وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: سَامٌ أَبُو الْعَرَبِ، وَيَافِثٌ أَبُو الرُّومِ، وَحامٌ أَبُو الحَبَشِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Сәмурә ибн Жүндуб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Сам – арабтардың, Яфис – римдіктердің, Хам – Хабаш жұртының бабасы».1
Түсіндірме
1. Сам, Яфис және Хам – әзірет Нұх пайғамбардың (а.с.) ұлдарының аты. Ибн Әсәкир бір риуаятында «Сам – араб, парсы, рим, мысыр, шам халықтарының бабасы. Ал Яфис – Хазраж және яжуж бен мәуждің бабасы. Хам – қара нәсілділердің бабасы» деп жазады.
Ибн Жәрирдің айтуы бойынша риуаят былай жеткен: «Нұх (а.с.) Самның ұрпағынан пайғамбарлардың шығуын Алладан тілеген, Яфистің ұрпағынан патшалардың шығуы үшін дұға жасаған, ал Хамға теріс бата беріп, тәнінің түсі өзгеруін, балаларының құл мен күң болуын тілеген. Артынша ет жүрегі елжіреп, екі бауырының оған мейірім танытуын Алладан сұраған».
Сағид ибн әл-Мусайяб мына нәрселерді айтқан: «Әзірет Нұхтың (а.с.) үш ұлы болған: Сам, Яфис және Хам. Олардың әрқайсысы үш-үш баламен сүйіншіленген. Самның балалары – Араб, Парсы, Рим. Яфистің балалары – Түрік, Сақалиба (Слав) және Яәжуж Мәжуж. Хамның ұрпақтары – Қыбтилар (Мысырдың жергілікті халқы), Судандықтар және Берберлер».
Уәһб ибн Мунәббихтен де осыған ұқсас риуаяттар жеткен.
- 1Тирмизи, Тәпсір, Саффат, (3229), Манақиб, (3927).