أَتَدْرُونَ مَا هَذَا؟ هَذَا الْعَنَانُ، هَذِهِ رَوَايَا الْأَرْضِ يَسُوقُهَا اللَّهُ تَعَالَى إِلَى قَوْمٍ لَا يَعْبُدُونَهُ، ثُمَّ قَالَ: أَتَدْرُونَ مَا هَذِهِ السَّمَاءُ؟ مَوْجٌ مَكْفُوفٌ، وَسَقْفٌ مَحْفُوظٌ، وَفَوْقَ ذَلِكَ سَمَاءٌ أُخْرَى حَتَّى عَدَّ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ، وَهُوَ يَقُولُ: أَتَدْرُونَ مَا بَيْنَهُمَا؟ ثُمَّ يَقُولُ: خَمْسُمِائَةِ عَامٍ، ثُمَّ قَالَ: أَتَدْرُونَ مَا فَوْقَ ذَلِكَ؟ فَوْقَ ذَلِكَ الْمَاءُ وفَوْقَ الْمَاءِ الْعَرْشُ، وَاللَّهُ فَوْقَ الْعَرْشِ، لَا يَخْفَى عَلَيْهِ شَيْءٌ مِنْ أَعْمَالِ بَنِي آدَمَ، ثُمَّ قَالَ: أَتَدْرُونَ مَا هَذِهِ الْأَرْضُ؟ قَالَ: تَحْتَهَا أُخْرَى بَيْنَهُمَا خَمْسُمِائَةِ عَامٍ، حَتَّى عَدَّ سَبْعَ أَرَضِينَ». وَذَكَرَ الْحَدِيثَ.

Қазақша аудармасы

Аббас ибн Абдулмутталиб (р.а.) былай дейді: «Батхада бір топ кісімен отырған едім. Арамызда Алла елшісі (с.а.с.) де бар болатын. Бір бұлт көшіп бара жатты, жұрт соған қарады. Алла елшісі: “Мұның атын білесіңдер ме?” – деп сұрады. “Иә, бұл – бұлт”, – дедік. Ол: “Мұны музн деп те атайды”, – деді. “Иә, музн деп те атайды”, – дедік. Ол: “Анан деп те атайды”, – деді. “Иә, анан деп те атайды”, – дедік. Содан кейін Алла елшісі: “Аспан мен жердің арасы қанша екенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. “Жоқ, Алланың атымен ант етеміз, білмейміз”, – дедік. Сонда ол: “Аспан мен жердің арасы – жетпіс бір, жетпіс екі немесе жетпіс үш жылдық жол. Оның үстіндегі аспанның арасы да сондай”, – деді.

Алла елшісі жеті аспанды осылай бір-бірлеп атап, әрқайсысының арасы сондай екенін айтты. Содан кейін: “Жетінші аспанның үстінде теңіз бар. Оның бетінен түбіне дейінгі қашықтық екі аспанның арасындай. Одан әрі (жабайы теке бейнесіндегі) сегіз періште бар. Олардың тұяғынан тізесіне дейінгі қашықтық та екі аспанның арасындай. Олардың арқасында Арш бар. Арштың асты мен үстінің арасы да екі аспанның арасындай. Алла осының бәрінен жоғары”, – деді».1

Басқа бір риуаятта былай делінген: «Бұл хадисті «Жәмиғул-Усул» атты еңбектің авторы «Кутуб ситтәға» кіретін кітаптардың ешқайсысына телімеген».

Қатада мен Абдулланың риуаяты былай келген: «Расулалла (с.а.с.) сахабаларымен бірге отырғанда бір шөкім бұлт көшіп бара жатты. “Мынаның не екенін білесіздер ме? Бұл – ‘әл-Анаан’ (деп аталатын бұлт), ол жердегі су таситын түйелерге ұқсайды. Алла тағала бұларды Өзіне құлшылық етпейтін қауымға да жіберіп, суға деген мұқтаждықтарын кетіреді”, – деді де, бір сәт үнсіздіктен кейін: “Мына аспанның не екенін білесіздер ме? Ол да ұсталып тұрған толқын, қорғалған төбе. Оның үстінде тағы бір аспан бар”, – деп артынша жеті аспанды жіпке тізіп айтып шықты. Артынан сөзін жалғастырып: “Екеуінің арасында қаншалықты ұзақтық бар, кім біледі?” – деп сұрады да, “Бес жүз жыл!” – деп өзі жауап берді. Сосын қайтадан: “Оның ар жағында не бар, білесіздер ме? Оның арғы бетінде су бар. Судың ар жағында Арш бар. Алла сол Арштан жоғары. Адам баласының әрбір жасаған амалы Оған мәлім”, – деді. Содан соң тағы сұрақ қойып: “Жер деген не өзі, білесіздер ме? Жердің астында тағы бір жер бар. Екеуінің арасы бес жүз жылдық жол…” Осылайша, жеті қат жердің бар екенін айтып өтті».

Түсіндірме

1. Бұл тұста хадис қысқаша берілген. Әбу Һурайрадан (р.а.) Тирмизи жеткізген нұсқа былай: «Бір топ сахаба Алла елшісімен (с.а.с.) бірге отырғанымызда бір бұлт келді. Ол: “Мұның не екенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедік. Ол: “Бұл – бұлт, жер жүзіне су жеткізеді. Алла бұларды Өзіне шүкір етпейтін, Өзіне жалбарынбайтын қауымға да жібереді”, – деді.

Алла елшісі: “Үстеріңдегі не екенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедік. Ол: “Бұл – дүниенің аспаны, қорғалған төбе, ұсталып тұрған толқын”, – деді. Сосын: “Оның сендерден қанша қашық тұрғанын білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз сол жауабымызды қайталадық. Ол: “Сендер мен оның арасы – бес жүз жылдық жол”, – деді.

Содан кейін ол: “Оның үстінде не барын білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедік. Ол: “Оның үстінде екі аспан бар, екеуінің арасы – бес жүз жылдық жол”, – деді. Осылайша жеті аспанды атап, әр екі аспанның арасы жер мен аспанның арасындай екенін айтты.

Содан соң Алла елшісі: “Оның үстінде не барын білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедік. Ол: “Оның үстінде Арш бар. Арш пен аспанның арасы да екі аспанның арасындай”, – деді.

Алла елшісі: “Астыларыңда не барын білесіңдер ме?” – деп сұрады. Сахабалар: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – деді. Ол: “Бұл – жер. Оның астында не барын білесіңдер ме?” – деді. Сахабалар сол жауаптарын қайталады. Ол жердің астында тағы бір жер барын, екеуінің арасы бес жүз жылдық жол екенін айтты. Осылай жеті жерді атап шықты. Содан соң: “Мұхаммедтің жаны қолында болған Алланың атымен ант етемін, ең төменгі жерге бір кісіні арқанмен түсірсеңдер, ол Алланың (іліміне) жетер еді”, – деді де, “Хадид” сүресінің 3-аятын оқыды: ﴿هُوَ ٱلْأَوَّلُ وَٱلْـَٔاخِرُ وَٱلظَّٰهِرُ وَٱلْبَاطِنُ وَهُوَ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمٌ﴾ “Әууәл (ең әуелгі) де Өзі, Ахир (ең ақырғы) де Өзі, Заһир (ең айқын) да Өзі, Батин (ең жасырын) да Өзі. Ол барлық нәрсені толық білуші!”».

Тирмизи былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) осы аятты оқуы түсірілген арқанның Алланың ілімі мен құдіретіне жететінін көрсетеді».2

2. Хадистерді сын көзбен зерделеген Ибн әл-Жәузи Аббастан (р.а.) жеткен риуаятты екі себеппен «ойдан шығарылған» деп санаған:

1. Хадистің жеткізілу тізбегіндегі рауи Уәлид ибн Әбу Сәур.

2. Аллаға мекен берудің қате екені және хадистегі сандардың басқа риуаяттармен сәйкес келмеуі.

Десек те, айтылған сын сөздерге де жауаптар берілген:

1. Бұл хадис риуаят етілу тұрғысынан сенімсіз саналған Уәлидтен басқа рауилер тарапынан да келген.

2. Мұндағы сандардың басқа риуаяттармен үйлеспеуі таңғаларлық нәрсе емес. Әрі қашықтық жүріс уақытымен өлшенген. Өйткені тез жүрген адам барынша жылдам жететіні, қысқа адымдап, ақырын жүрген адам кешігіп жететіні анық».

Оның үстіне хадисте ұзақтық жылдық өлшеммен сипатталған. Әрі араб тіліндегі مَسِيرَة (мәсирә) сөзі «жол жүру» мағынасындағы түбірден тарайды.

Демек, хадистегі «Аспан мен жер арасындағы ұзақтық жетпіс бір, жетпіс екі немесе жетпіс үш жылдық өлшемде болуы ықтимал». Тіпті хадистегідей бес жүз жылдық жолды көрсетуі мүмкін. Риуаяттардағы сандардың әртүрлілігіне қарап, жүріс жылдамдығының да біркелкі болмағанын түсіндірмелерден көруге болады.

