Хадистегі «іс» сөзі басшылық пен халифалықты білдіреді. Түсіндірмеде бұл биліктің қияметке дейін Құрайышқа тиесілі болатыны айтылған. Алайда Ислам адам артықшылығының өлшемі ретінде тақуалықты негізге алады.2 Сонда адамға тақуалығына қарамастан, тек Құрайыштан шыққаны үшін билік беріле ме? Келесі риуаяттар осы сұраққа жауап береді.
أَلَا إِنَّ الْأُمَرَاءَ مِنْ قُرَيْشٍ مَا أَقَامُوا ثَلَاثًا: مَا رَحِمُوا إِذَا اسْتُرْحِمُوا وَقَسَطُوا وَعَدَلُوا إِذَا حَكَمُوا.
«Біліңдер, басшылар осы үш қасиетті ұстанғанша Құрайыштан болады. Олардан рақым сұралса, рақым көрсетеді, төрелік айтса, туралық пен әділдікті сақтайды».
الْآئِمَّةُ مِنْ قُرَيْشٍ مَا إِذَا حَكَمُوا فَعَدَلُوا.
«Басшылар билік айтқанда әділдік сақтағанша Құрайыштан болады».
Әзірет Әбу Бәкірдің (р.а.) мына бір сөзі де риуаят етілген:
قَالَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «إِنَّ هَذَا الْأَمْرَ فِي قُرَيْشٍ مَا أَطَاعُوا اللَّهَ وَاسْتَقَامُوا عَلَى أَمْرِهِ».
Әбу Бәкір (р.а.) былай деген: «Құрайыш Аллаға бойсұнып, Оның әміріне сай тура жолда жүргенше, бұл іс олардың қолында болады».
Осы риуаяттарды талдаған Ибн Хажар былай дейді: «Мен сөз еткен мәселеге қатысты хадистер үш топқа бөлінеді.
1. Хадистердің бір тобы Құрайыштықтардың аталмыш сипаттарды сақтамаса, «Алланың» қарғысына ұшырайтындығын хабарлайды. Мысалы, «Білесіңдер, мына үш нәрсені орындағанға дейін басшылар Құрайыштан болады» деген хадис осыған жатады. Бұл риуаятта мына сөйлем де бар: فَمَنْ لَمْ يَفْعَلْ ذَلِكَ مِنْهُمْ فَعَلَيْهِ لَعْنَةُ اللّه. «Кімде-кім осы айтылғандарды орындамаса, Алланың қарғысына ұшырасын». Бұл хадисте бұл «істің» (басшылықтың) олардан кетуін талап ететін ештеңе жоқ.
2. Құрайыштардың өздеріне қатал қысым көрсететін адамдарға тап болатыны ескертіледі. Ахмад ибн Ханбал мен Әбу Яғла жеткізген мына хадистер осыны білдіреді.
يَا مَعْشَرَ قُرَيْشٍ إِنَّكُمْ أَهْلُ هَذَا الْأَمْرِ مَا لَمْ تُحْدِثُوا فَإِذَا غَيَّرْتُمْ بَعَثَ اللَّهُ عَلَيْكُمْ مَنْ يَلْحَاكُمْ كَمَا يَلْحَى الْقَضِيبُ.
«Уа, Құрайыш! Кейбір бидғаттарға жол бермейінше, осы “істің” иесі сендерсіңдер. Егер бидғат жасап (дін әкелген нәрселерді) өзгертетін болсаңдар, Алла сендерді сондай бір адамдарға жолықтырады, олар ағаштың бұтақтарын аршығаны сияқты, сендерді аршып (терілеріңді сылып) тастайды».
Бұл риуаяттарда соған ишара болғанымен, «іс», яғни билік Құрайыштың қолынан алынады деп ашық айтылмайды.
3. Бұл топтағы хадистер қарсыластарын өлтіруге, олармен соғысуға рұқсат береді және «істің» олардың қолынан шығатынын хабар береді. Мысалы, Таялиси және Табарани келтірген Сәубан хадисінде былай делінеді:
اسْتَقِيمُوا لِقُرَيْشٍ مَا اسْتَقَامُوا لَكُم فَإِنْ لَمْ يَسْتَقِيمُوا فَضَعُوا سُيُوفَكُمْ عَلَى عَوَاتِقِكُمْ فَأَبِيدُوا حَضْرَاءَهُمْ فَإِنْ لَمْ تَفْعَلُوا فَكُونُوا زَرَّاعِينَ أَشْقِيَاءَ.
