Хадис

Кутуб ситтә, № 1689

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
219. № 1684–1704 хадистер
Нөмірі
№ 1689 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
1689
Кутуб ситтә, № 1689 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Аббас ибн Абдулмутталиб

وَعَنِ الْعَبَّاسِ بْنِ عَبْدِ الْمُطَّلِبِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ جَالِسًا فِي الْبَطْحَاءِ فِي عِصَابَةٍ فِيهِمْ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذْ مَرَّتْ سَحَابَةٌ فَنَظَرُوا إِلَيْهَا، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: هَلْ تَدْرُونَ مَا اسْمُ هَذِهِ؟ قَالُوا: نَعَمْ، هَذَا السَّحَابُ. قَالَ: وَالْمُزْنُ، قَالُوا: وَالْمُزْنُ، فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: وَالْعَنَانُ، قَالُوا: وَالْعَنَانُ، ثُمَّ قَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: هَلْ تَدْرُونَ كَمْ بُعْدُ مَا بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ؟ قَالُوا: لَا وَاللَّهِ. قَالَ: فَإِنَّ بُعْدَ مَا بَيْنَهُمَا، إِمَّا قَالَ وَاحِدَةٌ، أَوِ اثْنَتَانِ، أَوْ ثَلَاثٌ وَسَبْعُونَ سَنَةً، وَبُعْدُ السَّمَاءِ الَّتِي فَوْقَهَا كَذَلِكَ، وَكَذَلِكَ حَتَّى عَدَّ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ كَذَلِكَ، ثُمَّ فَوْقَ السَّمَاءِ السَّابِعَةِ بَحْرٌ بَيْنَ أَعْلَاهُ وَأَسْفَلِهِ كَمَا بَيْنَ سَمَاءٍ إِلَى سَمَاءٍ، وَفَوْقَ كُلِّ ذَلِكَ ثَمَانِيَةُ أَوْعَالٍ بَيْنَ أظْلاَفِهِنَّ وَرُكَبِهِنَّ كَمَا بَيْنَ سَمَاءٍ إِلَى سَمَاءٍ، ثُمَّ فَوْقَ ظُهُورِهِنَّ الْعَرْشُ مَا بَيْنَ أَسْفَلِهِ وَأَعْلَاهُ مِثْلُ مَا بَيْنَ السَّمَاءِ إِلَى السَّمَاءِ، وَاللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ فَوْقَ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ: «لَمْ يَعْزُهَا صَاحِبُ جَامِعِ الْأُصُولِ إِلَى أَحَدٍ مِنَ الْكُتُبِ السِّتَّةِ». عَنْ قَتَادَةَ وَعَبْدِ اللَّهِ قَالَا: «بَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ جَالِسٌ مَعَ أَصْحَابِهِ إِذْ مَرَّتْ سَحَائِبُ، فَقَالَ: أَتَدْرُونَ مَا هَذَا؟ هَذَا الْعَنَانُ، هَذِهِ رَوَايَا الْأَرْضِ يَسُوقُهَا اللَّهُ تَعَالَى إِلَى قَوْمٍ لَا يَعْبُدُونَهُ، ثُمَّ قَالَ: أَتَدْرُونَ مَا هَذِهِ السَّمَاءُ؟ مَوْجٌ مَكْفُوفٌ، وَسَقْفٌ مَحْفُوظٌ، وَفَوْقَ ذَلِكَ سَمَاءٌ أُخْرَى حَتَّى عَدَّ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ، وَهُوَ يَقُولُ: أَتَدْرُونَ مَا بَيْنَهُمَا؟ ثُمَّ يَقُولُ: خَمْسُمِائَةِ عَامٍ، ثُمَّ قَالَ: أَتَدْرُونَ مَا فَوْقَ ذَلِكَ؟ فَوْقَ ذَلِكَ الْمَاءُ وفَوْقَ الْمَاءِ الْعَرْشُ، وَاللَّهُ فَوْقَ الْعَرْشِ، لَا يَخْفَى عَلَيْهِ شَيْءٌ مِنْ أَعْمَالِ بَنِي آدَمَ، ثُمَّ قَالَ: أَتَدْرُونَ مَا هَذِهِ الْأَرْضُ؟ قَالَ: تَحْتَهَا أُخْرَى بَيْنَهُمَا خَمْسُمِائَةِ عَامٍ، حَتَّى عَدَّ سَبْعَ أَرَضِينَ». وَذَكَرَ الْحَدِيثَ.