Құрандағы ﴿جَاعِلِ ٱلْمَلَٰٓئِكَةِ رُسُلًا أُو۟لِىٓ أَجْنِحَةٍ مَّثْنَىٰ وَثُلَٰثَ وَرُبَٰعَ﴾ «екі, үш және төрт қанатты періштелерді елшілер қылған»3 деген сөздер періштелердің қанат саны әртүрлі екенін білдіреді. Қанат саны олардың жүру шапшаңдығына ишарат етуі мүмкін.

3. Расулалланың (с.а.с.) берген бұл мәліметтер арқылы ғаламның алыптығын, оны басқарып отырған Жаратушының шексіз құдіретін танытқан. Бұл риуаяттарда ғалам туралы ойлануға жетелейтін ишараттар бар. Ғаламның құрылысы мен табиғатын, ондағы бұлттарды осы мәтіндер арқылы дәл сипаттап, бұлжымас сандар іздеу орынсыз пікірталасқа ұластыруы мүмкін. Дегенмен аяттар мен хадистерде бұл тақырып пен сандардың аталғаны мәселеге ғылым тұрғысынан, кесімді байламға бармай үңілуге негіз береді.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Хаққа» сүресі (Канан басылымында № 3317, қазіргі нөмірлеуде № 3320). Әбу Дәуіт, «Сүннет», 19 (4723). Ибн Мәжа, «Муқаддима», 13 (193).
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Хадид» сүресі (Канан басылымында №3294, қазіргі нөмірлеуде №3298).
  3. 3«Фатыр» сүресі, 1-аят.
1690
Кутуб ситтә, № 1690 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ عَبْدِاللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ:«خَلَقَ اللَّهُ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ غِلَظُ كُلِّ وَاحِدَةٍ مَسِيرَةُ خَمْسِمِائَةِ عَامٍ». قُلْتُ: وَرِوَايَةِ قَتَادَةَ فِي جَامِعِ التِّرْمِذِيِّ مَرْفُوعَةٌ عَنِ الْحَسَنِ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ بِتَقْدِيمٍ وَتَأْخِيرٍ وَزِيَادَةٍ وَنَقْصٍ، وَاللّهُ أَعْلَمُ».»الْأَوْعَالُ»: تُيُوسُ الْجِبَالِ، وَاحِدُهَا وَعِلٌ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткен риуаятта [Алла елшісі (с.а.с.)] былай деген: «Алла жеті аспанды жаратты. Әр аспанның қалыңдығы – бес жүз жылдық жол».

Айтарым: Тирмизидің «әл-Жәмиғ» еңбегінде Қатададан жеткен риуаяттың кей тұстары кеңейтіліп, кей тұстары ықшамдалып берілген. Ол Хасан әл-Басри арқылы Әбу Һурайрадан мәрфуғ хадис ретінде жеткен. Дұрысын Алла біледі.

Түсіндірме

1. Бұл – мәуқуф риуаят, яғни жеткізілу тізбегі Пайғамбарға жетпей, сахабада тоқтайды. Ол Абдулла ибн Мәсғудтың сөзі ретінде жеткен. Алайда мұндай хабардың Пайғамбардан алынғаны жорамалданғандықтан, риуаяттың басында Пайғамбарға қатысты сөз жақша ішінде берілді.

2. Хадистің қай дереккөзден алынғаны жайында нақты мағлұмат жоқ. Тек Рәзиннің қосымша жазбасының бар екенін байқаймыз. Дегенмен Осман ибн Саид әд-Дәрими мұны «әр-Радд ғала әл-Жәһмия» атты кітапта (26-27-беттер) жазған. Ибн Жәрир әт-Табари де Қатададан мүрсәл хадис ретінде жеткізген. Алайда хадис мағына жағынан жоғарыдағы хадиске ұқсайды.

3. Хадистің соңында келген «Айтар едім» тіркесінен басталатын түсіндірме «Тәйсирул-Усул» кітабының авторы ибн Дәйбәғқа тән.

1691
Кутуб ситтә, № 1691 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Жубәйр ибн Мутғим

وَعَنْ جُبَيْرٍ بْنِ مُطْعِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَتَى أَعْرَابِيٌّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: جُهِدَتِ الْأَنْفُسُ، وَضَاعَ الْعِيَالُ، وَهَلَكَتِ الْأَنْعَامُ، وَنُهِكَتِ الْأَمْوَالُ، فَاسْتَسْقِ لَنَا، فَإِنَّا نَسْتَشْفِعُ بِكَ عَلَى اللَّهِ تَعَالَى، وَنَسْتَشْفِعُ بِاللَّهِ عَلَيْكَ، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: وَيْحَكَ أَتَدْرِي مَا تَقُولُ وَسَبَّحَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَمَا زَالَ يُسَبِّحُ حَتَّى عُرِفَ ذَلِكَ فِي وُجُوهِ أَصْحَابِهِ، ثُمَّ قَالَ: وَيْحَكَ إِنَّهُ لَا يُسْتَشْفَعُ بِاللَّهِ تَعَالَى عَلَى أَحَدٍ مِنْ خَلْقِهِ، شَأْنُ اللَّهِ أَعْظَمُ مِنْ ذَلِكَ! وَيْحَكَ، أَتَدْرِي مَا اللَّهُ؟: إِنَّ عَرْشَهُ عَلَى سَمَاوَاتِهِ – لَهَكَذَا – وَقَالَ بِأَصَابِعِهِ: مِثْلُ الْقُبَّةِ عَلَيْهِ، وَأَنَّهُ لَيَئِطُّ أَطِيطَ الرَّحْلِ بِالرَّاكِبِ. أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жубәйр ибн Мутғим (р.а.) былай дейді: «Бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алла елшісі, жұрт әбден қажыды, бала-шаға қараусыз қалды, мал қырылды, дүние-мүлік сарқылды. Бізге жаңбыр сұрап дұға ет. Сені Алла алдында, Алланы сенің алдыңда араша етеміз”, – деді. Алла елшісі: “Әттеген-ай, не айтып тұрғаныңды білесің бе?” – деді де, Алланы пәктеп, қайта-қайта “Субханаллаһ” айтты. Оның әсері сахабаларының жүзінен байқалды. Содан кейін ол: “Әттеген-ай! Алланы жаратқандарының ешбірінің алдында араша етпейді. Алланың мәртебесі одан әлдеқайда жоғары! Алланың ұлылығын білесің бе? Оның Аршы аспандардың үстінде мынадай”, – деді де, саусақтарымен күмбез тәрізді пішінді көрсетті. “Ол мінген кісінің астындағы ер сықырлағандай сықырлайды”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте бір бәдәуидің Алла елшісіне (с.а.с.) келіп қуаңшылықтан көрген қиындықтарын айтып, дұға сұрағаны және Алла елшісінің оның сөзін түзеткені баяндалады.

2. Алла елшісі оған аңдамай сөйлеген бәдәуидің қатесін көрсетеді. Оның артық айтқаны «...Алланы ортаға салып сенің шапағатыңды сұраймыз» деген сөздері еді. Бұл – жөнсіз айтылған сөз. Өйткені Алла елшісін ортаға салып Алладан сұрау – орынды, алайда Алланы ортаға қойып Пайғамбардан сұрау – дұрыс емес.

3. Хадистен ашуланған кезде «Субханалла, Лә иләһә иллаллаһ» сияқты сөздерді айтудың мұстахаб екенін көреміз.

4. Алла елшісі бір сөзді бірнеше мәрте қайталап айтқанда сахабаларының жүзінен алаңдау байқалған еді. Өйткені олар Алла елшісі ашуланса қандай да бір апат кеп қалар ма екен деп қорқатын.

5. Арштың дауыс шығаруы. Алла Тағаланың құдіретінің алдында Арштың мінген кісінің астындағы ердей сықырлайтыны айтылған. Алайда ғалымдар хадисті тура мағынада түсінудің Алла Тағаланы жаратылысқа ұқсатуға әкеп соғатынын, ал мұның таухид ұғымына қайшы екенін айтады. Өйткені ﴿لَيْسَ كَمِثْلِهِۦ شَىْءٌ﴾ «Оның ешқандай ұқсасы жоқ»2.

Хаттаби былай дейді: «...Мұндағы айтылмақ болған ой Аллаға сипат беріп, таухидтен алыстату емес, керісінше, Жаратушының Ұлықтығын танытып, Оның құзырына жақындату, әрі сұрақ қойған адамға түсінікті тілде жеткізу мақсат етілген. Оның үстіне жазу-сызуды білмейтін, әлем атаулыдан алыс бәдәуи үшін бұл түсіндірудің ең оңтайлы тәсілі. (Алайда мәтінді тура мағынада түсіндіріп, сенім мәселелеріне кіргізе алмаймыз. Тек, жорамалдап түсіндірілуі қажет)».