«Құрайыш сендер үшін туралықты ұстанса, сендер де тура жолды ұстаныңдар. Егер олар тура жолда болмаса, қылыштарыңды иықтарыңа қойып, олардың көпшілігін жойыңдар. Егер мұны жасамасаңдар, (көп жұмыс істеп, аз пайда табатын) бақытсыз шаруалар болыңдар»3.
Ибн Хажар мұны қуаттау үшін келесі риуаятты келтірген:
كَانَ هَذَا الْأَمْرُ فِي حِمْيَرَ فَنَزَعَهُ اللَّهُ مِنْهُمْ وَصَيَّرَهُ فِي قُرَيْشٍ وَسَيَعُودُ إِلَيْهِمْ.
«Бұл “іс” Химьяр жұртының қолында еді. Алла олардан алып, Құрайышқа берді. Оларға қайта оралатын болады». Бұл хадистер Құрайыштар дінді ұстанбаса, олардан басшылықтың алынатынын білдіреді». Ибн Хажар сөзін былай жалғастырады: «Қалған хадистерден мына нәтиже шығарылды: Бұл істің олардың қолынан шығуы, алдымен олардың лағынетпен қорқытылған жағымсыз істерді жасауымен жүзеге асады. Бұл өз кезегінде жамандыққа, зұлымдыққа бой алдыруға және содан сақтана алмауға себеп болады. Бұл жағдай Аббасилер династиясының басына келген.
Артынша, Құрайыштарды езгіге ұшырататын адамдардың пайда болатынын айта келген ескертуі бар. Бұл жағдай да Аббасилер халифатында орын алған. Араб еместер жеңіске жеткенде, олар мал-дүниені қолдануға, жұмсауға тыйым салынған балалар секілді болып қалды. Бала сияқты қарапайым нәрселермен айналысып, маңызды істерді басқалар атқарды. Содан кейін жағдай бұдан да күрт нашарлай берді. Дайламиттер билікті өз қолдарына алып, оларды барлық жағынан қысып, биліктерін шектеді. Халифаның қолында тек құтба оқу билігі ғана қалды. Билікті күшпен тартып алғандар әр аймақта елді өз араларында бөлісті. Осылайша, әртүрлі тайпалар бірінен соң бірі Құрайштарға маза бермеді. Соңында барлық жерде басшылық олардың қолынан сусып шықты. Кейбір жерлерде халифа деген құр аты ғана қалды».
Құрайыштың халифалыққа қатысын білдіретін хадистерді осылай түсіндірген Ибн Хажар бұдан әрі мұсылман топтарының осы мәселеге қатысты пікірлерін келтіреді.
«Ғалымдардың басым көпшілігі сахабалардан жеткен ортақ пікірге сүйеніп: “Басшы Құрайыштан болуы шарт”, – деп үкім берген.
Кейбір тайпалар мұны Құрайыштан белгілі бір топ деп есептеген. Бір тайпа: «Әзірет Алидің ұрпақтарынан басқаларға басшы болуына болмайды», – деді. Шиғалар да осы пікірде. Содан кейін әзірет Алидің ұрпақтарынан кімдерге рұқсат етілгені турасында едәуір дау-дамайлар болды. Бір тобы: «Аббастың балаларына тән», – деді. Әбу Мүслим Хорасани мен оның жолдастары осы көзқарасты ұстанды.
Ибн Хазмның айтуы бойынша, бір топ: «Жағфар ибн Әбу Талибтің ұлдарынан өзгелерге рұқсат болмайды», – десе, басқа бір топ: «Абдулмутталибтің ұрпақтарынан болуы керек», – деген. Ал кейбіреулер: «Бәни Умәйядан өзгелерге рұқсат емес», – десе, басқалардың: «Әзірет Омардың (р.а.) балаларынан басқаларға рұқсат етілмеген», – деп айтқаны риуаят етілген.
Ибн Хазм осы пікірлердің бәрін келтірген соң: «Бұл топтардың ешқайсысының пікірін қуаттайтын бірде-бір дәлел жоқ», – дейді.
Харижиттер мен Муғтазила ағымының бір тобы: «Басшылыққа Құрайыштан өзге адамның тағайындалуына болады», – деген. Имамдыққа (басшы болуға) Құранды және сүннетті ұстанатын кез келген адам лайық. Мейлі араб болсын, мейлі өзге ұлт өкілі болсын, еш айырмашылығы жоқ», – деген. Тіпті Дирар ибн Амр әсірелеп: «Құрайыштан өзге біреудің билікке келгені абзал. Өйткені мұндай адамның қамқоршылары (жақтастары) аз (және сол себепті әлсіз) болады. Шектен шықққан жағдайда алып тастау оңай болады», – деген.
