Хадис

Кутуб ситтә, № 1698

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
219. № 1684–1704 хадистер
Нөмірі
№ 1698 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 15
1698
Кутуб ситтә, № 1698 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Әбу Мұса

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ:«سَمِعْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى خَلَقَ آدَمَ عَلَيْهِ السَّلَامُ مِنْ قَبْضَةٍ قَبَضَهَا مِنْ جَمِيعِ الْأَرْضِ، فَجَاءَ بَنُو آدَمَ عَلَى قَدْرِ الْأَرْضِ، وَمِنْهُمْ: الْأَبْيَضُ، وَالْأَحْمَرُ، وَالْأَسْوَدُ، وَبَيْنَ ذَلِكَ، وَالسَّهْلُ وَالْحَزَنُ، وَالْخَبِيثُ، وَالطَّيِّبُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: “Алла тағала Адамды (а.с.) жер жүзінің әр тұсынан алынған бір уыс топырақтан жаратты. Адамның ұрпағы сол топырақтың алуан сипатына сай болып шықты. Олардың ақ өңдісі, қызыл шырайлысы, қара өңдісі және осы түстердің аралығындағылары бар. Мінезі жайлысы да, қаталы да, жаманы да, жақсысы да бар”».1

Түсіндірме

1. Мұнда адам атаулының барлығы бір топырақтан жаратылғаны әрі ортақ байланыстарының бары сөз етілген. Олардың түр-түсіне қарай ақ-қара, мінез-құлықтарына қарай жақсы-жаман болып таралуы олардың алынған топырақтарының құрамына байланысты болған. Өйткені топырақтың құрамында неше түрлі элементтер бар. Кейбір ғалымдар Адам табиғаттың аталмыш алпыс түрлі элементтен жаратылғанын, ұлдарының да осы себепті неше түрлі болып өскендігін айтады. Тіпті оразаның қазасын алпыс күндік кәффәратпен өтелетінін, Адам атаның алпыс элементтен жаратылғанымен байланыстырады.

2. Кейбір түсіндірмелер (Мунауи, Тиби т.б.) хадистегі «қабда» (біз уыс деп тәржімаладық) топырақтың алынуы іс-қимыл түрінде жүзеге аспағанын, тек Ұлы Жаратушының Құдіретін таныту мақсатында мысал етіп бергенін жазады. Десек те, «Бір уыс алынған» деп тура мағынада түсінгедер де бар. Олар Алланың әмірімен, уыстап топырақты алған, жан алғыш періште Әзірейіл екенін айтады. Бұған дәлел ретінде Саид ибн Мансұр және Әбу Хатимнің Әбу Һурайрадан жеткен риуятын келтіреді: «Алла Тағала Адам атаны (а.с.) жаратар алдында Өзінің Аршын таситын бір періштені жерден топырақ алып келуге жұмсайды. Періште жерден топырақ алуға келгенде жер оған: “Болашақта тозаққа тасталатын менің бөлшегім болған топырақты алмауыңды, сені маған жіберген Жаратушыдан өтінемін” деді. Әзірейіл топырақты алмай кері қайтып, Раббысына болған жайтты баян етеді. Ұлы Жаратушы оны қайтадан жерге барып, топырақ алып келуге жібереді. Жер тағы да алдыңғы айтқандарын қайталайды. Сонда Әзірейіл: “Мені саған жолдағанға мойынсұнуың дұрыс болар (мен саған емес, Алланың айтқанымен жүремін)” деп, жер бетінің әр тұсынан уыстап топырақ алып қайтады...»

3. Ғұламалар жердің әр тұсынан деген тіркесті: «Құрғақ, тұзды, жақсы-жаман топырағынан» деп түсінген. Адам түсінің ақ-сары, қызыл шырайлы, қара торы болуы топырақтың құрамына байланысты деп қабылдаған. Ал бірақ мінез-құлыққа қатысты айтылған мәліметтерді әлі қарастыру керек» деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», 17 (4693). Тирмизи, «Тәпсір», «Бақара» сүресі (Канан басылымында № 2948, қазіргі нөмірлеуде № 2955).