  1. 1Әбу Дәуіт, Сүннет 19, (4726).
  2. 2Шура сүресі, 11-аят.
1692
Кутуб ситтә, № 1692 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَخَذَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِيَدِي، فَقَالَ: خَلَقَ اللَّهُ التُّرْبَةَ يَوْمَ السَّبْتِ، وَخَلَقَ فِيهَا الْجِبَالَ يَوْمَ الْأَحَدِ، وَخَلَقَ الشَّجَرَ يَوْمَ الِاثْنَيْنِ، وَخَلَقَ الْمَكْرُوهَ يَوْمَ الثُّلَاثَاءِ، وَخَلَقَ النُّورَ يَوْمَ الْأَرْبِعَاءِ، وَبَثَّ فِيهَا الدَّوَابَّ يَوْمَ الْخَمِيسِ، وَخَلَقَ آدَمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ بَعْدَ الْعَصْرِ مِنْ يَوْمِ الْجُمُعَةِ فِي آخِرِ الْخَلْقِ فِي آخِرِ سَاعَةٍ مِنَ النَّهَارِ فِيمَا بَيْنَ الْعَصْرِ إِلَى اللَّيْلِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қолымнан ұстап, былай деді: “Алла топырақты сенбі күні жаратты. Ондағы тауларды жексенбі күні, ағаштарды дүйсенбі күні, жағымсыз нәрселерді сейсенбі күні, нұрды сәрсенбі күні жаратты. Бейсенбі күні жер бетіне жан-жануарларды таратты. Адамды (а.с.) ең соңынан, жұма күні екінтіден кейін, түн түсер алдындағы күндіздің соңғы сағатында жаратты”».1

Түсіндірме

1. Мунәуи хадисте айтылған التُّرْبَة («турба») сөзімен жердің меңзелетінін жазады.

2. Бұл хадис ғаламның жаратылуы сенбі күні басталғанын жеткізеді. Осы хадис арқылы Яһудилердің «жексенбі күні басталған» деген болжамдары қабыл алынбайды. Олардың пікірінше жексенбі күні басталған жарату ісі жұма күні аяқталған. Әрі «Алла жетінші күн ретінде жарату ісінен кейін сенбі күні демалған» – деп, – «Біз де сенбі күні тынығамыз» деген көзқарастары бар. Ислам ғұламалары Алланы адамға теңегендері үшін олардың сөздерін орынсыз деп тауып, сенімдеріне күмәнмен қарайды. Шаршау жаратқанға тән емес, керісінше, жаратылған (пендеге) тән қасиет емес пе?! Тіпті «Нахл» сүресінің 40-аятында: «Біз бір нәрсенің болуын қалағанымызда, оған бар болғаны “бол!” дейміз, сонда ол сол сәтте бола қалады», – делінеді.

3. Зер сала қарайтын болсақ, жаратылған нәрселердің тәртібінде хикмет бар. Бірінші топырақ, сосын тау, өсімдік, жан-жануар ең соңында адам жаратылған. Әлемді жаратудағы негізгі мақсат адам екенін байқауға болады. Өйткені жеміс ағашының отырғызылуының мақсаты – оның жемісін алу. Бірінші бүршік атады, артынша гүлдеп жайқала бастайды, тек ең соңында жемісін береді. Жеміс – негізгі мақсат.

«Таһа» сүресінің 53-аятында жердің адам баласы үшін бесік іспетті екені айтылады. Осы хадис сол мағынаны нақтылай түседі. Өйткені бесік сәбидің сау-саламат өсуі үшін әзірленеді.

Хадисте ғаламның жаратылуын белгілі бір тәртіпке байлаған. Жердің жаратылып, таудың қазық болып қағылуы, өсімдік атаулы жазық пен тау бөктерінде өсіп шығуы, жан-жануарлардың да осы екі түрлі мекенді пана тұтуы, ең соңында ғаламның жемісі адамның жаратылуы. Кейбір ғалымдар: «Алланың құдіреті барлығын бір уақытта жаратуға жетеді, алайда Ол мақлұқатқа белгілі бір тәртіппен өмір сүруді үйрету үшін», – деген пікірге келген.

4. Хадисте сейсенбі күні мәкруһтардың жаратылғаны айтылған. «Мәкруһ» сөзін кейбір ғалымдар «жер астындағы қазба байлықтар» деп түсіндірген.

5. Кейбір риуаяттарда «Сәрсенбі күні “нун” немесе “һуд” жаратылды» деген. Мұнда да ешқандай қарама-қайшылық жоқ, Нұрды да, нун мен һудты да бір күнде жаратуы әбден мүмкін.

6. Мунауи осы тақырыпқа қатысты былай дейді:

Шейхул-ислам Зәкәриядан: «Алла Тағала аспан мен жерді Адам жаратылған аптада жаратты ма, әлде одан бұрын ба? Жердің жасы Адамның жаратылуынан бұрын бастала ма?» – деп сұраған. Ол хадистің сыртқы мағынасына сүйеніп: «Алла жер мен көкті Адамды жаратқан аптада жаратты. Бір риуаятта: “Алла жерді сенбі күні, тауларды жексенбі күні, ағаштарды дүйсенбі күні, қараңғылықты сейсенбі күні, нұрды сәрсенбі күні, жан-жануарларды бейсенбі күні жаратты. Жұманың аяқталуына үш сағат қалғанға дейін көкті жаратты. Сол үш сағаттың алғашқысында апаттар мен ажалдарды, екіншісінде ризықтарды, үшіншісінде Адамды жаратты”, – делінеді. Жер Адамнан бұрын жаратылған», – деп жауап берді.

7. Кейбір ғалымдар бұл риуаятты Кағб әл-Ахбардан жеткен исраилият хабары болуы мүмкін деп санаған. Олар хадисте көктің жаратылуы айтылмай, жер мен ондағы жаратылыстардың жеті күнде жаратылғаны хабарланатынын, мұның Құранда айтылған мерзімге сәйкес келмейтінін алға тартқан. «Фуссилат» сүресінің 9–12-аяттарында былай делінеді: ﴿قُلْ أَئِنَّكُمْ لَتَكْفُرُونَ بِٱلَّذِى خَلَقَ ٱلْأَرْضَ فِى يَوْمَيْنِ وَتَجْعَلُونَ لَهُۥٓ أَندَادًا ذَٰلِكَ رَبُّ ٱلْعَٰلَمِينَ ۝ وَجَعَلَ فِيهَا رَوَٰسِىَ مِن فَوْقِهَا وَبَٰرَكَ فِيهَا وَقَدَّرَ فِيهَآ أَقْوَٰتَهَا فِىٓ أَرْبَعَةِ أَيَّامٍ سَوَآءً لِّلسَّآئِلِينَ ۝ ثُمَّ ٱسْتَوَىٰٓ إِلَى ٱلسَّمَآءِ وَهِىَ دُخَانٌ فَقَالَ لَهَا وَلِلْأَرْضِ ٱئْتِيَا طَوْعًا أَوْ كَرْهًا قَالَتَآ أَتَيْنَا طَآئِعِينَ ۝ فَقَضَىٰهُنَّ سَبْعَ سَمَٰوَاتٍ فِى يَوْمَيْنِ وَأَوْحَىٰ فِى كُلِّ سَمَآءٍ أَمْرَهَا وَزَيَّنَّا ٱلسَّمَآءَ ٱلدُّنْيَا بِمَصَٰبِيحَ﴾ «Оларға: “Сонда сендер жер бетін екі күнде жаратқан Алланы шынымен жоққа шығарып, Оған өзгелерді тең тұтасыңдар ма?! Ол күллі әлемдердің Раббысы!” “Ол жер астынан үстіне қарай көтерілген мызғымас тауларды орнатып, жерге құт-береке дарытты. Әрі онда Өзінен ризық-несібе тілеуші күллі жаратылыс атаулының бар азығын тұп-тура төрт күнде өтелетін етіп өлшеп бекітті”. Содан кейін қалауы мен құдіретін сол кезде тұмандық болған көкке қаратты да, көк пен жерге: “Мейлі өз еріктеріңмен, мейлі еріксіз түрде келіңдер!” – деп бұйырды. Сонда олар: “Біз әміріңе бойсұнған күйде келдік”, – деді. Сөйтіп, Ол көкті екі күнде жеті қат көк етіп толық қалыптастырды да, әр аспанға аян беріп, өз ісін білдірді. Содан Біз ең жақын дүние аспанын шам-шырақтармен безендірдік...»2

Ғылым-білім дамып, Құран аяттарындағы осы сырларды ашады деп сенеміз.