Әбу Бәкір ибн ат-Тиб: «Имамдар Құрайыштан болуы керек» деген хадис сахих болғандықтан мұсылмандар басқа сөздерге мән бермейді. Өйткені мұсылмандар ғасырлар бойы осымен амал еткен. Бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікірлер пайда болмас бұрын бұл хадиске құрметпен қарау жайында ғұламалар бірауыздан келісім жасаған», – дейді.
Қади Ияд былай дейді: «Имамның Құрайыштан болуы шарт деген көзқарас – барлық мәзһаб ғалымдарының көзқарасы. Тіпті олар мұны біраузыдан келісілген мәселелердің қатарына жатқызады. Сәләф ғалымдарынан ешкім бұған қайшы пікір білдірмеген. Олардан кейін келгендер де барлық жерде бұл мәселе жайында ортақ пікірде болған және ешкім қайшы пікір білдірмеген. Олай болса, Харижиттар мен Муғтазилаға ергендердің көзқарастары Әһл-сүннетке қайшы болғандықтан аса мән берілмейді».
Ибн Хажар бұл мәселеге пікір айтудан бұрын абай болу керек екенін жазып былай дейді: «Бұл мәселе жөнінде ғалымдардың бірауызды көзқараста екенін айтқан адам, әзірет Омардан (р.а.) риуаят етілген мына пікірді де жорамал жасауға, түсінуге мәжбүр. Ахмад ибн Ханбал сахих тізбекпен мынадай хабар жеткізген: «Егер менің ажалым жеткенде Әбу Убәйда тірі болса, мен оны халифа етіп тағайындар едім. Ал Әбу Убәйда менен бұрын көз жұмса, ажалым жеткенде Муғаз ибн Жәбәлді халифа етіп тағайындар едім».
Бұл жерде аты аталып тұрған кісі – Муғаз ибн Жәбәл ансарлық сахаба. Оның Құрайышқа еш қатысы жоқ. «Имам Құрайыштан болуы шарт» деген ғалымдардың бірауызды көзқарасы шамасы, әзірет Омар (р.а.) қайтыс болғаннан кейін пайда болған немесе әзірет Омар (р.а.) бұған байланысты көзқарасын (үкімін) өзгерткен. Халифалықты Құрайышқа ғана тән көрмей, оған дәлелдер ретінде Абдулла ибн Рауаха, Зәйд ибн Хариса және Усама ибн Зәйдтің т.б. соғыс кезінде жасақтарға қолбасшы болып тағайындалуын көрсеткендерге мынаны айтуға болады: «Бұл тағайындау «әл-имаматул-узма»-ны, яғни, ең үлкен имамды, мемлекет басшысын тағайындау емес. Бұл мысалдардан мынадай үкім шығарылады: «Халифа көзі тірісінде Құрайыш руынан емес адамдарды өзінің орынбасары етіп тағайындауға құқылы».
Қорытынды:
Имамдардың Құрайыштан болуы – әһл-сүннет ғалымдары арасында кейбір риуаяттармен қабылданған, сондай-ақ, көбінесе сәләф ғұламалары мен олардан кейінгі әһл-сүннет ғалымдарының барлығы қабылдап, құптаған мәселе. Бұл мәселеге қатысты хадис кітаптарында көптеген риуаят орын алған, әрі фақиһтар, хадис ғалымдары, тарихшылар бұл мәселеге терең үңіліп, кітаптарында бұл мәселеге айрықша тоқталған.
Хадистің тек абсолютті (мутлақ) жолын үстірт қарастыра отырып, ондағы мағыналық қайшылықты хадисті жоққа шығару арқылы шешкісі келген кісі үлкен қателікке жол берген болады. Бұлай жасау – Ислам ғылымдарында объективті өлшемдерге сүйенген мыңдаған хадис ғұламаларының әдісіне қайшы болудан бөлек, сахабалардың көзқарастарын, «Расулалланың (с.а.с.) айтқан сөзі» деп қабылдаған барлық ілгергі ғалымдарды терістеу, олардың ұстанымы мен көзқарасын айыптауға жатады.
Ислам ғалымдары толық объективті әдістермен бағамдап, дұрыс деп үкім берген риуаят ғылым көгінде жарқыраған жұлдыз сияқты. Ешкім оны өзінің тар ақылына сыймағаны немесе оның субъективті өлшемдеріне сай келмегені үшін орнынан алып тастай алмайды.