Хадис

Кутуб ситтә, № 1697

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
219. № 1684–1704 хадистер
Нөмірі
№ 1697 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 14
1697
Кутуб ситтә, № 1697 · тараудағы реті: 14

وَعَنْ قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خُلِقَتْ هَذِهِ النُّجُومُ لِثَلَاثٍ: جَعَلَهَا اللَّهُ زِينَةً لِلسَّمَاءِ، وَرُجُومًا لِلشَّيَاطِينِ، وَعَلَامَاتٍ يُهْتَدَى بِهَا، فَمَنْ تَأَوَّلَ فِيهَا غَيْرَ ذَلِكَ، فَقَدْ أَخْطَأَ حَظَّهُ، وَأَضَاعَ نَصِيبَهُ، وَتَكَلَّفَ مَا لَا يَعْنِيهِ، وَمَا لَا عِلْمَ لَهُ بِهِ، وَمَا عَجَزَ عَنْ عِلْمِهِ الْأَنْبِيَاءُ وَالْمَلَائِكَةُ، وَاللَّهِ مَا جَعَلَ اللَّهُ فِي نَجْمٍ حَيَاةَ أَحَدٍ، وَلَا رِزْقَهُ، وَلَا مَوْتَهُ، إِنَّمَا يَفْتَرُونَ عَلَى اللَّهِ الْكَذِبَ، وَيَتَعَلَّلُونَ بِالنُّجُومِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ اسْتِشْهَادًا إِلَى قَوْلِهِ مَا لَا عِلْمَ لَهُ بِهِ، وَأَخْرَجَ بَاقِيهِ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Қатада былай дейді: «Жұлдыздар үш мақсатпен жаратылған.

1. Алла оларды аспанға сән етті.

2. Шайтандарға лақтырылатын тас етті.

3. Түнде бағыт табуға көмектесетін белгі етті. Кім жұлдыздарға бұлардан өзге мән берсе, қателесіп, өз үлесінен айырылады. Өзіне қатысы жоқ, өзі білмейтін, тіпті пайғамбарлар мен періштелер де біле алмаған іске араласады. Алланың атымен ант етемін, Алла ешкімнің тіршілігін, ризығын не ажалын бірде-бір жұлдызға байлап қойған жоқ. Мұндай жорамал айтқандар Аллаға жала жауып, жұлдыздарды сылтау етеді».1

Түсіндірме

1. Қатада жұлдыздарға қатысты жалған пікірлерді жоққа шығара отырып, Құран аяттарындағы жұлдыздардың жаратылу мақсатын айтып өткен:

1. Аспан әлемін безендіру.2

2. Шайтанға атылған тас.3

3. Түнде бағытты анықтайтын жол сілтеуші.4

Құранда аталған осы үш мақсат жұлдыздардың адамға қатысты, көпшілік оңай түсініп, қабылдай алатын қызметтерін көрсетеді. Олардың жаратылу мақсаты мұнымен шектелмейді.

2. Риуаятта Қатада көпшіліктің көзін бүркемелеп, ақиқаттан алыстатып, жалған болжам жасағандарды жоққа шығарған. Бұл болжамдар адамды адастырып, күпірге алып барады.

Ибн Хажардың жазған кейбір еңбектерінің қысқаша мазмұнын назарларыңызға ұсынамыз: «Ибн Қутәйбә “Китәбул-Әнуа” (жұлдыздарға қатысты) кітабында жәһилият кезіндегі арабтардың жаңбырдың жауып-жаумайтынына жұлдыздарға қарап болжайтынын жазады. Шариғатымыз бұл сенімдерді қате деп, күпірлікке балайды. Жаңбырдың жаууы Алланың емес, жұлдыздар тарапынан іске асатынына сену – Жаратушыға серік қосу. Алайда мұны белгілі есептеулер арқылы (“мына жұлдыздың пайда болуымен ылғи жаңбыр жауады” деп) қадағалап, тұжырымдама жасау серік қосқандық емес. Әйтсе де, мұны да күпірлікке шығарғандар бар».

  1. 1Рәзин қосқан риуаят. Оның مَا لَا عِلْمَ لَهُ بِهِ тіркесіне дейінгі бөлігін Бұхари «Бәдул-халқ» кітабының 3-тарауында жеткізілу тізбегін келтірмей берген.
  2. 2Саффат сүресі, 6-аят.
  3. 3Мүлік сүресі, 5-аят.
  4. 4Әнғам сүресі, 97-аят.