  1. 1Мүслим, Сифатул-Қияма 27, (2789).
  2. 2«Фуссилат» сүресі, 9-12-аяттар.
1693
Кутуб ситтә, № 1693 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي الْمَسْجِدِ عِنْدَ غُرُوبِ الشَّمْسِ، فَقَالَ يَا أَبَا ذَرٍّ: أَتَدْرِي أَيْنَ تَذْهَبُ هَذِهِ الشَّمْسُ؟ فَقُلْتُ: اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ. قَالَ: تَذْهَبُ لِتَسْجُدَ تَحْتَ الْعَرْشِ، فَتَسْتَأْذِنُ فَيُؤْذَنُ لَهَا، وَيُوشِكُ أَنْ تَسْجُدَ، فَلَا يُقْبَلُ مِنْهَا، وَتَسْتَأذِنُ فَلَا يُؤذَنُ لَهَا، وَيُقَالُ لَهَا: ارْجِعِي مِنْ حَيْثُ جِئْتِ، فَتَطْلُعُ مِنْ مَغْرِبِهَا، فَذَلِكَ قَوْلُهُ تَعَالَى: وَالشَّمْسُ تَجْرِي لِمُسْتَقَرٍّ لَهَا ذَلِكَ تَقْدِيرُ الْعَزِيزِ الْعَلِيمِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Күн батып бара жатқанда Алла елшісімен (с.а.с.) бірге мешітте едім. Ол: “Уа, Әбу Зәрр, мына Күннің қайда баратынын білесің бе?” – деп сұрады. “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедім. Ол: “Күн Арштың астына сәжде етуге барады. Рұқсат сұрайды, оған рұқсат беріледі. Алайда сәждесі қабыл болмайтын, рұқсат сұрағанда рұқсат берілмейтін уақыт та жақын. Сонда оған: ‘Келген жағыңа қайт!’ – делінеді де, Күн батыстан шығады. Алла Тағаланың мына сөзі осыны білдіреді: ﴿وَٱلشَّمْسُ تَجْرِى لِمُسْتَقَرٍّ لَّهَا ذَٰلِكَ تَقْدِيرُ ٱلْعَزِيزِ ٱلْعَلِيمِ﴾ ‘Күн де өзінің жолымен өзі үшін белгіленген ақтық межеге қарай ағызып кетіп барады. Бұл – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы) және Алим (бәрін білуші шексіз ілім иесінің) жаратуы’1”».2

Түсіндірме

1. Бұл хадис ежелден жұртты толғандырған «Күн батқанда қайда барады?» деген сұраққа жауап береді.

Бүгінгі оқырман үшін бұл сауал бұрынғыдай таңсық болмауы мүмкін. Осы риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Зәррға (р.а.) сұрақ қойып, жауабын өзі айтады. Кей риуаяттарда Әбу Зәрр сұрап, Алла елшісі жауап береді.

2. Расулалланың (с.а.с.) берген жауабы жайында неше түрлі тұжырымдамалар бар. Хадисті былай түсінуге болады: Құранда барлық жаратылыстың құлшылық жасайтыны («Исра» сүресі, 44-аят), Күннің де сәжде ететіні («Хаж» сүресі, 18-аят) айтылады. Кейбір ғалымдардан «Жаратылыстың Аллаға жасайтын құлшылығы қалай атқарылады?» – деп сұрағанда: «Өздерінің жаратылу мақсаттарындағы қызметін атқару арқылы, құлшылық еткен болады», – деген. Осылай болған жағдайда, Күннің ұдайы жарық шашып, өз міндетін атқаруы оның құлшылығы, сәждесі саналады.

«Арштың астына барады» дегенді былай түсінуге болады. Арш бүкіл аспанды қамтығандықтан, Күн әрдайым оның астында. Күндіз Күн бізге көкжиектен көрінеді, түнде бізден тасада қалады. Күннің батуы – біздің тұрған жерімізге жарық түспей, оның сәулесі жер шарының басқа өңіріне түсуі. Аспан әлемінің құрылысы жөнінде білімі жоқ қауымға түсінікті жауап осы болуы мүмкін. Дұрысын Алла біледі.

  1. 1Иәсин сүресі, 38-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Ясин» сүресі, 1, «Бәдул-халқ», 4 (3199), «Таухид», 22–23. Мүслим, «Иман», 250 (159). Тирмизи, «Тәпсір», «Ясин» сүресі (№ 3227).
1694
Кутуб ситтә, № 1694 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الشَّمْسُ وَالقَمَرُ يُكَوَّرَانِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. »التَّكْوِيرُ»: لَفُّ الْعِمَامَةِ، وَالْمُرَادُ أَنَّ السَّمَاءَ وَالْأَرْضَ تَجْمَعَانِ وَتُلَفَّانِ كَمَا تُلَفُّ الْعِمَامَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Қиямет күні Күн мен Ай оралады».1

Түсіндірме

«Тәкуир» сөзінің түпкі мағынасы – сәлде орау. Мұнда аспан мен жердің жиналып, сәлдедей оралатыны меңзеледі. Ғалымдар Күн мен Айдың оралуын олардың біріктірілуі деп түсіндірген. Құранда да: ﴿وَجُمِعَ ٱلشَّمْسُ وَٱلْقَمَرُ﴾ «Күн мен Ай тоғыстырылған кезде»2 делінген. Риуаяттарда Күн мен Ай осыдан кейін тозаққа тасталатыны айтылады. Түсіндірмешілер мұны Күн мен Айға табынған адамдарды азаптау және олардың дүниеде жасаған құлшылықтарының бекер болғанын көрсету деп түсіндіреді.

  1. 1Бұхари, «Бәдул-халқ», 4 (3200).
  2. 2Қиямет сүресі, 9-аят.
1695
Кутуб ситтә, № 1695 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «سَأَلَتْ يَهُودُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنِ الرَّعْدِ مَا هُوَ؟ قَالَ: مَلَكٌ مُوَكَّلٌ بِالسَّحَابِ، وَمَعَهُ مَخَارِيقُ مِنْ نَارٍ يَسُوقُهَا بِهَا حَيْثُ شَاءَ اللَّهُ. قَالُوا: فَمَا هَذَا الصَّوْتُ الَّذِي يُسْمَعُ؟ قَالَ: زَجْرُهُ لِلسَّحَابِ حَتَّى تَنْتَهِيَ حَيْثُ أُمِرَتْ. قَالُوا: صَدَقْتَ! فَأَخْبِرْنَا عَمَّا حَرَّمَ إِسْرَائِيلُ عَلَى نَفْسِهِ؟ قَالَ: اشْتَكَى عِرْقَ النَّسَا فَلَمْ يَجِدْ شَيْئًا يُلَائمُهُ، يَعْنِي الْعِرْقَ إِلَّا لُحُومَ الْإِبِلِ وَأَلْبَانَهَا، فَلِذَلِكَ حَرَّمَهَا. قَالُوا: صَدَقْتَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «الْمَخَارِيقُ»: جَمْعُ مِخْرَاقٍ، وَهُوَ فِي الْأَصْلِ: مِنْدِيلٌ يُفْتَلُ وَيُلْوَى وَيُجَعَلُ كَالْحَبْلِ تَتَضَارَبُ بِهِ الصِّبْيَانُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Яһудилер Алла елшісінен (с.а.с.) күннің күркіреуі туралы сұрады. Ол: “Бұлтқа жауапты бір періште бар. Оның қолында оттан жасалған қамшылар болады. Ол солармен бұлттарды Алла қалаған жаққа айдайды”, – деді. Олар: “Естіліп тұрған мына дауыс не?” – деп сұрады. Ол: “Бұл – бұлтты бұйырылған жерге жеткізгенше айдаған періштенің зекіген дауысы”, – деді. Олар: “Дұрыс айттың. Енді Исраилдың (Яқуб пайғамбардың) өзіне нені харам еткенін айтшы”, – деді. Алла елшісі: “Исраилдың шонданай жүйкесі ауырған еді. Оған түйенің еті мен сүтінен өзге ас жақпады. Сол себепті осы екеуін өзіне харам етті”, – деді. Олар: “Дұрыс айттың”, – деді».1

Түсіндірме

1. Тирмизи жеткізген нұсқада оқиғаның кейбір тұсы қысқа берілген. Ахмад ибн Ханбалдың «Мүснәдіндегі» нұсқа сол тұстарды аша түседі. Бір топ яһуди Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Біз саған пайғамбар ғана білетін бірнеше сұрақ қоймақпыз», – дейді. Сонда Алла елшісі оларға: «Мұсаға Таурат түсірген Алланың атымен сендерден сұраймын: Исраил қатты науқастанып, дерті ұзаққа созылғанда: “Алла шипа берсе, ең сүйікті асым мен сусынымды өзіме харам етемін”, – деп серт бергенін білесіңдер ме? Оның ең сүйікті асы түйенің еті, ал сусыны түйенің сүті еді», – дейді. Олар: «Алланың атымен ант етеміз, рас айттың!» – деп жауап береді.

2. «Қамшы» деп аударылған مِخْرَاقٌ (михрақ) сөзінің көпше түрі – مَخَارِيقُ (махариқ). Түпкі мағынасы – балалар ойнағанда бірін-бірі ұру үшін пайдаланатын, арқанша ширатылған орамал.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Рағд» сүресі (Канан басылымында № 3116, қазіргі нөмірлеуде № 3117).
1696
Кутуб ситтә, № 1696 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اشْتَكَتِ النَّارُ إِلَى رَبِّهَا، فَقَالَتْ: رَبِّ أَكَلَ بَعْضِي بَعْضًا، فَأَذِنَ لَهَا بِنَفَسَيْنِ: نَفَسٍ فِي الشِّتَاءِ، وَنفَسٍ فِي الصَّيْفِ، فَهُوَ أَشَدُّ مَا تَجِدُونَ مِنَ الْحَرِّ، وَأَشَدُّ مَا تَجِدُونَ مِنَ الزَّمْهَرِيرِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Тозақ Раббысына: “Уа, Раббым, бір бөлігім екінші бөлігімді жалмап жатыр”, – деп шағымданды. Сонда Раббысы оған екі рет – бір рет қыста, бір рет жазда – тыныстауға рұқсат берді. Өздерің сезетін ең қатты ыстық пен ең қатты суық – сол екі тыныстың әсері».1

Түсіндірме

1. Хадис тозақтың Раббысына шағымынан хабар береді. Ғұламалар бұл шағымның «лисәни қал» (сөз арқылы) түрінде жеткізді ме әлде «лисәни хал» (жағдайы) арқылы білдірді ме? – деп, өз ойларын ортаға салып, түрлі пікірлерін айтқан.