Қазақша аудармасы

Аббас ибн Абдулмутталиб (р.а.) былай дейді: «Батхада бір топ кісімен отырған едім. Арамызда Алла елшісі (с.а.с.) де бар болатын. Бір бұлт көшіп бара жатты, жұрт соған қарады. Алла елшісі: “Мұның атын білесіңдер ме?” – деп сұрады. “Иә, бұл – бұлт”, – дедік. Ол: “Мұны музн деп те атайды”, – деді. “Иә, музн деп те атайды”, – дедік. Ол: “Анан деп те атайды”, – деді. “Иә, анан деп те атайды”, – дедік. Содан кейін Алла елшісі: “Аспан мен жердің арасы қанша екенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. “Жоқ, Алланың атымен ант етеміз, білмейміз”, – дедік. Сонда ол: “Аспан мен жердің арасы – жетпіс бір, жетпіс екі немесе жетпіс үш жылдық жол. Оның үстіндегі аспанның арасы да сондай”, – деді.

Алла елшісі жеті аспанды осылай бір-бірлеп атап, әрқайсысының арасы сондай екенін айтты. Содан кейін: “Жетінші аспанның үстінде теңіз бар. Оның бетінен түбіне дейінгі қашықтық екі аспанның арасындай. Одан әрі (жабайы теке бейнесіндегі) сегіз періште бар. Олардың тұяғынан тізесіне дейінгі қашықтық та екі аспанның арасындай. Олардың арқасында Арш бар. Арштың асты мен үстінің арасы да екі аспанның арасындай. Алла осының бәрінен жоғары”, – деді».1

Басқа бір риуаятта былай делінген: «Бұл хадисті «Жәмиғул-Усул» атты еңбектің авторы «Кутуб ситтәға» кіретін кітаптардың ешқайсысына телімеген».

Қатада мен Абдулланың риуаяты былай келген: «Расулалла (с.а.с.) сахабаларымен бірге отырғанда бір шөкім бұлт көшіп бара жатты. “Мынаның не екенін білесіздер ме? Бұл – ‘әл-Анаан’ (деп аталатын бұлт), ол жердегі су таситын түйелерге ұқсайды. Алла тағала бұларды Өзіне құлшылық етпейтін қауымға да жіберіп, суға деген мұқтаждықтарын кетіреді”, – деді де, бір сәт үнсіздіктен кейін: “Мына аспанның не екенін білесіздер ме? Ол да ұсталып тұрған толқын, қорғалған төбе. Оның үстінде тағы бір аспан бар”, – деп артынша жеті аспанды жіпке тізіп айтып шықты. Артынан сөзін жалғастырып: “Екеуінің арасында қаншалықты ұзақтық бар, кім біледі?” – деп сұрады да, “Бес жүз жыл!” – деп өзі жауап берді. Сосын қайтадан: “Оның ар жағында не бар, білесіздер ме? Оның арғы бетінде су бар. Судың ар жағында Арш бар. Алла сол Арштан жоғары. Адам баласының әрбір жасаған амалы Оған мәлім”, – деді. Содан соң тағы сұрақ қойып: “Жер деген не өзі, білесіздер ме? Жердің астында тағы бір жер бар. Екеуінің арасы бес жүз жылдық жол…” Осылайша, жеті қат жердің бар екенін айтып өтті».

Түсіндірме

1. Бұл тұста хадис қысқаша берілген. Әбу Һурайрадан (р.а.) Тирмизи жеткізген нұсқа былай: «Бір топ сахаба Алла елшісімен (с.а.с.) бірге отырғанымызда бір бұлт келді. Ол: “Мұның не екенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедік. Ол: “Бұл – бұлт, жер жүзіне су жеткізеді. Алла бұларды Өзіне шүкір етпейтін, Өзіне жалбарынбайтын қауымға да жібереді”, – деді.

Алла елшісі: “Үстеріңдегі не екенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедік. Ол: “Бұл – дүниенің аспаны, қорғалған төбе, ұсталып тұрған толқын”, – деді. Сосын: “Оның сендерден қанша қашық тұрғанын білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз сол жауабымызды қайталадық. Ол: “Сендер мен оның арасы – бес жүз жылдық жол”, – деді.

Содан кейін ол: “Оның үстінде не барын білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедік. Ол: “Оның үстінде екі аспан бар, екеуінің арасы – бес жүз жылдық жол”, – деді. Осылайша жеті аспанды атап, әр екі аспанның арасы жер мен аспанның арасындай екенін айтты.

Содан соң Алла елшісі: “Оның үстінде не барын білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – дедік. Ол: “Оның үстінде Арш бар. Арш пен аспанның арасы да екі аспанның арасындай”, – деді.

