Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.): «Жамағатпен оқылған намаз жалғыз оқылған намаздан жиырма жеті есе артық», – деп бұйырды1.
- 1Бұхари, «Азан», 10/30; Муслим, «Мәсәжид», 5/249.
Муатта, 9-кітап · 38 хадис · № 1–38
Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.): «Жамағатпен оқылған намаз жалғыз оқылған намаздан жиырма жеті есе артық», – деп бұйырды1.
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: «Жамағатпен оқылған намаз сендердің жалғыз оқыған намаздарыңнан жиырма бес дәреже артық1».
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: «Құдіреті мен қалауымен мені өмір сүргізіп отырған Аллаға ант етемін! Іштей отын жинатып, намазға азан шақыртсам, біреуге жамағатқа имамдық етуді тапсырсам, содан кейін жамағатқа келмегендердің үйлерін өртеп жіберсем бе деп ойлаймын. Құдіреті мен қалауымен мені өмір сүргізіп отырған Аллаға ант етемін! Құптан намазына бару сендер үшін майлы ет жеуге барудан әлдеқайда маңызды1».
Зәйд ибн Сәбит (р.а.) былай дейді: «Парыз намаздардан басқа ең абзал намаз – үйлеріңде оқыған намаздарың1».
Сағид ибн әл-Мусәйябтан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.): «Біздің мұнафықтардан айырмашылығымыз – құптан мен таң намазына қатысуымыз. Олар бұл екі намазға келе алмайды», – деп бұйырды немесе осыған ұқсас сөз айтты1.
Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: «Бір адам жолда кетіп бара жатып, тікенді бұтақты көріп, оны жолдан алып тастады. Алла оның бұл амалына разы болып, күнәларын кешірді». «Мына бес түрлі жағдайда қайтыс болғандар шәһид саналады: оба ауруынан қайтыс болғандар, іш ауруынан қайтыс болғандар, суға батып кеткендер, үйінді астында қалғандар және Алланың діні – Ислам жолында қаза тапқандар». «Егер адамдар азан айтудың және бірінші сапта тұрудың маңызы мен сауабын білсе, азан айтуға және бірінші сапта тұруға жеребе тастаудан басқа жол таппаса, жеребе тастар еді. Егер жамағатпен оқылатын құптан мен таң намазының маңызын білсе, еңбектеп болса да келер еді1».
Сүлеймен ибн Әби Хасманың ұлы Әбу Бәкір былай деп баяндайды: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) Сүлеймен ибн Әби Хасманы таң намазында көрмеді. Сүлейменнің үйі базар мен Мәсжидун-Нәбәуидің арасында болатын. Әзірет Омар базарға бара жатып, Сүлейменнің анасы әш-Шифа ханымды кездестірді. Оған: “Сүлейменді таң намазында көрмедім”, – дегенде, әйел: “Түнде намаз оқыды, содан ұйықтап қалып, таң намазына бара алмады”, – деді. Сонда Әзірет Омар: “Түні бойы намаз оқығанымнан таң намазына жамағатпен барғаным мен үшін қайырлырақ”, – деді».
Абдуррахман ибн Әби Амра әл-Ансари былай деп баяндайды: «Осман ибн Аффан (р.а.) құптан намазына келді. Жамағаттың аз екенін көріп, мешіттің арт жағында жатып, жамағаттың жиналуын күтті. Сол кезде Ибн Әби Амра келіп, Әзірет Османның қасына отырды. Осман (р.а.) оның кім екенін сұрады. Ол өзін таныстырды. Содан кейін Осман: “Құранның қаншасын білесің?” – деп сұрады. Ол бұған да жауап бергеннен кейін Әзірет Осман оған: “Құптан намазына жамағатпен келген адам түннің жартысын намазбен өткізгендей болады. Таң намазына жамағатпен келген адам да түннің бәрін намазбен өткізгендей болады”, – деді1».