Ибн Абдулбәрр: «Шағымды аталмыш екі тәсілмен жеткізуі әбден мүмкін, алайда «сөзбен жеткізді» деген тұжырым орынды.

Қади Ияд: «Бұл (сөз) – ең дұрысы, ең анығы» деген.

Қуртуби: «Істің қалай жеткізілгеніне қараған жөн, – деп, сөзін былай жалғайды: «Аузынан жалған сөз шықпайтын ардақты Пайғамбар (с.а.с.) қалай жеткізген болса, айтылғанындай түсінген дұрыс. «Шағым сөзбен айтылған» деген мағынада түсінген абзал болар». Дәл осындай пікір айтқан Нәуәуи былай дейді: «Ең дұрысы қалай айтылған болса, солай түсінген жөн». (яғни, «тозақ шағымын сөз арқылы жеткізді» деген)

Бәйдәуи сөздің астарлы мағынада айтылғанын алға тартып: «Тозақтың шағымдануы – жалындап жанып, бұрқырап қайнауы, «бір шетінің екінші шетін жалмауы – тыныс алған сәтінде артық жалын мен ыстықтың сыртқа шығуы», – деген пікір айтқан.

Зәйн ибн әл-Мунир: «Ең дұрысы, Пайғамбарымыздың жеткізгені бойынша түсіну. Өйткені Алла Тағаланың тозақты сөйлетуге құдіреті жетеді. Әрі шағым “лисәни хал” түрінде білдірілді деген күннің өзінде, шағымның болғаны, Раббысынан рұқсат сұрағаны, екі рет тыныс алуға рұқсат беруі, бәрі де анық жазылған», – дейді.

Ибн Хажар да «лисәни-қал» арқылы шағымын айтты деген көзқараста. Әрі бұл хадис мұғтазилалардың «Тозақ әлі жаратылмады» деген жаңсақ сенімдерінің қате екенін дәлелдейді.

2. Жаз айларындағы ыстық пен қыс уақытындағы «зәмһарир» деп аталатын суық аяздың жаһаннамнан келуін кейбір ғалымдар «Түсіну қиынға соғатын, түйіні ашылмаған мәселе» десе де, басым көпшілігі: «Тозақ – от, әрі онда “зәмһарир” деген суықтың бары жайында хабарлар бар», – деп айтқан.

  1. 1Бұхари, Бәдул-Халқ 10; Мүслим, Мәсәжид 185, (617); Тирмизи, Сифатул-Тозақ 9, (2595); ибн Мәжа, Зуһд 38, (4319); Муатта, Уқутус-Сәләт 27, (1, 15).
1697
Кутуб ситтә, № 1697 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خُلِقَتْ هَذِهِ النُّجُومُ لِثَلَاثٍ: جَعَلَهَا اللَّهُ زِينَةً لِلسَّمَاءِ، وَرُجُومًا لِلشَّيَاطِينِ، وَعَلَامَاتٍ يُهْتَدَى بِهَا، فَمَنْ تَأَوَّلَ فِيهَا غَيْرَ ذَلِكَ، فَقَدْ أَخْطَأَ حَظَّهُ، وَأَضَاعَ نَصِيبَهُ، وَتَكَلَّفَ مَا لَا يَعْنِيهِ، وَمَا لَا عِلْمَ لَهُ بِهِ، وَمَا عَجَزَ عَنْ عِلْمِهِ الْأَنْبِيَاءُ وَالْمَلَائِكَةُ، وَاللَّهِ مَا جَعَلَ اللَّهُ فِي نَجْمٍ حَيَاةَ أَحَدٍ، وَلَا رِزْقَهُ، وَلَا مَوْتَهُ، إِنَّمَا يَفْتَرُونَ عَلَى اللَّهِ الْكَذِبَ، وَيَتَعَلَّلُونَ بِالنُّجُومِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ اسْتِشْهَادًا إِلَى قَوْلِهِ مَا لَا عِلْمَ لَهُ بِهِ، وَأَخْرَجَ بَاقِيهِ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Қатада былай дейді: «Жұлдыздар үш мақсатпен жаратылған.

1. Алла оларды аспанға сән етті.

2. Шайтандарға лақтырылатын тас етті.

3. Түнде бағыт табуға көмектесетін белгі етті. Кім жұлдыздарға бұлардан өзге мән берсе, қателесіп, өз үлесінен айырылады. Өзіне қатысы жоқ, өзі білмейтін, тіпті пайғамбарлар мен періштелер де біле алмаған іске араласады. Алланың атымен ант етемін, Алла ешкімнің тіршілігін, ризығын не ажалын бірде-бір жұлдызға байлап қойған жоқ. Мұндай жорамал айтқандар Аллаға жала жауып, жұлдыздарды сылтау етеді».1

Түсіндірме

1. Қатада жұлдыздарға қатысты жалған пікірлерді жоққа шығара отырып, Құран аяттарындағы жұлдыздардың жаратылу мақсатын айтып өткен:

1. Аспан әлемін безендіру.2

2. Шайтанға атылған тас.3

3. Түнде бағытты анықтайтын жол сілтеуші.4

Құранда аталған осы үш мақсат жұлдыздардың адамға қатысты, көпшілік оңай түсініп, қабылдай алатын қызметтерін көрсетеді. Олардың жаратылу мақсаты мұнымен шектелмейді.

2. Риуаятта Қатада көпшіліктің көзін бүркемелеп, ақиқаттан алыстатып, жалған болжам жасағандарды жоққа шығарған. Бұл болжамдар адамды адастырып, күпірге алып барады.

Ибн Хажардың жазған кейбір еңбектерінің қысқаша мазмұнын назарларыңызға ұсынамыз: «Ибн Қутәйбә “Китәбул-Әнуа” (жұлдыздарға қатысты) кітабында жәһилият кезіндегі арабтардың жаңбырдың жауып-жаумайтынына жұлдыздарға қарап болжайтынын жазады. Шариғатымыз бұл сенімдерді қате деп, күпірлікке балайды. Жаңбырдың жаууы Алланың емес, жұлдыздар тарапынан іске асатынына сену – Жаратушыға серік қосу. Алайда мұны белгілі есептеулер арқылы (“мына жұлдыздың пайда болуымен ылғи жаңбыр жауады” деп) қадағалап, тұжырымдама жасау серік қосқандық емес. Әйтсе де, мұны да күпірлікке шығарғандар бар».

  1. 1Рәзин қосқан риуаят. Оның مَا لَا عِلْمَ لَهُ بِهِ тіркесіне дейінгі бөлігін Бұхари «Бәдул-халқ» кітабының 3-тарауында жеткізілу тізбегін келтірмей берген.
  2. 2Саффат сүресі, 6-аят.
  3. 3Мүлік сүресі, 5-аят.
  4. 4Әнғам сүресі, 97-аят.
1698
Кутуб ситтә, № 1698 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Әбу Мұса

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ:«سَمِعْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى خَلَقَ آدَمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ مِنْ قَبْضَةٍ قَبَضَهَا مِنْ جَمِيعِ الْأَرْضِ، فَجَاءَ بَنُو آدَمَ عَلَى قَدْرِ الْأَرْضِ، وَمِنْهُمْ: الْأَبْيَضُ، وَالْأَحْمَرُ، وَالْأَسْوَدُ، وَبَيْنَ ذَلِكَ، وَالسَّهْلُ وَالْحَزَنُ، وَالْخَبِيثُ، وَالطَّيِّبُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: “Алла тағала Адамды (а.с.) жер жүзінің әр тұсынан алынған бір уыс топырақтан жаратты. Адамның ұрпағы сол топырақтың алуан сипатына сай болып шықты. Олардың ақ өңдісі, қызыл шырайлысы, қара өңдісі және осы түстердің аралығындағылары бар. Мінезі жайлысы да, қаталы да, жаманы да, жақсысы да бар”».1

Түсіндірме

1. Мұнда адам атаулының барлығы бір топырақтан жаратылғаны әрі ортақ байланыстарының бары сөз етілген. Олардың түр-түсіне қарай ақ-қара, мінез-құлықтарына қарай жақсы-жаман болып таралуы олардың алынған топырақтарының құрамына байланысты болған. Өйткені топырақтың құрамында неше түрлі элементтер бар. Кейбір ғалымдар Адам табиғаттың аталмыш алпыс түрлі элементтен жаратылғанын, ұлдарының да осы себепті неше түрлі болып өскендігін айтады. Тіпті оразаның қазасын алпыс күндік кәффәратпен өтелетінін, Адам атаның алпыс элементтен жаратылғанымен байланыстырады.