Алла елшісі: “Астыларыңда не барын білесіңдер ме?” – деп сұрады. Сахабалар: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – деді. Ол: “Бұл – жер. Оның астында не барын білесіңдер ме?” – деді. Сахабалар сол жауаптарын қайталады. Ол жердің астында тағы бір жер барын, екеуінің арасы бес жүз жылдық жол екенін айтты. Осылай жеті жерді атап шықты. Содан соң: “Мұхаммедтің жаны қолында болған Алланың атымен ант етемін, ең төменгі жерге бір кісіні арқанмен түсірсеңдер, ол Алланың (іліміне) жетер еді”, – деді де, “Хадид” сүресінің 3-аятын оқыды: ﴿هُوَ ٱلْأَوَّلُ وَٱلْـَٔاخِرُ وَٱلظَّٰهِرُ وَٱلْبَاطِنُ وَهُوَ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمٌ﴾ “Әууәл (ең әуелгі) де Өзі, Ахир (ең ақырғы) де Өзі, Заһир (ең айқын) да Өзі, Батин (ең жасырын) да Өзі. Ол барлық нәрсені толық білуші!”».

Тирмизи былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) осы аятты оқуы түсірілген арқанның Алланың ілімі мен құдіретіне жететінін көрсетеді».2

2. Хадистерді сын көзбен зерделеген Ибн әл-Жәузи Аббастан (р.а.) жеткен риуаятты екі себеппен «ойдан шығарылған» деп санаған:

1. Хадистің жеткізілу тізбегіндегі рауи Уәлид ибн Әбу Сәур.

2. Аллаға мекен берудің қате екені және хадистегі сандардың басқа риуаяттармен сәйкес келмеуі.

Десек те, айтылған сын сөздерге де жауаптар берілген:

1. Бұл хадис риуаят етілу тұрғысынан сенімсіз саналған Уәлидтен басқа рауилер тарапынан да келген.

2. Мұндағы сандардың басқа риуаяттармен үйлеспеуі таңғаларлық нәрсе емес. Әрі қашықтық жүріс уақытымен өлшенген. Өйткені тез жүрген адам барынша жылдам жететіні, қысқа адымдап, ақырын жүрген адам кешігіп жететіні анық».

Оның үстіне хадисте ұзақтық жылдық өлшеммен сипатталған. Әрі араб тіліндегі مَسِيرَة (мәсирә) сөзі «жол жүру» мағынасындағы түбірден тарайды.

Демек, хадистегі «Аспан мен жер арасындағы ұзақтық жетпіс бір, жетпіс екі немесе жетпіс үш жылдық өлшемде болуы ықтимал». Тіпті хадистегідей бес жүз жылдық жолды көрсетуі мүмкін. Риуаяттардағы сандардың әртүрлілігіне қарап, жүріс жылдамдығының да біркелкі болмағанын түсіндірмелерден көруге болады.

Құрандағы ﴿جَاعِلِ ٱلْمَلَٰٓئِكَةِ رُسُلًا أُو۟لِىٓ أَجْنِحَةٍ مَّثْنَىٰ وَثُلَٰثَ وَرُبَٰعَ﴾ «екі, үш және төрт қанатты періштелерді елшілер қылған»3 деген сөздер періштелердің қанат саны әртүрлі екенін білдіреді. Қанат саны олардың жүру шапшаңдығына ишарат етуі мүмкін.

3. Расулалланың (с.а.с.) берген бұл мәліметтер арқылы ғаламның алыптығын, оны басқарып отырған Жаратушының шексіз құдіретін танытқан. Бұл риуаяттарда ғалам туралы ойлануға жетелейтін ишараттар бар. Ғаламның құрылысы мен табиғатын, ондағы бұлттарды осы мәтіндер арқылы дәл сипаттап, бұлжымас сандар іздеу орынсыз пікірталасқа ұластыруы мүмкін. Дегенмен аяттар мен хадистерде бұл тақырып пен сандардың аталғаны мәселеге ғылым тұрғысынан, кесімді байламға бармай үңілуге негіз береді.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Хаққа» сүресі (Канан басылымында № 3317, қазіргі нөмірлеуде № 3320). Әбу Дәуіт, «Сүннет», 19 (4723). Ибн Мәжа, «Муқаддима», 13 (193).
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Хадид» сүресі (Канан басылымында №3294, қазіргі нөмірлеуде №3298).
  3. 3«Фатыр» сүресі, 1-аят.