Михжан (р.а.) былай деп баяндайды: «Алла елшісінің мәжілісінде отырған едім. Намазға қамат түсірілді. Ардақты Елші тұрып, намазын оқығаннан кейін қасыма келді. Мен онымен бірге намазға тұрмаған едім. Ол маған: “Жамағатпен неге намаз оқымадың, мұсылман емессің бе?” – деді. Мен: “Иә, уа, Расулалла, мұсылманмын. Бірақ мен намазды үйде оқып қойған едім”, – дедім. Сонда Алла елшісі: “Намазды оқып қойған болсаң да, жамағатқа келгенде қайта оқы1”, – деп бұйырды2».
Нәфиғтан риуаят етіледі: «Бір адам Абдуллаһ ибн Омарға (р.а.): “Үйімде намазды оқығаннан кейін жамағатпен намазға да үлгеріп қаламын. Жамағатпен қайта оқиын ба?” – деді. Абдуллаһ ибн Омар: “Иә”, – деді. Сонда әлгі адам: “Қайсысын парыз, қайсысын нәпіл намаз деп санайын?” – дегенде, Ибн Омар: “Бұл сенің еркіңдегі нәрсе ме? Бұл тек Аллаға тиесілі. Қайсысын қаласа, соны есептейді”, – деді».
Яхия ибн Сағид былай деп баяндайды: «Бір адам Сағид ибн әл-Мусәйябтан: “Үйімде намазды оқығаннан кейін мешітке барамын да, имамның намаз оқып тұрғанын көремін. Онымен бірге қайта оқиын ба?” – деп сұрады. Сағид: “Иә”, – деді. Сонда әлгі адам: “Қайсысы менің парыз намазым болады?” – деді. Сағид: “Оны сен белгілейсің бе? Бұл тек Аллаға тиесілі”, – деді».
Имам Мәлик Афиф әс-Сәһмиден риуаят етеді: «Әсад ұлдарынан бір адам Әбу Әйюб әл-Ансариге (р.а.): “Үйімде намазды оқығаннан кейін мешітке барамын да, имамның намаз оқып тұрғанын көремін. Онымен бірге де оқиын ба?” – деп сұрады. Әбу Әйюб: “Иә. Онымен бірге де оқы. Кім осылай істесе, жамағат намазының сауабына ие болады”, – деді».
Нәфиғтан риуаят етіледі: Абдуллаһ ибн Омар (р.а.): «Ақшам намазын немесе таң намазын оқығаннан кейін имамға үлгерген адам ол екеуін қайта оқымасын», – деді.
Имам Мәлик былай дейді: «Үйінде намаз оқыған адам оны имаммен бірге қайта оқи алады. Бірақ ақшам намазын қайта оқуына болмайды. Өйткені ақшам намазын қайта оқыса, парыз намазын екі рет оқыған болады».
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: «Сендердің бірің жамағатқа намаз оқытқан кезде намазды тым созбасын. Өйткені жамағаттың ішінде әлсіз, науқас және қарт адамдар болуы мүмкін. Ал өз бетінше оқыған адам қалағанынша созып оқысын1».
Нәфиғ былай деп баяндайды: «Бірде намазда Абдуллаһ ибн Омардың артына тұрдым. Оның жанында менен басқа ешкім жоқ еді. Ол қолымен ишара жасап, мені қасына тартты1».
Яхия ибн Сағид риуаят етеді: «Бір адам Ақиқта1 жамағатқа имамдық жасап жүр еді. Омар ибн Абдулазиз хабар жіберіп, оны имамдықтан тыйды».
Имам Мәлик былай дейді: «Ол адамның әкесі белгілі болмағандықтан, оны имамдықтан тыйды».
Әнәс ибн Мәлик (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) атпен келе жатып құлап, оң жағы жарақаттанды. Намаз уақыты келгенде намазды отырып оқытты, біз де оның артында отырып оқыдық. Намазын аяқтаған соң: “Имам басқалар өзіне ұйып намаз оқуы үшін тағайындалған. Сондықтан имам тұрып оқыса, сендер де тұрып оқыңдар. Рукуғ жасаса, сендер де рукуғ жасаңдар. Бас көтерсе, сендер де бас көтеріңдер. ‘Сәмиаллаһу лимән хамидаһ’ десе, сендер ‘Раббәнә уә ләкәл-хамд’ деңдер. Отырып оқыса, бәрің де отырып оқыңдар”, – деп бұйырды1».