2. Кейбір түсіндірмелер (Мунауи, Тиби т.б.) хадистегі «қабда» (біз уыс деп тәржімаладық) топырақтың алынуы іс-қимыл түрінде жүзеге аспағанын, тек Ұлы Жаратушының Құдіретін таныту мақсатында мысал етіп бергенін жазады. Десек те, «Бір уыс алынған» деп тура мағынада түсінгедер де бар. Олар Алланың әмірімен, уыстап топырақты алған, жан алғыш періште Әзірейіл екенін айтады. Бұған дәлел ретінде Саид ибн Мансұр және Әбу Хатимнің Әбу Һурайрадан жеткен риуятын келтіреді: «Алла Тағала Адам атаны (а.с.) жаратар алдында Өзінің Аршын таситын бір періштені жерден топырақ алып келуге жұмсайды. Періште жерден топырақ алуға келгенде жер оған: “Болашақта тозаққа тасталатын менің бөлшегім болған топырақты алмауыңды, сені маған жіберген Жаратушыдан өтінемін” деді. Әзірейіл топырақты алмай кері қайтып, Раббысына болған жайтты баян етеді. Ұлы Жаратушы оны қайтадан жерге барып, топырақ алып келуге жібереді. Жер тағы да алдыңғы айтқандарын қайталайды. Сонда Әзірейіл: “Мені саған жолдағанға мойынсұнуың дұрыс болар (мен саған емес, Алланың айтқанымен жүремін)” деп, жер бетінің әр тұсынан уыстап топырақ алып қайтады...»

3. Ғұламалар жердің әр тұсынан деген тіркесті: «Құрғақ, тұзды, жақсы-жаман топырағынан» деп түсінген. Адам түсінің ақ-сары, қызыл шырайлы, қара торы болуы топырақтың құрамына байланысты деп қабылдаған. Ал бірақ мінез-құлыққа қатысты айтылған мәліметтерді әлі қарастыру керек» деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», 17 (4693). Тирмизи, «Тәпсір», «Бақара» сүресі (Канан басылымында № 2948, қазіргі нөмірлеуде № 2955).
1699
Кутуб ситтә, № 1699 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَمَّا خَلَقَ اللَّهُ تَعَالَى آدَمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ، وَنَفَخَ فِيهِ الرُّوحَ عَطَسَ، فَقَالَ: الْحَمْدُ للّهِ، فَحَمِدَ اللهَ تَعَالَى بِإِذْنِهِ، فَقَالَ لَهُ رَبُّهُ: يَرْحَمُكَ اللَّهُ يَا آدَمُ، اذْهَبْ إِلَى أُولَئِكَ الْمَلَائِكَةِ إِلَى مَلَأٍ مِنْهُمْ جُلُوسٌ فَقُلِ: السَّلَامُ عَلَيْكُمْ، فَقَالُوا: عَلَيْكَ السَّلَامُ وَرَحْمَةُ اللَّهِ وَبَرَكاتُهُ، ثُمَّ رَجَعَ إِلَى رَبِّهِ فَقَالَ: إِنَّ هَذِهِ تَحِيَّتُكَ وَتَحِيَّةُ بَنِيكَ بَيْنَهُمْ، فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: وَيَدَاهُ مَقْبُوضَتَانِ: اخْتَرْ أَيَّهُمَا شِئْتَ. قَالَ: اخْتَرْتُ يَمِينَ رَبِّي، وَكِلْتَا يَدَيْ رَبِّي يَمِينٌ مُبَارَكَةٌ فَبَسَطَهَا، فَإِذَا فِيهَا آدَمُ وَذُرِّيَّتُهُ، فَقَالَ: أَيْ رَبِّ مَا هَؤُلَاءِ؟ قَالَ هَؤُلَاءِ ذُرِّيَّتُكَ، فَإِذَا كُلُّ إِنْسَانٍ مَكْتُوبٌ عُمْرُهُ بَيْنَ عَيْنَيْهِ، وَإِذَا فِيهِمْ رَجُلٌ مِنْ أَضْوَئِهِمْ، فَقَالَ: يَاربِّ مَنْ هَذَا؟ فَقَالَ: ابْنُكَ دَاوُدُ، وَقَدْ كَتَبْتُ لَهُ عُمْرًا أَرْبَعِينَ سَنَةً. قَالَ: زِدْ فِي عُمُرِهِ. قَالَ: ذَلِكَ الَّذِي كَتَبْتُ لَهُ. قَالَ: أَيْ رَبِّ، فَإِنِّي قَدْ جَعَلْتُ لَهُ مِنْ عُمْرِي سِتِّينَ سَنَةً. قَالَ: أَنْتَ وَذَاكَ. قَالَ: ثُمَّ أُسْكِنَ آدَمُ الْجَنَّةَ مَاشَاءَ اللَّهُ، ثُمَّ أَهْبِطَ مِنْهَا، وَكَانَ آدَمُ عَلَيْهِ السَّلَامُ يَعُدُّ لِنَفْسِهِ، فَأَتَاهُ مَلَكُ الْمَوْتِ، فَقَالَ لَهُ: قَدْ عَجِلْتَ، أَلَيْسَ قَدْ كُتِبَ لِي أَلْفُ سَنَةٍ؟ قَالَ: بَلَى، وَلَكِنَّكَ جَعَلْتَ لِابْنِكَ دَاوُدَ مِنْهَا سِتِّينَ سَنَةً، فَجَحَدَ آدَمُ، فَجَحَدَتْ ذُرِّيَّتُهُ، وَنَسِيَ فَنَسِيَتْ ذُرِّيَّتُهُ. قَالَ: فَمِنْ يَوْمَئِذٍ أُمِرَ بِالْكِتَابِ وَالشُّهُودِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَتَقَدَّمَ فِي تَفْسِيرِ سُورَةِ الْأَعْرَافِ بِدُونِ هَذَا.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла тағала Адамды (а.с.) жаратып, оған рух үрлегенде, ол түшкіріп: “Әлхамдулиллаһ!” – деді. Осылайша Алланың рұқсатымен Оған мадақ айтты. Раббысы: “Уа, Адам, Алла саған рақым етсін! Ана жерде отырған періштелерге барып: ‘Әссәләмуғалейкум!’ – де”, – деді. Періштелер: “Уағалейкумуссәләм уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ!” – деп жауап берді. Адам Раббысына қайтып келгенде, Ол: “Бұл – сенің де, ұрпақтарыңның да бір-біріне беретін сәлемі”, – деді. Алла тағала екі қолын жұмған күйінде: “Қалағаныңды таңда”, – деді. Адам: “Раббымның оң қолын таңдадым. Раббымның екі қолы да оң әрі берекелі”, – деді. Алла оң қолын ашқанда, онда Адамның өзі мен ұрпақтары көрінді. Адам: “Уа, Раббым, бұлар кімдер?” – деп сұрады. Ол: “Бұлар – сенің ұрпақтарың”, – деді. Әрқайсысының екі көзінің арасына ғұмыр жасы жазылыпты. Араларында нұры өзгелерден жарқын бір адам бар екен. Адам: “Уа, Раббым, бұл кім?” – деп сұрады. Ол: “Бұл – ұлың Дәуіт. Оған қырық жыл ғұмыр жаздым”, – деді. Адам: “Оның ғұмырын ұзарта гөр”, – деп өтінді. Алла: “Оған жазғаным – осы”, – деді. Адам: “Уа, Раббым, онда оған өз ғұмырымның алпыс жылын бердім”, – деді. Алла: “Өз еркің”, – деді. Содан кейін Адам Алла қалаған уақытқа дейін жұмақта тұрды да, одан түсірілді. Адам ғұмырын санап жүрді. Ажал періштесі келгенде: “Ерте келдің. Маған мың жыл ғұмыр жазылмап па еді?” – деді. Періште: “Иә, бірақ соның алпыс жылын ұлың Дәуітке бергенсің”, – деп жауап берді. Адам мұны мойындамады, ұрпағы да мойындамайтын болды. Адам ұмытты, ұрпағы да ұмытатын болды».

Алла елшісі (с.а.с.) сөзін жалғап: «Сол күннен бастап келісімді жазып, куәгер қатыстыру бұйырылды», – деді.1

Түсіндірме

1. Хадис түсіндірмелерінде Адам атаға (с.а.) рух үрлеген уақытта түшкіруінің себебін оның сау-саламат, кәміл жаратылғанының белгісі деп түсіндіреді. Әрі Алла Тағаланың мейірімі мен сүйіспеншілігіне ие болғандықтан осындай нығметтерге бөленген деп жазылған.

2. Тиби Алла Тағаланың Адамға амандасуды үйретуіне байланысты: «Алла нығметтерге шүкіршілік айтуды үйреткеннен кейін, жаратылыстардың арасындағы қарым-қатынас әдебін үйретті», – дейді.

Адамдардың бір-бірімен амандасуы, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін нығайтып, бауырмалдығын арттырады. Сәлемдесу жүректерді жақындатады. Бұл хадистен амандасудың өте ежелгі сүннет екенін, әрі Алла Тағаланың нығметтерінің алғашқысы екенін көреміз.

