Хадис

Кутуб ситтә, № 1693

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
219. № 1684–1704 хадистер
Нөмірі
№ 1693 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 10
1693
Кутуб ситтә, № 1693 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي الْمَسْجِدِ عِنْدَ غُرُوبِ الشَّمْسِ، فَقَالَ يَا أَبَا ذَرٍّ: أَتَدْرِي أَيْنَ تَذْهَبُ هَذِهِ الشَّمْسُ؟ فَقُلْتُ: اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ. قَالَ: تَذْهَبُ لِتَسْجُدَ تَحْتَ الْعَرْشِ، فَتَسْتَأْذِنُ فَيُؤْذَنُ لَهَا، وَيُوشِكُ أَنْ تَسْجُدَ، فَلَا يُقْبَلُ مِنْهَا، وَتَسْتَأذِنُ فَلَا يُؤذَنُ لَهَا، وَيُقَالُ لَهَا: ارْجِعِي مِنْ حَيْثُ جِئْتِ، فَتَطْلُعُ مِنْ مَغْرِبِهَا، فَذَلِكَ قَوْلُهُ تَعَالَى: وَالشَّمْسُ تَجْرِي لِمُسْتَقَرٍّ لَهَا ذَلِكَ تَقْدِيرُ الْعَزِيزِ الْعَلِيمِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Күн батып бара жатқанда Алла елшісімен (с.а.с.) бірге мешітте едім. Ол: “Уа, Әбу Зәрр, мына Күннің қайда баратынын білесің бе?” – деп сұрады. “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедім. Ол: “Күн Арштың астына сәжде етуге барады. Рұқсат сұрайды, оған рұқсат беріледі. Алайда сәждесі қабыл болмайтын, рұқсат сұрағанда рұқсат берілмейтін уақыт та жақын. Сонда оған: ‘Келген жағыңа қайт!’ – делінеді де, Күн батыстан шығады. Алла Тағаланың мына сөзі осыны білдіреді: ﴿وَٱلشَّمْسُ تَجْرِى لِمُسْتَقَرٍّ لَّهَا ذَٰلِكَ تَقْدِيرُ ٱلْعَزِيزِ ٱلْعَلِيمِ﴾ ‘Күн де өзінің жолымен өзі үшін белгіленген ақтық межеге қарай ағызып кетіп барады. Бұл – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы) және Алим (бәрін білуші шексіз ілім иесінің) жаратуы’1”».2

Түсіндірме

1. Бұл хадис ежелден жұртты толғандырған «Күн батқанда қайда барады?» деген сұраққа жауап береді.

Бүгінгі оқырман үшін бұл сауал бұрынғыдай таңсық болмауы мүмкін. Осы риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Зәррға (р.а.) сұрақ қойып, жауабын өзі айтады. Кей риуаяттарда Әбу Зәрр сұрап, Алла елшісі жауап береді.

2. Расулалланың (с.а.с.) берген жауабы жайында неше түрлі тұжырымдамалар бар. Хадисті былай түсінуге болады: Құранда барлық жаратылыстың құлшылық жасайтыны («Исра» сүресі, 44-аят), Күннің де сәжде ететіні («Хаж» сүресі, 18-аят) айтылады. Кейбір ғалымдардан «Жаратылыстың Аллаға жасайтын құлшылығы қалай атқарылады?» – деп сұрағанда: «Өздерінің жаратылу мақсаттарындағы қызметін атқару арқылы, құлшылық еткен болады», – деген. Осылай болған жағдайда, Күннің ұдайы жарық шашып, өз міндетін атқаруы оның құлшылығы, сәждесі саналады.

«Арштың астына барады» дегенді былай түсінуге болады. Арш бүкіл аспанды қамтығандықтан, Күн әрдайым оның астында. Күндіз Күн бізге көкжиектен көрінеді, түнде бізден тасада қалады. Күннің батуы – біздің тұрған жерімізге жарық түспей, оның сәулесі жер шарының басқа өңіріне түсуі. Аспан әлемінің құрылысы жөнінде білімі жоқ қауымға түсінікті жауап осы болуы мүмкін. Дұрысын Алла біледі.

  1. 1Иәсин сүресі, 38-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Ясин» сүресі, 1, «Бәдул-халқ», 4 (3199), «Таухид», 22–23. Мүслим, «Иман», 250 (159). Тирмизи, «Тәпсір», «Ясин» сүресі (№ 3227).