Ардақты Елшінің жұбайы Айша (р.а.) былай риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) сырқат еді, намазды отырып оқыды. Ал артындағы жамағат түрегеп оқыды. Сонда Алла елшісі оларға отыруды ишарамен білдірді. Намазын аяқтаған соң: “Имам халық өзіне ұюы үшін тағайындалған. Имам рукуғқа барғанда, сендер де рукуғ жасаңдар. Бас көтергенде, сендер де бас көтеріңдер. Отырып намаз оқыған кезде, сендер де отырып оқыңдар”, – деп бұйырды1».
Уруә былай деп баяндайды: «Алла елшісі сырқаттанғанда мешітке келді. Әбу Бәкір (р.а.) жамағатқа түрегеп намаз оқытып тұрған еді. Ардақты Елшінің келгенін байқаған Әбу Бәкір артқа шегінгісі келді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) оған орнында қала беруді ишарамен білдіріп, Әбу Бәкірдің жанына отырды. Әбу Бәкір отырып оқыған Алла елшісіне ұйып, ал жамағат Әбу Бәкірге ұйып намаз оқып тұрды1».
Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.): «Отырып оқыған намаздарыңның сый-сауабы тұрып оқыған намаздарыңның жартысындай болады», – деп бұйырды1.
Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) риуаят етіледі: «Мәдинаға келгенімізде, жұқпалы оба ауруына шалдықтық. Алла елшісі жамағаттың қасына барды. Олардың нәпіл намазды отырып оқып жатқанын көргенде: “Отырып оқылған намаздың сауабы тұрып оқылған намаздың жартысындай болады”, – деп бұйырды1».
Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Хафсадан риуаят етіледі: «Алла елшісінің дүниеден озуына бір жыл қалғанға дейін нәпіл намазын отырып оқығанын көрген емеспін. Соңғы уақыттарында ол нәпіл намазын отырып оқитын, сүрені асықпай, баппен оқитын. Баппен оқығандықтан, ұзын сүрелер одан сайын ұзара түсетін1».
Айшадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісінің қартайғанға дейін түнгі намазын отырып оқығанын еш көрген емеспін. Қартайған кезде қырағатты отырып оқитын, рукуғ жасағысы келгенде тұрып, отыз-қырық аят шамасында оқығаннан кейін рукуғ жасайтын1».
Айшадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) отырып намаз оқитын, отырып қырағат жасайтын. Оқитын аяттарының отыз-қырық аяты қалғанда тұрып, оларды түрегеп оқитын, содан кейін рукуғқа барып, сәжде жасайтын. Сосын екінші рәкағатты да солай оқитын1».
Имам Мәликке мына хадис риуаят етілді: «Уруә ибн Зүбәйр және Сағид ибн әл-Мусәйяб нәпіл намазды отырып, тізелерін тіктеп оқитын».
Мүміндердің анасы Айшаның азат еткен құлы Әбу Юнус былай риуаят етеді: «Айша (р.а.) маған мұсхаф, яғни Құранның көшірмесін жазуды бұйырғаннан кейін: “‘Хафизуу ғаләс-салауати уәс-салатил-уста уә қуму лилләһи қанитин’ деген аятқа келгенде, маған хабар бер”, – деді. Осы аятқа келгенімді оған білдіргенімде, маған былай жаздырды: “Хафизуу ғаләс-салауати уәс-салатил-уста – уә салатил-асри, яғни екінті намазы – уә қуму лилләһи қанитин”. Айша: “Мұны Алла елшісінен осылай естідім”, – деді1».
Амр ибн Рафиғ былай деп баяндайды: «Мүміндердің анасы Хафса мұсхаф шәрифті жаздырып жатқанда маған: “‘Хафизуу ғаләс-салауати уәс-салатил-уста уә қуму лилләһи қанитин’ деген аятқа келгенде, маған хабар бер”, – деді. Осы аятқа жеткенімді оған білдіргенімде, маған былай жаздырды: “Хафизуу ғаләс-салауати уәс-салатил-уста – уә салатил-асри – уә қуму лилләһи қанитин1”».