3. Алла Тағалаға қатысты айтылған «қол» сөзі мысал үшін айтылған. Сәләф ғалымдар бұл сипаттауды тәпсірлеудің қажеті жоқ деп шешкен. Алайда бертін келе шыққан ғалымдар Алла Тағаланың затына байланысты артық айтылған жөнсіз пікірлер мен көзқарастарды жою үшін тәпсірлеп, түсіндірме жасауды жөн деп тапқан. Хадистегі Алла Тағалаға қатысты айтылған «екі қол» Жаратушының жәмәл мен жәләл сипаттарын білдіреді деседі.

Кейбір түсіндірмелерде екі қолды «құдірет пен мүлік», «нығмет пен көркем туынды» деп тәпсірлеген. Басқа да түсіндірмелерде екі қолға қатысты: «Бұл қолдар, естігенде еске түсетін адам мүшесіндегі қол сипатында емес, керісінше, Жаратушының жомарттығы мен берегендігін көрсететін мағынада» деп жазылған.

4. Тиби: «Алланың оң қолының ашылып, ішінен Адам мен ұрпақтарының ұсынылуымен, Адам ата өзінің ғайыптағы ұрпақтарын көрді» деп жазады. Әрі оның пікірінше бұл оқиға әлмисақтан бұрын орын алған. Алла Тағаланың оң қолында көрсетілген Адамның ұрпақтары, имандарының жағдайына қарай жарқыраған.

5. Әзірет Дәуіттің екі көзінің арасындағы нұрдың басқаларынан қатты жарқырауы, көп жылаған пайғамбарлар болғандықтан деседі. Тиби Дәуіттің бойында пайғамбарлық пен салтанат, әділеттілік сияқты ерекшеліктерінің себебінен десе, Алиул Қари бұл пікірді қостамай: «Әзірет Сүлеймен де бақ-дәулеттің иесі болған», – дейді. Тіпті Абдуррахман ибн Ауфтың (р.а.) да байлығы патшалармен тең түсетіндей көп болған. Бірақ көп байлыққа кенелгендіктен жаннатта жұпыны өмір сүріп, мұһажирлерден бес жүз жыл кейін кіреді» делінген.

6. Әзірет Дәуіттің (а.с.) қырық жылдық өмірінің Адам атаның өтінішімен ұзартылуына келетін болсақ, Алиул-Қари «Риуаяттарда әзірет Дәуіттің тағдырында қырық жылдық өмір жазылғанына қарамастан, Адам атаның дұғасынан кейін жүз жиырма жылға дейін ұзартылғаны айтылған» дейді.

Әли әл-Қари адам ғұмырының белгілі мерзімі бола тұра ұзаруы мүмкін екенін аят пен хадиске сүйеніп түсіндіреді. Құранда: ﴿وَمَا يُعَمَّرُ مِن مُّعَمَّرٍ وَلَا يُنقَصُ مِنْ عُمُرِهِۦٓ إِلَّا فِى كِتَٰبٍ إِنَّ ذَٰلِكَ عَلَى ٱللَّهِ يَسِيرٌ﴾ «Һәм қандай да бір тіршілік иесінің ұзақ ғұмыр кешетіндігі де, ғұмырының қысқа болатындығы да Кітапта жазулы. Міне, мұның бәрі Алла үшін оп-оңай»2 делінеді. Ол «Садақа өмірді ұзартады» деген риуаяттарды да мысалға келтіреді.

7. Әзірет Адамның өз ғұмырынан алпыс жыл беруді өтінуі де Аллаға жасалған дұға саналады. Өйткені адам өмірін ұзарту Жаратушының құдіретінен басқа ешкімнің қолынан келмейді. Сондықтан Адам атаның бұл талабын Алла Тағалаға жасалған дұға деуге болады.

8. Түсіндірмешілердің айтуынша, ажал періштесі Адамға тоғыз жүз қырық жасында оны сынау үшін келген. Адам мың жыл жасайтынын біліп, ғұмырының әр жылын санап жүрген. Алпыс жылы қалғанда періштенің келгеніне таңғалып: «Уақытынан ерте келдің!» – деген. Риуаятта Адам өз ғұмырының алпыс жылын Дәуітке бергенін ұмытып, кейін оны мойындамағаны айтылады. Түсіндірмешілер мұны әдейі жасалған іс деп емес, ұмытудың салдары деп ұққан. Адамның ұмытатыны Құранда да айтылады: ﴿وَلَقَدْ عَهِدْنَآ إِلَىٰٓ ءَادَمَ مِن قَبْلُ فَنَسِىَ﴾ «Анығында, бұдан бұрын Адамға да пәрмен бердік. Алайда ол пәрменімізді жадынан шығарып алды...»3 Бұл аятта Адамның пәрменді ұмытып, ағаштың жемісінен жегені меңзеледі.

9. Расулалла (с.а.с.) хадисінің соңында, уәденің талас-тартыссыз орындалуы үшін куәгердің келтіріліп, болған жайтты жазбаша нақтылап қағазға түсірудің абзал екенін айтқан.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Муаууизатайн» (Канан басылымында № 3365, қазіргі нөмірлеуде № 3367). Осы хадистің «Ағраф» сүресі тәпсіріндегі № 612 нұсқасында соңғы сөйлем жоқ.
  2. 2«Фатыр» сүресі, 11-аят.
  3. 3«Таһа» сүресі, 115-аят.
1700
Кутуб ситтә, № 1700 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: خُلِقَتِ الْمَلَائِكَةُ مِنْ نُورٍ، وَخُلِقَ الْجَانُّ مِنْ مَارِجٍ مِنْ نَارٍ، وَخُلِقَ آدَمُ مِمَّا وُصِفَ لَكُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Періштелер нұрдан, жындар оттың жалынынан, ал Адам сендерге сипатталған заттан жаратылды».1

Түсіндірме

Хадисте жаратылысқа қатысты келген әртүрлі аяттардың түсіндірмесін қысқаша жеткізеді. Байқағанымыздай, рухы бар жаратылыс ретінде өмір сүретін періште мен жын атаулы мүлдем өзгеше нәрселерден жаратылған. Періште – нұрдан, ал жын – жалыннан. Бүгінгі таңда ғылым-білім нұрды терең зерттеп, қыр-сырын толық аша алған жоқ. Өткен ғасырларда айтқандай физикалық толқын ба әлде қазіргі таңдағы зерттеулердің болжамы бойынша фотон сынықтары ма? Ол жағы әлі түсініксіз!

Ал нұр мен лаулаған оттың жалыны арасында қандай айырмашылық бар? Ол жағы да белгісіз! Десек те, өзіміз жаратылған топырақтың құрамын жақсы білеміз.

Періштелер де ақыл иесі болғанымен нәпсі атаулы бойларында жоқ. Олар тек өздеріне бұйырылғанды мүлтіксіз орындап, әрдайым қызмет жасайды, әрі үйлену, көбею деген жоқ. Ал жындарда нәпсі бар. Сол себепті де мойынсұнбай, Алланың әміріне қарсы келеді. Үйленіп, көбейеді, ажалы жетіп адам сияқты өмірмен қоштасады. Періштелер де, жындар да адам баласының көзіне көрінбейді. (Жындардың көрінбейтініне байланысты №844 хадистен толығырақ ақпарат ала аласыз).

  1. 1Мүслим, «Зүһд», 60 (2996).
1701
Кутуб ситтә, № 1701 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَا وَاللَّهِ مَا قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِعِيسَى أَحْمَرَ، وَلَكِنْ قَالَ: بَيْنَمَا أَنَا نَائِمٌ رَأَيْتُنِي أَطُوفُ بِالْبَيْتِ، فَإِذَا رَجُلٌ آدَمُ سَبِطُ الشَّعْرِ يُهَادَى بَيْنَ رَجُلَيْنِ يَنْطِفُ رَأْسُهُ مَاءً، أَوْ يَهْرَاقُ مَاءً. فَقُلْتُ: مَنْ هَذَا؟ قَالُوا: ابْنُ مَرْيَمَ، فَذَهَبْتُ أَلْتَفِتُ، فإِذَا رَجُلٌ أَحْمَرُ جَسِيمٌ جَعْدُ الشَّعْرِ أَعْوَرُ عَيْنِهِ الْيُمْنَى كَأَنَّ عَيْنَهُ عِنَبَةٌ طَافِيَةٌ. قُلْتُ: مَنْ هَذَا؟ قَالُوا: الدَّجَّالُ، وَأَقْرَبُ النَّاسِ بِهِ شَبَهًا ابْنُ قَطَنٍ». قَالَ الزُّهْرِيُّ: رَجُلٌ مِنْ خُزَاعَةَ هَلَكَ فِي الْجَاهِلِيَّةِ. أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ، وَلَمْ يُخْرِجْ مُسْلِمٌ قَوْلَ الزُّهْرِيِّ. السَّبِطُ مِنَ الشَّعْرِ: الْمُنْبَسِطُ الْمُسْتَرْسِلُ. نَطَفَ رَأْسَهُ: أَيْ سَالَ. الْجَعْدُ مِنَ الشَّعْرِ الْمُعَقَّدِ غَيْرِ الْمُسْتَرْسِلِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар былай дейді: «Жоқ, Алланың атымен ант етемін, Пайғамбар (с.а.с.) Исаны қызыл өңді деп сипаттаған жоқ. Ол былай деді: “Түсімде Қағбаны тауап етіп жүр екенмін. Сол кезде екі кісі сүйемелдеп келе жатқан қараторы, тік шашты бір адамды көрдім. Басынан су тамшылап немесе сорғалап тұрды. ‘Бұл кім?’ – деп сұрадым. ‘Мәриямның ұлы’, – деді. Содан кейін жан-жағыма қарасам, қызыл өңді, ірі денелі, бұйра шашты бір адам тұр екен. Оң көзі соқыр, томпайып тұрған жүзім түйіріндей еді. ‘Бұл кім?’ – деп сұрадым. ‘Бұл – Дәжжал. Оған ең ұқсайтын адам – Ибн Қатан’, – деді”».

Зуһри былай дейді: «Ибн Қатан жәһилият дәуірінде дүние салған Хузаға тайпасынан шыққан кісі еді».1 Арабша мәтіндегі «сабт» – жазылып түсіп тұрған тік шаш, «натафа» – тамшылау, ағу, «жағд» – бұйра шаш деген сөз.

  1. 1Бұхари, «Тағбир», 11, 33, «Әнбия», 42 (3441), «Либас», 68, «Фитән», 26. Мүслим, «Иман», 275 (169). Мәлик, «Муатта», «Сифатун-нәби», 2 (2, 920).
1702
Кутуб ситтә, № 1702 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عُرِضَ عَلَيَّ الْأَنْبِيَاءُ عَلَيْهِمُ السَّلَامُ، فَإِذَا مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ ضَرْبٌ مِنَ الرِّجَالِ كَأَنَّهُ مِنْ رِجَالِ شَنُوءَةَ، وَ رَأَيْتُ عِيسَى ابْنَ مَرْيَمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ، فَإِذَا أَقْرَبُ مَنْ رَأَيْتُ بِهِ شَبَهًا عُرْوَةُ بْنُ مَسْعُودٍ، وَرَأَيْتُ إِبْرَاهِيمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ، فَإِذَا أَقْرَبُ مَنْ رَأَيْتُ بِهِ شَبَهًا صَاحِبُكُمْ، يَعْنِي نَفْسَهُ، وَرَأَيْتُ جِبْرِيلَ عَلَيْهِ السَّلَامُ، فَإِذَا أَقْرَبُ مَنْ رَأَيْتُ بِهِ شَبَهًا دِحْيَةُ بْنُ خَلِيفَةَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Маған пайғамбарлар көрсетілді. Мұса – Шәнуә тайпасының бір жігітіндей арықша келген сұңғақ кісі. Мәриям ұлы Исаны да көрдім. Көрген адамдарымның ішінде оған ең ұқсайтыны – Уруа ибн Мәсғуд. Ибраһимді де көрдім. Көрген адамдарымның ішінде оған ең ұқсайтыны – осы жолдастарың (өзін меңзеді). Жәбірейілді де көрдім. Көрген адамдарымның ішінде оған ең ұқсайтыны – Дихия ибн Халифа».1

Түсіндірме

1. Пайғамбарлардың Алла елшісіне (с.а.с.) көрсетілуі екі жерде болған болуы мүмкін:

а)Исра (Миғраж) түнінде, Ақса мешітінде.

ә) Миғражда, аспанда.

Айтылған екі тұжырымдаманы растайтын риуаяттар бар. Ғұламалардың басым көпшілігі Миғраж түнінде орын алғанын жазады. Қади Ияд «Пайғамбарларды (бейнесін) сипаттаған риуаяттардың көбі Расулалланың (с.а.с.) Миғраж түнінде олармен жолыққандығын мәлімдейді», – дейді.

3. Шәнуә – Йемен жеріндегі тайпаның аты. Олар ұзын бойлы, сұңғақ денелі болған. Әзірет Мұсаны сол тайпаның бір адамына ұқсатқан.

4. Жәбірейілді Дихия ибн Халифаға ұқсатқан. Ол сахабалардың ішіндегі ең келбеттісі еді. Әрі Жәбірейілді оның сұлбасында (бірнеше мәрте) көрген.

5. Алла елшісі (с.а.с.) өзін Ибраһимге (а.с.) ең ұқсас адам деп сипаттаған.

  1. 1Мүслим, «Иман», 271 (167). Тирмизи, «Мәнәқиб», 27 (Канан басылымында № 3651, қазіргі нөмірлеуде № 3649).
1703
Кутуб ситтә, № 1703 · тараудағы реті: 20Риуаят етуші: Сәмура ибн Жундуб

وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: سَامٌ أَبُو الْعَرَبِ، وَيَافِثٌ أَبُو الرُّومِ، وَحامٌ أَبُو الحَبَشِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәмурә ибн Жүндуб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Сам – арабтардың, Яфис – римдіктердің, Хам – Хабаш жұртының бабасы».1

Түсіндірме

1. Сам, Яфис және Хам – әзірет Нұх пайғамбардың (а.с.) ұлдарының аты. Ибн Әсәкир бір риуаятында «Сам – араб, парсы, рим, мысыр, шам халықтарының бабасы. Ал Яфис – Хазраж және яжуж бен мәуждің бабасы. Хам – қара нәсілділердің бабасы» деп жазады.

Ибн Жәрирдің айтуы бойынша риуаят былай жеткен: «Нұх (а.с.) Самның ұрпағынан пайғамбарлардың шығуын Алладан тілеген, Яфистің ұрпағынан патшалардың шығуы үшін дұға жасаған, ал Хамға теріс бата беріп, тәнінің түсі өзгеруін, балаларының құл мен күң болуын тілеген. Артынша ет жүрегі елжіреп, екі бауырының оған мейірім танытуын Алладан сұраған».

Сағид ибн әл-Мусайяб мына нәрселерді айтқан: «Әзірет Нұхтың (а.с.) үш ұлы болған: Сам, Яфис және Хам. Олардың әрқайсысы үш-үш баламен сүйіншіленген. Самның балалары – Араб, Парсы, Рим. Яфистің балалары – Түрік, Сақалиба (Слав) және Яәжуж Мәжуж. Хамның ұрпақтары – Қыбтилар (Мысырдың жергілікті халқы), Судандықтар және Берберлер».

Уәһб ибн Мунәббихтен де осыған ұқсас риуаяттар жеткен.

  1. 1Тирмизи, Тәпсір, Саффат, (3229), Манақиб, (3927).
1704
Кутуб ситтә, № 1704 · тараудағы реті: 21Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ زَكَرِيَّا كَانَ نَجَّارًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Зәкәрия (а.с.) ағаш ұстасы еді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Ең таза табыс – кісінің өз еңбегімен тапқаны», – деген. Басқа бір хадисте: «Ешкім өз қолымен тапқанынан қайырлы ас жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те (а.с.) өз қол еңбегімен тапқанын жейтін», – дейді.

Бұл хадис әзірет Зәкәрияның (а.с.) нәпақасын ағаш ұсталығымен тапқанын көрсетеді. Осылай маңдай терімен нәпақасын табу – пайғамбарлардың сүннеті. Дініміз күнкөріс үшін дене еңбегімен айналысуға рұқсат етіп қана қоймай, тер төгіп жұмыс істеуге де шақырады. Әрі пайғамбарлардың осы жолмен күнкөріс еткенін үлгі етіп көрсетеді. Алла елшісі былай деген: «Кімде-кім күні бойы еңбек етіп, шаршап-шалдығып ұйқыға кетер болса, Алланың мейіріміне қауышқан күйде оянады».

Күнкөрістің негізгі үш көзі бар: егіншілік, қолөнер және сауда. Әбу Ханифа сауданы ең абзал кәсіп деп санаған. Мәуарди егіншілікті жоғары қойған. Нәуауидің айтуынша, егінші екі игілікті ұштастырады: жер өңдеп, өнім өсіреді әрі өз қолымен еңбек етеді. Бұл мәселе кәсіп пен табыс туралы бөлімде (5162–5202-хадистер) кеңірек қарастырылады.

Басшылық және имамдық

Ислам – мемлекет діні. Сондықтан Исламда мемлекет өміріне қатысты барлық мекеменің орны бар. Олардың әрқайсысына мемлекеттік өмірдегі маңызына қарай орын беріліп, өмірлік маңызы бар мекемелерге ерекше көңіл бөлінеді. Имамдық, яғни ел басқару – халықтың саяси өміріндегі өзекті мәселе. Сондықтан Исламда басшыға қойылатын талаптардан бастап, оны сайлау, қызметтен босату, оған бағыну және қарсылық білдіру сияқты мәселелердің бәріне қатысты қағидалар мен үкімдер бекітілген. Бұл қағидалар теория жүзінде талданып, тарих бойы түрлі түрде іс жүзінде қолданылған. Құқық ғалымдары оларды заңға түсіріп, жеке баптарға бөліп жүйелеген.

Имамдыққа, яғни ел басқаруға қатысты негізгі мәселелерге бұған дейін тоқталған едік. Енді соларды қайталамай, жинақтағы осы тақырыпқа қатысты хадистерге көшеміз.

«Имамдар Құрайыштан болуы керек»

  1. 1Мүслим, «Фадаил», 169 (2379).