Зәйд ибн Сәбит (р.а.) былай дейді: «“Салатул-уста” – бесін намазы1».
Имам Мәликке мына хадис риуаят етілді: Әли ибн Әбу Талиб және Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.): «“Салатул-уста” – таң намазы», – дейтін.
Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселе жөнінде естігендерімнің ішіндегі ең лайықтысы – Әзірет Әли мен Абдуллаһ ибн Аббастың айтқандары».
Омар ибн Әби Сәләмә (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісін Үмму Сәләмәнің үйінде бір ғана киімге оранып, оның екі ұшын иықтарына асып алып намаз оқып тұрғанын көрдім1».
Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Бір адам Алла елшісінен (с.а.с.) бір ғана матадан тұратын киіммен намаз оқуға бола ма, болмай ма деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Бәріңде екі киімнен бар ма еді?!” – деп жауап берді1».
Сағид ибн Мусәйяб былай деп баяндайды: «Әбу Һурайрадан бір ғана матадан тұратын киіммен намаз оқуға бола ма, жоқ па деп сұралды. Ол жауап ретінде: “Оқи алады!” – деді. Сонда одан: “Сен өзің оқисың ба?” – деп сұралды. Ол: “Иә, киімдерім ілулі тұрса да, бір ғана матадан тұратын киіммен намаз оқимын”, – деп жауап берді».
Имам Мәлик былай деп жеткізеді: «Естуімше, Жәбир ибн Абдуллаһ бір ғана матадан тұратын киіммен намаз оқитын».
Рабиға ибн Әби Абдуррахман былай деп баяндайды: «Хазмның немересі Мұхаммед ибн Амр бір ғана матадан тұратын киіммен намаз оқитын».
Жәбир ибн Абдуллаһ жеткізеді: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: «Екі бөліктен тұратын киімі жоқ адам бір ғана киімге оранып намаз оқысын. Егер киімі қысқа болса, оны белінен төмен қарай кисін1».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Меніңше, бір ғана көйлекпен намаз оқыған адам үшін ең дұрысы – иықтарын бір мата бөлігімен жабуы немесе басына сәлде орауы».
Осы және осыған ұқсас хадистерде айтылған киім мата бөлігінен тұратын. Дәл қажылардың ихрам кигеніндей, матаның бір бөлігін белден төмен қарай орайтын. Мұны «изар», яғни белдемше деп атайтын. Ал екінші бөлігімен иықтан бастап дененің жоғарғы жағын жабатын. Мұны «рида» деп атайтын. Бір киіммен намаз оқу дегеніміз – денені түгел орауға жететін кең мата бөлігімен дененің жабылуы тиіс жерлерін жауып намаз оқу деген сөз.
Сондай-ақ тігілген киім де болатын. Ол «қамис», яғни ұзын көйлек, «бүрдә» немесе «рида», яки «аба», яғни шапан мен қафтән деп аталатын.
Имам Мәликке Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Әзірет Айшаның намаз оқығанда ұзын көйлек киіп, басын орамалмен жапқаны риуаят етілді.
Қунфуздың немересі Мұхаммед ибн Зәйд анасынан жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үмму Сәләмәдан: “Намаз оқығанда әйелдер қандай киім киюі керек?” – деп сұрадым. Ол: “Бастарына орамал тағады, сондай-ақ аяқтарын жауып тұратын ұзын көйлек киеді”, – деп жауап берді1».
Убайдуллаһ ибн Әсуәд әл-Хауланиден риуаят етіледі: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Мәймунаның бөлмесінде едім. Ол намаз оқығанда аяқтарына дейін түсетін ұзын көйлек киіп, басын жабатын. Бұған қоса белдемше кимейтін».
Һишам ибн Уруә әкесінен жеткізеді: «Бір әйел маған: “Белдемше кию маған қиын болып тұр. Ұзын көйлек және орамалмен намаз оқи аламын ба?” – деп сұрады. Мен: “Иә, егер киім ұзын болса, оқи аласың!” – дедім».